• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Дүбірге толы дүние

250 рет
көрсетілді

Кішкентай елдегі үлкен дау Кішкентай деп әсте де Оңтүстік Осетия республикасын кемсітейін деп отырғанымыз жоқ. Әңгіме осынау шағын елде дау шықпайтын жерден дау шыққанында болып отыр. Жас мемлекеттің жоғарғы соты жексенбіде өткен президент сайлауының нәтижесін жарамсыз деп жариялады. Соттың осы шешімінің өзінің заңдылығына күмән көп. Дау дауыс бе­­­рудің қоры­тын­дысы жарияланар кезде, оп­­пози­ция­дан үміткер Алла Джиое­ва­ның жеңісі ай­қын бола бас­та­ған кезде шық­т­ы. Мәскеу қол­дай­тын биліктің атынан түс­кен төтенше жағ­дай­лар министрі Анатолий Биби­ловтың шта­бы жоғарғы сотқа бұрмалау­шылық болды деп ша­ғым тү­сірді. Әдетте оппозиция жағы шағымданар еді, бұл жолы билік жағының шағымдануы да таңдандырады. Жоғарғы сот ал­дымен орталық сайлау комис­сия­сына (ОСК) сайлау қоры­тын­дысын жарияламауды өті­ніп, көп кешікпей шағым берушілерді қолдағанын мәлімдеді. Бұған дейін шын мәнінде ОСК сайлау қорытындысын жариялап үлгерген еді. Алдымен 85 сайлау учаскесінің 74-інде Джиоева жеңіске жетіп, 56,7 па­йыз дауыс жинағаны, ал Биби­ловтың үлесіне 40 пайыз тигені мәлім болған. ОСК жеңіс Джиоева­ның жағында екенін мәлімдеген. Билилов – биліктің адамы. Билік болғанда, бұл республи­каны ұзақ жылдар басқарған (Грузия қарамағында болған кезде де) Эдвард Кокойтаның ада­мы. Өзіне сенімі болмаған соң да, ол Бибиловты ұсынған. Алғашқы турда жеңімпаз анық­талмай, екінші турда ол оппозиция өкілінен ойсырай жеңілді. Алла Джиоева кім дегенде, бізге оның бұрынғы республика білім министрі болғаны белгілі еді. Мына дауға байланысты Ресей ақпарат құралдарынан оның басқа жағы да әңгіме болып отыр. Ресейдегі Халықаралық сараптама инс­титутының ди­рек­торы Евгений Минченко бы­лай дейді: «Бұ­­­рын алаяқ­тығы үшін сот­тал­ған А.Джиоева ту­ра­лы сұ­рақтар ту­­ындайды, ол Ресейдің бұл рес­­­публиканы қалпына келтіруге бе­ретін қаржысын қалай жұм­сайтыны белгісіз». Бұл енді Мәс­кеу адамының сөзі. Джиоева қылмыскер болса, оны ОСК үміт­кер етіп тіркемеуге тиіс еді ғой. Бұрынғы қорғаныс министрі Анатолий Баранкеевичтің пікірі басқарақ. Қан төгілуі мүмкін, деп қауіптенеді ол. Жоғарғы сот шешімінің арғы жағында Ресей басшылығы тұрғанын айтады. Оңтүстік Осетия басшылығы тек Мәскеуге сүйенеді, дейді генерал. Республика жоғарғы соты­ның төрағасы жоғарыда аталған Э.Кокойтаның інісі екені де сөз болуда. Сол соттың шешімімен жаңа сайлауды алдағы жылдың 25 наурызында өткізу белгіленді. Және оған қатысуға А.Джи­ое­ваға рұқсат етілмейді. Оң­түстік Осетия республикасының бас про­ку­ратурасы да А.Джи­оеваны «түрлі-түсті революция» дайын­дады деп айыптап, оған қарсы шаралар қолданатын­да­рын хабарлады. Осының бәріне қарамай, Алла Джиоева өзін президент деп жариялап, он адамнан мемлекеттік кеңес құрды. Ол мемлекеттік органдар құрылғанша жұмыс істейтін болады. Әрине, бұған қарап бұрынғы билік тарап кеткен жоқ, олар да белсенділігін күшейтіп, жаңа үкіметке жол бермеуге барынша әрекет жасап жатыр.   Жаңа үкіметтің қаншаға шыдарын болжау қиын Мысырда тыныштық болмай тұр. Күні кеше Хусни Мүбәракты тақтан тайдырған қарсылық қауымы енді өздері билік ұстатқан әскерилерге қарсы шықты. Олардың көңілін табу үшін Әскери кеңес бұрынғы премьер-министр Эссам Шарафтың орнына Кәмал әл-Ганзуриді тағайындады.   Қашан да ай­­­ып­­кер та­бы­ла­ды. Көбінесе шын ай­ыпкер емес, қо­­­сақта ке­тетін бас­қалар болады. Каирдегі Тахрир ала­­ңында шеруге шыққандар жыл басында ұлт құт­қарушысы ретінде қабылданған әскерилердің басшысы маршал Мохаммед Хусейн Тантауидің кетуін талап етіп отырса, Әске­ри кеңес премьер-министр Эссам Шарафтың қызметтен кетуін қабыл алғанын және парламент сайлауының уақытында өтетінін мәлімдеп, қарсылыққа шыққан­дарды соған қанағат ету­ге ша­қырды. Ал Шараф болса, ал­ғашқы төрт күндегі шай­қаста 40 адам қаза тапқан соң-ақ, кететінін мәлімдеген болатын. Сірә, әскерилердің елдегі жағ­дайды уысынан шығарып ал­ғандығын жаңа үкімет бас­шысын тағайындауға байланыс­ты әрекет­терінен де аңғаруға болғандай. Алдымен олар МАГАТЭ-нің бұ­рынғы бас ди­рек­торы Мохаммед әл-Бара­деи­ге ұсыныс жасады. Сарапшылар оның премьер-министр болаты­нына күмән келтірмеген. Бірақ әскерилер мен Барадеи арасын­дағы келіссөз нәти­жесіз аяқталды. Сөйтіп, ойламаған жерден Кәмал әл-Ганзури жаңа үкімет басшысы болып шыға келді. Олай дейтініміз, оның аты үміт­керлер қатарында атала қоймай­тын. Мұны да көпшілік сенімінен айрыла бастаған әскери­лердің қалай да қарсылыққа шыққан халықтың көңілін табу әрекеті деуге болар. Өйткені, халық қазір әскери хунтаның маңында жүргендерді қаламай­тыны анық. Сөйтсе де, әл-Ганзури белгілі қайраткер, Мүбәрак билігі тұ­сында он жыл­дай үкімет құ­рамында бол­ған. 1996-1998 жыл­дарда үкі­мет­ті де басқар­ды. Біршама ба­с­тамашыл­ды­ғымен жұрттың есінде де қал­ған. ХВҚ мен Еги­петтің ара­қаты­насын қалыпқа түсіріп, ел­дің қаржылық жағдайын ны­ғайтты. Ніл бойындағы өмірді жақсарту бағдарламасын ұсын­ды. Мұндай бастамашылдық билікке ұнамай, ол қызметінен кеткен. Әл-Ганзури билікке аса күрделі жағдайда келіп отыр. Елде әскерилерге қарсы екінші революция басталып, ол айтар­лықтай қантөгіске соқтырды. Халық пен әскери хунтаның қайта тіл табысуы екіталай. Әл-Ганзуридің сол әскерилердің адамы ретінде әрекет етуінің еш­қандай болашағы жоқ. Ол өзінің бағдарламасымен, белгілі дәрежеде әскери топқа оппонент ретінде көрінсе ғана, халықтың қолдауына ие болады. Дүйсенбіде елде парламент сайлауы басталды. Бұл өзі қы­зықтау сайлау: үш кезеңде өтіп, алдағы жылғы қаңтардың ор­тасына дейін созылады. Осы­лай созыла келіп, парламент 24 нау­рызда ғана жұмысын бастай­ды. Оған дейін не болып, не қоярын кім білген. Сөйтсе де елдегі ең үлкен саяси оқиға алдағы жылы мау­сым айында өтетін президент сайлауы болмақ. Ел ішіндегі саяси күштердің ара салмағы сонда көрінеді. Бәлкім, тыныштық та содан кейін орнығар. Мамадияр ЖАҚЫП.