• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Тарихи кезеңдерге таразы бола білген басылым

1006 рет
көрсетілді

90 жыл – бір адамның ғұмыры үшін аз емес, бір басылым үшін көп емес. Сонау 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында алғашқы нөмірі «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген «Ақиқат» журналы кемел жасқа келді. Бұл күндері аталған басылым өткен-кеткенін түгендеп, 90 жылдық торқалы тойын атап өтуде. «Ақиқат» журналының ме­рей­тойына арналған халық­ара­лық конференция ұлттық жур­на­листиканың ұстаханасы іспетті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде ұйым­дас­ты­рылды. Уақыттың сан қырлы тезінен сүрінбей өткен абыз жас­тағы басылымның белестік бас­қосуына журналдың әр кезеңдегі бас редакторлары, авторлары мен журналистика факультетінің студенттері қатысты. Дәл осында қарбалас күн­дер­де алаш арыстарының арманын жалғастырған журнал мерей­тойы­на арнайы келіп қатысуға мүмкіндігі болмағанымен, мүд­де­лес тұлғалары жеткілікті бол­ды. «Ақиқаттың» 90 жылдығына арналған мерекелік нөмірінде жү­рекжарды лебіздер нөпірі көп-ақ. Халықаралық жиын бары­сын­да салиқалы құттықтаулар жеделхаттармен, электронды пош­та­мен де келіп жатты. Оның бір па­расын «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин оқып берді. Журналдан қол үзіп қалған кейбір оқыр­ман­ға түсінікті болу үшін «Ақиқат» журналы бұл күнде «Қазақ газеттері» ЖШС-іне қарайтындығын айта кету керек. Өзіндік үні бар басылымға Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімов­тің жолдаған құттықтауында: «Елі­міз егемендік алған сәттен жұртшылыққа «Ақиқат» деген атпен етене таныс басылымның тарихы тым тереңде жатыр. Сон­дықтан да, ғұмырында ел мүд­де­сі мен ұлт мұратына қызмет еткен абыз басылымның мерейлі тойы баршамызға ортақ. Өзінің 90 жылдық тарихында ақиқат­тың ақ жолын ұран еткен «Ақи­қат» қоғамдық-саяси журналы тұ­тас бір дәуірдің шежіресіне, қазақ баспасөзінің іргелі орда­сы­на айналды. Бұл орайда жур­нал­дың негізін қалаған Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов сынды мемлекет қайраткерлерінің, қараша­ңырақта қолтаңбалары қалған ұлт зиялыларының, бірнеше буын қа­зақ журналистерінің, солардың ізгі дәстүрін үзбей жалғастырып келе жатқан сіздердің кәсіби ұжымдарыңыздың еңбегі орасан» делінген. – 90 жыл баспасөзі кенжелеу дамы­ған қа­зақ қоғамы үшін айтар­лықтай көп уақыт. Сондықтан біз «Ақи­қат­тың» келбетінен абыз ақ­са­қал­дың айбынын көргендей бо­ла­мыз», деп «Ақиқаттың» бү­гін­­гі ты­нысын айқындап, қолтаң­ба­сын қалыптастырып отырған қа­быр­ғалы қаламгерлерге шы­найы тілегін білдірген Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед­тің сөзіне қалың журналист қауы­мы­ның қо­сып-алары болмаса керек. Ал Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев 90 жыл ішінде бұл киелі басылым Қазақстан деп аталатын тәуелсіз еліміздің даму, өсу, қалыптасу, кемелдену, егемендік алу кезең­дерінің жылнамасы бола білгендігін алға тартады. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­ма­ғұлов басылымның мәнді де мазмұнды болуына қызмет еткен Сұлтан Сегізбаев, Кәкімжан Қа­зы­баев, Камал Смайылов сынды журналистиканың қара нар­ларын тілге тиек етіпті. Осылайша, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тұсында еліміздің рухани құндылықтары да тарихи мәнге ие арнаулы даталармен сәйкес келіп отыр. «Егемен Қазақстан» сияқты іргелі басылымның өзімен өкше­лес келе жатқан «Ақиқат» жур­налына арнаған сөзі төмендегі­дей. «...Әуел баста «саясат, білім, шаруашылық һәм әдебиет» ор­га­ны ретінде, яғни әмбебап журнал ретінде жарық көрген «Қызыл Қазақстаннан» арна тартатын бұл басылымның отандық журналистикада алар орны айрықша. «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қа­зақ­стан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген сияқты қып-қызыл атаулармен шығып тұрған жылдарда да оның беттерінде заман, қоғам, адам жайындағы та­ғы­лымды талдауға толы терең толғаныстар талай жарияланды. Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында «Ақиқат» атанғалы бері бұл ба­сы­лымның тың тынысы ашы­лып, мемлекетшіл ойдың еркін мінберіне айналды. Журналдың қазақ тілінің саяси лексиконын ұштауға, ғылыми терми­нология­ны қалыптастыруға қосып келе жатқан үлесі үлкен», дейді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов. Журналда жария­лан­ған лебіздер үзінділерін қай­та­лап отыр­ғанымыздың да өзін­дік жөні бар. Осы арқылы бұл күнде тиражы 170 мыңға жетіп жығылатын аға газет – «Егемен Қазақстан» ар­қы­лы «Ақиқат­тың» мерейтойы­ның ауқымын кеңейтіп, салма­ғын арттыруды көздеп отырған ізгі ниетіміз бар. Тарихи кезеңдердің таразысы бола білген журналға ақ тілектер мұнымен де толастамайды. Еліміздегі іргелі жоғары оқу орын­дары да «Ақиқаттың» 90 жыл­ды­ғына ортақтасып отыр. Ұлы тұлғалары сара жолын са­лып берген «Ақиқат» жур­налы­ның «Мәдени мұра», «Орны бөлек ағалар», «Жас ғалым мінбері», «Білгенге – маржан», т.б. айдарларының бүгінгі оқыр­ман­ға берері көп. Жасампаз ғалым­дар­дың материалдары жас ма­ман­дарға арнайы бағыт-бағдар, сілтеме ретінде ізашар болып келе жатқаны қуантады. Бұл жур­налдың дәл қазіргі еліміз ұста­нып отырған индустриялық-ин­новациялық бағытында өзіндік орнын айғақтаса керек. Сондай-ақ, басылымның әрбір ай­дары­н­дағы талдамалық мақалалар ғы­лыми-сараптамалық құнды деректерден тұрады. Ондағы көп­те­ген қаламгерлердің түрлі жанр­дағы жазбалары оқырманның тәлім-тәрбиелік мәнін арттыра түсері анық. «Ғылыми-танымдық журна­лис­тиканы дамытуда «Ақиқат» журналы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Ондағы жарық көрген әр­бір жарияланымның журналистика факультетінің студенттері үшін тағылымдық мәні зор деп білемін», дейді Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ректоры Ғалым­қайыр Мұтанов. Өзінің алғашқы қадамымен хал­қымыздың мұңын мұңдап, жо­ғын жоқтап, қоғамдық-саяси ой­дың қалыптасуына ерекше әсерін тигізген – «Ақиқат» жур­налының тарихымыз үшін атқар­ған қызметі шексіз, дейді Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов. Осы құттықтау лебіздермен-ақ «Ақиқат» жур­налы­ның қазақ журналистика­сын­дағы орнын әрі қарай шегендей беруге болады. Ұлттың тағ­ды­рына барынша игі шарапатын тизізуге ұмтылған байырғы ба­сы­лымның мерейтойына жол­дан­ған Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов, Алма­ты қаласы­ның әкімі Ахметжан Есімов жол­даған құттықтау ама­наттарын Жұ­мабек Кенжалин оқып берді. Айтқандай, «Ақиқат» жур­налы­ның шежірелі оқиғасына Поль­шадағы Н.Коперник уни­верситетінің профессоры Ивона Массака ханым да ортақтасып: – Осы 20 жыл ішінде Қазақ­станға келіп-кетіп жүрген поляктар аз емес. Ресейде де жиі бо­ла­мыз. Алайда, Қазақстан көз ал­ды­мызда көркейіп келеді. Мен Польшаға қашан қайтатынымды қазірге білмеймін. Бірақ, сіз­дер­дің елдеріңіз жайлы көрген-біл­генімді өз жерлестеріме сөзсіз айтып баратын боламын, – дейді. Халықаралық конференцияда Ұлттық университетке келіп дә­ріс беріп жүрген басқа да шетелдік оқытушыларды көріп қал­дық. Ал халықаралық студенттер арасында өткен конференцияның салмағын басылымның байырғы авторлары мен кешегі және бү­гінгі басшылары арттырды. Жас та болса журналдың ендігі тізгініне ие болып, ұжымды ұйытып отырған Мұхитдин Салқынбаев журналдың тарихын тұшымды тілмен тізбектеп берді. Бас ре­дак­тордың «Аңыздан – «Ақи­қатқа» аталатын баяндамасы студенттер үшін күнде туа бермейтін мүмкіндік десе де болады. Академиялық лекцияға бергісіз шежірелі баяндама талай шын­дық­тың шетін тарқатып, кеңінен ақпар берді. ...Күнделікті болып жатқан оқиғаларды күнінде, аптасында, айында тасқа басып, мәңгілікке айналдыратын газет-журналдар еді. Ал ол қоғамда әрі күрделі, әрі абыройлы мұндай мерзімді ба­сылымдардың жұмыс істеуі аңыз болатын. Себебі, қазақ да­ла­­сында мұғалімдік те болды, шипагерлер де болды, тәржі­меші-тілмаштар да болды. Ал журналист мамандар болмады. Олар тек ХІХ ғасырда ғана пайда болды. Сондықтан да халық­тың көзі һәм тілі болған газет-жур­нал сияқты ақпарат құрал­дары туралы түсінік ол кезде аңыз болған деп айтуға негіз бар деп ойлаймыз, деді Мұхитдин Салқынбаев. Ақиқатында солай болғанын қазақ журналистикасының соқ­па­ғын салған алдыңғы буын ағалар анық біледі. Бас редактор журналдың бүгінгі тынысы мен ұстанымы, жарияланып жатқан ұсынықты мақалаларды да ай­налып өткен жоқ. – Міне, оқырман қауым, ата-бабамызға бір кезде аңыз болған ұлттық басылымды көруге Алла олардың ұрпағына нәсіп етіпті. Бір кездегі аңыздың ақиқатқа ай­налғаны осы да, – деп аяқ­тала­тын әңгіменің толық мазмұнын­да талай тарих жатыр. Ендігі «Ақиқатқа» артылар міндет қандай? Қалай десек те, қазақ журналистикасында тари­хы терең, мазмұны бай, ниеті түзу басылымдар көп емес. Сон­дықтан да кезегімен сөз алған аузы дуалы ағалардың залда отырған келешектің журналис­ти­касына тапсырмасын кешегілерден жұққан аманат деп те қабылдауға болар еді. Ақын Темірхан Медетбектің зал толы бо­лашақ қаламгерлерге, жур­нал­дың бүгінгі шығармашылық ұжы­мына қаратып айтқан: – Сөз тозбайды! Айтылған сөз­ге реставрация да жасал­май­ды. Ең ұлы ескерткіш – сөз. Сіздер сөзден ескерткіш соғып жатырсыздар, – деп әңгіме бастап, арқалы жырымен аяқтағаны да әсерлі сәттің бірі болды. Айтқандай, журналдың 90 жыл­дығына арналған мерекелік нө­мірінде академик Манаш Қо­зы­баевтың «Басылым аты бес рет өзгерген. Неге?» деген мақа­ла­сы жүр. Бұл да қызықты. Ал 1998-2000 жылдардағы Бас редакторы Ахат Жақсыбаев «Сараптау сипатындағы мате­риал­дар­ға орын берілді» десе, 2001-2003 жылдардағы Бас ре­дакторы Нұр­ма­хан Оразбек «Қа­ла­мы жүйрік, айтары мол адам­дардың алқа мү­шесі болуын қа­ла­дым» деген ма­қа­ласын ұсы­нып­ты. Мұны тізіп отырға­ны­мыз, газеттің тарихын бұл кісілерден асырып айту да, жазу да мүмкін емес. Студенттер алдында сөз ал­ған Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбек сынды журналистика саң­лақтары тағылымды сөз­дер­мен әңгіме­лерін қысқа қайырды. Ақиқат дейтін салмағы зілмауыр ұғым деп әрі­ден сөз бастаған «Қаламгер-медиа» ор­та­лығының атқарушы ди­ректоры Жанарбек Әшімжан қандай кезең болса да қазақ қай­раткерлерінің ешқайсы­сы журналдан іргесін алыстат­пағанын айтады. Ал «Қазақ газеттері» ЖШС де­ген атаумен бір топ басы­лы­м­ды бір ұжымда ұйыстырып, үл­кен ұжым басқарып отырған Жұмабек Кенжалиннің түйінді сөзі төмендегідей: – Бүгінде «Ақиқатты» зиялы­лар журналы дейді. Ол да рас. Өйт­кені, журнал өз оқыр­ман­дары­на қоғамдық-саяси, эко­но­ми­­калық өміріміздегі ең өзек­жар­ды мәселелерді саралап, талдап, байыптап жеткізіп отыр. Бұл үлкен жұмыс, абыройлы мін­дет! Ал міндет биігінен кө­ріну­ді журнал ұжымы өздерінің зор парызы санайды. «Ақиқат» журналында қалыптасқан дәстүр сабақтастығы журналистер әу­летінің ізгілікті, игілікті, жемісті жұмыс істеуіне ықпал етіп отыр, – деді. Білетін адамның сөзіне біздің алып-қосарымыз жоқ. Осыдан кейін 90 жас дейтін шы­ғармашылық белеске бөлек ты­­ныспен шаршамай жеткен ұжым­ға бірқатар құрмет пен марапаттың бары белгілі болды. Қазақстан Жур­налистер одағы да «Ақи­қат­тың» мерейлі жылын ұмыт қал­дыр­май, осы Одақтың құ­рыл­ға­нына 50 жылдығына орай мерей­тойлық медальмен екі адам­ды марапаттады. Бірі – қа­зақ журна­листикасының қай кезде де топ бастаған серкесі Сарбас Ақтаев болса, екіншісі – жур­налдың жауапты хат­шы­сы, байырғы бас­пасөзші Қы­дыр­әлі Қойтай. Ал еліміздің Мә­дениет министрлігі бас редактор Мұхит­дин Салқын­баев­қа Қазақстан Рес­публи­касының мәдениет қай­раткері де­ген ата­ғын берсе, «Ана тілі» газеті бас редакторының орын­басары Нұр­­перзент Домбай да осы ма­ра­пат­қа лайық шығып, аты аталған жандардың бәрі де сал­танатты түрде төрге озып, мерейлі сәт­терді бастан өткерді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.