• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Талпынысты тұғырлы табысқа ұластырған 20 жыл

342 рет
көрсетілді

Үкімет басшысы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылында да­мудың көптеген кезеңдерінен өткенін, осы орайда егемендіктің алғашқы жылдарында күрделі белестер еңсерілгенін атап өтті. «90-жылдары негізгі нарықтық реформалар жүргізіліп, бүгіндегі біздің егемен еліміздің табысты дамуының негізі қалыптасты», – деп тоқталып өтті экономикалық форумның ашылу салтанатында сөз алған К.Мәсімов. Бұл тұрғыда сонау тоқса­нын­шы жылдардың соңында-ақ ел Президенті 2030 жылға дейінгі дамудың ауқымды бағдарла­ма­сын бекіткенін және осы орайда негізгі басымдықтар анықтал­ға­нын, сондай-ақ осы дамудың аясында Қазақстан алға жылжып, белгіленген мақсаттар тиянақты орындалғанын айта келіп Үкімет басшысы «2000-2007 жылдар аралығында экономиканың жы­лы­на 7-8 пайыздық қарқынды өсімі – бұл нарықтық қалыпта­су­дың және тоқсаныншы жылдары атқарылған ауқымды жұмыс­тар­дың нәтижесі» екенін атады. Сондай-ақ Премьер-Министр өз сөзінде 2007 жылдан басталған әлемдік қаржы дағдарысының бірінші кезеңінде еліміз алдында тұрған қауіп-қатерлер еңсеріліп, Қазақстан жүйесі өзінің тұрақ­тылығын дәлелдегенін жеткізді. Осының нәтижесінде 2010-2011 жылдардағы экономикалық даму­дың Қазақстанның экономикалық өсіп-өркендеуінің тұрақты кезе­ңіне, яғни 7 пайыздық өсімге шығуына мүмкіндік бергеніне де тоқталды. «2010 жылы 7 пайыздық өсім болса, 2011 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, қазірдің өзінде біз 7 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Меніңше, алдағы екі аптада 11 айдың нәтижесін көре­тін боламыз. Шамамен, Қазақ­стан жы­лына тұрақты түрде 7 пайыздық өсіммен өркендеп келеді», деп түйіндеді сөзін К.Мәсімов. Елдегі экономикалық және әлеуметтік саясаттың, инвести­ция­лық-іскерлік ахуалдың нәти­же­лерін қорытындылап, алға қойған жаңа мақсаттарды жос­пар­лаған бұл форумға Эконо­микалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов, Қаржы министрі Б.Жәмішев және түрлі ассоциациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының, халықаралық ұжымдардың басшылары және еліміздің барлық аймақтарынан үш жүзге тарта кәсіпкерлер қа­тысты. «Жаһандық әлемдегі Қазақ­стан» және «Инвестициялық іскерлік ахуал» дейтін күрделі та­қырыптарды қозғаған аталмыш форумға арнайы келген Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Г.Греф, Ernst&Young қарқынды рынок орталығының басшысы А.Карклин-Марше, Бүкіләлемдік банк­тің Еуропа және Азия елдері бойынша бас экономисі И.Джилла, Азия Даму банкінің бас эко­номисі Ч.Рии, ресейлік «Общес­твенный договор» институтының президенті А.Аузан және басқа да халықаралық сарапшылар әлем­дік экономика бағдары ту­ралы баяндама жасап, Қазақ­стан­ның дамуы жайлы өз пікірлерін білдірді. Форум барысында «Елдің әлеуметтік саясаты мен әлеу­меттік басымдықтары», «Елдің қаржы саясаты: қалыптасу ке­зеңдері және даму келешегі», «Экономикалық даму қорытын­ды­сы және келешек бағдар» та­қырыбындағы мәселелер талқы­ла­нып, «Елдің инвестициялық саясаты», «Аймақтық кәсіп­кер­лікті дамыту аспектілері», «Отан­дық кәсіпкерліктің даму жағ­дайы мен беталысы», «Doing Business» есебі бойынша Қазақ­станның даму көрсеткіштері», «Қазақстан Республикасының Тәу­елсіздік жылдары «Мыңжыл­дық­тағы даму мақсаты мен ор­нық­ты даму қағидаттары» атты жобалардың іске асырылуын қо­рытындылады. Халықаралық тәжірибе көр­сет­кендей, экономикалық жағы­нан дамыған елдерде орта және шағын бизнес барынша кең етек алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстан жеке меншік институтын қорғау­ға және кәсіпкерлік бастаманы жан-жақты қолдауға негізделген нарықтық экономиканы құруды басты бағыт етіп алды. Дү­ние­жүзілік банктің бағалауы бой­ын­ша, Қазақстан 2008-2012 жылдар аралығы кезеңдегі рейтингінде 80-орыннан 47-орынға көтеріліп, экономикалық белесте өз ұста­нымын биіктете білді. Форумда сөйлеуші сарапшы­лар мемлекеттің кәсіпкерлікті қол­дау саласындағы белсенді сая­саты жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде орта және ша­ғын бизнестің дамуына оң әсер еткеніне, соңғы төрт жыл ішінде еліміздегі орта және шағын кә­сіпкерлік секторына көрсетілген мемлекеттік қаржылай көмек көлемі және аталмыш қолдау ша­раларының пәрменділігі мен тиімділігі көрші елдерге қарағанда, әлдеқайда жоғары болғандығына айрықша тоқталды. Сонымен қатар, дағдарыстан кейінгі даму міндеттерін жүзеге асыру үшін Қазақстан 2010 жылдан бастап жүзеге асырған «Бизнестің жол картасы-2020» – кәсіпкерлікті кешенді дамыту бағдарламасының тиімді болғаны да атап айтылды. Форум соңында елімізде кәсіпкерліктің дамуына зор үлес қосқан бизнес – ассоциациялар алғыс хаттармен марапатталды. Қанат ЕСКЕНДІР, Астана.