• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік – ең қымбат байлық

5236 рет
көрсетілді

Біздің қатарымыз орта буыннан өтіп, аға буынға аяқ басқандар екі ғасырдың куәсі болдық, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кеңестік қамсыз, бейбіт қоғамның екінші жар­тысында армансыз өмір сүрдік. Біздің бақытымыз – туған халқы­мыздың бодандықтан бостандыққа қалай өткенін көзімізбен көрдік, көп нәрсеге сенер-сенбесімізді білмей жүрген кезіміз де болды. Студенттік кезімізде (1980 жылдары) Қазақ­стан­ның Ресейге «өз еркімен» қо­сыл­ғанының 250 жылдығы тойлан­ды, сол жылдары барымызды, бай­лы­ғымызды, ең бастысы тағды­ры­мыз­ды да Ресейсіз елестете алмай­тын күйге жеткен едік. Бәрінен де зоры Ресейден бөлініп, тәуелсіз­дік­ке жетуді ойламайтынбыз, ал ең сорақысы 1917 жылғы төңкерістен кейін біз «тәуелсіздікке» жеттік деп өзімізді-өзіміз алдайтынбыз. Хош, Тәуелсіздік алғалы да 20 жыл өтті, бұл ата тарих үшін қас қағым сәт. Ендігі арман не? Үш жүз жылға жуық қанын төгіп, жанын пида етіп, азап пен қасіреттен құ­ты­лу үшін күрескен бабаларымыз жете алмаған бостандыққа біз жеттік. Биылғы 2011 жыл Елбасы Жарлы­ғы­мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Бұл мерейтойдың басты ұраны Ұлт Көшбасшысы атап көрсеткендей: «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы». Тәуелсіздік атты қасиетті той­дың 20 жылдығы қарсаңында қалың оқырман қауыммен аз-кем ой бө­ліскенді жөн санадық. Тәуелсіздік, бостандық жайында жадыда жүрген кейбір жағдаяттарды ортаға са­лудың реті енді келгендей. Қазақ халқы 1990 жылдың 25 қазанында Егемендік туралы Декларация қабылдады, одан әрі 1991 жылы 16 желтоқсан күні Тәуел­сіз­ді­гін жариялап, заң жүзінде шынайы бостандыққа жеттік. Жетпіс жыл бойы үстемдік еткен кеңестік қо­ғам­ның күйреу кезеңіне тап болған біздің ел көптеген қиыншылықтарға тап болды. Бір қуанарлығы баба­ла­рымыз айтқандай: «күннің жаманы кетті»… «Мен ауызбіршіліктен ай­ны­майтын ақжүрек жұртымның қуат­ты ұлтқа, шуақты ұлысқа айна­ларына кәміл сенемін» (Президент­тің Қазақстан халқына Жолдауы­нан) дейтін Елбасы аманатының жүзеге асып жатқанына баршамыз куәміз. Қазақ халқының алдында мәңгілік мұраттар мен ұлы міндеттер бар, соның бірі, ең бастысы – бостандықты баянды ету, сақтап қалу, одан әрі нығайту. Тәуелсіздікті жаңадан алып жат­қан жылдары, яғни тоқсаныншы жыл­дардың бас кезінде естіген бір аңыз әңгіме әлі есімнен кетпейді, қысқаша мазмұны мынадай: Орман ішінде қорек іздеп келе жатқан аш қасқыр ойда жоқта жал жүні күді­рейген, семіздіктен найқалып жүре алмай қал­ған бір итке кездеседі. Бір-біріне тұқымдас жануарлар бол­ға­ндықтан тез тіл табысып, аш қас­қыр иттің мұн­дай тоқтығына сүй­сі­ніп, семіз­дік­тің сырын сұрайды. Ит өз кезегінде мақтанып, «менімен бір­­ге жүр», «же­генің алдыңда, же­ме­генің артыңда, яғни аштықтан құтыласың» деп жұбатады. Аштық­тан көзі қарауытып жүрген қасқыр бірден келісіп, ере жөнеледі. Жолай келе жатып иттің мойнындағы қар­ғыбауды көзі шалып қалады да, қарғыбаудың қандай қа­жет­тілігі бар екенін сұрайды. Сонда әлгі тоқ ит керек кезінде өз иесінің қар­ғыбауға шынжыр тағып қазыққа байлап қоятынын ескертеді. Мұны ес­тіген әлгі қасқыр «аш жүрсем де, бос­тан­дығым қымбат» деп кілт бұ­ры­лып, өз жөнімен кете берген екен. Ұзақ­тау болса да тәптіштеп баяндап жат­қан бұл мысалды келтіріп жатқан себебіміз, әлі күнге дейін кешегі күнді аңсап, «анау арзан» еді, «мы­нау бар» еді, «айлығымыз жақсы» еді, бәріне жететін, кезекте тұрып сүт-май алушы едік іспетті әңгімені айтушылар жоқ емес, қысқасы Кеңес Одағынан бөлінбеу керек еді, осы Тәуелсіздік бізге не береді дегенге дейін саяды. Осындай әңгі­ме­ні естігенде жоғарыдағы мысал ойы­ма еріксіз түседі. Бізге керегі тек тоқшылық па? Ең қымбат бай­лық бостандық емес пе, сол бос­тандықты бағалауға келгенде неге енжарлық танытамыз, қастерлі бос­тандықты қарын тоқты­ғымен өл­шеу­ге бола ма? Ендігі ретте ең басты байлы­ғы­мыз бостандық, тәуелсіздіктің қым­бат қасиеті жайында ой өрбітсек. Ең алдымен, қол жеткен жетістік бос­тандық жайында бірер сөз. Тәуел­сіздікке қол жеткен халықтың бос­тандығын айғақтайтын қасиетті Ата Заңымыз бар. Одан әрі мемлекет екенімізді әлемге танытатын ел­таң­ба, ту, әнұран бар. Қаншама ғасыр­лар бойы білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерімізді, шек­ара­мызды түгелге жуық белгіледік, бұл да ең қымбат бостандықтың басты сипаты. Экономикалық өрлеу үстіндеміз, құрсақ тойып, киім бү­тінделіп, мәшине мініп, жекеменшік иесі, жер иесі болып шыққан халық бостандықтың тәтті жемісін көруде. Білім-ғылымда да бостандық исі аңқып тұр, күні кеше ғана (1990 жылдары) екі ғана университет болса, енді екі институт табу қиын, білімді толығымен университет, академия дәрежесіне жеткіздік, бостан­дық емей немене, Мәскеуді менсінбей теңіздің ар жағында бала оқы­тып жатырмыз. Білім туралы айт­қанда тілді де ұмытпайық, «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», бұл да есіктегі тілімізді төрге шығарудағы игілікті қадам, тіл бостандығына қамқор болатын Ата Заңның бір бабы бар. Бостандықтың ең үлкен жетістігі – енді өз байлығымызға өзіміз ие бол­дық, кеңес кезіндегі алып зауыттар, комбинаттар, мұнай, газ, мыс, ал­тын қорларына өз қолымыз жетті, Мәскеудің нұсқауымен, шешімімен миллиардтаған пұт астығымызға дейін батыстағы батыр қалаларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін кетіп жататын, соңғы жетпіс жылда Қазақстаннан тасылып кеткен бай­лық­ты айтып тауыса алмайсың, қал­ғанына береке берсін, қайта дер кезінде бостандыққа жетіп үлгердік пе деп ойлаймын, әйтпесе жаулап алу­шылар жердің үстіндегіні тауы­сып, астындағыға ауыз салып жатыр еді. Ең соңғы тәуелсіздіктің бір жемісі – ол ел билеу жүйесі, патша­лық ке­зеңде «болдым-толдым» деген ба­ба­ларымыздың қолы болыс­тыққа жет­кен екен, алғашындағы аға сұл­тандықтың өмірі тым қысқа болды. Кеңестік кезеңдегі 70 жылда елі бай, жері бай Қазақстанды грузин, еврей, орыс, армян, украин, ұйғыр т.б. бау­ырлар армансыз биледі, қазақтан шық­қан Мырзағалиев, Шаяхметов, Қо­наев сынды санаулы ғана тұлға­лар болды, көбірек ел билеу ісінде болғаны Д.А.Қонаев, ол кісінің өзін де он сегіз минөттік пленуммен тақ­тан тайдырды. Мәс­кеу не деген тас­бауыр, қатал едің, Колбинді әкеп қон­житқаныңа не жорық? Еске түс­кенде «қайнайды қаның, ашиды жа­н­ың». Бұл күндері бостандыққа шын мәнінде жеттік, бүкіл халық болып сыйлаған Елба­сы­мыз, Парламентіміз бар, Үкімет, Сенат, әкім – бәрі де өз билігімізде, өз билеушілеріміз, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Билік – халықтың қамын ойлап, халық билік басын­дағыларға қолдау көрсетіп тәу­елсіз, азат ел екенімізді дәлелдеп келеміз. Баяғы партия келмеске кетті, онға жуық партия бар, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» екенін көріп те, естіп те жүрміз, бо­дандықтан бостандыққа жеткен елі­міздің қандай партия мүшесі бол­ғы­сы келсе таңдау жасауға мүмкіндігі бар, ерік өзіңде. Тәуелсіздік тағылымы жайында айтқанда бар даусымызбен мақта­нып, шаттанып айтатын бір белгі – өз Астанамыз бар. Ұлы хандарымыз ту тіккен Ұлытау, Көкшетау, Түр­кіс­тан аймағы мен кеңес билігі Қа­зақ­станның астанасы еткен Орынбор, Қызылорда, Алматы қалалары тарих қойнауына өтіп, ғасырлар то­ғы­сында өз Тәуелсіздігін жариялаған мемлекеттердің ішінде біз тұңғыш рет ғажайып Астана қаласын асқақ­таттық. Бұл Тәуелсіздігімізді әлемге танытудағы басты көрсеткішіміз, жетістігіміз болды. Жұрт тығы­рық­тан шығудың жолын іздеп жүр­ген­де, біз қырандай самғап, Азия ба­ры­сына айналуды алдымызға мақсат етіп қойып, әсем қала тұрғыздық. Астана өр рухтың, асқақ сезімнің, ұлттық мақтаныштың басты көрсеткіші. Тәуелсіздің аренасына өз желкенін көтеріп шыққан еліміздің ха­лық­аралық қатынастағы жеңісі мен жетістігі де бостандығымызды ай­қын­дайтын биік өлшем. Бұл күндері бізді әлемнің түкпір-түкпірі таниды, жүзден астам елдермен елшілік қа­тынас орнатқан салиқалы, салмақты елдер санатындамыз. Халықаралық аренадағы барша жетістіктің бір биігі өткен жылғы Саммит екені ел тарихындағы, Тәуелсіздік тарихын­да­ғы алтын әріппен жазылатын жетістіктер десек артық айтқандық бол­­мас. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.На­зар­баевтың: «Бұл тағы да біздің ел­дің дәрежесін көтереді, Қазақстанды дүние жүзіне таныта түседі», – деген пікірін еске сала отырып, азат ел ретінде тарих төріне ұмтылған еліміз өзінің тәй-тәй қадамын дәл осылай нық, досы сүйініп, дұшпаны күйініп отыратын Саммит самғауымен бас­тауына шын жүрегімізбен қуандық. Біз бостандықтың ең қастерлі, ең қымбат, ең үлгілі жағын санамалап қана көрсеттік, ал бостандық­тың асыл қасиеті, ізгі мұраты жө­нін­де айтып тауысу мүмкін емес. Өкі­нішке орай, Тәуелсіздік атты қас­терлі ұғымға көлеңке түсіретін, сол тәуелсіздікті бағалауда енжар­лық танытатын жәйт­тер де кездесіп жататыны жасырын емес, әйтседе ол баянды, көңіл түк­піріндегі кір­бің­ді мерейтой қарса­ңын­да жұрт­тың көңіліне қаяу түсір­меу үшін іркіп қалдық. Ондағы мақ­сат бәріміз, баршамыз жақсы жәйт­тар мен жетістіктерді айту арқылы да алға ұмтылып, биікке самғауға болады деп сендім. Тәуелсіздік, Бостандық бір күн­нің әңгімесі емес, немесе Тәуел­сіз­дікті айтулы тойдың 20 жылдығы күндері ғана мерекелік лебіздермен, кейде-кейде мақтангөйлік әңгімеге жеткізілетін шара деуге болмайды. Өр рухты бабаларымыздың арманы болған, бүгінгі бақытты ұрпақтың келешегін баянды ететін бостан­дық­ты биік көтеріп тағзым ету – ұлттық парызымыз. Тәуелсіздік, азаттық, бос­тандық – ең қымбат байлығымыз. Қорыта келіп айтқанда, қазақ халқының кәрі тарих алдында жүзі таза, пейілі ақ, ниеті түзу болды. Хал­қымыздың дәл осы пейіліне ға­сырлар бойы күткен, іздеген тәуел­сіздік, бостандық ақ періштедей («Бостандық ізгі періште...» М.Жұ­ма­баев) өзі келіп қолымызға қонды. Енді осы пейілімізге келген Тәуел­сіз­діктің туын биік ұстау – перзенттік парызымыз, бабалар алдындағы мәңгілік қарызымыз. Нариман НҰРПЕЙІСОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты. Шымкент.