• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он бірінші күн (6 желтоқсан): МӘДЕНИЕТ

513 рет
көрсетілді

«МӘДЕНИ МҰРА» – ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ

2004 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен жан-жақты қолдауымен толағай табыспен жүзеге асырылған бұл бағдар­ла­маның еліміз үшін, халқымыз үшін бергені орасан зор. Бұл бірегей стратегиялық жоба қолға алынғалы бергі елімізде 30 ғы­лыми-қолданбалы және 40 ар­хеологиялық зерттеу жүр­гі­зіл­ді. Олардың барлығы ғы­лым­ға мыңдаған артық артефакттар табыс етті. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, АҚШ және Батыс Еуропа елдеріне ұйымдастырылған ғылыми-зерт­теу экспедицияларының нәти­же­сінде қазақ халқының тари­хы, этнографиясы мен өнері бойынша 5 мыңнан астам аса құнды мұрағаттық құжаттар та­былды. Тек Қытайдың өзінен үш жарым мыңға жуық Қазақ­станның тарихы мен мәдениеті­нің бұрын зерттелмеген деректері табылды. Олардың арасын­да қазақ хандары мен сұлтан­дарының Қытай, Қоқан, Хиуа және басқа іргелес жерлердің билеушілерімен жазысқан хат­тары бар. Арменияға экспедиция жасау барысында, атап айтқанда, М.Маштоц–Матенадаран атын­дағы ғылыми-зерттеу инсти­тутында, Ұлттық мұрағат және Хыпчахаванкт монастырінің мұ­­рағатында (Қып­шақ монас­тырі, Ха­рич қаласы) XIV-XV ғасырлардағы қып­шақ қол­жаз­балары табылды. Моңғолияға жа­­салған ар­хео­ло­гия­лық экспеди­ция ежелгі түркі­лер­дің жаңа қо­рымдарын табуға мүмкіндік берді. Моңғолия ау­ма­ғы­нан табылған біз­дің дәуіріміздің VIII ғасырындағы тасқа қашалған кө­­не түркілік руна жазуларының кө­шір­мелерін дайы­н­дау экспедиция жұ­мысының іс жү­зіндегі нәтижесі бол­ды. Қазіргі уа­қытта Тоныкөк пен Теркіннің руна жа­зу­лары бар ескерт­кіштердің көшір­ме­лері Л.Гу­милев атындағы Еу­разия ұлттық универ­си­те­тінің ғи­маратына орналастырылған. Еуропа мем­ле­кеттерінің кітап­ха­налары мен дип­­ло­матиялық мұра­ғаттарынан жүзде­ген жазба ес­керткіштері анық­­тал­ды. Атап айтқанда, Британия кітап­хана­сына, Париж, Мад­рид, Севилья, Флоренция мен Берлин Ұлттық кітапхана­лары­на, Франция­ның Сыртқы істер ми­нистр­лі­гінің дипломатия­лық мұра­ғаты мен Ватикан­ның құ­пия мұрағат­тары­на ұйым­­дас­тыр­ған ғылы­ми-зерт­теу экспе­ди­цияларының нәтижесінде елі­­міздің ғылыми ортасына бей­мә­лім 77 қолжаз­баның кө­шір­ме­сі мен 200-ге жуық ба­сы­лым та­былды. Олар­дың ара­сында Папа Урбан IV-тің Құлағу ханға жазған хат­тары, Ватикан папа­лары мен Алтын Орда хандары­ның өзара хат алмасуларының көшірме­лері, «Ас-сахат-Тау­рих» (Жал­пы та­рих, 1440 ж) қолжазбасы бар. Оның 12-ші тарауы түркі, моң­ғол, Темір ұр­пақтарының шежіресі жа­зыл­ған әлемдегі жал­ғыз қолжазба болып табы­лады. Сон­дай-ақ, «Қорқыт деде китабы» (1585 ж.) қол­жаз­басы­ның бірегей кө­шір­месі алынды. Жан-жақты зерт­теу­ші­лер үшін Омельян Прит­­сак­тың «Қарлық­тар­дан караханидтерге дейін» атты ең­бе­гі­нің мәтіндері көші­ріп алынды. Бағдарлама аясында тарих пен мәдениеттің 73 ескерткіші қалпына келтірілді. Екі ескерткіш – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Там­ғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енді. Дамаскідегі Әз-Захир Бей­ба­рыс сұлтан кесенесіне қайта қал­пына келтіру жұмыстары жүр­гізілді. Қалпына келтіру жұ­мыстары барысында ке­шен­­нің барлық қабырға­лары мен архи­тектуралық форма­лары ны­ғай­тыл­ды, итальян ма­ман­дарын тар­та отырып, мозаика мен өр­нектік көркем­дігі толықтай бас­тап­қы сипа­тын тапты, 200 мың­нан астам раритет кітаптар жи­нақталған мұрағат қазіргі за­ман­ғы соңғы үлгідегі құрал­дар­мен жабдық­талды. Сондай-ақ, Қазақстан тарабы Каирдегі Бей­барыс сұлтан мешітін қал­пы­на келтіру жұмыстарына қа­тысты өз міндеттемесін толы­ғымен оры­н­дады. Дамаскідегі Әл-Фараби кесенесі мен та­рихи-мәдени орталықтың құ­ры­лы­сы жұ­мыс­тарының ба­сым бө­лігі жү­зеге асырылды. Тарихи-мәдени мұра нысан­дары туралы сөз еткенде, Тәуел­сіздіктің 20 жылында ал­ғаш рет еліміздегі ескерткіштерді толық­қан­ды түгендеуге қатысты ау­қым­ды жұмыстар жүргізілді. Нә­тижесінде, тарих және мәдениет ескерткіш­тері­нің Мемлекеттік тізімі бекітілді, оған 218 респуб­ли­калық, 11 277 жергілікті маңыз­дағы ескерткіштер енгізілді. Осы жылдарда мәдени мұ­ра­ларымыздың инфрақұры­лы­мы кеңейіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде екі мемлекеттік мұ­ражай – Алматы облысындағы «Есік» және Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы «Берел» қорық­тары құ­рылды. Астанада Ұлт­тық мұ­ражай құрылысы бас­талды. Бағдарламаны іске асыру ке­зеңінде Қазақстанның тари­хы­­на, археологиясы мен мә­де­ние­ті­не қатысты 1,5 миллионнан астам тиражбен 600 ата­лым­ды кітап жарық көрді. Бұ­лар­дың арасында «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиетінің кі­тап­­ха­на­сы», «Қазақ әдебиеті­нің та­ри­хы», «Қазақ халқы­ның көне замандардан қазіргі күнге дейінгі философиялық мұра­ла­ры» деп аталатын сериялар бар. Ал «Қа­зақфильм» «Мәдени мұ­раны» іске асыру жылдарында қал­пы­на келтірілген тарихи және мә­де­ни ескерткіштер ту­ра­лы 20-дан ас­там фильм жасады. Қазақтың дәстүрлі музы­ка­сы мен мәдениеті үлгілерін жү­йелеуге және оларды халық пен болашақ игілігіне айнал­дыруға қатысты ауқымды жұ­мыс жүр­гізілуде. Ұлттық мә­де­­ниет үшін маңызы өте үлкен және қоғам­да кең пікір туды­рып, ұлт тари­хын­да тұңғыш рет жүзеге асы­рылған бірегей жобалар – «Қа­зақ­тың дәстүрлі 1000 күйі» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» болды. Осы форматта батыр­лық жыры ту­ра­лы жинақ шы­ғару да қолға алынды, ол жыл соңына дейін жарық көретін болады. Қорыта айтқанда, мәдени мұраны игеру халықтың тарихи жадын жаңғыртудың негізі бо­лып табыла­ды. Онсыз шынайы патриотизмнің болуы мүмкін емес. «Мәдени мұра» ұлттың рухани жағынан дамуына жаңа қуатты серпін береді.

ЖЫЛДЫҢ  ЖАРҚЫН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Жыл сайын еліміздің театр алаңдарында әртүрлі жанрлар мен бағыттардағы мыңнан астам спектакльдер қойылады. Кейінгі кездері қазақстандық театрлар репертуарларынан отандық балет берік орын алды. Егер ел тәуелсіздігіне дейін әлемдік опера классикасы негізінен орыс тілінде орын­дал­са, қазір олар түпнұсқа тілінде қойылуда. Өткен мау­сымдағы қойылымдар арасында 39 жаңа премьера болды. Олардың арасында отандық және шетелдік хореографтардың, балетмейстерлердің, ре­жис­серлердің классикалық туындыларының қойы­лымдары, «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының же­ңім­паздарының шығармалары – қазір Канаданың Ванкувер қаласында тұратын Әділ Бестібаевтың «Бәйтерек» балеті,  қазақстандық қаламгер Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» драмасы және АҚШ-тың Бостон қаласында тұратын Алмас Серке­баев­тың отандық тұңғыш мюзиклі – «Астана» бар. Ком­пози­тордың музыкадағы әртүрлі бағыттар мен тәсіл­дер­дің сәтті үйлесімін тауып жасаған мюзиклін тал­антты ақын Есенғали Раушанов қазақ тілінде сөйлетті. Соңғы жылдарғы кең ауқымды классикалық жо­балардың қатарында К.Байсейітова атындағы Ұлт­тық опера және балет театрында қойылған Л.Мин­кустың «Баядерка», А.Адан­ның «Корсар» және «Жизель», Х.Левенсхольдтің «Силь­фида», Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера жә­не балет театры Чайковский, Шнитке және Бизенің музыкасына жазылған «Қы­зыл Жизель», С.Прокофьев­тің «Ромео мен Джульетта» балеттері қойылымдарын атап өтуге болады. Бұл қо­йылымдар аса көрнекті балетмейстерлер Юрий Григоревич пен Борис Эйфман­ның басшылығымен жүзеге асты. Өткен маусым айында ТМД елдерінде Ресейден кейін бізде Б.Эйфманның Чай­ковс­кийдің музыкасына жа­зыл­ған «Анна Каренина» балеті қойылды. Опе­ра­лық қойы­лым­дар арасынан К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында қойылған Дж.Пуч­чинидің «Богемасы» мен «Мадам Баттерфляйын», Дж.Вер­дидің «Риголеттосы» мен «Аидасын», Абай атын­дағы опера және балет театры дайындаған Р.Ваг­нердің «Тангейзерін», Г.Доницеттидің «Махаббат сусынын» атап өтуге болады. Бірқатар қойы­лым­дар әлем операсының жұлдыздары Хосе Кура мен Барбара Фриттолидің, балет шеберлері, Париж­дің «GRAND OPERA» театрының этуальдары Мелани Юрэль мен Карл Пакеттің қатысуымен көрермен назарына ұсынылды. Біз әлемдік дең­гей­дегі жұл­дыз­дардың біздің театрлармен қуана жұ­мыс жаса­са­тынын, олардың біздің орын­дау­шы­ларымызға жо­ғары баға беретінін байқатады. Қазақстандық әртістердің сахналық шеберліктері арта түсуіне олардың әлемнің үздік театр шеберханаларында оқулары да оң ықпал етуде. Мемлекеттің қолдауы арқылы біздің жетекші опера және балет солистері Ла Скала театры акаде­мия­сында, Вена операсында, Мария театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньядағы Итальян опера мектебінде стажировкадан өтіп жүр. Бұлардан бөлек, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар өздерінің шеберліктерін халық­ара­лық фестивальдер алаңдарында шың­дап отырады. Қазақ­станда жыл сайын «Опералия», «Ұлы дала сазы», Ор­талық Азияның театр фестивалі, өнер фес­тивалі се­кілді 5-6 ірі мәдени шара ұйым­дас­тырылып тұ­рады. Ал сахна өнері туралы айтқанда, министр­ліктің елімізге үздік шетелдік ұжым­дар­дың гастрольдерін ұйымдас­ты­рып, өткізіп келеді. Айталық, министрлік биыл­ғы жылы Мария театры­ның әлемге танымал режиссері В.Гергиевтің жетекшілік етуіндегі симфониялық оркестрінің Астана мен Алматы қалаларына гастролін қамта­ма­сыз етті.  Әйгілі Армен Джигарханян жетекшілік ететін театр­дың Алматы қаласына өнер сапары да жыл­дың айтулы оқиғасы болды. Министрлік дәл осындай гастрольдік сапарларды өз өнер ұжым­дары үшін де жасады. Осы арқылы отандық мәдениет бөгде елдерде тұсаукесер өткізді. Соңғы төрт жылда Мәдениет күндерінің ауқымындағы шаралар ТМД-ның көптеген елдерін, Еуропа мен Азияның, Таяу Шығыстың жетекші мемлекеттерін қамтыды. Өткен жыл Кореяның Қазақ­стан­дағы жылы аясында өтсе, биылғы мамыр айында Қазақстанның Үндістан мен Франциядағы мәдениет күндері табыспен өткізілді.  

ҒАСЫРЛАР ҚАЗЫНАСЫ

Қазақ халқының рухани жәді­гер­ліктерінің ішінде ғасырлар сүз­гісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасы – дәстүрлі ән үл­гілері (ғұрыптық әндер, ха­лық ән­дері, кәсіби халық компози­тор­ларының әндері) Елбасы Н.На­зар­баевтың бастама көтеруімен жа­сал­ған «Мәдени мұра» ұлттық жо­ба­сы аясындағы «Қазақтың дәс­түр­­лі 1000 әні» бірегей анто­ло­гия­сында тұтастай қамтылғаны анық. Антологияға қазақтың барлық (Арқа, Батыс Қазақстан, Маңғыс­тау, Жетісу, Сыр, Шығыс) өңір­лерін­де айтылатын, сондай-ақ ше­телдегі қазақтар (Қытай, Моң­ғолия, Ресей, Өзбекстан) арасын­да сақталған халық әндері мен халық әнші-композиторларының туындылары енген. Ақселеу Сейдімбек марқұм­ның зерттеуінше, қазақта 5 мың­нан астам күй бар. Соның ішінен сұрыпталып, сүргіленіп алынған 1000 жауһар күй жарыққа шығып отыр. Қалған 4 мың күй есепке алынбағанның өзінде, 1000 күйі бар қазақтан басқа халық жер бетінде бар ма екен?! Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің басшылық етуі­­мен «Қазақтың музыкалық анто­ло­гиясы «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі мен 1000 әні» жобасы жүзеге асырылған бола­тын. Осы жоба аясында «Қазақ­тың дәстүрлі 1000 күйі» атты жаңа антология жа­рыққа шықты. Бұл – Алаш жұртының ортақ қуанышы. Ең ескі күй – күй атасы Кетбұғының «Ақсақ құланы» десек, сол «Ақсақ құланның» біріне-бірі ұқсамайтын үш нұс­қасы бар екенін Маң­ғыс­тауда көне нұсқасы, Арқада және Батыс өлкеде антология арқылы егжей-тегжейлі білудеміз. Бұ­дан қазақ­тың қара дом­бырасы мен қоңыр қобы­зы­ның, сырлы сыбызғысы­ның үні есте жоқ ежелгі заманнан бастау алаты­нын көреміз. Күй табиғатын түсініп-түй­сі­ну адамға ерекше құдірет ар­қы­лы даритыны белгілі. Қазақты қашаннан қазақ етіп келе жатқан қасиетті қос ішекті домбыра десек, аспандағы аққуды айды­нын­да тербеткен, боз інгенді желдіртіп, боз жорғаны құйқылжытқан, екі көзден мөлдірете жас төк­кі­зіп, саңыраудың санасына самала сәуле құйғызған күй құдіретімен бара-бар дүниеде басқа байлық жоқтай. Күйқұмар қазақы бол­мысқа қоңыр домбыраның үні­нен асқан әлемде саз болуы әсте мүмкін де емес.  

ЕЛДІҢ РУХАНИ  ДАМУЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ  МЕРЕЙІ

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Президенттік мәдениет орталығының директоры. Кез келген мемлекеттің ұлттық келбеті, рухани деңгейі, келешегі Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің жұмысына тікелей қатысты. Ұлттың тағдырын шешіп, келешегін айқындайтын осы екі министрліктің қызметін адам бойына нәр беретін екі күретамырмен салыстырар едім. Бұл екі министрліктің басында әманда ел мойын­даған, қадірі асқан, пайым-парасаты терең, ұлттық мүддені терең сезінетін қайраткерлер отыруы керек. Қазіргі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед дарынды, білімді, ұлтын сүйетін, халқына жан-тәнімен қызмет етіп жүрген, сөйлесе ағылып сөйлейтін, жазса төгіліп жазатын азамат, руханияттың білгірі. Мәдениет министрлігі бүгінде көптеген игілікті шаруаларды жүзеге асырып келеді. Әлемде теңдесі жоқ «Мәдени мұра» бағдарламасының табысты жүзеге асуы, «Қа­зақ­тың дәстүрлі 1000 әні», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» шын мәнінде ұлтымыздың ме­рейі деп білемін. Таяуда және бір асыл мұрамыз – қазақ эпостары жарыққа шықпақшы. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің барлық облыстарының Астана жұртшылығының алдында есеп беру концерттерінің жоғары деңгейде өткізілуіне де Мәдениет министрлігі айтарлықтай мұрындық бола білді. Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтау ісінде атқарылып жатқан шаралар ойдағыдай. Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауымен Президенттік мәдениет орталығында Абай Құнанбаев, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Міржақып Дулатов, Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс Айтматов, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев секілді ұлыларымызды еске алу кештері өткізілді. Орталықта Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлттық дәстүрлер театрын» құру жөнін­дегі 2000 жылы берген тапсырмасы да министрліктің қолдауымен 2007 жылы жүзе­ге асты. Театр сахнасына бүгінде «Ұлбике», «Алпамыс», «Абылай аманаты», «Бәй­те­рек» секілді жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан спектакльдер қойылып келеді. «Бәйтерек» спектаклінің тұсаукесеріне Елбасы Н.Назарбаев қатысты. Аз ғана уақыттың ішінде Президенттік мәдениет орталығы Елбасы арман­дағандай, көпшіліктің үдесінен шығып, Астанамыздың, Отанымыздың шын мә­нін­дегі рухани ордасына, ресми іссапармен келген шет ел басшылары тама­ша­лайтын бірден-бір мәдени орталыққа айналды.

ӘЛЕМ  СҮЙІП  ТЫҢДАЙДЫ

Ермек СЕРКЕБАЕВ, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Музыка қайраткерлері одағы кәсіби му­зыканттардың басын біріктіретін бірден-бір қо­ғам­дық ұйым болып табылады. Құрылғанына 23 жыл толған одақ халықаралық, республикалық көп­теген байқаулар мен фестивальдерді, шеберлік-сы­нып­тарын, жастар мен балаларға арналған мәдени шараларды өткізуге ұйытқы болып келеді. Одақтың басты мақсаты – классикалық өнерді насихаттау, жас таланттарды қолдау, сонымен қатар мәдениет пен өнерге еңбек сіңірген майталман әріптестерді назар­дан тыс қалдырмау. Басқа да толып жатқан мәдениет ұжымдары секілді ұйым әр қилы ке­зең­ді бастан кешті. Жұмысымыз біраз қожырап барып, кейін еңсе тіктеген кезі де болды. Бүгінде министрлік тарапынан көрсетілген қамқорлықтың ар­қа­сын­да одақ Павлодар қаласында екі рет хор фестивалін ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса адамдар қатысты. Фестиваль ая­­сында жас хормейстерлердің байқауы мен А.Молодов, Б.Жаманбаев, В.Пилипенко сынды белгілі профессорлардың шеберлік-сыныптарын өткіз­ге­ні­міз бір ғанибет десем, талантты жас орындаушыларды демеу мақсатында өткізілген бірталай концерттер сериясы да жұрт көңілінде қалғаны анық. Менің биылғы 85 жылдық мерейтойыма байланысты ресейлік солистердің қатысуымен халықаралық фестиваль, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында концерт өтті. Мені өзімнен кейін өсіп келе жатқан жастардың аяқ алысы, тамаша дауыстары таңқалдырды. Театр репертуары соңғы жылдары «Қызыл Жизель», «Анна Каренина», «Тангейзер» сынды ғаламат туынды­лар­мен байығаны көңіл қуантады. Адам ретінде көңіл-күйіңді, жағдайыңды сұ­рап тұру дегеннің өзі де кейде өнер адамдары үшін зор көмек болатыны әріп­тес­теріме аян. Енді жақын арада елордада керемет опера театры ашылмақ. Ол да болса еліміздің гүлденіп, өнерге көңіл бөлуінің бірден-бір көрінісі деп білемін. Тәуелсіздік тойында осындай театрлар іске қосылып жатса, елдің ерен байлығы деген осымен өлшенбей ме? Өз басым қайда жүрсем де, қандай сахнада өнер көрсетіп тұрсам да, туған халқымның ғажайып өнеріне, үн сұлу­лы­ғына, әншілігіне сүйсінуден әсте таңған емеспін. Біз әлі-ақ мәдениетімізбен, өнерімізбен дүниедегі ең танымал елге айналамыз деп сенемін. Өнер адамына осыған куә болудан асқан арман бола қоймас, сірә.  

АРНАУЛЫ ПОРТАЛ АШЫЛДЫ

Мәдениет министрлігі «Тәуел­сіздіктің жиырма шыңы» атты 20 жұлдызды күннің шеңберіндегі Мәде­ниет күніне орай «Мәдени мұра – культурное наследие» (www.madenimura.kz) ақпараттық порталының жаңа нұс­қасын іске қосты. Портал Қазақстандағы мәдени мұра туралы жалпы көлемі 70 Гигабайт мөл­шерін­дегі кең ауқымды ақпаратты тарата­ды. Порталда бір миллион  файл; екі мын фотография мен сурет; 360 кітап; 50 бейнематериал орналасқан. Ерекше орны бар археологиялық, тарихи және мәдениет ескерткіштері, ар­хео­логиялық қазба жұмыстары туралы қызық­ты мәліметтер іздеуге қолайлы форматта –  ескерткіштер орналасқан ел­ді-ме­кен­дердің географиялық картасы көрсе­тіліп жасалған.  

ТӨЛ  ТУЫНДЫ – ТӨРІМІЗДЕ

Төлеубек ӘЛПИЕВ, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры. Елбасының арнайы Жар­лығымен дүниеге келген Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзі­нің есігін осыдан он бір жыл бұрын ашқан болатын. 90 пайызы жас өнер­паздардан тұратын шығармашылық ұжым осы аралықта опера және балет жанрындағы классикалық репертуарды толық меңгерді деп айтуға болады. Оның сахнасынан төл туын­ды­лардан Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» (либреттосы Ғабит Мүсіреповтікі), Ахмет Жұ­банов пен Латиф Хамидидің «Абайы» (либ­рет­тосы Мұхтар Әуезовтікі), Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасы» (либреттосы Қажым Жұмалиевтікі), Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлуы» (либреттосы Бәкір Тәжібаевтікі) көрініс тапты. Бұған қоса, отандық композиторлар Ренат Салауатовтың «Ақшақар Астанада», Серік Ер­кім­бековтің «Мәңгілік алау», Алмас Сер­ке­баев­тың «Астана», Әділ Бестібаевтың «Бәй­те­рек» туындылары көрерменмен қауышып, жалпы оның әрқайсысы ұлттық өнердің өсуіне бір адым ілгері жасалған қадам бола білді десек, ар­тық айтқандық емес. Соңғы үшеуінің тұсау­ке­сері былтыр өтіп, еліміздің мәдени саласын­дағы үлкен шығармашылық табысқа айналды. Қойы­лымның көрермен қошеметіне бөленген сәті әлі жадымызда тұр. Бүгінгі күні театр репертуарында 70-ке тарта музыкалық-сахналық қойылымдардың ең үздік үлгілері бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Жас та болса бас шаңыраққа айналған ұлттық театрдың соңғы екі жылда өткен Кореядағы, Үндістандағы, Франциядағы, Қытай Халық Рес­пуб­ликасындағы Қазақстан күндері, Италияға, Түркияға, Башқұртстанға, Алматы қаласына гастрольдік сапарлары бұл ұжымға зор табыс әкелгенін де айта кетсек, осы уақыт аралығында театрдың 14 жас өнерпазы (балет пен опера ән­ші­лері, хор ұжымы) халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, мемлекетіміздің абырой-беделін дүниежүзілік деңгейге көтерді. Театрдың алыс-жақын елдерге гастрольдік сапарларына, талантты жастарды (шеберлігі мен кәсіби білімін өсіру мақсатында) шет мемлекеттерге оқуға жіберуге, сырттан білікті маман­дар­ды (режиссерлерді, дирижерлерді, суретшілерді, хореографтарды) шақыруға Мә­де­ниет министрлігі тарапынан толық және жет­кілікті қаржы бөлініп келеді. Бүгінде біз­дің театр еліміздегі маңдайалды ұжымдардың біріне айналып отыр. Елордалық деген мәр­те­беге лайық болу үшін әрине, әлі де алда ат­қарылатын міндеттер аз емес екенін білеміз. Сондықтан да бар жігер-күшімізді осы биікті еңсеруге жұмсамақпыз.  

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ МҰРАҒАТЫ

Ғазиза ТҰРМАҒАНБЕТҚЫЗЫ, Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бас сарапшысы. Тәуелсіздік жылдары Түркия, Египет, Қытай, Ресей (Татарстан мен Башқұртстанды қоса), Армения, Өзбекстан, Венгрия, Германия, Польша Франция, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің мұрағат­тары мен ғылыми мекемелерінен, кітапха­на­лары­нан Қа­зақ­стан тарихына қатысты 209974 кадр микрофильм, 17568 парақ ксерокөшірме, 113 түрлі-түсті слайд, 52 киноқұжат, жүздеген сирек кездесетін ғы­лыми басылымдар мен ғылыми еңбектер алынды. Енді сол шетел мұрағаттары мен ғылыми мекемелерінен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қорына түскен қомақты мұраның біреуіне егжей-тегжейлі тоқталып өткіміз келеді. Бүкіл араб елдеріне, жалпы әлем елдеріне аты мәлім Насролла Мүбашшир ат-Тарази мұрағаты Орталық мемлекеттік мұрағат қорына қосылды. Насролла Мүбашшир ат-Тарази – Мысыр ұлт­тық кітапхана қоры мен архивіндегі шағатай, пар­сы, тарихи осман тілдеріндегі 23 мың қолжазбалар мен шығыс басылымдарының көрсеткішін жасаған библиограф, ориенталист, тегі қазақ, Мысырдың атақты ғалымы, профессор. Мысырдың Каир, Айн Шамс, әл-Азхар университеттерінде шығыс тілдері мен әдебиетінен, қол­жазба, мұрағаттарды оқудың қыр-сырымен та­ныс­тыратын пәндерден сабақ берген профессор Нас­ролла ат-Таразидың жеке кітапханасының, мұра­ғаттарының бір бөлігі қазір Каир университетінің ориенталистика орталығында сақталған. Тағы бір бөлігін 2004 жылы баласы Мүбәрак Қазақстан Республикасының Египет Араб Республика­сын­дағы елшілігінің және «Мәдени мұра» бағ­дар­ламасы бойынша Мысыр мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізген мамандардың өтінішімен Қазақстанның Ұлттық мұрағат қорына тарту еткен болатын. Енді бір бөлігін үстіміздегі жылы Бай­ланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұ­рағат комитетінің Орталық мемлекеттік мұрағатына өткізді. Жеті тілді меңгерген /пушту, француз, парсы, араб, түрік, қазақ, өзбек/ ғұлама ғалым Насрулла Мүбашшир ат-Тарази ислам тарихы, оның Орта Азия мен Қазақстан жеріне тарауы, шығыс тілдері мен әдебиеті, ескі тарихи қолжазба-құжаттарды оқу­дың қыр-сыры мен аударма өнері туралы ең­бектердің авторы. Тұран елі, Түркістанның тарихы туралы, оның өткені мен бүгініне тоқталған ой-толғамдары бар. Насролла Мүбашширдің жеке мұ­ра­ғатында қазақ халқының мәдени-рухани мұра­сында алар орны, тарихи маңызы құнды құжаттар мен қолжазбалар сақталған. Әсіресе, әдеби, мәдени, тарихи, рухани салалардағы ғылыми-зерттеулерге негіз боларлық құнды материалдар көптеп кездеседі. Мысалы, тіл, әдебиет, тарих және библиография салаларындағы түркілік дереккөздер жөнінде, түркі халықтары мәдениеті мен өркениетінің әлем өр­кениетіндегі іздері туралы, тарихи Түркістан тура­лы зерттеулері, баяндамалары – бүкіл Орта Азия халықтарына ортақ мұра. Сондай-ақ 20-30 жылдар­дағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағ­дай жөнін­дегі естелік-дыбыс жазбалар, белгілі шығыс­тану­шылармен, түркітанушылармен, дін­тану­шылармен, Мысырдағы Түркістан ұйымының мүшелерімен түскен, т.б. фотосуреттер де қайта­ланбайтын­дығы­мен ерекшеленеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерей­тойына арналған іс-шараларға қатысу үшін және әкесі Насролла ат-Тарази мен атасы Мубашшир ат-Таразидің құжаттарының сақталу жай-күйін өз көзімен көру мақсатында Сейд Мүбәрак ат-Тарази Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұра­ғатта, Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлт­тық мұрағатында болып, әкесі мен атасының аманатын орындағанына, құжаттарын туған жеріне жеткізіп, ел игілігіне пайдалануға бергеніне өте қуанышты. Ол құжаттар арасында нағашы атасы Бұхараның соңғы әмірі Сейд Мир-Алимханның қолжазбасы, фотосуреттері бар екенін айтып өтті. _______________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».