• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Светлана БАБКИНА: «Қазақ тілі – менің тілім»

945 рет
көрсетілді

Елімізде жүзден астам ұлт бір шаңырақтың астында бірлік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Солардың қатарында биыл жиырмаға толған тәуелсіздігіміздің құрдасы, Тал­дықорған қаласындағы медициналық колледждің 2 курс студенті Светлана Бабкина да бар. Біз мереке қарсаңында оған жолығып, мемлекеттік тіл туралы келелі әңгіме құрғанбыз. – Светлана, «Отанды сүю – отбасынан басталады» дейді. Отаншылдық, елжандылық қа­сиеттер жайлы пікіріңізді білсек. – Отан – анаң, Отан – панаң. Бұл тегін айтылмаған. Осы асыл сөз­дердің қадір-қасиетін сезініп, оның шуағына бөленген жан­дардың бірімін. Әйтсе де ата-ана­ны ешкім өз еркімен таңда­майды. Мен дүниеге келгенде анам мен әкем аса қуанбаған... Себебі, шешем ащы суға әбден бой ал­дырып, соның жетегінде кетіпті. Баспа­наны да соған айыр­бастап жіберген. Он жасқа келгенше мектепке бара алмай, көрші-қолаңның қам­қор­­лығы­мен күн кешіппін. Кейін білім бөлімінде­гілер «Айналайын» ба­лалар үйіне әкеліп тапсырады. Әкем Владимирді көрген де емеспін. Ресейде тұрады деп естимін. Міне, бетпақ тағдырмен жа­сымнан осылай бетпе-бет келдім. Әйтеуір қамқор жандар қа­сым­нан табылды. Сол кезден бері қа­зақ халқының қамқорлығын сезініп келемін. Медициналық колледжде Сара Назарбаева бас­қара­тын «Бөбек» қорының шә­кірт­ақысын аламын. Жатақха­нада тұрамын. Мектепке кеш барға­ныма қара­мастан ұстаздар мен тәр­бие­шілер менен қам­қорлық­тарын аямады. Сабақты үлге­руі­ме, денсаулығыма көмек берді. Жамбасыма ота жа­сатып, қам­қор­лық қолын созғандар да жақ­сы жандар. Осы кезде өзінің құнарлы топырағындай аса бай қазақ тілінің мәйегінен сусын­дауыма мүмкіндік туды. Тілім де қазақ тілінде шыққан. Бұл мен үшін үлкен бақыт. «Отан» сөзі менің жүрегімде сақталған. Әрі мәңгі дер едім. Ұшқан құс та мекеніне айналып соғады ғой. Ал, біз жер басып, тік жүрген адамбыз. Арман, мақ­сатымыз бар. Демек, айыр­ма­шылығымыз жер мен көктей. Мен осы елдің топырағынан нәр алдым. Осы жерде кіндігім кесілді. Қайғыма да, қуанышыма да қазақ деген дархан халық өкілдері ортақ. Тіпті, менің қалыптасуыма өскен ортам мен айналамдағы ізгі жандар дем беріп келеді. Балалар үйіндегі тәрбиешілерім Дина Оңғарова, Айнұр Серғазиева, Антонина Алексеевнаның жөні бір бөлек. Қазақстанның бүгінгі өсіп-өр­кендеуі мені қуанышқа бөлейді. Арайлап атқан таңды қарсы ал­ған сайын «Елім аман, жұртым тыныш болса екен. Жаратқан ием маған жар бол» деп тілек тілеймін. Әркез Отанға, елге деген перзенттік парыз жүрегімде. – Мемлекеттік тіл жайлы не айтар едің? – Қазақ тілі мемлекеттік мәр­тебеге ие болғанымен әлі де осы мәселе төңірегінде жиі пікір айты­лады. Үлкен ағалардан, апайлардан асырып, не айтайын. Мен өмірге келген 1991 жылы еліміз тәуел­сіздік алыпты. Сол кезде Абай мен Жам­был жыр нөсерін селдеткен қазақ тілінің өміршеңдігі жай­лы көптеген мә­селелер көтерілген ғой. Бы­лай­ша айтқанда өз елімізде, өз жерімізде қазақ тілінің ертеңі жай­лы ойлау, ел үшін тер төгу бү­гінгі ұрпақтың ең негізгі міндеті. Осы орайда басқа ұлттың өкі­лі деген сөз тіркесі болмауы керек. Қазақтың жерінде тұрып, оның барлық жақсылығына, игілігіне бө­леніп, тілге келгенде «басқа ұлттың өкілімін» деудің еш реті жоқ. Оның үстіне мемлекеттік тіл мәртебесі жайлы ай­тылғалы жи­ырма жыл өтті. Мен де осы жасқа келдім. Қазақ тілі­нің қасиеті ар­қасында ұлтым орыс болға­нымен, өзіндік ор­ным бар. Дархан тілді маған ешкім кү­штеп үй­реткен жоқ. Оның қай­на­ры­нан әлі де сусындай түс­сем, шіркін! Бүгінгі қол жеткен табысым биыл республикалық «Қазақ тілін білу – па­рызың» деген тақырыпта өткен олим­пиадаға қатысу құр­метіне ие болдым. Мұнда бәсекеге түскендер шетінен білімді еді. Со­ған қарамастан, жүлделі бірінші орынды иеленіп, та­быспен орал­дым. Биылғы қыркүйек айында Көк­шетауда өткен V құрыл­тайға қаты­сып, мемлекеттік тіліміздің бүгіні мен келешегі жайлы ортаға салынған мәсе­лелерді тыңдап, өз пікірімді айттым. Өзгелердің де толғамды ойлары, ұсы­ныс-пікірлері ме­нің ал­дағы күндерге деген көз­қарасымды орнықтыра түсті. Елба­сының өзі қа­тысқан Қазақстан хал­қы Ассамблея­сының он жетінші сес­сия­сында көте­р­іл­ген көп ұлтты Ота­ны­мыздағы бірлік пен ынты­мақ, бейбіт өмір мәселелерін қоз­ғаған жи­ын­ның  жұмысына да қа­тыс­қанымды мақ­таныш етемін. Бұл менің ой-өрі­сімді қалыптастырумен бірге қана­тымды қатайтып келеді. Өмірге деген берік көзқарас осылай орнығатынын түсіндім. Қазақ тілін оқытудың негізі мектепте. Демек, ұстаздарымыз мектеп пар­тасындағы бүлдіршіндерді өз тілін сүйіп өсуге, мемлекетіміздің келешегі үшін күресетіндей елжан­дылыққа тәр­биелесе, әрине, көп мәселеден ұтар едік. Тәуелсіз елі­міздің діңгегі – оның тілі, діні, ділі. Осы қасиетті үш ұғымды жүрек түкпірімде берік ұс­таймын, өзге ұлт өкілдерінің де осын­дай болға­нын қалаймын. Неге біз қазақстандықтармыз деп барлық игілікке ортақ боламыз. Тілге келгенде қырын қарап, сал­ғырттыққа салынудың ендігі жерде реті де, жөні де бола қоймас деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді өз тіліндей меңгерген қай азамат «жапа» шегіп жүр? Керісінше, атақ-даңққа қол жеткізіп жүр емес пе. Тілді саудаға салудың өзі ұят. – Жақсы пікір айттың. Енді қазақтың салт-дәстүрі жайлы ой өрбітсең артық болмас еді. – Халықтық салт-дәстүр жайлы көп айта алмаспын. Десем де, қа­зақта «Тісі шыққан балаға, шайнап берген ас болмас», «Жетімнің ри­зығы – жұрттан» тағы басқа мақал-мәтел тегін айтыл­маған. Астарына үңілсеңіз бәрі түсі­нікті. Сары майдан қыл су­ырғандай. Жалпы, қазақ халқы жаманнан жирендіретін ұс­та­нымдарды қатаң қолданып отыр­ған. Мәселен, үлкен адамның ал­дын кесіп өтпеу, табал­дырықты бас­пау, есікті кермеу, тізені құшақ­тамау, бас киімді теппеу, тағы басқа ұлттық тәрбиеге қарама-қайшы әдет­терге абай болуды балаға сәби кезінен үйретіп, міндеттеген ғой. Құрдастарымның көпшілігі мұ­ны білмейді. Содан ба екен, бірте-бірте көйлектің етегі түріліп, омы­рауымыз ашылып келеді. Бұл да ұлттық үр­дісімізге жат. Жас қыздар ғана емес, үлкен апалар, тіпті әжелер шал­бар­ланып алды. Бұл да әбестік. Светлана қызымыз бізді «тәрбиелей ме» деп ренжіп жүрер. Бірақ, хал­қы­мыздың жақсы қасиет­терін біздерге үйрететін осы апа-әжелер ғой. Әр адам өз орнын білгені жөн шығар. – Орынды айтылған уәжге ешкім ренжімейді. Айтпақшы, өзің бос уақытыңды қалай өт­кі­зесің, мерейлі жылға деген тартуың қандай? –Мына қарбалас өмірде көбіне бос уақыт бола бермейді. Жастық алауы жаныма тыным бермейді. Ізденемін, білмегенімді білуге ұм­ты­ламын. Кейде адасқан анамды ой­лаймын. Дәрігер болсам, емдесем деген ойлар мазалайды. Кітапхана залында кітап оқып, газет-журнал парақтаймын. Интернетке де кіремін. Әр күнімді алдағы арман-мақсатпен осылай жалғаймын. Қазақ тілі – мінің тілім. Осы тілмен өмірімді өріп, оны тірші­лі­гімнің тірегіне айналдырудамын. Тәуелсіздікпен құрдаспын. Елім­­мен бірге есейіп келемін. Оның мәң­гілік жырымен сусындап, әр күнімді мағы­налы өткізіп жүр­мін десем, асыра айтпағаным. Сон­дықтан оқудағы үздік табысым мен қоғамдық өмірдегі белсенділігім бүгінгі жеткен жетістігім. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.