• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Ұлтшылдыққа ұрынбаған ұлттық жоба

490 рет
көрсетілді

Ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсап-армандаған Тәуел­сіз­дікке биыл жиырма жыл толып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің дайындалуы және оны жасап шығару бағытында қандай іс-шаралар жүзеге асырылды? Міне, осы және өзге де мәселелер төңірегінде Қазақстан Дизайнерлер одағының президенті, ҚР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ әңгімелейді. – Тимур Бимашұлы, ұлттық валюта – теңгенің тарихы мем­лекетіміздің тарихы­ның маңыз­ды бөлігі, яғни оны­мен тығыз байла­ныс­ты. Соған орай, еліміз­дің ең алғашқы ақша­сы – қазақстандық теңге қалай жа­салып, шыға­рыл­ғандығы жө­нін­де айтсаңыз? – Тәуелсіз Қазақстанның ұлт­тық валютасының дизайнының жо­басы күн тәртібіне қойылғанда мен Жоғарғы Кеңестің он екінші ша­қы­рылымының депутаты бола­тын­мын. Мемлекеттің экономикалық тәуел­сіздігінің ұлттық валютасыз болашағы берік еместігі айтпаса да түсінікті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай мемлекеттік басты бағдарлама туралы Парламентке тапсырма беріп, Парламенттің бюд­жет және қаржы жөніндегі коми­теті­нің сол кездегі төрағасы Сауық Тәкежанов ұлттық валюта дайын­дау тобының жетекшісі болды. Ең алдымен, тең­ге дайындау жөнін­дегі бөлімнің тапсыр­ма­ның өте құ­пия түрде жүр­гізілгенін атап айт­қым келеді. Еліміз өте күр­делі эко­номикалық жағдайды бастан кешкен ауыр ке­зең­ге қарамас­тан ұлт­тық валютаны шығару ту­ра­лы берік шешімге келді. Мұн­да­ғы негізгі мақсат ұлт­тық валютада – ең алды­мен ұлттық сипат­тың, елі­міздің та­рихы мен мәдени құн­ды­лық­тары­ның басым­дық та­нытуы ең басты шартқа айналды. – Сонда сіздерге жүктелген аса маңызды мемлекеттік тап­сыр­мада, ең алдымен тарихи құн­ды мәліметтерді көбірек жи­нас­тыру, бұл бағыттағы ізденісті жетілдіріп, одан әрі кеңейту мә­се­лесі күн тәртібінде тұрды ғой? – Шындығында да, қандай да бір жобаны қолға алмас бұрын, ең алды­мен оны тереңірек зерттеудің берері мол. Ал, енді мемлекеттік ма­ңызды тапсырма оған жауапты әр­бір маманнан бұл бағытта жо­ғары жауапкершілікті, терең ізденісті талап еткендігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да, Қазақстан территориясындағы ежелгі тарихи нұсқалар туралы зерттеулермен ай­налысуға тура келді. Топ жетекшісі Сауық Тәкежанов ежелгі тең­ге және өзге де мәліметті тарих инс­ти­туты ар­қылы жинастыруға ұсыныс жа­са­ды. Бұл бағыттағы жұмыс бас­тал­­ған­нан кейін Елбасымен бірнеше кездесулерде ол «мұның өзі өте құ­пия бағ­дарлама екендігін» ескертті. Бұл жұ­мыс­та ешқандай шектеушілік бол­май­тындығын және ең бастысы, ұлт­тық валюта – мемлекетіміздің бет-бей­несін танытып, мәртебесіне сай келу қажеттігін де қалыс қал­дыр­мады. Жасыратыны жоқ, мен үшін бұл тапсырма ерекше әрі өте күр­делі болды, әрине, мен осыған дейін де бірқатар үлкенді-кішілі жұ­мыс­тарды атқардым. Сауық Тәке­жанов маған «өз еліміздің валюта­сын шығару үшін ең алдымен алтын қорының болуы және басқа да мәселелер туралы айтқан-ды. Сол бір күрделілеу уақытта, сырт көзден жасырын түрде жас мем­ле­кетіміздің теңгесінің эскизін жасауға дайындалдым. Ірі құры­лыс­тың жо­ба­сын қолға алған сәу­лет­ші сияқты ауқымды іске кірістім. Бұдан бұрын суретші ретінде кі­тап графикасымен айна­лыс­қан­мын, полиграфиялық істі білсем де, ақша жасау жөнінде түсі­нігім жоқ. Ұлттық банк құра­мында 11 адам бар жұмыс тобы құ­рыл­ды. Ұлттық банктің бұрынғы төр­ағасы Н.Пахаревтің әлем валюта­сы­ның ерек­ше коллекциясын жинақ­тауы мен үшін таптырмайтын үлкен қазы­на болды. Сонымен қатар, әлем валюта­ларының ката­ло­гымен таны­су­ға тура келді, мен бұл өнімнің, яғни жаңа ақша образында – ұлан-байтақ Қа­зақ­станның асқақ рухы тұрғанын қаладым. Сондықтан да қазақ хал­қы­ның тарихы, мәдение­ті мен әдет-ғұрпы туралы жазылған көп­теген әдебиеттерді ақтардым. 1992 жылдың басында біздің елімізге шетелдік фирмалар өкілдері келіп, теңге жасау жөнінде өз қызметтерін ұсынды. Олардың арасында «Де Ляру» және «Харрисон және ұлдары» компаниялары да болды. Ұлыбритания, Франция елдері­нің кәсіпкерлері болса «біздер сіз­дер­дің мұражайларыңызды аралап көрсек болды, ұлттық валюта сіздер қалаған деңгейде жасалады» деп қайталаудан жалықпады. Сол кезеңде мен де қол қусырып отыр­май, өзіммен бірге, жұмыс істейтін әріптестерімді іздеп, суретші-графиктер командасын жа­сақ­тадым. Оның құрамына В.Евженко, О.Есмамбетов, М.Әлин, А.Дү­зелханов ен­ді. Ең алдымен ұлттық түп-тамырымыз төңірегінде терең білетін мамандар қажеттігін түсін­дім. Сондай-ақ, Үлбі металлургия ком­бинаты басшылары мен маман­дарының көмегі мол болды. Осы бір дайындық кезеңінде Мемлекет басшысы ұлттық валюта – теңге­нің дизайнын, көркемдік стилін мін­детті түрде өзіміздің, яғни қа­зақ­стандық дизайнерлер, суретшілер жасауы тиіс деп түйіндеді. – Ұлттық валюта – теңге эс­кизінің алғаш­қы нұсқасын шетелде сызып, да­йындадыңыз ба? – Ғалым Байназаров бастаған жұмыс тобы Лондонға аттанып, «Харрисон және ұлдары» атты компанияда валюта жасау ісімен та­ны­са бастадық. Тарихи тұлғалардың суреттері салынған теңгенің ал­ғаш­­қы нұсқаларын мен Лондон қа­ла­сын­да қолға алып, дайындадым. Сол фирманың өндірісімен, сон­дай-ақ, сол қалада «Де Ляру» ком­паниясымен де кеңірек танысуға мүмкіндік туды. Мұның өзі біздерге озық техникалық жетістіктер келешегіне жол ашқандай болды, өйткені, бұл кітаптың мұқабасы немесе әлдебір пошта маркасын әрлеу емес, түсіне білген адамға бұл өте күрделі технологиялық процесс. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэт­чер­дің басшылығымен «Корольдік дизайн» орталығы құрылып, әрбір өнімнің сапасы мемлекеттің бақы­лауына алын­ған. Сол кезде жұмыс тобына кеңесші ретінде математика ілімінің докторы Пэйн мырзаны енгізу ту­ралы ұсыныс түсті. Ол кейбір елдердегі валюталық реформа кезінде өзі­нің үздік баста­ма­сымен ерекшеленіп, девальвация мен күйреуге ұшы­раған кейбір дамушы елдердің валю­та­сын сақ­тап қалған. Тағы бір кеңес­ші Джон Брестли Гиббон бізді тәуел­сіз елдегі валюталық-ақша операциялар жөніндегі ақпараттар жиын­тығы­мен таныстырды. Олар «Харрисон және ұлдары» ком­­паниясының қызметкерлері емес, шақырылған кеңесшілер еді. Мәсе­лен, ұлттық валютаның математика­лық алгоритмін жасап шығарған доктор Пэйн біздің мамандарға ақша көлемі, ақшаның түрі туралы нақты кеңестер берді. Дизайн департаментіндегі алғашқы екі-үш сағаттан кейін, мен алғашқы эскизімде, олар­дың қағазын, бояуын пайдаландым. – Теңгенің алғашқы эскизі қандай саннан басталды? – Әлі есімде, ең алғашқы эскиз аты айтып тұрғандай «1 теңгеден» бас­талып, ұлы тұлға – Әл-Фа­раби­дің суретін салдым. Тұң­ғыш эскиз­дер­­дің барлығында қазақтың теке­меті­­нің өрнегі тұрды. Ұлыбри­та­ния­дан орал­ғаннан соң алғашқы эскизді Мемлекет басшысына көр­сет­тім, жұ­мыс Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на ұна­ды. Да­йын­дыққа келсе­к, біздер эс­киз­дерді фотоға түсіріп, содан соң оны басып шығаруға тырыстық. Қиын уақыт еді, компьютер атымен жоқ. Жұмыс тобы екіге бөлініп, бір топ тиын­дармен, екінші топ банкноттармен айна­лыс­ты, бұл, әрине шартты түр­де ғана болды. – Сіз өзіңіз айтып отырғандай, сол бір қиын­дау уақытта «теңге» атауын көп­ші­лік, яғни комиссия мүшелері бірден қолдады ма, әлде болмаса бұл бағытта өзге де ұсыныстар ортаға салынды ма? – Алғашында бұл мәселеде әр­түр­лі пікірталастар орын алды, дегенмен соңынан «теңге» атауы бірауыздан қабылданды. Сонымен қатар, ұлы тұлғалардың портреттері туралы да келіспеушіліктер қы­лаң берді, анығырақ айтқанда, теңгеде кімнің суреттері болуы керектігі көп ойлантты. Елбасының пікірінше, «ұлттық валюта – теңге­дегі портреттер ұлан-байтақ елі­міз­дің барлық аймағын толық­тай қамтуы, сипаттауы тиіс». Соның нәтижесінде Әл-Фараби, Абылай­хан, Абай, Құрманғазы, Шоқан Уә­ли­ханов сияқты ұлы тұлғалардың бейнелері өздерінің лайықты ор­нын алды. Бір сөзбен айтқанда, ұлтшылдыққа ұрынбаған ұлттық құнды жоба дүниеге келді. Сонымен, біздер жаңа өнім түр­лерінің үш-төрт нұсқасын қо­лы­мыздағы акварельді бояумен жасап, бір теңгеден бастап, 200 тең­геге дейінгі ақшаның суретін сал­дық. Үкі­меттік комиссия бұл кезде «Харрисон және ұлдары» компа­ниясы бас мердігер болатындығын, сондай-ақ тиын­­дар дайындайтын арнаулы жаб­дық алу керектігін анықтаған еді. Сөйтіп, ақшаның алғашқы пар­тиясы – Ұлыбри­та­ния­да, тұңғыш тиындар немістің «Гребнер» атты компания­сында жасалды. – Сізге келесі сауал ұлттық валютадағы жалпы композиция және ондағы жекелеген элемент­тердің ерекшелігіне байланыс­ты. Осы түйінді тарқатып көрсеңіз? – Мемлекеттік маңызды жоба – ұлт­тық валютаны жасау жұмысы Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың, Үкімет және Ұлттық банк жетекшісінің тікелей бақы­лауы­­на алынды. Сондықтан да оның са­пасы тек отандық қар­жы­герлер та­ра­пынан ғана емес, ше­тел­діктердің де жоғары талабынан шығу қа­жет­тігі туындады. Әрбір жаңа өнімнің өзін­дік мазмұны, өзін­дік сипаты болады, банкноттарда да қауіпсіздік белгілері орын алуы заңдылық. Мә­се­лен, Әл-Фараби портретін жаса­ған­да ақша­ның бет жа­ғы­нда ежелгі ортағасыр­лық ұлттық өрнектерді салдық, оның екінші жағында мате­ма­тикалық трактат пен оның фор­муласы орналасқан. Менің ойымша, біздің барлы­ғы­­мыздың бойымызда ұлттық құн­ды­лық­тарды көздің қара­шығындай сақ­­тауға деген ерекше ұмтылыс, құш­­тар­лық болуы басты шарт. Тәуел­сіздіктің алғашқы жыл­да­рын­­да туған жерге Моңғолиядан орал­ған қандас­тары­мыз теңгені ал­ғаш рет көріп, қолдарына ұста­ған­да, «бұл сәтті де көретін күн болады екен ғой» деп көзіне жас алғаны есімнен кетпейді. – Қазақстанға алғашқы тең­гелерді жеткізуге қатыстыңыз ба, сол сәтті еске түсірсеңіз? – Өзіңнің туған Отаныңның ұлт­тық валютасы – теңгенің дү­ниеге келуі жалғыз мен үшін емес, мил­лион­даған қазақстандықтар үшін ауыз­бен айтып жеткізгісіз қуа­ныш. Лон­дон­дағы «Харрисон және ұлдары» ком­па­ниясында шыға­рыл­ған теңге ар­наулы ұшақпен елге тасымал­да­ғанда ақша толты­рыл­ған үлкен қорап­тар­дың ор­та­сы­на әзер сыйып отырдым. Шын­ды­ғында онда тізе бүгетін орын да жоқ еді. Жүрегімді ерекше мақ­таныш кернеп, өзімді қоярға жер тап­падым. Инкассаторлар, күзет қыз­мет­керлері, Ұлттық банк бас­шылары да сондай күйді кешті десем қате­лес­кендік емес. «ИЛ-86» ұша­ғы Ұлы­бри­тания­дан ұшып, Қа­зақ­станға ба­ғыт алған сәт ешқашан ұмытылмақ емес. – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА.

Алматы.