• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

Тек тоқырауға түспейтін тұлға ғана тарихта қалады

1292 рет
көрсетілді

Аса көрнекті тарихи тұлғаға кімдер жатады және оның қоғамдағы рөлі, орны, сонымен бірге, оны анықтаудың критерийлері қандай деген сұрақтарды философия ғылымдарының докторы, академик Жабайхан ӘБДІЛДИНГЕ қойған едік. – Аса көрнекті тұлғалардың өзін бірнеше түрге бөлуге бо­лады. Өзінің зерттеген, жазған саласында бұрын белгісіз жа­ңалық ашқан немесе туынды­лары бүкіл адамзатқа рухани азық болуға тұрарлық дүниелер болып табылатын ғалым, жазу­шы, өнер адамдары да ұлы тұл­ғалар қатарына жатады. Соны­мен бірге, ұлы істер жасап, айрықша дарынымен, соның ішінде қолбасшылық қабілеті­мен, саясаткерлік я басқа да қырымен қоғамды өзгерту мис­сиясын орындаған аса көрнекті тарихи, ұлы тұлғалар болады. Мәселен, Петр Бірінші, Наполеон, Шыңғыс хан т.б. Осы, аса көрнекті, тарихи тұлғалардың пендешілік қасиеттерін айқын­дауға қойылатын талаптар қара­пайым, қатардағы адамдардікінен мүлде басқа. Олардың жеке басын тәртіпті, тәрбиелі, мәде­ниетті, жолдастыққа адал деген секілді қарапайым аза­мат­тарға қойылатын адамгершілік критерийлермен баға­лауға болмайды. Өйткені, олар­дың мақсаты тым биік, қара­пайым адамнан мүлде басқа. Олар өз мақсаттарына жету жолында көптеген талаптардан аттап кетуі де мүмкін. Тіпті, жанында болған жақын жол­дас­тарын, тұрғыластарын құр­­бан­дыққа шалуы да ғажап емес. Мен жоғарыда атаған тұлғалардың бойынан да сондай істерді жиі байқауға бола­ды. Бірақ солай болды екен деп олардың аса көрнекті тарихи, ұлы тұлға деген жетістігінен төмендете алмайсың. Ұзақ жыл­­дардан кейін халықтың есін­де олардың тек ұлы істері ғана сақталып, психологиялық өлшеммен алғандағы сындары мүлде ескерілмей қалады. Мәселен, Сталинді де аса көрнекті, тарихи ұлы тұлғаға жатқызуға болады. Әрине, қазір оның репрессиялық шаралары туралы жиі айтылуда. Өйткені, халықтың жадынан әлі күнге оның іс-әрекетінің жанға сал­ған жарасы толық өшкен жоқ. Өзі болмаса да біреудің атасы, бі­реудің әжесі оның режімінен көрген қорлығын ауызба-ауыз жеткізіп кетті. Демек, оның басындағы адами кемшіліктерді баса көрсету, оларын сынау әлі басым. Бірақ меніңше, жүздеген жылдар өткен соң, оның есімі У.Черчилл айтқан: «Ол Ресейді соқамен қабылдап, қолтығында атом бомбасы бар мемлекет етіп қалдырды», деген сөзінің өлше­мімен бағаланатын шығар. – Аса көрнекті тарихи тұл­ғалар біздің заманымызда бар ма? Олар қандай кезеңдерде тарих сахнасына келуі мүмкін? – Олар тарих сахнасына аса күрделі, өтпелі сәттерде келеді. Гамлеттің мәңгі өлмес «болу не өлу» сияқты өмірлік тәуекелге үндейтін сұрақтары туған кезде жарқ етеді. Түріктің Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты тұлғасы тарих сахнасына осындай кезде шыққан. Оның «не өмір, не өлім» деген ұранының өзі гамлеттік мәңгілік сұрақтан туып тұрғаны көрінеді. Ататүрік ба­тыс­тық державалардың ханта­лапайға салып, Түрік мемлекетін тарих сахнасынан мәңгі кетіруге бет алған аса қауіпті кезде жарқ етіп шығып, елінің азаттығы мен бостандығын сақтап қалды және оны мемлекеттік құрылымның жаңа сападағы сатысына көте­ріп, республика жасап кетті. Міне, сондықтан ол аса көрнекті, та­рихи ұлы тұлғалар қатарына жатады. – Сіздің айтқандарыңыздан аса көрнекті, тарихи тұлға деген мадақ негізінен билік ба­сындағыларға қатысты екені көрініп тұр. Сонда, осындай тұлғалар өмір-бақи ұлы істер тудыра бере ме, әлде олардың дарыны мен ісі белгілі бір тарихи кезеңде ғана көріне ме? – Ол енді ұлы тұлғаның тағдырына байланысты. Дүниеде бәрі де өзгеріп тұрады. Абайдың да: «Алла өзгермес, адамзат күн­де өзгерер...» деген сөзі бар емес пе? Сол сияқты адамзат күнде өзгереді. Бұл арада адамның құбылғыш сияқты пасық мінезін емес, адамзаттың қажеттілігі ту­ралы айтып тұрмын. Адамзат қоғамының алдында үнемі жаңа мақсаттар мен міндеттер туып отырады. Бір белестен асқан соң енді болдық-толдық деп тоқ­мейіл­суге ешқашан болмайды. Өйткені, алдан екінші белес шы­ғып, одан да асу қажеттілігі туындайды. Егер бір белесті ба­ғындырған соң тоқмейілсуге жол берілсе, онда сол қоғамның да­муы тоқырап, адамдар арасында наразылық, өкпе-наз туындай бастайды. Бір кездегі үлкен жетістікке мастанып, дандайсып кетушілік те болуы мүмкін. Муаммар Каддафидің жағдайы бұл сөзімізге мысал бола алады. Кезінде ол Африка құрлығындағы прогресшіл тұлға болды. Елдегі монархияны жойып, республика жариялады. Ливия Африка мен Араб әлеміндегі ең жоғары да­мыған мемлекеттердің біріне айналды. ІЖӨ жан басына шақ­қандағы мөлшері 14 мың дол­ларға жетті. Бірақ, көшбас­шы­ның сыртқы саясаттағы дан­дайсулары, басқалармен сана­су­ды қоюы, пендешілігінің көбеюі, дүниеқорлығы мемлекеттік бас­қару құрылымының қалыптас­қан пішіндерінің бірін де ұс­танбай, өзгеше «үшінші әлемдік теория» ойлап табуы және т.с.с. мәселе­лер оны Ливияның да­муындағы тежегішке айналдыр­ды. Ол жаңа идеялардың тууына, жаңа қозға­лыс­тарға қарсы бо­лып, өзінің теориялық догма­сынан айрыл­мады. Соның ақы­рының қандай болғанын көрдік. Міне, сондықтан да аса көр­некті, тарихи тұлғаның өзі қоғам дамуына, жақсылыққа өзгеруіне кереғар істер жасай бастаса, ол тежегіш рөлін атқарып, ол жерде ашық болмаса да іштей қар­сы­лық оты бықси бастайды. Соны­мен бірге, тарихи тұлғаның ке­зеңдік сипаты да көп болады. Мәселен, Азамат соғысында аты шығып, қолбасшылық дарыны аспандап тұрған Буденный, Ворошилов Ұлы Отан соғысында қол бастауға жарамай қалды. Демек, олар белгілі бір кезеңге ғана жарамды тұлғалар болды. Үнемі қозғалыста болып, жаңаны игеруде алда бола алмаған тұлғалар кезеңдік сипаттағы айтулы тұл­ғалар болып қала береді. Көп уақыттардан кейін олардың жа­саған ісін ұлы істер деп айту да қалады. Сондықтан, олар тарихи ұлы тұлғалар қатарынан орын ала алмайды. – Ал енді өзіміздің тарихқа жақындасақ... Қазақ даласын­дағы бұрын-соңды аса көр­нек­ті, тарихи ұлы тұлғалар деп кімдерді айта аламыз? – Алдымен, әрине, Абылай ханды айтамыз. Ол тарих сах­насына шыққанда қазақ халқы ел болып тұра ала ма, жоқ па деген сұрақ тұрған. Жоғарыда айтқан Гамлеттің «болу не өлу» мәсе­лесі күн тәртібіне шыққан еді. Ол кезде қазақ даласына анта­лаған жау жан-жақтан тап-тап беруде болатын. Шығыстағы ең басты жау – жоңғар хандығы қазақ жеріне қайта-қайта ша­буыл­дап, малын айдап, жанын қырып кетіп тұрды. Солтүстік Батыстан Жайық казактары мен башқұрттар, Оңтүстіктен Қоқан хандығы маза бермеді. Осы кезде Абылай қазақ халқын бір орта­лыққа бағындыруға ұйытқы бо­лып, барлық күшімізді бір тудың астына топтастыра білді. Ту-талақай тартыстың астында­ғы ел мен жердің басын құрап, іш ұйысып, сырт мойындаған мемлекет дәрежесіне қайта көте­ре алды. Алымды да жалынды, жауға шапса батыр, қол бастаса көсем, сөз бастаса шешен бола білген қаншама тарихи тұлға­лардың қалың легін тарих сахна­сына шығарып, олардың қабілет­терін бір арнаға, бір мақсатқа тоғыстырды. Сөйтіп, Жоңғар мен Қоқан хандығы басып алған талай жерлер мен қалалар, жа­нымыз бен малымыз кері қайта­рылды. Тіпті, Қытай шабуылына да қарсы тұра алып, олардың ойының да сол кезде орында­луына мүмкіндік бермеді. Орыс патшалығы мен Қытай боғды­ха­нының аралығында шебер дип­ло­матиялық әдістер ойлап тауып, тәуелсіз саясат ұстана білді. Жоң­ғар хандығы бізден әлсіз емес еді, керісінше, олар­дың от қарулары болды, ұйым­шыл­дығы да бізден гөрі жетілген еді. Бірақ олардың Абылай секілді аса дарынды көшбасшысы болған жоқ, соның салдарынан олар ақы­ры жер бетінен жойы­лып тынды. Ал біз Абылай за­ма­нында етек-жеңімізді жинап, іргелі ел болдық. Абылайдың жеке басының тұл­ғалық қасиеттері басқа ханда­рымыздан, соның ішінде Тәуке­ден, Әбілқайырдан артық бол­мауы мүмкін, бірақ ол өзінің пешенесіне жазылған тарихи мис­сияны орындап, сол кезеңде Қа­зақ елінің тұтастығын, елдігін сақтап қалды. Ал кейінгі хандар қалыптасқан жүйемен жүрді, олар тағдыршешті шешімдер қа­былдап, жаңа жүйе жасаған жоқ. Ал Абылайдың адам ретіндегі барлық – батырлық, қолбасшы­лық, дипломаттық, шешендік, кө­семдік, көрегендік қасиеттері ерекше дараланып, өз миссия­сының орындалуына қызмет етті. Сөйтіп, ол аса көрнекті, ұлы тұлғаға айналды. Тәуелсіз Қазақстанды әлем та­ныған елдер қатарына қосқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев та сондай, аса көрнекті тұлға. – Оның себептерін саралап берсеңіз. – 1991 жылы Абылай хан заманынан кейін Қазақ елінің алдында екінші рет гамлеттік сұ­рақ тұрды. Алдымыз белгісіз, тым күңгірт еді. Қазақстан өз алдына ел бола ала ма, бола алмай ма деген сұрақтың жауабы тым ауыр болатын. Қалыптасқан барлық жағдайларға, белгілі ха­лықаралық саясаткерлердің бол­жамына қарағанда, Қазақ елінің өз алдына тәуелсіз ел болуы өте күрделі. КСРО-ның экономикасы бір­тұ­тас шынжыр секілді екен, ол бірнеше жерден үзіліп еді, бар­лығы да шашырап, бір-бірімен байланысты болғандықтан, бар­лық кәсіпорындар тоқтап қалды. Теңеу түрінде айтып, экономи­каны тұтас бір мәшине деп алсақ, оның бір дөңгелегі Украинада, екіншісі Өзбекстанда, қо­рабы Қазақстанда, моторы Ресейде, т.с.с. болып бөлініп қалды. Халық жұмыссыздыққа ұшырап, қатты қиналды. Экономика жұ­мыс істемеген соң, бюджетке ешқандай түсім түспеді. Сон­дық­тан бюджеттен еңбекақы алатын­дар да күндерін қалай көруді білмеді. Халыққа ең алдымен керегі тамақ, киім, жылу, жарық. Бірақ біздің жаңа өкіметіміз үшін бұл күрделі мәселелерді шешу үлкен қиындыққа түсті, тіпті мемлекетіміз дағдарысқа тірелді. Қуаны­шымыз қаншалықты шексіз болса, экономикалық қысым сонша­лықты рақымсыз болды. Сегіз облыстың мәслихаттары бірігіп, Қазақстан өз алдына ел болып кете алмайды, қайтадан Ресейге қосылуымыз керек деген сепаратистік бастама көтерді. Олардың үнін өрекпігендер алып-көтеріп берді. Экономиканың негізгі сала­ларындағы шешуші қызмет­терде отырған төрт миллиондай белсенді халық, оның ішінде неміс, орыс, украин және т.б. ұлт­тардың өкілдері үдере көшуге айналды. Негізінен екінші қатар­да жүрген қазақтың басшылары мен мамандары шашылып жат­қан экономиканы аяғынан тұр­ғызуға қабілеттері жете қоймады. Не істеу керек? Сол кезде Президенттің қо­лын­да шексіз билік те болмады. Жоғарғы Кеңес құқығы өте жо­ғары еді. Қолданыстағы кеңестік Конституцияға сәйкес Жоғарғы Кеңес барлық министрлерді, бар­лық лауазымды тұлғаларды бекітті. Айта кететін жәйт, респуб­ликаның кеңестік Конститу­ция­сы КСРО кезінде ешқашан орын­далып көрген емес еді, ол тек сол өтпелі кезеңде ғана нақты күш алып, барлық билікті Жоғарғы Кеңестің қолына берді. Үкіметтің барлық саласын жарақтау тек соның құзырында болды. Ал Жоғарғы Кеңестің негізгі бөлігі нарықтық идеяны қабылдауға мүлде қарсы шыққан «қызыл коммунистердің» ортасы бола­тын. Олар Президенттің сол кез үшін прогрессивті қадамдарын жарадай көріп, қарсы шығып жат­ты. Нарықтық экономиканы асықпай, шағын қадамдармен ғана енгізу керек, десті олардың көбі. Осы идея депутаттық корпустың негізгі бөлігін құрсап алды. Міне, осы уақыттарда Нұр­сұл­тан Назарбаевтың аса көрнек­ті тарихи, ұлы тұлғаларға лайық дара қасиеттері айқын көріне бастады. Нарықтық қатынастар­дың не екенін, оларды қалай орнатуды ол да білмейтін. Бірақ қарапайым адамдар сезініп, біле бермейтін істерді ол өзінің қайраткерлік, ерекше интуиция­сы­мен танып, ештеңеге жал­тақ­тамай, батыл әрі шешімтал қа­дамдар жасады. Ол көп зерттеп, ұзақ толғанатын болсақ, қолдағы барымыздан айрылып қалатыны­мызды сезді. Жалпы, көп толға­нып, әбден екшелген дүниелер де кейде ойдағыдай нәтиже бермейді. Гете: «Ұзақ ойланып-толған­ған адамның өзі әркез оң шешім таба алмайды», деген болатын. Сол кездерде оппозициялық күш­тер Президенттің шұғыл қадамдарын қатты сынап, қате­лік­­терін айдай әлемге жария етіп жатты. Бірақ артынан солардың бәрі ұмыт болды, Президенттің ең алдымен экономиканы дұрыс­тауымыз керек деген саясаты өмір­шең және дұрыс болып шығып, Қазақстан нарықтық эко­номиканы орнатуда көшілгері кетті. Сол істердің ішінде ең алды­мен теңгенің өмірге келуі үлкен рөл атқарды деп ойлай­мын. Қазақстанды рубль айма­ғынан шығарып тастап, бізде қалғыларың келсе, барлық ал­тын­дарыңды тапсырыңдар деген асқақтыққа қарсы Президент ешкімге жалтақтамай, қорғалақта­май өзіміздің валютаны енгізіп жіберді. Бұл экономикалық тиімділігімен қоса, халықтың рухын серпілткен маңызы аса зор оқиға болды. – Сіз сол жылдары Жоғарғы Кеңестің мүшесі болдыңыз, демек, сол кездегі қиын-қыстау сәттерді бастан кештіңіз. Сон­дық­тан жағдайдың өзгерісін сатылап баяндап берсеңіз. – Президент алдымен әрі қарайғы дамуға, оң өзгерістер тежеуіш болған Жоғарғы Кеңестің өзін-өзі таратуына қол жеткізді. Өйткені, жоғарыда айт­қанымдай, бұл депутаттық корпус Прези­дент­тің еркін әрекет етуіне мүм­кіндік бермеді. Бар­лық іске тежегіш болып, барлық мәселеге күдікпен қарады. Президент елге аса қажетті басқа нәрселермен айналысудың орны­на сағаттар бойы Жоғарғы Ке­ңестің сессия­ларына қатысып, депутаттарға алынған шешімдер­дің дұрысты­ғын дәлелдеумен болатын. Міне, осы себепті өзі­нің жеке басының алымдығы, беделі мен өтімді­лігінің арқасында ол Жоғарғы Кеңестің өз еркімен тарауына қол жеткізді. Егер Н.Назар­баев­тың орнында басқа бір адам болып, осындай әрекетке бар­са, бәлки Жоғарғы Кеңес оның өзіне импичмент жариялап, президенттік тақтан тайдырып тастауы мүмкін еді. Олардың мұндай әрекет жасауға құқы бар бо­латын. Бірақ Н.Назарбаевтың ай­рықша дарындылығы, мәселе­ні дұрыс қоя білетіндігі, халық­тың алдындағы зор беделі ба­тылдығы мен өзіне деген сенімділігіне ұштасып, депутаттардың оны сөз­сіз мойындауына ұласты. Ал Жоғарғы Кеңес сапында на­ра­зылар қатарынан оған теңдес келетін тұлға болмады. Одан кейін сайланған депу­тат­тық корпус та қолайсыз бол­ды. Олар да нарықтық экономи­каны дамытуға тежегіш болып шықты. Өйткені, қажетті заң­дар­ды қабылдауға қарсылықтар көп болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің елең-алаңында, 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданған алғаш­қы Конституцияда билік жүйе­сінің мәселесі түпкілікті шешілмеген еді. Бұл Конституция бо­йын­ша да Жоғарғы Кеңес шексіз билікті иеленді. Барлық кадрлық мәселелер, Үкіметті жасақтау соның қолында еді. Ол Президент пен Үкіметтің ісіне арала­суға толық құқылы болды. Ал нарықтық реформаны енгізу үшін Президенттің құқы шектеулі, қолы байлаулы-тын. Сөйтіп, бұл Парламент те нарықтық эко­номиканы қалыптастырудың тежегішіне айнала бастады. Сон­дық­тан оны да тарату қажеттігі туындады. Төменнен түскен заң­ды ұсыныстың негізінде ол таратылды, бірақ Парламент таратыларда Президент өзіне заң актілерін қабылдау жөніндегі шешім алуға қол жеткізді. Демек, Парламент жоқ болған уа­қытта Президенттің жарлықтары заң күші бар актілер деп таны­латын болды. Осы құқын пайда­ланып, Президент келесі Парламент сайланғанша нарықтық эко­но­миканы кедергісіз енгізуге мүмкіндік беретін заң күші бар 140 Жарлығын шығарды. Міне, осылар елде нарықтық экономи­каның негізінің қалануына локомотив болды. Бұл айтар ауызға ғана жеңіл сөздер еді, ал іс жүзінде батырлық болатын. Екі бірдей Парламентті таратып, әрі заң күші бар 140 Жарлықты шы­ғару әлемдік тарихта сирек кездесетін оқиға деп айтуға болады. Мұндай өзгерістер көбінесе өкі­метті заңсыз жолмен басып ал­ғанда немесе төңкеріс жолымен елдің басына басқа билік келгенде жасалып жататын. Ал біздің Президентіміз бір оқ шығармай, бір талас тудырмай, консти­туция­лық жолмен елде нарықтық экономиканың бейбіт дамуына жағдай тудырды. Әрине, халық­тың барлық бөлігіне бұл шешімдер ұнаған жоқ. Бұрынғы жүйе­мен жақсы жетістіктерге қол жеткізген топтар оппозиция қата­рына шығып, жоғарыда айтқа­нымдай, іштей, сырттай қарсы­лық білдіріп жатты. – Сол жылдардағы ахуалға қарасақ, Парламент пен Президент ашық кетпесе де біршама тартысты жағдайда болға­ны көрініп тұр. Ал Президент билікке талассыз қай уақытта қол жеткізді? – Президент пен Парламент­тің тартысты жағдайда болатын себебі – біздің Конституция­мыз­­дың не бірыңғай парла­мент­­тік, не бірыңғай президенттік республика деп нақты анықталмаған­дығынан еді. Біз сол уақыттарда жартылай парламенттік, жарты­лай президенттік билігі бар республика болдық. Содан, 1995 жылдың 30 тамызында бүкіл­ха­лықтық референдум жолымен Прези­денттің басшылығымен жа­сал­ған қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Міне, осы Конституция Қазақстанның президенттік биліктегі республика екенін тайға таңба бас­қандай айқындап, Президент ла­уазымы елдегі ең жоғарғы лауазым екенін анықтады. Ал екі палаталы Парламент заң шығару билігіне ие болып, Президент пен Үкімет­тің ісіне араласуы шектелді. – Нұрсұлтан Назарбаевты аса көрнекті тұлғалардың қа­тарына көтеретін нақты біршама істерін атап берсеңіз. – Олар, әрине, көп. Дегенмен, қадау-қадау дара істерін атай кететін болсақ, жоғарыда айтқан 140 заңның арқасында ол елімізде нарықтық қатынастарды то­лық орната алды. Соның ішінде ТМД елдерінің бірталайы әлі батылы бармай жүрген зейнет­ақы төлеу реформасын жасады. Оны үкіметтің мойнына біржақ­ты іліп қою бюджетке тым ауыр болатын еді. Президент Назар­баев­ты аса көрнекті тұлға етіп көрсететін тағы бір мысал – ол ел астанасын Алматыдан Ақмо­лаға көшірді. Шынын айтатын болсақ, Президенттің бұл шешімін көптеген депутаттар қабыл­дай алмады. Ол кезде Қазақ­станның астанасы қазіргідей бо­ла­ды деп ешкім ойлаған жоқ еді. Елдегі экономикалық қаты­нас­тар қоғамда тек тұрақтылық болса ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Көпэтносты әрі көпконфессиялы Қазақстан хал­қын бір-біріне төзімді, тыныш­тық пен сыйластық қалпында ұстау үшін де өте білгір шеберлік керек. Бұл істе Н.Назарбаев бүкіл әлемге үлгі көрсетіп отыр десек артық емес. Оның тікелей басшылығымен құрылған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы сияқты ерекше институт осыған қызмет етіп отыр. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан сияқты дамушы елдер қатарындағы мемлекеттің көр­шілерімен тегіс келісімге келіп, шекарасын түпкілікті шегендеп алғаны да айрықша атап өтетін еңбек. Осы еңбе­гімен-ақ Н.Назарбаевты аса көрнекті тұлғалар қатарына жатқызуға болады. Сол кездерде Сенаттың Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы ретінде бұл істерге араласым болғандықтан, мен оның қаншалықты қиыншы­лықтармен шешілгенін жақсы білемін. Ең тату көршіміз деп саналатын Ресей Федерация­сының өзінде бұл мәселе өте қиындықпен шешілген еді. Ал Қытай Халық Республикасы талас аумақтардағы шекараны айқындау ісін үнемі кейінге қалдыратын көрінеді. Өйткені, болашақ Қытайға қызмет ететіні сөзсіз. Тек Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігінің ар­қа­сында ғана бұл мәселе оң шешімін тапты, шекара нақты­ланып, тәуелсіз Қазақстан мем­лекетінің жері ретінде БҰҰ деңгейінде танылды. – Сіз жоғарыда аса көр­некті тұлғаның қоғам да­муы­на тежегіш болатын да кездері болуы мүмкін деген едіңіз. Президент Н.Назарбаев та сондай болуы мүм­кін бе? – Қиын сұрақ екен. Бірақ «Айтылмаса сөздің атасы өледі», деген бар, жауап беріп көрейін. Жалғыз біздің Президентіміз емес, барлық аса көрнекті, тарихи тұлғалар қо­ғам дамуына қызмет етіп, алда тұрған жаңа асуды алуға ұмтылмаса, жасампаздық қа­сие­тін жоғалтса, пенделікке бой алдырса, бір кезеңдерде тежегіштік рөлге түседі. Бірақ біздің Президентіміз бүгінгі күні елдің алдына бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз керек деген жаңа ұлттық идеяны көтеріп, соны іске асыру жолына қызу кірісіп кетті. Егер осы істің жолын­дағы әрекеттер барлық салада үзіліссіз жүргізіліп, жақсы нәтижелерге қол жеткізілсе, Қазақстан қоғамы жаңа сапамен жаңғыратыны сөзсіз. Әри­не, бұл істе экономикалық қана емес, демократиялық реформалар да керек. Осы уақытқа дейін экономикаға баса көңіл бөлгеніміз рас. Прези­денттің алдымен – экономика, содан кейін саясат деген ұс­танымы өміршең болатын. Қазір бүгінгі заман талабымен басқа да көптеген проблемалар бой көтеріп жатыр. Осы проб­ле­маларды тұрақты түрде шешу үшін экономикалық да­му­ды төмендетпей, демокра­тия­лық реформаларға баса көңіл бөлу керек шығар. Тек ашық қоғам және толыққанды демократия жолымен дамыған мемлекет қана жаңа проблема­лар­ды ауыз­дықтап, заңсыз­дық­ты ең­сере алады. Сонымен бірге, өркениетті 50 елдің қа­тарына қосылу үшін тек эко­номикасы ғана емес, сонымен бірге, демократиясы жоғары дәреже­де дамыған мемлекетті қалып­тастыруымыз қажет. Ол үшін ең алдымен халықаралық стан­дартқа сай тәуелсіз Парламент, мықты Президент, шын мәнін­де тәуелсіз сот жүйесі керек. Жасалуы керектігі айтыл­ған мәселені тек сөзбен ғана жалаулатып, іс жүзінде еш нәрсе өзгертпейтін басшы­лар­дан біздің Президенттің айыр­машылығы, ол – нағыз реформатор адам. Ол көптеген мә­селеге еш нәрсеге жалтақ­та­май, қорғалақтамай батыл кірісіп кетеді. Сөз соңында, біздің Президент Қазақстанды бәсекеге қа­білетті 50 елдің қатарына қосу туралы ұлттық идеясын іске асырса, ол кісі өзінің жасам­паздық қасиетін және аса көрнекті, тарихи тұлға екендігін тағы да сөзсіз дәлелдей алады. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың қо­ғам дамуына тежегіш болуы мүмкін емес. Біздің елде тұрақтылық деген сөз көп айтылады. Нағыз тұрақтылық тек үздіксіз алға жылжығанда ғана болады. Алға жылжы­майтын тұрақтылық кері кету, тоқырау деген ұғымдарға жақын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.