• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
01 Желтоқсан, 2011

АТА ЖҰРТЫМЫЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АТАНДЫ

306 рет
көрсетілді

АҚ КИІЗДІҢ ҮСТІНДЕ ПРЕЗИДЕНТ АНТ БЕРДІ

«Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылдың 11 желтоқ­санын­дағы нөмірі осындай үлкен айдармен ашылыпты. Онда Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаевтың Қазақстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті ретінде ел халқының алдында ант бергендігі хабар­ла­нып, анттың мәтіні жеке жария­ланған. «Біздің көпұлтты рес­пуб­ликаның халқына қалтқысыз қыз­мет етуге, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясын қа­таң сақтауға, азаматтардың пра­во­лары мен бостандықтарына ке­пілдік беруге, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Пре­зидентінің өзіме жүктелген мәр­тебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түр­де ант етемін» деген Президент. Мұнан кейін «Қазақстан Рес­публикасы Президентінің қыз­метіне кірісуі туралы» Қазақ­стан Республикасының Жоғарғы Ке­ңе­сі­нің қаулысы жарияланған. «Қа­зақстан Республикасының Жо­­ғарғы Кеңесі қаулы етеді.  «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Қазақ КСР заңының 24-статьясына сәйкес және ант беруіне байланысты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылғы жел­тоқсанның 10-ынан бастап Қа­зақстан Республикасының Пре­­зиденті қызметі­не кірісті деп есептелінсін» делінген қау­лыда. Қаулыға Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Жоғарғы Кеңесі Төр­аға­сы міндетін атқарушы Серік­бол­сын Әбділдин қол қойған. Мұнан кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зарбаевтың салта­натты ант бергеннен кейінгі Республика сарайында жұрт­шы­лықтың ал­дында сөйлеген сөзі жарияланған. «Қадірлі халайық! Құрметті халық депутаттары! Қадірлі мей­мандар! Дана бабалар дәстүрі­мен осы салтанатты сәт­тегі сөзім­ді ең алдымен ата жұртыма, қа­сиетті халқыма арнаймын! Бү­гінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бә­рін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаматтықты көк­сеумен келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сын­ған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп ашар­шы­лыққа ұшырап, ұрандап жүріп ұлт мүд­десін ұмытқаны­мыз да ақиқат. Шү­кір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көте­ріп, еге­менді елдің туын да тіге бас­та­дық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сай­лағаны – осы жол­дағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ой­лайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқанда­ры­ңыз үшін шын жүректен алғы­сымды айта­мын. Елім үшін, хал­қым үшін, Қазақ­ста­ным үшін та­рихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дар­қан еліме, ата-бабаның аруа­ғына сүйе­не­мін» деп бастапты Президент өз сөзін. Мұнан кейін қазақ мем­ле­кетінің халықаралық қатынас­тық­та өзіне лайық орын алуы, қазақ халқының, бүкіл қазақ­стан­дық­тардың бақытты, дәулетті өмір сүріп, өзіндік мәдениетін өркен­дету үшін бәрінен бұрын республикада тыныштық болғандығы жөн екені ай­тылады. «Ел бірлігі қашан да мүдде бірлігінен бас­талады. Біздің болашағымыз Қа­зақстан халқының ортақ мүдде­ле­с­тігінде. Біз мұны көздің қа­ра­шығындай сақтауымыз керек» депті Президент. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің тарихи сөзінде бізге шын мә­нінде өмірдің бү­кіл әлеуметтік-экономикалық укладын түбе­гей­лі түрде ауыстыру міндеті тұр­ған­дығын, ал ол тарих айқын таныт­қан­дай бірыңғай идеямен ғана, сол үшін адамдар уақытша қиындықтарға, тіпті жекелеген сәтсіздіктерге дайын болу ниеті итермелеген қоғамда ғана ойда­ғы­дай өтетіндігін жеткізіпті. «Біз үшін бұл идея – еркін егеменді демократиялық Қазақстан мемлекеті» депті. Қазіргі қоғам үшін дағда­рыс­ты жағ­дайда – екі дәуірдің шекарасында уақыт факторы зор рөл атқаратындығына, бұрынғы Федерацияның республикалары ара­сындағы ұлғайып келе жат­қан шиеленіс, таяу айларда біз кездесетін проблемалардың өт­кір­лігі ырғалып-жырғалуға уа­қыт қалдырмай, шапшаң, батыл да айқын іс-қимыл жасауға мә­ж­бүр ететіндігін атап көрсеткен. «Тарихтың бізге өндірістік қаты­нас­тарды түбегейлі өзгертуден басқа еш­қандай таңдауды қал­дырмағаны қазір әрбір дерлік адамға айқын. Бірақ нарық эко­но­микасына бұрылудың ғаламат күрделілігі де біздің әр­қай­сы­мызға айқын болып отыр. Алайда қазір жүзеге асырылып жат­қан шаралар жеткіліксіз. Олар­дың кейбіреулері шектеулі, екіншілері жартыкеш, үшіншілері консервативтік күштердің жасы­рын және айқын тежеуіне, ескі әміршіл-әкімшіл жүйе қалды­ғы­ның сабота­жына тап болып отыр. Бізге әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдай­ды тұрақтандыру үшін түбегейлі, бір-бірімен бай­ла­нысты шараларды шұғыл жүзеге асыру қажет, өйткені қазіргі кезде дағдарыс өзінің қыл үстіндегі шебіне жақындап келеді» депті. Президент бірінші бүкіл ха­лық­тық сайлауда өзіне көрсет­кен жоға­ры сенім мен зор құр­метті толық көлемінде сезінетіндігін айтқан. Бүкілхалықтық сенім мандаты – бұл іс-қимыл жасау провасы ғана емес, сондай-ақ Президенттің бүкіл халық алдындағы зор жауапкершілігі екендігіне тоқталған. «Мен біздің Қазақстан тери­ториясында жоғары дамыған по­ли­эт­ника­лық өркениет құра алатынды­ғымызға  сенемін. Онда қазақ ұлты қайта түлейтін болады, оған енетін барлық ұлттар мен ұлыстар өздерін еркін сезінетін болады. Сапарымыз сәт­ті болсын!» деп аяқтапты сө­зін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев. Егер осыдан жиырма жыл бұрын Президенттің бірінші рет ант қабылдау салтана­тын­да айтылған осы сөздердің те­рең мәні мен бағдарламалық си­па­тына қазіргі күннің биігінен қарайтын болсақ, Нұрсұл­тан Назарбаев тарихтың таң­дау сәтінде ел халқының ал­дын­да берген уәдесін толық орындап шықты дей аламыз. Қазақ­станның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы уә­дені орындауда жан­та­ласқан 20 жылдық уақытын сарп ете отырып, елімізді қа­зір­гідей биікке көтерді. Тіпті нәтижелер сол тұста ойла­ған­нан да көп жоғары болған секілді. Ендеше, ел Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдық тойы Елба­сы­ның жұлдызды шағы екендігіне дау жоқ. Бұл репортажды «Егеменді Қазақстанның» баспасөз тобы әзірлепті.