• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Жаңғырған өндіріспен – жаһандық бәсекеге!

521 рет
көрсетілді

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы:

кеше, бүгін және ертең

 

БИЗНЕС МАЙТАЛМАНЫ

Отандық мұнай өндіруші алпауыт кәсіпорынның бірі – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» акционерлік қоғамының Лондон қор биржасына шық­қанына жуырда ғана 5 жыл толды. Халықаралық қор ры­ногына шыққан қазақстандық алғашқы қарлығаштың осы жыл­дар аралығында атқарған шаруалары жетерлік. Осы орай­да компания басшысы Асқар Балжанов әлемнің әр түкпі­рінде инвесторлармен және сарапшылармен кездесулер өт­кізіп, компанияның қол жеткізген жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы ой бөліс­кен-тін. Одан қалды, еліміздің ірі қалаларында журналистермен брифингтер, баспасөз мәс­лихаттарын өткізіп, компания туралы көпшілікті жан-жақты құлағдар еткен болатын. Елімізде мұнай өндірудің жүз жылдан аса, ал газ өн­дірудің алпыс жылдай тарихы бар. Десе де, оларды әлемдік рынокқа шығару, инвесторлар тарту бертінде, яғни еліміз тәуелсіздік алған тұста қалып­тасты. Міне, еліміз тәуел­сіз­дігіне жиырма жыл толды, са­ланың жетістігі де қорытын­дыланатын мезгіл жеткендей. Бұл тұрғыда «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамында қандай ілгерілеушілік байқалады дегенге жауап беріп көрейік. Акционерлік қоғам «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ-тың бірігуімен 2004 жылдың науры­зын­да құрылып, содан бері нә­тижелі жұмыс істеп келеді. Олай дейтін себебіміз, еліміздегі мұ­най өндіретін көшбасшылардың үштігіне кіреді. Компания кө­мірсутек шикізатынан мұнай мен газ өндіреді және кен орын­дарындағы қорларды сақтау мен дамыту барысында түрлі жұмыс­тарды атқарады. Бүгінде компания активінде соңғы жылдары жасалған сатып алуларды қоспағанда, 41 кен орны бар. Олардың ішінде ең ірісі Өзен кен орны болып табы­лады. Компания бизнесінің негізгі бөліктерін барлау активтері, теңіз жобалары және таза ақша­лай қаржы секілді компоненттер құрайтынын атап өтуіміз керек. Барлау активтері үш еселенген. Ең бастысы, жаңадан мұнай орны ашылған. Теңіз жобалары туралы. Осыдан бес жыл бұрын теңіз жобасы туралы әңгіме қозғау мүмкін емес еді. Қазір компания «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен меморандум ая­сында бірқатар блоктарды зерттеп жатыр. «Солтүстік теңіз» жо­басымен бірлесіп алғашқы сы­нақтарын жасауда. Таза ақшалай қаржының жағдайына келер бол­сақ, бұл осыдан бес жыл бұрын екі миллиард доллар болған, қа­зір төрт млрд. долларды құрайды. Бес жылдық жұмыс қорытын­дысын шығарғанда акциялардың көбейгені байқалады. Өткен жылы компанияның директорлар кеңесі 2011-2020 жыл­дарға арналған онжылдық даму стратегиясын бірауыздан мақұлдаған болатын. Ол алдыңғы стратегиялардан акционерлік құн­ды көтеру арқылы ерекшеленеді. Оған жету үшін тиімділік артып, бизнес көлемінің өсуі шарт. Бизнес көлемі қалай өседі? Қа­зақстанда да, шетелде де компания қанатын жайған кезде. Ол үшін ең алдымен геологиялық барлау мен Каспий аймағындағы операцияны жеделдете жүргізу қажет. Стратегияда дәл осы гео­ло­гиялық барлау мен теңіз опе­рацияларына баса мән беріліп отыр. Компанияның көне активтері де әлеуетті күшке ие. Кен орын­дары қанша жерден ескірді дегенмен, әлі де жиырма жылға жететін шикізат бар. Бұл ескі көз­қарас бойынша осылай. Ал, сала мамандары болашақта бұл қор­дың көбею мүмкіндігін айтады. Акционерлік қоғам жанындағы Инженерлік орталық пен кеңес­ші-компаниялардың жұмысының арқасында мүмкін болмақ. Сонда ғана экономикалық тиімділікке қол жеткізуге болатын сыңайлы. Келер жылы Өзен кен орнындағы өнімді 5,8 млн. тоннаға дейін, 2013 жылы 6 млн.тоннаға арттыру, ал, жалпы ескі кен орнындағы өнімді 9 млн. тоннаға дейін жеткізу компания жоспарында тұр.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ТАБЫСҚА АПАРАР ТӨТЕ ЖОЛ

Әлемдегі ірі 30 мұнай өн­діруші алпауыт компаниялардың қатарына қосылуды мақсат тұ­та­тын «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» акционерлік қоғамының ал­дында көмірсутегі қорлары мен өндіру көлемін ұлғайту міндеті тұр. Бұл қалай жүзеге асады, оның үстіне мұнайды игерген сайын ол сарқыла береді емес пе дейтін дәстүрлі түсінік бар. Расында қоғамдық сана «мұнай ертең-ақ таусылады, сосын қай­тер екенбіз» деп абыржулы болса, ин­новациялық өндірісті пайдалану арқылы пессимизмді жойып, мақ­сатқа жету мүмкін­дігін зорай­туға болатынын аң­ғарған ұжым бүгінде Инженерлік орталықтың жұмысын іске қосқан. Бұл орта­лық осыдан үш жыл бұрын Ақтау қаласында ашылған еді. Оның негізгі мақ­саты – кәсіпорынның жұмысын ілгерілендіріп, белсенділігін арттыру болып табылады. Инженерлік орталықта қазіргі күні үш өлшемді моделді кеніш­тер құрылып жатыр. Моделді кеніштердің ерекшелігі – бұрын­ғы­дай емес, қазір мамандарға кенішті көруге мүмкіндік туған. Яғни, компьютер арқылы оның түрлі-түсті гаммасының құбы­луына қарап, кеніште қандай құбылыстар орын алып жатқаны туралы қорытынды жасауға бола­ды. Геологиялық модельдер негізінде Өзен кенішіндегі жер қой­науы қабаттарының құрылымы және көмірсутек қоры нақтылан­ды. Соған орай жеті ұңғыма қа­зылып, оның алтауы оң нәти­желер берді. Оған қоса осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы теңдесі жоқ айрықша бағдарлама – ау­мақ­тық-бөлінген деректер банкі пайдалануға берілді. Аумақтық бөлінген деректер банкі (АБДБ) ақпаратпен қамтамасыз етудің сапасын арттыру, бұрғылау орын­дарының жұмысын жақсарту, мұнай өндірудің коэффициентін үстемелеу, еңбек ресурстарын басқаруды озықтандыру сияқты төрт бағытта жұмыс істейді. Бүгінгі таңда геология-гидро­динамикалық үлгілер қолданатын кен ошақтарының өндірістік көр­сеткіштері көтеріліп келеді. Компания өкілдерінің айтуынша, Шығыс Молдабек кен орнының 4 ұңғымасы бойынша өнім мөл­шері жеті есеге артқан болса, Өзен кен ошағының бірнеше ұңғымасы бойынша 1,7 есеге, ал, 7 ұңғымасы бойынша 4,2 есеге жетіп отыр. Забұрын кен орны­нан өндірілетін өнім 8,3 есеге өссе, Ботақан кен ошағы бойын­ша мұнай 4,5 еселенген. Ал, Досмұхамбет кен ошағының бір ұңғымасы 7,6 есеге дейін өсім берген көрінеді. Жалпы алғанда, Өзен кен оша­ғының қоры соңғы есеп бойынша 40%-ға өскен. Бұл жоғарыда айт­қан «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­ді­ру» акционерлік қо­ғамы Инженерлік орталығы жұмысының арқа­сын­да мүмкін болып отыр.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Отандық және шетелдік қор рыно­гындағы еркін саудаға өз акцияларын шығар­ған тұңғыш отандық мұнай компаниясы биыл Еуропа, Таяу Шы­ғыс, Африка елдерінің 79 компаниясы ара­сынан 41-ші орынды иеленсе, қазіргі таңда Platts агенттігінің ба­ғасы бойынша ҚМГ БӨ «Әлемдегі 250 ірі мұнай компаниялары­ның» арасындағы жал­пы рейтингте 101-ші орынды иеленеді. ҚМГ БӨ 2008 жылы Қазақстанда мұнай өн­­діру деңгейі бойын­ша екінші орынға тұ­рақтады. 2020 жылға қарай компания әлемдегі ірі 30 мұнай өндіруші ком­пания­ның қата­рына қосылуды мақсат тұ­тып отыр. Өндіру көлемі «Қаз­гермұнай» БК ЖШС мен CCEL («Қаражан­бас­мұ­най») және «Петро­­Қазақ­стан Инк.» ком­пания­ларындағы үлес­терді есептегенде, 2010 жылы 13,3 млн. тоннаны (тәулігіне 270 мың баррель) құрады. Мұнайдың дәлел­ден­ген және болжам­ды қор­ларының көле­мі 232 млн. тоннаны (1,7 млрд. баррелді), ал еншілес ком­пания­лардағы үлесті есеп­­тегенде 2,2 млрд. бар­рельден астамды құ­райды. Компанияның жай жә­­не артықшылықты ак­циялары Қазақстан Қор биржа­сында, ал ғалам­дық депо­зи­тарлық қол­хаттары – Лон­донның Қор биржа­сын­да листингтен өтті. 2006 жылдың қыркүйе­гіндегі ІРО кезінде компания 2 миллиардтан астам АҚШ долларын тартты. 2011 жылдың маусы­мын­да халықаралық Standard & Poor’s агенттігі ҚМГ БӨ несиелік рейтингін «ВВ+» дең­гейінде жә­не 2011 жыл­дың қыркүйе­гінде GAM­MA корпоративтік бас­қару рейтингін «GAM­MA-6» деңгейінде рас­тады.

БІЛІКТІЛЕР БІРІКСЕ, БІТЕР ІС КӨП

Бақытты балалар... Кезінде ақын Төлеген Айбергеновтің «Та­банымның астында қара дария» деп тебірене жыр жазуына себеп болған ұлан-ғайыр қазақ даласының шұрайлы мекен, мұнайлы өлкелері еді. «Кезім менің жатырсың жырақты ашып, Қызыл гүлді барады қырат қашып, Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда, Мұнаралар басына шырақ тасып», - деп ағылған жыр жолдары байлығы батпан жер­дің сол кездегі тыныс-тіршілгін көз алдыңа алып келетін еді. Баяғыдан ырысы ор­таймаған ол өңірлердің думаны тәуелсіз­діктің таңы атқалы бері тіптен қыза түскен. Мұ­наралар басына шырақ тасыған жиырма­сыншы ғасыр өз міндетін ада қылып, тарих доңғалағының артында қала берді. Бүгінде сол тұтас бір ғасырдың жүгін иығына алмастырған «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы ондағы елдің мерейін өсіріп, мейманасын тасытып тұр. Соңғы жылдары акционерлік қоғам Маң­ғыстау және Атырау облыстары әкім­діктерімен Әлеуметтік әріптестік туралы келісімге отырған болатын. Соның арқасында «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы 1 млрд.169 млн. теңге қаржы жұмсап, Маң­ғыстау облысында Каспий теңізінің жаға­сындағы Кендірлі демалыс аймағында 250 орындық «Ақбөбек» балалар демалыс орталығын салып берді. Мұнда балаларға қажетті дүниенің бәрі бар. Әу биссіміллә асханадан бастап, жазғы бассейн, спорт залы, балалар бос уақытын өткізетін арнайы орталық, амфитеатр, волейбол, мини-футбол, баскетбол ойнау үшін де спорттық алаң­қайлар жасалған. Сонымен қатар, компания әр жаз сайын Жаңаөзен қаласынан екі мың баланың жазғы демалысын қамтамасыз ететін болады. Лагерге осында жұмыс істейтін жұмысшылардың балалары да барады. Компания бұл демалысты қамтамасыз етуге әр жазға 150 миллион теңге жұмсайды. Тағы бір табысты жұмыс – Жаңаөзен қа­ла­сындағы «Жұлдыз» шағын ауданынан 1200 орындық орта мектеп ашылды. Сонымен қатар 140 орындық «Шынар» балалар бақша­сы да тәй-тәй басып тұсауын кесті. Сөйтіп, «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамының қомақты қаржы беріп, балаларға барынша көңіл аударуының арқасында сабақ оқитыны – мектепке, асыр салып ойнайтын мезгілде – лагерьге, одан кішкенелері бала­бақшасында құлындай құлдыраңдап шауып жүр. Сонымен қатар, Атырау облысының Доссор поселкесінде де компания «Ботақан» балабақша­сы­ның құрылысын қаржылан­дырды. Жоғары дәрежедегі сапамен іске қо­сыл­ған бұл нысанның жалпы құны 180 млн. теңгегеден асып жығылады. Бақытты балалар, бақуатты елдің нышаны осы емес пе! Тәуелсіздіктің тәтті жемісі осындай-ақ болар. Ендеше, келешегімізді кемелдендіре түсетін ұл-қыздардың осы арадан түлеп ұшатынына күмәніңіз болмасын. Қашан­да ел игілігіндегі игі шаруалардың басы-қасында жүретін «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы осылай егемен елдің ертеңгі жүйріктерін баптауға атсалысты. Бағы үстем, базары думан елдің бақытын ең алдымен балаларының күлкісіне қарап бағалайтын болар. Осындайда өткеніміз ойға оралады екен. Қазір ұмыт болғаны болмаса, қазақтың басынан өткен қилы-қилы қиын тағдырлар бармақтай балаларының басынан да өткен. Ашаршылық жылдардағы бір үзім нанға зар болып қынадай қырылған жүз мың­даған сәбилер, соғыс жылдарындағы аяғын басар-баспастан атыз басында жұмысқа жегілген қарасирақ жетімдер, тіпті жоқшы­лық­тан көз ашпаған жұтаңқы жылдар осы күнгі ел бастаған ағаларымыздың бала кезінде бастарынан өткен еді-ау... Кендірлідегі келелі іс Кендірлідегі келелі іс балалар лагерімен ға­на біткен жоқ. Демалыс аймағынан оңалту ор­талығы бой көтерді. Бұл нысандар бір жағынан Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін Үкіметтің кешенді жоспары аясын­да тұрғызылды. Оңалту орта­лығында айына 300 адам, жылына 3 жарым мың адам денсау­лығын жақсартуына мүмкін­дік бар. Каспийдің толқындары жамырай келіп жағаны соққы­ла­ғанын көзімен көріп, көңілін көтерген жандар­дың есінен бұл демалыс орны ешқашан кете қоймас-ау! Сол үшін де бұл демалыс орталығы тек Маңғыс­тау маңайы немесе мұ­найшы-қазаншы, ардагер-саудагерлердің ған­а емес, тұтас Қазақстан жұртына арналған. Оңалту орталығындағы емдеу негізінен аурулардың профилактикасына арналған. «Өзенмұнайгаз» жұмысшылары облыстан алысқа бармай-ақ жыл сайын сауықтыру, емдеу шаралары бойынша ем қабылдайтын болады. Мәселен, бұрын мұнайшылардың емделуі, үшін «ҚазМұнайГаз»БӨ» АҚ 60 айлық есептік көрсеткіш бойынша жыл сайын материалдық көмек беріп тұрған. Сондай-ақ, олардың 7 мен 14 жас аралығындағы бала­лары­ның Қазақстан мен Украина лагерлерінде демалуына жағдай жасаған. Бұл – тегін қыз­мет көрсету. Мұны жаңадан ашылған ны­сан­дар мұнайшыларға жасалған тағы бір үлкен қамқорлық демей не дерсің. Оңалту орталығында мұнайшылар мен басқа да демалушылар үшін емдеу мен оңалтудың он төрт түрі ұсынылады. Мұндай әлеуметтік маңызы бар жоба­ларды іске асыру мемлекет үшін де пайдалы екені белгілі. Бұл жобаларды іске асыру халықтың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтуіне жол ашады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да, оның еншілес компа­ниясы «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қо­ғамы да жалпы халықтың, оның ішінде, мұнай­шылардың әлеуметтік мәселелеріне баса мән беріп, саламатты өмір салтын қа­лып­тастыруға үлес қосып келе жатқан ұйымдар. Ауыл спортының абыройы Денсаулықты қорғайтын ең алдымен емдеу жолы емес, оны қорғау жолы екені әмбеге аян. Компанияның бұл жағында істеген істері де жетерлік. Бірер мысал келтіре кетсек, акционерлік қоғам 210 миллион теңге жұмсап Атырау облысының Доссор поселкесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін толықтай жаңартып жасап шықты. Бұлардан сырт Миялы поселкесінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға да атсалысты. Осы жылы акционерлік қоғам қарап отырған жоқ. Атырау облысында тағы бес дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құ­ры­лыстарын қаржымен қамтамасыз етті. Бұл құрылыстар жайында ерекше айта кететін жәйт, олардың шағын елді мекендерде са­лынуы. Алыс ауылдарда спортты жандан­дыру аса маңызға ие жұмыс екенін жұрттың бәрі айтады. Бірақ соған орай жұмыс жасап отырған ұйымдар мен жекелер жоқтың қасы десек те болады. Акционерлік қоғамның бұл жұмысы осы олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізері сөзсіз. Оған 301,5 млн. теңге жұмсалды. Компанияның арқасында Атырау және Ақсай селолық округтерінде, Индер ауданының Есбол ауылында, Жылыой ауданының Жаңақаратон ауылында, сондай-ақ, Махамбет ауданының Алмалы ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері са­лынды. Қандастарға қамқорлық «Төңірекшің» аумағында ауыл шаруа­шылығымен шұғылданатын шеттен келген қандастарға арнап 1500 жұмыс орнын құру үшін үшжақты келісімге сәйкес, «Жарыл­қау» қорына 40 млн. теңге бөлінді. Және де Маңғыстау облысы әкімдігімен бекітілген әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарт бойынша Жаңаөзен қаласындағы «Жанарыс» тігін фабрикасынан арнайы жұмысшылар киімдерін тігу үшін оралман әйелдердің қолы бос отырмасы үшін 703,5 млн. теңге жұмсап, қосымша жұмыс орнын ашып берді. Қандастар үшін жасалған қайырлы іске халық қашанда риза. Тізе қосқан тірлік оң «ҚМГ»БӨ» АҚ жыл сайын Маңғыстау облысы әкімдігімен бекітілген әлеуметтік әріптестік туралы келісім-шарт бойынша біраз жобаларды қаржыландырды. Осы жылы таза пайда есебінен 200 млн. теңгеге Жаңаөзен қаласынан 850 әлеуметтік жұмыс орнын құрды, 813,5 млн. теңгеге 200 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын қаржыландырды. Жалпы алғанда, әлеуметтік әріптестік бағдар­ламалары аясында Маңғыстау облысына акционерлік қоғам соңғы үш жылда 2,2 млрд. теңге бөлді. Осы бағдарлама аясында 2011 жылы сегіз шаруашылық-тұрмыстық кешен, үш асхана, он операторлар блогын салып, пайдалануға берді. Ал үш жыл ішінде, яғни 2009-2011 жылдары осы бағдарлама бойынша акционерлік қоғам 4,5 млрд. теңгеден аса ақша жұмсады. Нәтижесінде жиырмадан астам ірі нысандар бой көтерді. Компания сондай-ақ жыл сайын коммер­циялық емес ұйымдар мен жеке тұлғаларға қайырымдылық және демеушілік көмек көр­сетумен қатар, еліміз аумағында әлеумет­тік-маңызды іс-шаралар өткізуге демеушілік жасайды. 2011 жылы «ҚМГ» БӨ» акционерлік қоғамы осындай істерге 700 млн. теңге бөлді. Осындай негіздегі игі шаралардың анық көрсеткіші ретінде компания былтыр «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлы­ғының «Жыл ұйымы» номинациясы бойынша лауреаты атанды.

ЕГЕМЕНДІК –  ТӘҢІР СЫЙЫ!

Биыл барша Қазақстан хал­қы үшін өте қастерлі де мерекелі жыл. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қолымыз жетті. Бақ құсы басымызға қонды. Көк туы желбіреген егемен елдің ауасымен тыныстауға тағдыр жазбаған талай аталарымыз көкірегін бостандыққа деген сағыныш сарғайтып, бұл жалғаннан өтті.

Әрине, пенде болғасын күн­делікті күйбең тіршілікпен бас қатырып жүріп, елдік туралы, егемендіктің қаншалықты қиын­дықпен келгені туралы көп ойлана бермейміз. Ой мұхи­тына сүңгісең тәуелсіздіктің қадірін түсінгендей боласың. Себебі, егемен ел болу – кез кел­ген ұлттың пешенесіне жазыл­маған Тәңір сыйы. Таяуда ғана Франция аста­насы – Париж қаласында ауыр атлеттердің әлемдік додасы өтті. Мұны телеэкран арқылы бәріміз тамашаладық. Біздің отан­дас спортшыларымыздың жеңі­сіне қуандық, мүлт кеткен жерін көргенде солармен бірге қиналдық. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің көк туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда чемпион атанған Илья Ильиннің көз жасын тия алмай, үлкен тебіреністе тұрғанын көріп, менің көңілім толқыды. Өйткені, кеше ғана тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеп, дербес мемлекет болған елдің ұландарының жеңіс шыңын бағындыруы біздің әлем алдындағы абыройымызды тағы бір көтеріп тастады. Әрине, әр қазақ азаматының спортшы болып, Әнұранымызды шырқатып, чемпион болуы мүм­кін емес. Сондықтан, менің ойым­ша, егер біз Отан алдын­дағы жауапкершілігімізді сезініп, мұнайымызды өндіріп жүрсек, біз бағындырған жеңіс шыңы  сол болмақ. Барша мұнайшылар қауымын, отандастарымды қастерлі мерекемен шын жүректен құттықтай­мын. Туымыз мәңгі көкте желбіресін, азаттық рухы асқақтай бергей! Нұрбибі ЕРБОЛАТОВА,«Өзенмұнайгаз» ӨФ МӨҚжТКЖБ токарь-темір тесуші.

* * *

Тәуелсіздік алып, төл тең­гемізді шығарып, қуанышпен тол­қып жүргеніміз кеше ғана сияқты еді. Міне, осы жылы азат­тықтың арайлы таңы атқа­нына да 20 жыл болды. Еге­мендіктің алғашқы жылдарында болған қоғамдағы қиындықты ешкім ұмы­та қоймаған болар. Жалақы­ның орнына аз ғана мөлшерде азық-түлік алып, нан алу үшін дүкендерде шетсіз-шексіз кезектерде тұрдық. Дегенмен, ел тұрмысының тұң­ғиық­қа құлауы бізді еш жа­сытқан жоқ болатын. Себебі, ол кезде бізді қайрат­тан­дырған тәуелсіздік рухы еді. Біз болашағымыздың жарқын болатынына сендік. Кеңес мем­­лекетінің қанатында бол­ған Қазақстанның азғантай ғана жылдың ішінде дамудың даңғыл жолынан өтеді деп ол кезде кім ойлаған?! Дәл осыдан 20 жыл бұ­рын мұнайшылар да елмен бірге қиындықты көрді. Жұ­мыс­та қоректенетін тағамы­мыз­ды үйден пісіріп алып кетіп іш­тік, асханаларда ыдыс-аяқтың жетіспеушілігінен шы­­ны банкілермен шай да ішкенбіз. Қазір Өзен кен ор­нының түк­пір-түкпірінен са­лы­нып жат­қан сәулетті асханалар мен тұрмыстық-ша­руашылық кешендерді көр­генде қуанамын. Толар­сақ­тан саз кешіп, мұнай өндір­ген бұрынғы мұнайшы аға-апаларымыз мұндай игі­ліктің бірінде көрген жоқ. Барша отандас бауыр­ларымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Елімізде бейбітшілік болсын, хал­қымыз бай-қуатты болғай! Жеткізген САҚТАҒАНОВ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ ХжЭБ мотор жөндеуші.