• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Жарылыстан зардап шеккеніміз аз ба еді?

304 рет
көрсетілді

Лаңкестікке – лағынет

Есті ел едік қой! Басымызға қаншалықты қиын-қыстау күн туса да елдігімізді сақтай білген ел едік. Ақтабан шұбырындыға ұшырап, елім-айлап көзімізден қанды жасы­мыз тыйылмаған замана көшінде де, ашаршылықтың зардабын тартып, сүйегіміз ақ жаңқа болып шашылып қалған қарғысты кезеңдерде де естілігімізден бір танбай, ел мен жерді сақтап қала алған ел едік. Жаттың көзіне түспесін, жауының қолында кетпесін деп ұрпағын күпісі мен қамзолының кең етегімен жасырып, бауырына тығып өсірген, сөйтіп, бүгінгі күнімізге де, тәуелсіз ел болуға да жеткен ел едік. Сол арманды тәуелсіздік, сол қа­сиет­ті де киелі тәуелсіздіктің жиыр­ма жылдық аз ғана кезеңінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы ең­бегінің және кемел кемеңгер­лі­гі­мен басқарып келе жатқандығының нәтижесінде елдігімізбен әлемге та­ныла да білген ел едік. Көп ұлтының да, көп дінінің де барлығына қа­ра­мастан, қазақ жерін мекендеп отыр­ған барлық ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен бірлігін сақтап келе жатқан ел едік. Біз сонымызбен дүние жүзіне сыйлы да, абыройлы да айбынды ел едік. Сонымызбен сөзі­міз де өтімді, өзіміздің де жүзіміз әлем алдында жарқын болатын. Енді сол бір елдігімізге дақ та түсе бастаған жоқ па? Көңіл қазір осыған алаңдаулы. Атырау қаласын­дағы жарылыстың дүмпуі қоғамда үрей туғыза қоймағанымен, дақпыр­ты жайылып кетті. Ал Тараздағы оқиға аталған мәселеге салмақты назар қажет екенін аңғартса, Боралдай кентіндегі соңғы жағдай лаңкестік секілді бүгінгі күннің зауалымен аса қатаң түрде күресу керек екенін көрсетіп берді. Жалпы, дүние жүзін қазір ең бір алаңдатып отырған лаңкестік әрекеттің бір ұшқынын қазақ жеріне жеткізгісі келіп жанығып жүрген топтар мен күштердің бары да анық. Бұған елімізде жуырда қабылданған діни бірлестіктер туралы заңды сылтауратып, осы заң­ның кейбір баптары үшін қазақ жас­та­рын өз еліне қарсы қоюға әрекет­тену­шілер оларды кек алуға шақырып жүргендей. Бұл заңды Парламент ұзақ бір пікірталастар мен ой қақтығыстарына ба­рып, былайша айтқанда, қызылшеке бо­лып, елдегі жағдайды түбегейлі әрі жан-жақты әбден саралап барып, ақыл­ды бір тоқтамға келгеннен кейін ғана қабылдаған болатын. Ешкімнің діни-сенім бостандығына қиянат жасалған жоқ. Жан баласына құдайға құлшылық қылуға тыйым салынып отырмағаны тағы да анық. Әрине, әскери қызметте, мемлекеттік мекемелер мен оқу орын­дарын­да және де бас бостандығынан айырылғандардың жазасын өтеу мекемелерінде намаз оқуға тыйым салын­ға­ны бар. Бұл арада біз ең әуелі Конституция бойынша өзіміздің зайырлы мемлекет екендігімізді ұмытпағанымыз абзал. Бәрінен бұрын мемлекеттің мүдде­сін жоғары қоя да білу керек. Отанды қорғау әркімнің басты парызы екендігі жайында Құран да айтады, Ата Заңы­мыз – Конституциямыз да айтады. Ендеше, бір жылдық әскери борышын өтеу­ге бара жатқан балаларымызға: «Ота­ныңды, өз еліңнің тәуелсіздігін қорғау жолында жан да пида! Айна­лайын, намазыңды қаза қылдым деп қапаланба! Иманды жанның Отан үшін қаза қылған намазының бәрібір де қайырымы болады», – деген ақыл айтқан жөн болар еді ендігі арада. Қазақстандағы діни сенім-наным бостандығы жөніндегі заңдағы еркіндікті пайдаланып, тым еркінсіп, тым тайраңдап кеткен небір діни бірлестіктер мемлекетті қойып, жекелеген отан­дастарымыз бен өз қандастарымызға қаншалықты зардаптарын да тигізе бастаған жоқ па еді? Қаншама ұлдары­мыз бен қыздарымыз өзге бір діни сек­та­лардың ықпалында кетіп, үкілеп өсіріп отырған баласынан тірідей айырылып, көзінен қанды жасын сығып алып отырған қаншама ата-аналардың бар екендігін де көріп, біліп отырған жоқпыз ба? Небір секталардың өздері ойлап тапқан қағидаларының қармағына түсіп, шырқы бұзылған отбасыларының қасіретті тағдырлары да бар екендігін де біліп жүрген жоқ па едік? Қоғам сол жайларды айтумен ғана болды. Ешбір дәстүрлі діндерге жатпайтын, былайша айтқанда, түрлі діни ағымдарды өздері ойлап тауып, онысын пайда табудың негізгі бір көзіне айналдырып алғандарға қоғам қарсы тұра алмады. Біздегі қанатын кеңге жайып, дами бастаған демо­кра­тиялық еркіндік пен бостандықты сол бас пайдалары үшін жаратып қалу ниетімен жанталасқан арсыз да заңсыз секталар ешкімнің обалы мен сауабына да қарамастан, өз халқын зар илете бастағаннан кейін барып, мемлекет өз азаматтарын қорғаудың амалын ойластыра бастады. Сөйтіп, заң қабылдауға мәжбүр болды. Бұл әбден заңды құбылыс еді. Қазіргі уақытта біздің иманды бо­луы­мызға осы заң әлдебір тежеу, бол­маса тап бір кедергі келтіріп тұр­ғандай түйіліп жүргендер де бар. Ал, енді иманды болу тағы да әркімнің өз жан дүниесі мен ақыл-ой пара­са­тының уысында тұрған дүние. Сол иман дегенің жүрегіңнің тазалығы, ақыл-ойың мен парасатың екендігін де талай бір ғұламалар айтып та кеткен жоқ па еді? Міне, ел мен елдігіміздің бүгінгі және ертеңгі күндерінің сенімі мен абыройына қылау түспесін, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымыздың дені де, ділі де сау, солар адаспасын, солар лаңкестік құрбаны болмасын, халқымыздың тыныштығы қашпа­сын, берекеміз кетпесін, шырқымыз бұ­з­ылмасын, ең бастысы, тәуелсізді­гі­міздің іргесі шайқалмасын деген бір ғана ой толғандырып, осы жай ғана алаңдатса екен біздің бәрімізді. Ойлан, айналайын, қазақ деген өз елің мен өз жеріңнің жарылыстан тартып келген зардабы аз болып па еді? Тәуелсіздігіміздің бақ құсын үркітіп ала көрмейікші! Мұны Құдай да, халқың да ешқашан кешірмейді! Ойлан, айналайын, есті елдің ұрпағы едік қой! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Парламент Сенатының депутаты.