• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
02 Желтоқсан, 2011

Метросы бар мемлекетпіз

1609 рет
көрсетілді

Қазір бізде бәрі дерлік бар. Бір жоғымыз метро еді. Тәуелсіздік тойы қарсаңында метросы да бар мемлекет болдық. Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше түс қайта Алматы метросының бірінші кезеңін іске қосу рәсіміне арналған салтанатты жиын­ға қа­ты­сып,  оңтүстік астананың жер астымен жүйткіген заманауи көлік­тің    алғашқы  жолаушысы ретінде  екі аралықты жүріп өтті. Біреу білсе де, біреу біле қой­мас, 1980 жылы 1,2 млн. халқы бар күнгейдегі бас қалада көлік қыз­метін көрсету мен экология­лық ахуалды сақтап қалу мақ­са­тында Министрлер кеңесі метрополитен жобасы мен құ­ры­лысы туралы қаулы қабылдап, метро салынатыны туралы ал­ғашқы хабарды естiгенде, шаһар жұртшылығы алақайлап, осынау маңызды нысанның тез салынып бiтетiнiне еш күдiксiз сенген еді. 1981 жылы мәскеулiк «Метрогиптранс» институты техни­ка­лық-экономикалық негiзiн жасап, сол кездегi жоба бойынша 8 бекеттік метро 8 шақырым аумаққа созылатын болған. Ал 1988 жылы күзде жерасты жолының құрылысы сол кездегі Кеңес Ода­­ғы­ның салалық министрлік­тер­і­нің басшылығымен басталып, республикалық бюджеттің орта­лық­тандырылған қаражаты есебінен қаржыландырылды. 1992 жыл­ға дейін Мәскеу құрылысқа едәуір қаржылай және техникалық кө­мек көрсетіп отырды, маман­да­рын жіберіп, жұмыстың барысын қадағалады. Кейін КСРО ыды­рауы метроның құрылысын ұзақ мерзімге кейін шегерді. Тоқса­нын­шы жылдардың қиын кезе­ңінде жас тәуелсіз еліміз рес­пуб­ликалық бюджет есебінен жоба­ны қаржыландыруы өте аз бол­ғандықтан, метроның бірқатар ны­сандарының құрылысын тоқ­та­туға тура келген. Жұмыстың негізгі бағыты өндірістер мен тоннелдерді қауіпсіз жағдайда ұс­тап тұруға ғана жұмыл­ды­рылды. Яғни өтпелі кезең бедерінде еліміз үшін метроны қар­жыландыру кейінге қалды­рыл­ған мәселелердің қатарында болды. Алайда, жыл өткен сайын экономикалық жағдай өзгерді. Елімізде дамудың жаңа ұзақ мерзімді жоспарлары жасалды. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен 2005 жылы «2010 жылға дейін Алматы қаласын дамыту бағдарламасы» бекітіліп, сол бағдарлама аясында жұмысы тоқтап қалған метрополитен құ­рылысы маңызды инвестициялық жобалар тізіміне енгізілді. Сол сәттен бастап метрополитен та­ри­хында жаңа кезең басталды. Қаржыландыру қайта жүргізіліп, бастапқы кеңес дәуірі кезеңімен салыстырғанда едәуір көп кө­лем­де қаржы бөлінді. Нәтижесінде, алғашқы 16 жылмен салыс­тыр­ғанда, барлық құрылыс-монтаж жұмыстарының 90 пайызы таяу­дағы жеті жылдан аз ғана уақыт ішінде орындалды. Осылайша, Ел­басы мегаполис үшін аса ма­ңыз­ды осынау нысанның құры­лы­сын бақылауда ұстап, жаһан­дық қаржы дағдарысының түйт­кілдеріне қарамастан, метроның бірінші кезегінің бірінші желісін аяқтауға республика қазына­сы­нан осы уақыт аралығында бар­лы­ғы 165,9 млрд. теңге қаржы бөлген. Міне, «Алматыда метро са­лы­нады» деген хабар шыққаннан берi аттай отыз жыл өтсе де, «ештен кеш жақсы» деген, «метро жырына» соңғы нүкте қойы­лып, оның көптен күткен тарихи күн – азаттықтың ақ таңы атып, ата-баба арманы орындалған ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық ме­рей­тойы қарсаңында ашылуы – Қазақстан халқына жасалып отыр­­ған тарту-таралғының, сый-сияпаттың төресі деп білеміз. – Бүгін еліміз үшін тарихи күн болып отыр, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиында осынау күрделі құрылыс нысанында тер төгіп, еңбек еткендерге өз алғысын жеткізе келе. – Бұл біздің елімізде іске қосылып отырған тұңғыш метрополитен. Дүние жүзінде 200-ден астам мемлекет бар. Соның тек 40-ында ғана метро бар. Біз енді осы 40 елдің қатарына кірдік. Одан әрі Президент Алматыда метро салудың 1980 жылы сол кездегі КСРО басшысы Л.­И.Бреж­­невтің келген кезінен бас­талғанын, алайда, одан кейін тоқтап қалып, құрылысы ұзаққа созылып кеткенін еске түсірді. Дегенмен, мемлекеттің қиын­дықтарға қарамай метро құры­лы­сын қаржыландыруды жалғас­тыр­ғанын жеткізді. Тәулігіне 300 мың адам, ал жылына 110 миллион адам таситын метроның қала­дағы экологиялық ахуалды жақ­сартуға ықпал ететінін, оның қа­ладағы 200 бағыттағы маршрут­тарды қысқартуға мүмкіндік беретінін, ең маңыздысы, қазіргі заманғы жаңа көлік мәдениетін қалыптастыратынын тілге тиек етті. – Бұрын Мәскеудің, басқа елдердің метросын көріп таң­қалушы едік, енді олар келіп бізге таңқалатын болсын. Мұнымен бұл жұмыс тоқтамайды. Қаланың ішіндегі көлік желісін ұзартып, әрі қарай жалғастырып саламыз. Метро жердің үстіне шығады. Ең бастысы, бұл жетістігіміз Тәуел­сіз­дігіміздің жиырма жылды­ғы­на үлкен сыйлық болды. Сон­дықтан барлық алматылықтарды, метро құрылысына атсалысқан құры­лысшыларды шын жүрегім­нен құттықтаймын. Метромызды болашақ ұрпаққа осы күйінде жеткізуді, ал оны қадағалауды құзырлы органдарға тапсыра­мын. Тұңғыш метро еліміздің игі­лігі мен амандығына, бола­шағына қызмет ететін болсын, – деді Елбасы. Егер әлемдегі жер асты көлік қатынасының тарихына көз жіберер болсақ, ең ежелгi 1863 жылы ашылған Лондон метросының жалпы ұзындығы 410 шақырым­ға жетіп, бүгінде оны жыл сайын 1 миллиардтай халық пайдала­на­ды екен. Соған қарамастан Лондон метросы әлемдегi ең қымбат метро болып саналады. Ал 1969 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан әлемдегi ең арзан Пекин метросының жол жүру ақысы біздің өлшеммен 35-40 теңгеге тең. Оның ұзындығы 200 ша­қырымды құрап, күн сайын 16 млн. адамға қызмет көрсетсе, ал әлемдегi ең көп қолданыстағы Мәскеу метросы жыл сайын 3,2 млрд. адамды тасымалдап, 174 станса арқылы күнiне 8 млн. жо­лаушы жерасты жолдарымен жүредi. Гонконг метросы – әлем­дегi ең автоматтандырылған метро атанса, Қазақстанда тұңғыш, Орталық Азияда Ташкенттен кейін екінші саналатын Алматы метросы ТМД аумағында 16-шы соңғы үлгідегі заманауи озық технологиялармен жарақтанған, ұлттық нақышта безендірілген жер асты көлігі болып отыр. Метрополитеннің бірінші кезегін қолданысқа дер кезінде тапсыруда «Алматыметроқұры­лыс» АҚ мамандары заманауи тех­нологиялар мен құрал-жаб­дықтар қолданған. «Жібек жолы» бекетін салуда ТМД аумағында алғаш рет жаңаавстриялық тоннелді қазу әдісі пайдаланылған. Сонымен қатар ТМД елдері аймағында алғаш рет рельстерді төсеу кезінде алматылық құры­лыс­шылар шпальдан бас тартып, біртұтас темір-бетон негізіндегі жаңа төсеу әдісі қолданылған. Бұл біріншіден, қозғалыстың қауіп­сіздігін, ыңғайлылығын арт­тырады және жоғары жол құ­рылысын пайдаланудың мерзімін ұзартады. Мұндай технология бүгінде тек Батыс Еурапа елде­рінің кейбірінде ғана қолда­нылуда. Негізгі автоматты жүйе­лердің барлығы ең озық әрі қа­зіргі заман талабына сай ақ­па­раттық-телекоммуникациялық технологиялармен жабдықталған. Автоматты желілердің жоғары деңгейде жұмыс істеуін 28 кешен қамтамасыз етеді. Метро құрылысының қауіп­сіз­дігін Мәскеу қаласындағы ал­дыңғы қатарлы «НИЦ» инсти­туты дайындаған сейсмикалық қауіпсіз тоннелдік құрылғылар қамтамасыз еткен. Ал бекеттік тоннелдердің құрылысында авс­трия­лық «Бетон унд Унирбау» компаниясының озық техноло­гия­лары қолданылды. Алматы метросын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді оңтүстік­корея­лық «Hyundaі» корпорациясының «Hyundaі Rotem» компаниясы қолға алып, соңғы үлгідегі технологиялармен жарақтандырған. Әсі­ресе, корей ағайындар қазір­гідей заманда қауіпсіздік сала­сына аса мән берген көрінеді. Келеңсіз әрекеттердің алдын алу үшін метрода ТМД шеңберінде кездеспейтін бейне-бақылау жү­йе­сі орнатылған. «Метрожоба» ЖШС өкілдері оның сүзгі­сінен суық қару мен жарылғыш заттар, тіпті, есірткі заттары да мүлт кетпейді деп сендіруде. Ендеше, елімізде қазіргідей құқық бұзу­шылық пен лаңкестік оқиға­ларының шеті шыға бастаған уа­қытта бұл жәйт көңілді жай­ландырады. Дизайны еліміздің көк бай­рағымен үндес жасалынған вагондар әлемдегі заманауи метро пойыздарына қойылатын сұра­ныстарға сәйкес келеді. Мұнда жолаушылар үшін жайлылық, қауіпсіздік мәселелері түгел ескерілген. Жолаушылар вагондардан вагондарға емін-еркін өте алады Ал аялдамаларды әрлендіруде ұлт­тық өрнек, оюларға басымдық берілген. Сондай-ақ, қазақ хал­қының тарихи болмысынан сыр шертетін композициялық суреттер де жерасты жолын әсем бе­зендіре түскен. Бұған қоса әрбір бекеттің келбеті өз атауына сай көрініс тапқан. Мәселен, Ал­малы стансасында Алматының басты белгісі – алманың суреттері бейнеленген. Сонымен, алғаш рет Президент пәрмен беріп, қоңырау қа­ғып, жұмысына жан бітірген ме­троның бірінші желісінің ұзын­дығы 8,56 шақырым. Ал терең­дігі – 40 метр. Сағатына орта есеппен 40 шақырым жылдам­дықпен жүретін метро пойызы стансалардағы аялдауларды қоса есептегенде келесі басына 15-20 минөтте жетіп барады. Қала тұрғындары жұмысқа баратын, кешкілік қайтатын уақыттарда пойыздар стансаларға әр 9 минөт сайын келетін болса, басқа кездерде олардың жылжу уақыты аздап сирейді. Метрополитенге электрлі депо, инженерлік корпус, қызметкерлер бөлмесі және «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Бай­қоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры», «Алатау» атты 7 станса енген. Яғни, Райымбек және Фурманов даңғылдары қиылысынан бағытқа шыққан жерасты көлігі Абай және Гагарин даңғылдары қиылысында тізгін тартады. Жерасты көлігінің бір реттік жолақысы 80 теңге. Бір рет жүретін болсаңыз жетонды, ал жиі қатынайтын болсаңыз смарт-картаны пайдаланасыз. Мүм­кіндігі шектеулі жандарға ар­найы көтергіштер мен қон­дырғылар қарастырылған. Сүйікті қаламыздағы жер үстіндегі көліктердің жүктемесін айтарлықтай жеңілдетуге септігін тигізетін метро таң алакеуімде сағат алтыда жұмысын бастап, түн қараңғылығы түсіп, сағат он екіні соққанда тоқтамақ. Алдағы уақытта метро құры­лысын әрі қарай дамыту мақ­сатында жобаның екінші кезеңі батыс және солтүстік бағытта қатар дамып, 2017 жылдың со­ңына дейін пайдаланылуға бермек. Биылғы жылдың наурыз айынан бірінші желінің екінші кезегінің құрылысы басталып та кетті. Ол болашақта «Сайран», «Москва», «Сарыарқа», «Дос­тық», «Қалқаман» атты 5 стан­саны қамтиды. Қазірдің өзінде 350 метр тоннел қазылды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.