• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
03 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Тоғызыншы күн (4 желтоқсан): СЕРГЕКТІК

558 рет
көрсетілді

Ұлт денсаулығы мен ел намысы – егіз ұғым

Туризм және спорт министрі Талғат ЕРМЕГИЯЕВПЕН әңгіме

  – Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары мен қазіргі кездегі спорт туралы ойыңызды қыс­қа­ша түйіндей кетсеңіз.  – Еліміз тәуелсіз мемлекет бол­ған­нан бергі 20 жыл ішінде спорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Салыстыра айтсақ, 1991 жыл мен бүгінгі күнгі жағ­дай­дың арасы жер мен көктей. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рын­дағы қиыншылықтар қазақ­стан­­дық­тар үшін оңайға түскен жоқ. Спорт­тың материалдық-тех­ни­ка­лық база­сын сақтап қалу, спорт нысан­дары­на халықтың қол­жетімділігі, балалар мен жас­өс­пі­рімдер спортын қалпына келтіру және шеберлігі жоғары спорт­шы­ларды даярлау мәселелері мемлекеттік деңгейдегі қолдауға зәру бол­ды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін спорт саласы­ның барлық нысандары мен инф­ра­құрылымдары азып-тозып, бір­азы жеке меншікке өтіп кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­да қалыптасқан экономика­лық ахуал дене тәрбиесі мен спорт­тың дамуына қолбайлау болып, соның салдарынан, айналып келгенде, ха­лық игілігіне нұқсан келді. Бір­қатар мәселелерді, бірінші кезекте, спорттың материалдық-техника­лық базасын нығайтуды, халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасауды, балалар мен жас­өс­пі­рімдер спортын дамытуды, шеберлігі жоғары спортшылар даярлау ісін мемлекеттік деңгейде шешу қажет болды. Өтпелі кезеңде ел спортының жағдайын талдай-талқылай келе, әрі әлем спортының тәжірибесіне сүйене отырып бірқатар норматив­тік-құқықтық актілер қабылдау нә­ти­жесінде қолда бар мүм­кін­дік­терді біріктіріп, спорттық ұйым­дар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тізе қоса жұмыс істеді. Бұқаралық спортқа ден қойылып, дене шынықтыру мен спорттың көмегімен сала­мат­ты өмір салтын қалыптастыруға, спорттық резервтер даярлауға күш салынды. Тиісті шаралардың нақ­ты жоспарлары жасалып, оларды жүзеге асыру үшін бюджеттен қаражат бөлініп отырды. – Қазір ауыл спортын да­мы­туда, жастарды спортқа тартуда қандай жұмыстар істелуде? – Балалар мен жасөспірімдер спортының қанат жаюы спорт­шы­ларымыздың шеберлігін артты­ру­ға, олардың халықаралық жарыс­тар­да сәтті өнер көрсетуіне оң ық­палын тигізіп отыр. Елімізде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамытуға айрықша мән беріліп келеді. Бұл мектептерде жет­кіншектеріміз таңдаған спорт түрі бойынша жоғары білікті бапкерлерден тегін тәлім алып, спорт­тық шеберліктерін шыңдайды. Спортта дарынды балаларға ар­налған мектеп-интернаттар саны да жыл өткен сайын көбейе түсуде. Бұл оқу орындарында негізінен ауыл­дық жерлерден келген, аз қам­тылған отбасылардың бала­лары оқумен, спорттық шеберлігін арт­тырумен қатар, тегін жатақха­на­мен, тамақпен қамтамасыз етіледі. Интернаттарда білікті ұстаздар, жаттықтырушылар мен тәрбие­ші­лер жұмыс істейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тапсырмасымен 2009 жылы Бразилияның «Оле Бразил» футбол академиясына 26 қазақстандық жас футболшы үш жылдық келісім-шартпен білім алуға, спорттық шеберліктерін шыңдауға барған болатын. Мұның өзі ұрпақ келешегін ойлаған тың бастама, дана шешім еді. Футбол – жер-жаһанды «жаулап алған» ең беделді спорт түрі. Ал Бразилия – осы аяқдоп өнерінен әлем елдерінің көшін бастап тұр. Бұл елге барып білім-білігін ұштаған жас өскіндеріміз күні ертең қазақ футболын әлемдік деңгейге алып шығар деген үміті­міз зор. Бұл сөзімізге дәлел ретінде қазақ баласы Рауан Сариевтің жа­қында Бразилиядағы атақты «Атлетико-Минейро» клубына қабыл­дан­ғанын айтуға болады. Көпұлтты Қазақстанда, әсіресе, ауылдық жерлерде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, бәйге түрлері, қыз қуу, көкпар, ау­дарыспақ, теңге ілу сияқты ұлттық спорт түрлері мен халықтық ойын­дар да бел алып келеді. Ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту мақсатында түрлі чемпионаттар, республикалық, халықаралық турнирлер ұйымдастырылады. Айта­лық, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты, Жасөспірім­дер­дің І ауыл спорты ойындары, қазақ күресінен әлем және Азия чем­пио­наттары, Президент жүлдесі үшін Халық спорты ойындары өтті. Спорт мектептері мен клубтарын­да ұлттық спорт түрлері бойынша бөлімшелер ашылды. – Барлық спорт түрі бұқара­лық спортты дамытудан бас­та­лады ғой. Осы бағытта қандай жұмыстар істелініп жатыр? Мүге­дек­тер спорты туралы да айта кетсеңіз. – Соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың да дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығы артқаны байқа­лады. Елімізде 486 мыңнан астам мүгедек болса, осы санаттағы 13 мың адам бүгінде спортпен тұрақ­ты айналысады. Елімізде мүге­дек­тер спортымен шұғылданатын Рес­публикалық паралимпиадалық комитет құрылды. Мүгедек спорт­шы­лардың жаттығуларына жағдай жасалған, олар түрлі жарыстарға, соның ішінде халықаралық деңгей­дегі сайыстарға қатыса алады. Бұқаралық спортты дамыту жо­лымен спортпен шұғыл­дану­шылар санын көбейту, жаңа спорт мекемелері мен клубтар ашу бірінші кезекте инфрақұрылымның дамуы мен спорт нысандарының көбеюі­не байланысты. Бұл орайда Елбасы мен Үкімет спорт саласының мате­риалдық-техникалық базасын ны­ғайтуға «Жол картасы» бағдарла­ма­сының шеңберінде зор қолдау көрсетті. Елімізде бүгінде 80-нен ас­там спорт түрлері бойынша спорт­тық федерациялар жұмыс істейді. – Азия ойындары бізге не берді, оның қандай пайдалы жақ­тарын алдық деп ойлайсыз? – Елімізде өткен Қысқы Азия ойындарына құрлықтағы 27 елден мыңнан астам спортшы қатысып, спорттың он бір түрі бойынша 69 медаль жиынтығын сарапқа салды. Бұған дейінгі Азиадаларда Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея сынды азулы спорттық державаларды өк­ше­леген Қазақстан спортшылары осы жолы ерледі. Командалық есепте бірінші орынға 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы ие болды! Бұл Азия ойындарының тарихындағы өз алдына жеке рекорд! Бұған дейін бірде-бір ел бір ғана Қысқы Азиададан осынша алтын жүлде алып көрмеген екен. Спорт нысандарының әзірлігі мен Ойындардың ұйымдастырылу деңгейін Халықаралық олимпия­лық комитеттің президенті Жак Рогге, Азия Олимпиялық кеңесінің президенті Шейх Ахмад әл-Сабах аса жоғары бағалап, ризашы­лық­тарын білдірді. Жак Рогге Қаза­қ­стан 2022 жылғы Қысқы Олим­пиа­даны өткізу­ге үміткер бола ала­ты­нын айтты. – Биыл елімізде Азиада өт­кізу­ден басқа тағы қандай жаңа­лықтар болды? – Осы жылдың айтулы бір жа­ңалығы – Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықты сауықтыру мақса­ты­мен 2011-2015 жылдарға арнал­ған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын бекіту ту­ра­лы Жарлыққа қол қойды. Осы бағдарламаның шеңберінде Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру мен спортты дамыту­дың 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеуде. Содан кейін жақында біз елімізде тұңғыш рет І спорт форумын өт­кіздік. Мұнда көптеген қор­да­ла­нып қалған проблемалардың бәрі қарал­ды. Соның ішінде ауыл спорты да бар. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Қарап отырсақ, халықаралық ареналарда атой салып, қазақтың атын айдай әлемге танытқан саң­лақ спорт­шыларымыздың дені ауыл­­дан шыққандар. Сондықтан шал­ғайда жүрген жеткіншектерді ерте жасынан спортқа баулып, биік мұраттарға талаптандыру – бар­шамызға ортақ міндет. Ауыл спортын дамытудағы игі қадамдардың бірі – 2010 жылдың қараша айында Туризм және спорт министрі мен Ауыл шаруашылығы министрі Спорт саласындағы әріп­тес­тік туралы меморандумға қол қойды. Бұқаралық спортты одан әрі дамытып, халық денсаулығын арт­тыру үшін, әсіресе, ауыл спортын көтеруге күш салғанымыз абзал. Республикалық «Ел Қайраты» ауыл спорты қоғамының құрылуы қазақ спортының көсегесін көгер­тер игі шаралардың бірі деп білеміз. – Манадан бері спортты да­мы­туда істелініп жатқан жұмыс­тар ту­ра­лы жақсы айттыңыз. Енді қан­дай проблемалар бар, оларды ше­шу­дің жолдары ха­қын­да әңгімелесеңіз. Бүгінде біз өзіміздің ұлттық спорт­тық тәрбие жүйемізді құруға кірісуіміз керек. Ол жүйе халықты спортқа тартып қана қоймай, адам­дар­дың менталитетін өзгертіп, оларға дене шынықтыру мен спорт­тың аса қажеттігін ұғындыра білуі тиіс. Яғни, халық өз денсаулығы үшін жауапкершілікті терең сезінуі қажет. Осы орайда бірқатар ұсы­ныс­­тарымызды айтып, ел спортын­дағы кейбір кемшін тұстарға да тоқтала кеткеніміз жөн болар. Айталық, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының арасын­дағы келісім-шарт бойынша спорт­ты еңбек және демалыс орын­дары­ның жүйесіне енгізсе, артық болмас еді. Мекемелер мен көпші­лік­тің де­ма­лыс орындарында спортпен шұ­ғыл­дануға жағдай жасалуы керек. Кез келген саланы жете мең­геру үшін оның түп негізін, кемші­лік­тердің себеп-салдарын, жетістікке жету жолдарын ғылыми тұр­ғы­дан зерттеп отырмаса болмайды. Спорт әлемі де тұнып тұрған ғы­лым. Осы жағдайды ескеріп, спорт саласы бойынша ғылыми-зерттеу институтын құрып, ғылыми-әдіс­те­мелік базаны жетілдіру – күн тәр­тібінде тұрған аса маңызды мәселе. Спорт саласындағы мамандар­дың біліктілік деңгейі біздің жас мемлекетіміз үшін аса маңызды. Спорт кадрларын даярлау мен қай­та даярлау бағдарламасын жетіл­діріп, осы орайда республикалық мектеп-интернаттарды қайта құру жолымен колледждерге айнал­дыру­ға кірістік. Мемлекет пен жеке меншіктің спорт саласындағы әріптестігін да­мы­ту қажет. Жеке меншік бизнесті еліміздің спорт саласына тар­татын мез­гіл жетті деп ойлаймын. Салық кодексіне спорт саласына айтар­лық­тай қолдау көрсеткен бизнес құры­лым­дарына арнайы салық тәртібін қолдану туралы өзгерту­лер енгізу керек. Спортпен шұғылдану­шы­лар­дың санын көбейту, қосымша спорт мекемелерін, басқа да дене шынық­тыру-сауықтыру ұйымдары мен клубтар ашу бірінші кезекте инф­ра­құрылымның дамуы мен спорт нысандарының көбеюіне бай­ла­ныс­ты. Спорт инфра­құрылы­мы­ның жалпы алғанда дамып келе жат­қа­нына қарамастан, спорттың бұ­қара­лық сипат алуына спорт нысан­да­ры­ның (әсіресе, ауылдық жерлердегі) кемшіліктері кедергі болып отыр. Ауылдық жерлердегі спорт нысандары аз, қамтамасыз еті­лу деңгейі төмен. Қазіргі бар спорт ны­сандары ел халқының қажет­ті­лігін небары 30 пайызға ғана өтей алады. Бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарынан тыс нысандардың әр бесіншісі, яғни 957 нысан жөн­деуді қажет етіп тұр. Еліміздегі 7 мың ауылдық елді мекенде 20 166 спорт нысаны бар. Солардың 13 134-і (65,1%-ы) ашық спорт алаң­қайлары да, 307-сі ғана (3%-ы) жабық спорт кешендері. Спорттың кейбір түрлерінен елі­мізде командалардың ресми ха­лықаралық жарыстарға даяр­лануы­на арналған заманауи базалар жетіспейді. Бұған қоса, жүзу бассейні, нысана көздеу орны, жеңіл атлетика манежі, велотрек, шаңғы ба­засы, есу арналары сынды ма­ман­дандырылған спорт нысандары тапшы. Ал бұлар нағыз медальға жомарт олимпиадалық спорт түр­лері екенін ескерсек, халықаралық ірі жарыстарда қандай қомақты олжалардан қағылып жүргеніміз айтпаса да түсінікті. Жетістіктерімізді айта отырып, осындай кемшін тұстарымызды да жасырмай, қайта оны көпшіліктің на­зарына салып, жағдайды түзеу амал­дарын бірлесе қарастыр­ғаны­мыз жөн. Жиырма жыл тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен, Тәуелсіз Қазақ елінің спорт саңлақтары осы қысқа мерзімнің өзінде әлемнің талай асуын бағындырып үлгерді. Алда талай биіктер күтіп тұр, сол асқар­лар­ға ұмтылған Қазақстан спор­ты­ның да кемелдене түсері сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.   Қарағандыны сәндендірген үш ақ отау Қаланың бас көшесі  – Республика даңғылы бойы қазір бір-бірінен сәулеті асқан зәу­лім ғимараттармен көз тар­тады. Со­ның үшеуі торқалы той ал­дында есік ашып, спорт­қа ынтызар талап­кер­лердің, жан­күйерлердің сүйік­ті орындарына айналды. * Сыртқы көркі  өз алдына бір бөлек, аса айшықты, оның ішкі сәні де тамсантарлық. Мұнда тенниспен шұғылдануды қалау­шы­ларға бір уақ осы ойын қы­зығына берілушілерге қажетті барлық жағдай жасалған. «Хорд» төсеніштері  жабылған 2 жабық  және 3 жабық ашық корт қай уақытта да теннисті серік еткен талапкерлерге дайын. Бұлардың көбі облыстық мамандандырылған балалар мен жас­өспі­рім­дер олим­пиялық резерв мек­тебінің  алдан үлкен үміт күт­кен өрендері. Осын­дағы жарыстарда 402 жанкүйер сайыстарды тамашалай алады. * Қарағандының бокс мектебінің атақ-даңқы алыс­­қа аяндығы белгілі. Серік Нұрқазов, Серік Сәпиев сынды саңлақ­тарға  қанат қақтырған ұя­ның тағы талай тарлан­дарды ұшы­руға мүм­кін­дігі одан са­йын кеңейді. Бұған жаңа­дан ашылған бокс орта­лы­ғы жол аш­қалы отыр.Онда былғары қолғап жас шеберлерінің жат­тығуына, ірі жарыс­тар­ға алаңсыз да­йындалуына бо­­лады. Сон­дай-ақ, 764 орын­­дық зал ортасын­дағы 2 ринг ха­лық­аралық сайыс­тар­ға қа­ты­су­шы­лар­дың күш сы­на­суына айнала алады. * Осы екі спорт кешені­нің дәл жанында мұз ай­дыны алдан шығады. Жа­бық хоккей корты бұл ойын бойынша өтетін жа­рыстар дүбіріне бө­лен­се, сонымен бірге оны­мен әуестенуші жеткіншектерді  шеберлік шыңдай­тын, сынасатын мұз алаңы ретінде бау­райды. Сонымен бірге конькимен мәнер­леп сырғанаушылар өнерін де 4 мың жан­күйер тамашалайды. Арнаулы жат­тық­тырушылар талапкерлерді осы ойын­дарға баулиды.  Теннис орталығы Бокс орталығы                   Мұз айдыны                     Айқын НЕСІПБАЙ.

 Дерек пен дәйек

• Бүгінде елімізде спортпен жүйелі ай­налысушылардың саны 2 млн. 898 мың 871 (тұрғындардың жалпы саны­ның 17,7%-ы) адамды құрайды, оның ішін­де ауылдық жерлерде 1 млн. 190 мың 341 (7,3%), тиісінше 1 млн. 708 мың 530 (10,4%) адам қала тұрғындары. • Биыл саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында елімізде 17 904 спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, оларға 4,1 млн. адам қатысты, оның ішінде 11 мың іс-шара ауылдық жерлерде өткізіліп, оларға 2,3 млн. адам қатысты. • 2010 жылы еліміздегі спорт нысан­дары­ның жалпы саны 31 266 болса, соның ішінде 1 717 нысан жекеменшіктің үлесін­де, 20 166 нысан ауылдық жерлерде орналасқан.  • Елімізде жұмыс істеп тұрған 70 мың 353 спорт секцияларында 2,1 млн. адам спортпен шұғылданады. • Қазірде 127 мүгедек спорттың әр тү­рі­нен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Бір ғана 2010 жылдың өзінде мү­ге­дектер санатынан 41 адам спорт ше­бері­нің, 24 адам халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативтерін орындады. • 1992 жылдан бері біздің олимпиа­да­шылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Айталық, 1996 жылы Атлантада өткен жазғы Олимпия ойындарында біздің спортшылар 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. 2000 жылғы Сидней Олим­пиадасында 3 алтын, 4 күміс медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте ойындарға қатыс­қан 199 мемлекеттің ішінен 22-орын­ға ие болдық. 2004 жылғы Афина Олим­пиа­дасын­да біздің команда 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль еншіледі. Ал 2008 жылы Бейжің Олим­пиадасынан спортшыларымыз 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медаль олжалады. • Қысқы спорт түрлерінен де еліміздің жетістіктері бар. 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасында Қазақстан спорт­шы­лары 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп ал­ды. 1998 жылғы Нагано Олим­пиа­да­сынан бұйырған олжа – 2 қола медаль. Өкінішке қарай, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде, 2006 жылы Туринде өткен олимпиадалардан қанжығамыз бос қайтты. Ал 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасынан 1 күміс медаль бұйырды. • Тәуелсіздік жылдарында қазақстан­дық спортшылар жазғы Азия ойындарына 5 рет қатысып (1994, 1998, 2002, 2006, 2010 жылдары), 110 алтын, 118 күміс, 167 қола – барлығы 395 медаль жеңіп алды. • Осы уақыт аралығында біздің спорт­шы­лар Қысқы Азия ойындарына да 5 рет қатысып (1995, 1999, 2003, 2007, 2011 жыл­дары) 69 алтын, 51 күміс және 44 қола – барлығы 164 медальға қол жеткізді. • 1991 жылдан бері олимпиялық спорт түрлері бойынша 33 спортшымыз әлем чемпионы атанып, барлығы 116 медаль олжалады. Соңғы, 2010 жылы Сингапурда өткен І жасөспірімдер Олимпиадасында біз­дің жеткіншектер лайықты өнер көрсетіп, 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленіп қайтты. Ұлттық спортымыз өркендеу үстінде ХХ ғасырдың соңғы он жыл­ды­ғында еліміз тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанды. Аз уақыт ара­лығында барлық дерлік сала бо­йын­­ша оң өзгерістер жасалды. Ха­­лық еркін тыныстап, өз елін жа­ңаша құруға кірісті. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дары­ның басында алдыңғы буын ағаларымыз – Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрінің бірінші орын­ба­сары Айып Құсайынов, Спорт ми­нистрінің орынбасары Анатолий Құлназаров, «Қайрат» рес­пуб­­ли­ка­лық спорт қоғамының төр­ағасы Сайлау Тұрыскелдин, Алматы, Жам­был облыстарының әкімі бол­ған Серік Үмбетов және бас­қа­лар ат спорты мен ұлттық ойындарды дамытуды қолға алды. Осының арқасында еліміздің көптеген облыстарында ат спорты жарыстары жиі өткізіле бастады. Әсіресе, аламан бәйге, жорға жа­рыс, қыз қуу, теңге алу, көкпар тарту сияқты ойындар қызықты да мәнді өтетін болды. Тәуелсіздігіміз бен ұлттық спорт түрлері жанашырларының ар­қа­сында 90-шы жылдардың ор­та­сында Ұлттық ат спорты фе­де­рациясы дүниеге келді. Көптеген азаматтардың жан­қиярлық еңбектерінің нәтиже­сін­де 1996 жылдың наурызында Ал­матыда бүкіл Қазақстан атбегі­лері­нің 1-ші құрылтай-кон­фе­рен­циясы өткізілді. Онда тұңғыш рет ұлттық спорттың ережелері, конс­ти­туциясы қабылданды. Сон­­дық­тан, 1996 жылдың 1 наурызы ұлт­­тық ат спорты тарихында ерек­ше күн болып саналады. Ұлт­тық спортқа арналған құл­шы­ныстың арқасында 1999 жыл­дың 7 сәуі­рінде жаңа елордамыз – Астана қаласында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Ұлттық спорт фе­де­ра­ция­сы­ның 1-ші съезі өтті. Онда Қайрат Сатыбалды бірауыз­дан президент, мен 1-ші вице-президент әрі фе­дерациясының бас хатшысы ретінде сайландық. 2-ші съезд 2001 жылдың 15 ақ­панында өткізілді. 2004 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құ­рыл­ды. Қазір қауымдастықтың құ­рамында 22 республикалық федерация және 3 қор бар. Олар: «ҚР Ұлттық ат спорты түр­лері­нің фе­де­рациясы», «Көкбөрі», «Бүр­кіт­­ші­лер», «Қазақ күресі», «Алып­­соқ», «Ер жігіт ойыны- Джигитовка»,, «Жекпе-жек», «Бес қару», Тү­йе жарыс «Желмая», «Тоғыз­құ­малақ», «Жорға жарыс», «Са­йыс-Аударыспақ», «Тазы-Төбет-Ала­бай», «Қыз қуу», «Жұды­рық­тасу», «Асық ату», «Поло- шө­ген», «Хан дойбысы», «Тай жа­рыс», «Алаш» алыспағы, «Номад», «Қара Жорға» федера­ция­лары мен «Ұлы Аламан», «Қы­ран» және «Ұлы Дала ойын­дары» қоры. Сонымен бірге, 14 об­лыс­тық, 163 аудандық, 80 қа­ла­лық, 2 000-нан астам ауылдық филиал­дары­мыз тұрақты жұмыс істейді. Бұл – үлкен күш. Біз осы бөлім­ше­леріміз арқылы кең байтақ еліміздің 5500 ауылына өз ықпа­лымызды жүргізіп отырмыз. Жалпы, елімізде ұлттық спорт түрлерімен шұғылдану­шылар­дың саны 95 087 адам, оның ішін­де ұлттық ат спорты түр­лері­мен – 15 111, (ауылдық жерлерде – 9 605), қазақ күресімен – 36 102, (ауыл­дық жерлерде – 25 460), тоғыз­құ­малақпен – 36 643, (ауылдық жерлерде – 23 009), сонымен қатар, арқан тарту, асық ату, бес тас және «Құсбегі», «Саят» атты аңшылық кұстары спортымен 7231 адам айналысады. Орта есеппен алғанда, ұлттық спорт түрлерін насихаттау бағы­тын­да жыл сайын 100-ден астам халықаралық және республика­лық жарыстар ұйымдастырылды. Мәселен, 2011 жылы қазақ күресінен – 30, тоғызқұмалақтан – 40, көкпар, теңге алу, аударыс­пақ­тан – 19, ал қалған ұлттық спорт түрлерінен 20-ғa жуық спорттық шара өткізілді. Тек биылғы жыл­дың ішінде көрсе­тіл­ген ұлттық спорт түрлері бо­йынша жарыс­тар­ға қатысушы­лар­дың саны 25 000-нан асады. Ұлттық спорт түрлерін да­мы­ту мен насихаттау көп жағ­дайда ха­лықаралық жарыстарда ел на­мы­­сын қорғайтын iзбacap дайын­дау­ға да байланысты. Ал ізбасар тәр­биелеу және дайын­дау­дың нe­гі­зi балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінен бастала­тын­дығы бә­рі­мізге мәлім. Бүгінгі кү­ні еліміздегі 407 спорттық мек­теп­тің 9-ы ұлттық және ұлттық ат спорты мектебі болып отыр, ал жал­пы алғанда, ұлттық ойын­дар спорты 200 спорттық мектепте на­сихатталады, оның ішін­дe, қазақ күpeciн 150 мектеп, ал тоғыз­құ­малақты 100 мектеп, ат спорты түр­леріне көз жіберсек, бұл ба­ғыт­тағы 5 мектеп дамытып отыр (Астана, Ақ­мола, Шығыс Қазақ­стан, Қызыл­орда және Павлодар облыстарында). Өз жұмыстарын қазақ күре­сі­нен ашылған арнайы олимпиада резервінің балалар-жасөс­пірім­дер мектептерінің 9 бөлімі нәти­желі бағытта жүргізуде. Сәдібек ТҮГЕЛ, Ұлттық ат спорты фе­де­ра­циясының президенті, Ұлт­тық спорт түрлері қауым­дастығының бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.   «Астана» мұз сарайы Спорт сарайының  жалпы ау­мағы 13 мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр. Мұз са­райының сәулетті де  ғажайып жар­қыраған  көрінісі қала қонақтарын да «менмұндалап» шақырып тұр­ған­дай. Спорттық ойын-сауық ша­р­алары кезінде мұз сарайы 3 мың­дай адамды қабылдай алады. Ал мұнда күніне саламатты өмір сал­тын қалыптастырғысы келген мың жа­рымнан аса адам жиналып, жат­ты­ғу жұмыстарымен айна­лысады. Әсіресе, «Астана» мұз айды­нының заман талаптарына сай жа­салған жабдықтары мен безендірілген ішкі келбеті спортсүйер қауымды лезде баурап алады. Бұл жерде мәнерлеп сырғанаудан, шай­балы хоккейден түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылады. Мұз сарайына келетіндердің басым бө­лігі жастар мен мектеп оқушы­лары. Сондықтан болар мұнда бас сұққан жастар шексіз алғыстарын білдіріп жатады.  «Астана» мұз са­райындағы спорттық үйірмелерге 400-ге тарта жас жеткіншек қаты­сады. Сонымен қатар, спорт кешенінде шайбалы хоккейден еліміздегі мықты ұжымдардың қатарына жа­та­тын ардагерлер командасы да да­йын­дықтарын пысықтайды. Ал хоккей ойынына әуес кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер, әртүрлі сала­ның мамандары мен еңбеккер­лері түн­гі хоккей лигасын ұйым­дас­ты­ра­д­ы. Екібастұз бен Павлодар қа­ла­ла­рының 7 коман­дасы түнгі лигада бас қосып, ойын өткізеді. Мұз сара­йын­дағы мәнер­леп сырғанау үйір­ме­сін­де еліміздің жас шеберлері жаттығады. «Астана» мұз сарайы өзіне жүк­телген тапсырмаларды тиімді ат­қа­рып келеді. Себебі, қала тұр­ғын­дары арасында бұқаралық спорт­ты насихаттауда және саламатты өмір салтын қалыптастыруда спорт ке­шенінің қосып жатқан үлесі мол. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.   Сымбаты келіскен «Сейхун» Ел-халықтың басым бөлігі жастар екені шындық. Ал олар­­дың көбі студенттер. Сала­матты өмір салтын осы студент-жас­тар­дың арасынан бастаған ләзім. Бұл тұрғыда да атқары­лып жат­қан нақты істер бар­шы­лық. Со­ның бірі  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті студенттері үшін арнайы «Сейхун» спорт­тық-сауықтыру ке­шенін салды. Жалпы көлемі 3294,86 шаршы метрді құрайтын сауықтыру ке­шенінің құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Ал оның құр­ылысына 194 миллион теңге бөлінген. «Сейхун» спорттық-сауық­ты­ру кешенінде спорттың қай түрі­мен болсын айналысуға жағ­дай жасалған. Мини-футбол, баскетбол, волейбол, гандбол, көр­кем және ритмдік гимнастикамен ай­налысатын залдар бар. Онда бір ауысымда 40 адамға дейін жат­тығу жасауға болады. Сондай-ақ тереңдігі 2 метрге жететін жүзу бассейні де салынған. Бассейнде бір мезетте 32 адамға дейін жүзе алады. Студенттерге ыңғайлы болу үшін бассейнде арнайы нұс­қау­шылар жұмыс істейді. Соны­мен қатар, судың құрамын зерттеп, үнемі назарда ұстап отыра­тын сарапшы мамандар да бар. Қорқыт Ата атындағы Қы­зылода мемлекеттік университеті ел спортына елеулі үлес қосып келеді. Аталған оқу орны тәр­биелеген Илья Ильин талай бәсекеде топ жарып жүр. Алдағы Лондон Олимпиадасында да алтын жүлдеден үмітті спорт­шылардың бірі – осы Ильин. «Сейхун» спорттық-сауық­тыру кешені Сыр спортының дамуына зор үлес қосатыны кәміл. Сондықтан оның алдағы уақытта әлем біріншілігі, Олимпиада ойындарында бәсекенің алдын бермей, ел абыройын биіктетер сайыпқырандар тәрбие­леп шығарарына сенейік. Онан бөлек, саламаттылықты серік еткен жастар түлеп ұшады деген үміт бар. Өйткені, сәні мен сымбаты келіскен кешен спортты серік етпесіңе қоймайды десек, артық айтқандық емес. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.   Дерек пен дәйек • 1994 жылы Қазақстан спортшылары алғаш рет кешенді жарысқа қатысты. Ол Жапонияның Нагано қаласында өткен Қысқы Азия ойындары еді. • Осы жылы шаңғышы Владимир Смирнов еліміз спорт­шылары арасынан алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды. Ол Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Қысқы олимпиа ойындарында құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. • Алғаш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанған спортшы – самбошы Ерболат Байбатыров. • 1995 жылы спорттың көптеген түрінен Қазақстан ұлт­тық құрамасы алғаш рет әлем чемпионаттарына қатыса бастады. • 1999 жылы футболдан Қазақстанның жастар құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысты. • 2002 жылы футболдан еліміздің үздік командалары алғаш рет чемпиондар лигасының жарысында өнер көрсетті. • 2006 жылы елімізде алғашқы қазақ күресінен әлем чемпионаты өткізілді. • 2010 жылы алғаш рет төл зияткерлік ойынымыз – тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Оған төрт құрлықтың 16 елінен барлығы 43 ойыншы қатысты. • 2010 жылы зілтемірші Жәнібек Құндыбаев пен Жазира Жапарқұл Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың алғашқы чемпиондары атанды. • 2011 жылы елімізде алғаш рет Қысқы Азия ойындары өтті. • Осы жылы жас шахматшы Жансая Әбдімәлік алғаш рет төрт дүркін әлем чемпионы атанып, әлемдегі ең жас гроссмейстер атағына ие болды. • Биыл тағы бір спортшымыз Илья Ильин зілтеміршілер арасын­да ауыр атлетикадан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанды. • 2011 жылы қазақ баласы Рауан Сариев алғаш рет футболдан шет ел командасымен үш жылдық келісім-шартқа отырды. Қазір ол Бразилияның «Атлетико минейро» клубында ойнап жүр. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Дастан КЕНЖАЛИН.