• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Президент және Қазақстан әйелдері

481 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті қашанда отбасы мен әйелдер жағдайын жақсарту мәселесіне баса көңіл бөліп келеді. Бұл орайда Елбасы­ның: «...тәуелсіз Қазақстан әйелдерінің  саяси және экономикалық мәртебесін арттыру – уақыт талабы, бұл мақсатқа жету менің ұдайы назарымда» (Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылы өткен Қазақстан әйелдерінің ІІ фо­румында сөйлеген сөзінен) деген сөздерін залда отырып тыңдаған, газеттерде шыққан кезде қолдан қолға өткізіп оқыған қоғамның нәзік жанды бөлігі жақсы біледі. Ал Президент сөзінің өмірдегі көрінісі – сол жылдың 22 желтоқсанында өз Жарлығымен Қазақ­стан Республикасы Президентінің жанын­дағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияны құруы болды. Мемлекет басшысы: әйелдер мен олар­дың отбасы мүшелерінің денсаулығын жақ­сарту, елдің қоғамдық-саяси өміріне әйел­дер­дің белсене араласуы және оларды шешім қабылдау деңгейіне жоғарылату, әйел­дерді экономикалық ілгерілету және әйел­дерге қатысты зорлық-зомбылықты жою деп Ұлттық комиссия қызметінің төрт ба­ғы­тын айқындап берген-ді. Соның негізінде Қа­зақстан Республикасында әйелдердің жағ­дайын жақсарту бойынша ұлттық іс-қи­мыл  жоспары әзірленіп, соған орай Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтар бас­шы­лыққа алынып келеді. Біз атқарылған жұ­мыстың бәрін бір мақала аясында жіпке тізгендей айтып шығуды мақсат етпедік, алайда, осы төрт бағыт бойынша жасалған қадау-қадау іс-шараларға тоқталып өткен жөн деп ойлаймыз. Әйелдер мен олардың отбасы мүшелері­нің денсаулығын жақсарту бағытында ат­қа­рыл­ған істердің мағынасын «Әйел ден­сау­лы­ғы – ұлт денсаулығы» деген сөздерге сый­ғызуға болады. Елімізде анемия мен йод тапшылығынан туындайтын аурулардың ұрпақ денсаулығына төндіретін қатерін зерделей келе комиссия бұл мәселеге жұрт­шы­лық назарын аударып қана қоймай, Азия даму банкінің қаржылай қолдауымен құны бір миллион АҚШ доллары тұратын, ас тұзын йодтауға, ұнды темір препараттарымен, ви­таминді-минералды қоспалармен байы­ту­ға арналған   жабдықтардың кәсіпорын­дар­да орнатылуына бастамашы болды. Сүт безі рагінің алдын алу, оны ертерек анықтап, емдеу бойынша жүргізілген жұ­мыс жақсы нәтиже бере бастады. Дүние­жүзілік банкпен бірлесе жүргізген жоба шеңберінде әр жылдары Астана, Алматы, Өскемен, т.б. қалаларда сүт безінің рагін ертерек анықтау орталықтары ашылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын тауып, осы жазда Алматыда «Сүт безі рагіне бірге қарсы тұ­райық!» тақырыбына арналған қайырым­дылық маршымен іс-шаралардың келесі циклы басталды. Ұлттық комиссия – өзіндік  бюджеті жоқ ұйым, бірақ қаражат жоқ деп қарап отыруға болмайды. Сондықтан бұл саладағы жұ­мысымызды біз көбінесе халықаралық ұйым­дардың көмегіне сүйеніп атқарамыз. Айталық, БҰҰ-ның Халықтың қоныстану қоры және Балалар қорымен бірлесіп, рес­публиканың бес облыс орталығы мен Астанада халықтың ұрпақты болу денсаулығын, ана мен бала денсаулығын сақтау бағдар­ла­малары іске асырылып келеді. Атырау қаласында «Дені сау ұрпақ – Қазақстанның болашағы» акциясы өткізі­ліп, перзентхана мен әйелдер консуль­та­ция­сына 83 мың АҚШ доллары тұратын жаб­дық орнатылды. «Шеврон Тексако» компа­ния­сымен уағдаластықтың арқасында рес­пуб­ликалық Педиатрия орталығына қаржы­лай көмек көрсетілді. Әлемге әйгілі «Лейка», «Алкон» фирмаларының демеушілігімен Алматы облысында ауыл тұрғын­да­рына, соның ішінде әйелдер мен балаларға білікті  офталмологиялық көмек көрсету ак­ция­сы өткізіліп, Қазақ көз аурулары ғы­лы­ми-зерттеу институтына қазіргі заманға лай­ық операция жасау жабдығы сыйға тар­тыл­ды. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Құрылған кезінен бастап Ұлттық комиссия өз қызметінің құқықтық негізін қалауға басты назар аударғанын айта кетуіміз керек. Дүниежүзілік қоғамдастықтың тең дәрежелі әріптесі болып кірігу үшін халықаралық қа­тынастарды реттейтін құжаттарға қосылып, оны Парламентте бекіту шарт. Бұл ретте БҰҰ-ның «Баланың құқықтары туралы», «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұр­мыстағы әйелдің азаматтығы туралы», Халықаралық еңбек ұйымының әйелдер мен балаларға қатысты конвенциялары ра­ти­фикацияланды. «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері ту­ра­лы»,  «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары туралы», «Отбасы және неке туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық про­филактикасы туралы», «Ерлер мен әйел­дердің тең құқықтары мен тең мүмкін­дік­терінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және басқа да заңдар қабылданды. Елдің қоғамдық-саяси өміріне әйелдер­дің белсене араласуы және оларды шешім қабылдау деңгейіне жоғарылату жайына кел­сек, Президентіміздің бұл бағыттағы саясатты дәйектілікпен жүргізіп келе жат­қанын айтқан абзал. Отбасы берекесін ойла­ған ер-азамат жақсылықты әуелі әйелі мен бала-шағасына жасайтыны сияқты, Отан берекесін ойлаған Елбасы республика әйел­дері мен балаларына жағдай жасауда басқа ел басшыларынан озық, жаңашыл  қадам­дар­ға барды. Бұған биік мінберден ай­тыл­ған: «Кеңестен кейінгі кеңістік аумағында отбасының, әйелдер мен балалардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғау сала­сын­да мемлекеттік саясатты іске асырудың мұн­дай тетігі жоқ» (Н.Ә.Назарбаевтың 2004 жылы өткен Қазақстан әйелдерінің ІV форумында сөйлеген сөзінен) деген сөздері де дәлел. Әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өмірі­не белсене араласуы, оларды шешім қабыл­дау деңгейіне жоғарылату туралы тапсыр­ма­ны орындау үшін халқымыздың менталитеті ескеріле отырып, түрлі жобалар жүзеге асы­рыла бастады. Бұл ретте асыл ана, жақ­сы жар бола білген әйелдің – ұжым ұйыт­қысы, іскер басшы, белсенді азамат ретіндегі бейнесін қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор болғанын айта кетуіміз керек. Әйел көшбасшылығын арттыру мақса­тын­да сондай-ақ халықаралық ұйымдардың қолдауымен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдар­мен, жоғары оқу орындарымен бірлесіп семинар-тренингтер, конференциялар, дөңге­лек үстелдер өткізілді. Парламентте «Отбасы» депутаттық тобы құрылып, оған қос палатаның 23  депутаты кірді. Бүгінде комиссия атауының «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы  Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссия» деп өзгеруі Мемлекет басшысының жұмы­сымызда отбасы құндылықтарына басым мән беретінінің тағы бір дәлелі дер едік. Ерлер мен әкелердің мәртебесін, отбасының бе­делін арттыру міндетін көздеп, биыл     10-20 мамыр аралығында барлық облыс орта­лық­тарында, қалалар мен аудандарда, шал­ғай  ауылдарда тұңғыш рет әкелер слетін өт­кіздік. Бұл елімізде Әкелер қоғамдық қоз­ғалысының бастауы болды және біздің ойы­мызша,  өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қо­мақ­ты үлес болып қосылары анық. Біздің ұсы­нысымыз бойынша енді мұндай іс-шаралар жыл сайын  1 қыркүйектен бастап бар­лық мектептерде өткізіліп, халықаралық отбасы күні, яғни 15 мамырда қорытын­дысы шығарылатын болады. Жалпы, Ұлттық комиссия әйел тақы­ры­бы мен отбасы тақырыбын ешқашан бір-бі­рінен ажыратқан емес. Өткізілген «Демо­гра­фиялық өзгерістер жағдайындағы отба­сы­лық саясат: негізгі тұжырымдамалар және халықаралық үрдістер», «Орталық Азия және Қазақстан әйелдерін саяси және экономикалық ілгерілету», «Отбасы мен балаларға қатысты  мемлекеттік   саясат – оларды іске асыру жолдары», «2020 стра­те­гия­сы: әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер», «Демографиялық ахуал: проблемалары және перспективалары», «Әйел және отба­сы­лық құндылықтар – қуатты мемлекет негізі», «Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру тетіктері»,  «Берік отбасы – мемлекеттілік негізі»  сияқты конференция тақы­рыптары да осыны растайды. Елбасының  Жарлығымен «Қазақстан Рес­публикасындағы 2006-2016 жылдарға ар­налған гендерлік теңдік стратегиясы»  бекітілді. «Қазақстан әйелдерінің саясаттағы, бизнестегі және әлеуметтік саладағы рөлі» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде оның жұмысына қатысқан ел Президенті би­ліктің атқарушы және өкілді буын­дарын­дағы әйелдер санын ұлғайту қажеттігін тағы да атап көрсетті. Астана мен Алматыда, ел өңірлерінде гендерлік теңдік стратегиясын түсіндіруді мақсат еткен «Гендерлік теңдік страте­гия­сын іске асырудың практикалық тетіктері», «Қазақстанда гендерлік саясатты ілгерілетуге ер адамдардың көзқарасы», «Гендер: әйел­дер мен ерлер», «Қазақстандағы әйел­дер құқықтары бойынша мониторинг және есептілік», «Гендерлік саясат және әлеу­мет­тік қатынастардың өзекті проблемалары» тақырыбында іс-шаралар өткізілуі – Президентіміз айқындаған бағыттарды іске асыру үшін жүргізілген жұмыстың бір парасы ғана. Әйелдерді шешім шығару деңгейіне жо­ға­рылату идеясының нақты іске асырылуын Қазақстан әйелдерінің  2011 жылғы 5 нау­рызда өткен алғашқы съезінде Елбасының Президент Әкімшілігіне «Нұр Отан» ха­лық­тық-демократиялық партиясымен бірге әй­ел­дерді шешім шығару деңгейіне жоғары­ла­тудың нақты шараларын қабылдау туралы берген тапсырмасы жандандыра түсті. Биыл 17 маусымда қабылданған «Неғұрлым даяр­лығы бар, қоғам мен мемлекет өмірінің түрлі салаларында қызмет атқаратын әйел­дер қатарынан оларды шешім қабылдау дең­гейіне ілгерілету бойынша 2016 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары»  негізінде мемлекеттік органдарда кадрлар резервтері қа­лыптастырылуда. Әйелдерді ілгерілетуге тек мемлекеттік органдарда ғана емес, ірі ұйымдарда да мониторинг жүргізілетін болады. Мұндай тізбе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірігіп жасалды. Сондай-ақ сайланбалы және саяси мемлекеттік қызметтерде әйелдердің өкіл­ді­гін ұлғайту жөнінде ұсынымдар әзірленіп, олар мемлекеттік органдар мен саяси партияларға жіберілді. Әйелдерді экономикалық тұрғыдан ілгерілету жайына келсек, Қазақстан экономи­ка­сының қуатты қанаты – әйелдер кәсіп­кер­лігінің қарқынды дамуын Елбасы: «...ма­ман­дардың есептеуінше, қазақстандық әйел­дер бүгінде елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайыздайын қалыптастырады. Осында отырғандардың көбі – кешегі қапшық тасудан бүгінде сапалы өнім шығаратын кәсіп­орын құруға дейінгі жолдан өткендер», –  деп атап көрсетуі (Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан әйелдерінің съезінде сөйлеген сөзінен) біраз жайтты айтып тұрғаны анық. Иә, жүргізілген жұмыстардың арқасын­да әйелдерді экономикалық тұрғыдан ілгерілету үшін республикалық бюджеттен әйел­дер кәсіпкерлігін дамытуға арналған қара­жат бөлуге қол жеткізілді.  Отбасы мен әйел­дің жағдайын жақсарту мәселелері Қа­зақстан Республикасын әлеуметтік-эконо­ми­калық дамытудың әр жылдардағы индикативтік жоспарларына енгізілуі де үлкен жетістік еді. Осы жерде әйелдерді өз бизнесін ашуға үйретудің мәні зор екенін айта отырып, бұл жұмыста Ұлттық комиссияға сенімді серіктес бола білген «Даму» кә­сіп­кер­лікті қолдау қоры, Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы, Өркениеттер альянсы, Қазақстан іскер әйелдерінің одағы, «Қазақ­стан­ның микроқаржы ұйымдарының қау­ым­дастығы»,  т.б. ұйымдарды атап өткен жөн. 2002 жылдан бастап Елбасының қол­дауы­мен әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы іске асырылуда. Егер жобаны іске асырудың алғашқы жылында 150 млн. теңге бөлінсе, 2011 жылы бұл 15 есе дерлік ұлғайып, 2,2 млрд. теңге қарастырылды. 2005-2015 жылдарға арналған әйелдер кәсіпкерлігін микрокредиттеу бағдарламасы қабылданып, соңғы екі жылдың өзінде ғана 1,3 миллиард теңгеден астам мөлшерде микрокредит берілгені бұл бағытта мемлекет тарапынан да қуатты қолдау болғанын айғақтайды. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл әйелдерінің бизнесіне қолдау көрсету мәселелері зерделенді. «Әйелдер ауылымыздың тынысы – еңбектегi ырысы», «Гендерлік аспект ескеріле отырып, ауыл тұрғындарын микрокредиттеуді дамыту», «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасын іске асырудағы кәсіпкер әйелдердің орны», «Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті дамытудың гендерлік аспектісі» тақырыбына іс-шаралар өткізіліп, Экономикалық даму және сауда министрлі­гі­нің әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойын­ша жұмысы тыңдалуын – осы бағытта ат­қарылған көп жұмыстың бірер мысалдары дер едік. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселесі де жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болып отыр десем, Ұлттық комиссия өз жұмысында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күреске ерекше мән беріп, барша іс-шараларды осы салада қызметін жүзеге асыратын  органдармен ынтымақтастықта жүргізіп келеді. Ішкі істер министрлігінде әйелдерге қатыс­ты зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі арнайы бөлімше құрылуы осы сөзіміздің бір айғағы болса, халықаралық ұйымдар өткізетін акциялар («Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жол бермейміз!» және т.б.)  мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуды мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар іс-қимылының тиімділігін арттыру көзделген іс-шараларға да атсалысудамыз. Әрине, айта берсе, мұндай игі істер қатары аз емес. Оның бәрін шағын мақала аясында тізіп шығудың да мүмкіндігі жоқ. Сон­дықтанда өз сөзімізді қоғамдағы оң өзгерістерге қарап, ұл-қыздарының білім алуы, еңбек етуі, бақытты болуы Елбасы саясатының арқасы екенін аналарымыз жақ­сы түсінетінін және Ұлт көшбасшысына зор сенім артатынын айтумен аяқтағымыз келеді. Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы  Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.