• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік шежіресі. «Егемен Қазақстан». 1997 жыл. Жексенбі, 14 желтоқсан.

555 рет
көрсетілді

ТОТАЛИТАРЛЫҚТАН – САЯСИ ТҰРАҚТЫ ЖӘНЕ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНҒА

Президент Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ Тәуелсіздік күніне және Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының Астанасы етіп жариялауға арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасы

«Егемен Қазақстан» газетінің осыдан 14 жыл бұрынғы еліміздің тәуелсіздігіне ар­нал­ған мерекелік нөмірі 14 желтоқсан күні жа­рық көрген екен. Бұл нөмірде жоғары­да­ғы­дай тақырыппен Ақмоладағы Іскер және мәдени ынтымақтастық орталығында Елба­сы­ның жасаған баяндамасы беріліпті. Оның «Жаңа астана – тәуелсіз Қазақстанның стра­те­гиялық таңдауы» атты бірінші бөлімі былай деп басталады: «Құрметті ханымдар мен мырзалар! Қадірлі достар! Сіздерді, Қазақстанның Тәуелсіздік күні мен Ақмола қаласын еліміздің астанасы етіп жариялауға арналған салтанатты жиынға қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Тұңғыш рет Тәуелсіздік күнін мерекелеу жаңа астана – Ақмолада өткізіліп отыр. Бүгін астананың көшуі мен мемлекеттігіміздің қа­лыптасуындағы, еліміздің тәуелсіздігінің нығаюын­да­ғы аса маңызды кезең аяқталды деп айтуымызға толық негізіміз бар. Өте қысқа тарихи мерзімде, небәрі алты жыл ішінде орасан зор ауқымды жұмыс атқарылды. Қазақстанды әлемдік қауымдастық терезесі тең серіктес ретінде қабылдады. Экономикамыз дағдарыстан шыға бастады». Мұнан әрі Президент жүргізіліп жатқан реформа­лардың пәрменділігінің арқасында бізде елдің тұрақты дамуын, экономиканың одан әрі өсуін, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін тұғырдың іргесі қаланған­дығын, практикамызда тұңғыш рет Қазақстанның жан-жақты негізделген ұзақ мерзімді даму бағдарламасын талдап жасай алғандығымызды айтады. «Стратегия-2030» нақ соның өзі болып табылады. Орталық мемлекеттік өкімет органдарының Ақмолаға көшу тақы­рыбына орала отырып, мұның өзі мемлекеттің өзекті мүдделерінен ғана туындап отырмағанын, сонымен қатар ол ХХІ ғасыр стратегиясының элементі болып табылатынын айта кетейін. Әр түрлі аудиторияларда мен осындай шешімімнің дұрыстығына сан дәлелдер келтірдім. Бұл ретте астана сәйкес келуге тиіс 32 өлшем айқындалды. Олардың арасында – әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, сейсмикалық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымдарының, коммуникациялардың қолда бары мен даму перспективалары, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқалары. Әрине, елдің дамуының алыс келешегі мен стратегиялық мүдделері де есепке алынуға тиіс болды. Бәрінің ішінде Ақмола нұсқасы неғұрлым қолайлы болып шықты», депті Президент. Мұнан әрі Президент Кеңес өкіметі кезінде ел астанасы бірнеше рет өзгертілгенімен солардың барлығы Қазақстанның өзінің мүддесін ешқашан ескермегендігін, сондықтан да біздің өз тарихымызда тұңғыш рет ұлттық мүдделерімізге негіздей отырып астанамыз жөнінде шешім қабылдап отырғанымыздың орасан зор саяси және рухани-адамгершілік мәні бар екендігін атап көрсетіпті. Баяндамасында Президент еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына кеңінен тоқталған. «Еліміздің дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын іске асырудың қажеттілігі туралы осыдан екі ай бұрын өзімнің Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда айтылған болатын, онда мен еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуының стратегиясын баяндаған едім... Бұл мақсатқа жету үшін әрбір қазақстандық алға қойған нысананың айқын екенін терең пайымдауға, оның нақты екеніне және оған жетуге болатынына көз жеткізуге, әлбетте бәрі де оның ортақ іске қосқан үлесіне байланысты екенін түсінуге тиіс», депті. Демек, бүгінгі күні жүзеге асып келе жатқанына бәріміздің көзіміз енді жетіп отырған «Қазақстан-2030» Стратегиясы Елбасының берік сеніміне негізделген екен. Оның жүзеге асатынына ең бірінші болып Елбасының өзі сенген, енді арада өткен 20 жыл ішіндегі алға басқан өзгерістер нәтижесінде бүкіл халықты сендіріп отыр. Жаңа астана мен «Қазақстан-2030» Стратегиясы – Елбасы даналығының үлкен белгісі (Ред.).

* * *

ТҰҢҒЫШ  ПРЕЗИДЕНТТІҢ  ТАРИХИ – ТАҒЫЛЫМДЫ  ШЕЖІРЕСІ

«Сүйінші дана!» айдарымен берілген «Егемен Қазақстан­ның» бұл ақпараттық хаба­рын­да В.Н.Шепель, М.­Б.Қа­сым­бе­ковтің «Первый Президент Республики Казахстан Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности (1.06.93 – 30.06.97)» атты кі­табының алғашқы даналары жа­рық көргендігі туралы ай­ты­лады. «Танымдық әрі тарихи-та­ғылымдық мәні зор бұл жинақ тәуелсіздік мерекесіне орайлас жарық көріп отыр. Президент қызметінің 1993 жылғы маусым­нан 1997 жылғы маусымға дейінгі ара­лықты қамтитын бұл ба­сылым мұның алдында 1993 жылғы маусымға дейінгі ке­зеңге арналған кітаптың жал­ғасы іспеттес деуге болады. Егемен Қазақстанның бүкіл халық болып сайлаған тұңғыш Президентінің ел игілігі жо­лын­дағы қам-қарекетін пайым­дайтын кітап тұжырымды да ұғынықты жазылған, аталмыш төрт жыл үлесінде Қазақстан Республикасында Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бас­шылығымен өткен және ол ба­сы-қасында болған негізгі оқи­ға­лар туралы мағлұмат береді» делініпті газет хабарында.

* * *

ЕГЕМЕН-АҚПАРАТ

Осындай айдармен ел жа­ңалықтарынан қысқаша хабарлар беріліпті. «Жалпыұлттық қор­ға – бір айлық жалақы» атты тақырыппен берілген хабарда нарықтық экономика ха­лық­тың белгілі бір тобына қиын тиіп, олардың тұрмыстық деңгейін ауыр­латып жібергені жазы­ла­ды. Осыған байланысты ел Пре­зиденті «Тұрмысы төмен азамат­тар­ды қолдау жөнінде» Жарлық шығарыпты. «Елбасы­мыздың осы Жарлығын қолдау мақса­тын­да Алматы облыстық проку­ра­турасы ұжымы өздері­нің жел­тоқсан айындағы жал­ақы­ларын Жалпыұлттық қорға аудару жөнінде шешім қа­былдады. Әлбетте, шын ниетімен қабылданған қайырым­ды­лық мақсаттағы мұндай шешімнің халық арасында қолдау табары анық» деп жазыпты газет тілшісі Шарафаддин Әмір. «Алыс-жақын бауырластарға арналған көмек» атты хабарда әуе апатынан зардап шеккендерге арнап Иркутск күйік аурулары орталығына шұғыл поштамен «Қызылмай» фирма­сының басшылары осы тамаша емдік қасиеті бар дәрінің 100 құтысын жібергендігі туралы жазылады. Аталған фирма сондай-ақ Австралияда өрттен зардап шеккендерге арнап та осындай сәлемдеме жолдаған. «Бұл елде өрттен зардап шеккендер саны көп болып отырғанға ұқсайды», дейді хабардың авторы Қазақ ақпарат агенттігінің тілшісі Сара Мұстафина.

* * *

ТОРЫҚҚАН ЖЫЛДАРДЫҢ ТАҢБАСЫНДАЙ

Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашылды

Газеттің сол кездегі тілшісі Мұратбек Тоқтағазының бұл репортажында жаңа астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің ашылғандығы туралы айтылады. Бұл шараға Қазақстан Республикасының Президентімен қатар Орталық Азияның үш республикасы Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісіне қатысуға келген Өзбекстан мен Қырғызстан президенттері Ислам Каримов пен Асқар Ақаев та қатысыпты. Ескерткішті ашқаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы: – Қымбатты отандастар! Құрметті меймандар! Әлгінде ғана мен Қазақстанның барлық азаматтарының атынан ортақ аза­мат­тық парызымызды орындап, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішті аштым. Әлбетте, әрбір мемлекеттің өмірінде ешқашан естен шығаруға болмайтын киелі оқиғалар болады. Сондай оқиғалардың бірі осы, – деп қысқаша сөз сөйлепті.

* * *

1998 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ

Газеттің сол күнгі нөмірінің үшінші бетінде жоғарыдағыдай тақырыппен Қазақстан Респуб­ли­касының Заңы беріліпті. Заң болса да оның деректерінің тарихи сипаты болғандықтан және қазіргі көрсеткіштермен салыс­тыр­ғанда қызықты болып келетіндіктен, бұл мәселеге де назар аударғанды жөн көрдік. Онда 1998 жылға арналған респуб­ли­калық бюджеттің кірісі 196 миллиард 503 миллион 609 мың теңге болып белгіленгендігі, ал шы­ғысы 281 миллиард 334 миллион 379 мың теңге болып белгіленгендігі көрсетілген. Әрине, 2011 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің кірісі мен шығысы бірнеше триллион теңгемен бағаланып отырған қазіргі кезде жоғарыдағы көр­сет­кіштердің ондаған есе тө­мен екендігін айтуға бо­лады. Бірақ бұл цифрлардың ас­та­рында еліміздің таяудағы тарихы мен сол кездегі эко­номикамыздың мүмкіндігі мен хал-жағдайы тұр. Бұл цифр­ларға қарап, біз Қазақстан экономикасының әлеуеті мен деңгейі 20 еседен астамға өскендігін көріп отырмыз. Мә­селен, жуықтағы өткен Үкі­мет отырысында үстіміздегі жылдың бюджеттік көрсет­кіш­тері өсу бағытына қарай қайта нақтыланған кезде Қар­жы министрі Болат Жәмішев 2011 жылға арналған респуб­ли­ка­лық бюджеттің түсімдері бұ­рынғыға қарағанда 183,3 миллиард теңгеге арттыры­лып, жалпы көрсеткіш 4 трил­лион 439,9 миллиард тең­ге болады деп қайта жоспар­лан­ған­ды­ғын жеткізді. Еліміз­дің содан бері қаншалықты да­мып, қан­дай үлкен мүм­кіндіктерге ие болғандығын осы­ған қарап-ақ байқай бе­ріңіз (Ред.).

* * *

ОЛ ОН АЛТЫ ЖАСТА ЕДІ...

«17 желтоқсан – Демократиялық жаңару күні» айдарымен берілген осы мақаласын Армиял Тасымбеков былай деп бастапты: «Желтоқсан құрбаны Ләззат Асанова егер тірі болса, бүгінде небәрі жиырма алтыға ғана келер еді. Өкінішті-ақ. Алайда Ләззат өзінің аз ғана ғұмырында халқының адал сүт емген перзенті екенін дәлелдеп өтті. ...Мұнан он жыл бұрын ол осы бір шағын тас қапасқа қамалып, шыға алмас тұйыққа, құтыла алмас құрыққа кезіккенін сезіп, тісі-тісіне тимей дірілдеп, көз ілмей таң атырды. Таң ата орталық кітапхананың артындағы тас үңгірден сақтықпен сыртқа шықты. Қараса өзі қатарлы 3-4 қыз келесі бір бұрыштағы бетондар арасында көздері жәудіреп, тығылып отыр екен. Сол күні түні бойы суықта, тас үңгірде қамалып, жасырынып шыққан Алматының әр оқу орындарында оқитын Гүлжан, Сара, Фарида, Ақымтай таң ата жатақханаларына асықты». Мақалада Ләззат Асанованың Желтоқсан оқи­ға­сына қатысып, қалайша қуғын көргені баян­да­лады. Сол тұста өз ортасындағы кейбір адам­дар­дың оның іс-әрекетін түсінбегендігі де айтылады. Небәрі он алты жастағы қыз бала сұраққа, тергеуге алынады. «Тергеу ісі бір тергеушіден екінші тергеушіге ауысты. Үрей мен қорқыныш сағын сындырды. Өзін ата-анасының, ұстаз­дары­ның алдында зор қылмыс жасаған сияқты сезінді. Ләззат КГБ мен Ішкі істер бөлімінің тергеуінде өзін кінәлі санап, басын тасқа да ұрды, тауға да соқты. Баяғы жартас сол жартас... Балалық, жастық күннің қызығы сағым болып алыстап бара жатты. Небәрі 16 жас. Ләззат жатақхананың бесінші қабатына, балконға шықты. Тым-тырыс, тылсым дүние... Кеш мені мама! Ақ сүтіңді ақтай алмадым... ...Сол күні Ақжазық ауылына табытқа салынған Ләззаттың денесі жеткізілді. Желтоқсан оқиғасының әңгімесі ауыл-ауылға тарап, жұрт дүрлігіп тұрған кез. Тура сол күні Қызылеспе ауылына да бір табыт келді. Бұл Ербол Сыпатаевтың мәйіті еді. Екі табыт та Алматыдан бір күнде жеткізілді. Ел арасында сөз жата ма, бұл екі жастың да Желтоқсан құрбаны екенін жұрт іштей сезді», делініпті мақалада. Қыз бала қуғын көріп, әбден запы болса керек. Анасына жазған бір хаттың жолында «Мама, мені тыныш таптыратын түрі жоқ» деген сөз бар екен. «Е-е, заман-ай, содан бері де талай жыл өтіпті. Ләззат Асанова тірі болса биыл 26 жасқа толар еді. Ақжазық ауылымның армандай аруы бол­ған Ләззат қарындасым сені бү­гін халық есіне алатын күн, есіміздесің» деп аяқ­талыпты мақала. ____________________________ Бетті әзірлеген  Сұңғат ӘЛІПБАЙ.