• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Азаттықтың айбынды ескерткіші

609 рет
көрсетілді

Бүгін Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументінің ашылу рәсімі болады «Осы тарихи оқиға қарсаңында біз ескерткіштің басты авторы, Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шот-Аман Ыды­рысұлы Уәлиханға жолығып, бірнеше сауал қойған едік» дейді газет тілшісі Самат Мұса. «Шота аға, осындай монумент орнату идеясы қайдан туындады?» деген сұраққа ескерткіш авторы былай деп жауап берген: «Мен 1993 жылы үкімет делегациясы құ­рамында Мысырда болдым. Сол жолы біздің дәуірімізге дейінгі көне ескерткішті көріп тамашаладық. Бұл ескі дүние Елбасымыз Нұр­с­ұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қатты ұна­ған, мүмкін әсер еткен болуы керек, маған: «Тәуелсіздігімізге байланысты осындай бір ескерткіш орнатпаймыз ба? Ойланып кө­ріңіз!» – деді. Сөйтіп ой салған, идея тас­та­ған Президентіміз болатын. Елге келген соң Мәскеу, Санкт-Петербург және Алматы қа­ласында оқыған өнерпаз, талантты жас­тар­дың басын қосып, ақылдастым. Нәтижесінде «Тәуелсіздік» кешенінің тұжырымдамасы жасалды. Көркемдік шешімі шығарылды. Содан кейін мүсіншілер Әділет Жұмабаев пен Нұрлан Далабаев, сәулетші Қазыбек Жарылғапов, тағы басқалар белсене іске кірістік. – Монументтің Республика алаңында орнатылуының сыры неде? Бұл орын тек­тен-тек таңдап алынбаған болар? – Осы сауал әуелде бізді де мазалаған-тұ­ғын. Кешен қай жерде тұру керек деп тұй­ыққа тірелген сәтімізде бізді тағы да Президентіміз құтқарды. «Ақ орданың» қарсы алдына орнатайық, – деді ол. – Жастардың Желтоқсан көтерілісі осы жерде өтті ғой». – Тәуелсіздік кешенінің композициясын жасағанда қандай жәйттерге арқа сүйеді­ңіздер? Және олар нені білдіреді? – Әуелі дүние жүзіндегі осы салаға қатысы бар өнер туындыларын зерделеп, ой елегінен өткіздік. Жалпылама бір шолып шықтық. Осы тақырыптағы ескерткіштердің Еуропада өз дәстүрі, Шығыста өз ерекшелігі бар. Мәселен, Еуропада ескерткіш белгілер салуға көбінесе ғимараттардың тіреуіші – колонна пайдаланылады. Үлкен тарихи оқиғаларға орай ескерткіш белгі орнатуды сонау ертедегі Египеттен көреміз. Римде император Троянға, Париждің Вандам ала­ңында Наполеонға, Лондонның Трафальдар алаңында Нельсонға арналған ескерткіштер бар. Бірақ олардың барлығы жоғарыда айтып кеткен әдіс бойынша орнатылған. Шығысты алсақ, көне түріктен қалған діңгек тастар жеткілікті. Оған мысал ретінде Күлтегіннің, Тоныкөктің құлпытасын айтуға болады. Біздің қазақ жерінде де бейнелі тастарды аз кездестірмейміз. «Тәуелсіздік» кешенінің алғашқы жоба композициясын жасағанда оның қазақтың қолөнеріне суа­рылған дүние болып шығуын ойластырдық. Кешеннің орталық композициясы діңгек тастан (стелла) тұрады. Биіктігі – 28 метр. Діңгектің ұшар басы әлі бүршік атпаған, қауызы ашылмаған гүлдің күлтесі сияқты болып біткен. Ал оның басына барыстың үстінде тұрған сарбаздың бейнесі орнатыл­ған. Оң қолында қонған құс, сол қолында ұстаған садақ бар. Арт жағындағы асып алған қорамсаққа үш алтын жебе салынған». Ескерткіштің басты авторы Шот-Аман Уәлихан тілші Самат Мұсаның сұрағына осылай деп жауап берген.