• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

1558 рет
көрсетілді

Григорий МАРЧЕНКО: «НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ НАРЫҚТЫҚ ҚАРЖЫ САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЫҚПАЛЫНДА ҚАЛЫПТАСТЫ»

Желтоқсанда Қазақстан өзінің 20 жылдық Тәуелсіздігін атап өтеді. Қысқа уақыт ара­лығында еліміз бұрынғы кеңестік кеңістікте бірінші болып, КСРО құлдырау сал­да­рын еңсере отырып, бірнеше маңызды кезеңдерден өтті, нарықтық экономикасы мемле­кет мәртебесін алды. Экономикамыздың тәуелсіздігіне, елдің жылдам нарықтық дамуына көп дәрежеде қаржы секторының міндеттерін кезең-кезеңімен шешу, рубль аймағынан шығып, өз ұлттық валютамызды енгізу ықпал етті. Дәл осы ұлттық валютамызды енгізу мемлекеттігіміздің бүкіл нышандарын қалыптастыруды аяқтаған қадам болды және Қазақстанға өзінің тәуелсіз экономикалық саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Экономикалық реформаларды, әсіресе қаржы секторындағы реформаларды екі эконо­микалық: жоспарлы және нарықтық мектептің күресі жағдайында жүргізу оңай болған жоқ. Соған қарамастан қаржы жүйесі салыстырмалы түрде нарықтық өзгерістер арнасына тез сіңіп кетті, дағдарыстар сынынан өтіп, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі дамыған ел беделін растай алды. Мемлекет басшысы сенім білдірген және экономикалық реформаларды жүргізуде біліміне сүйенген нарықтық қатынас мамандарының қата­рын­да Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қазіргі төрағасы Григорий Марченко да болды. Қазақстанның 20 жылдық Тәуелсіздігін мерекелеу қарсаңында сол тарихи оқиға­лар­ға қатысқан Григорий МАРЧЕНКО журналистің сұрақтарына жауап берді. _______________________________

ЖОСПАРЛЫДАН НАРЫҚТЫҚҚА…

– Григорий Александрович, экономикамыз­ды тәуелсіз етуде теңгені енгізу айтулы оқиға болды. Алайда экономистердің, қаржыгерлердің өте үлкен, тіпті аса жария болмаған жұмысы бұл күнге жетуімізге ықпал етті. ҚР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» 1990 жылғы 7 желтоқсандағы Заңды банк тәуелсіздігінің, тіпті Қазақстан Тәу­ел­сіздігінің жаршысы болды деп санауға бола­ды. Қазір, жылдар өте келе, сол құжаттың елі­міздің банк жүйесінің қалыптасуына және Қа­зақстанның нарықтық экономикасының да­муы­на қосқан үлесін қалай бағалар едіңіз? – Расында, Қазақстан тәуелсіздігін алған және оның экономикалық жүйесі нарықтық қатынастарға өткен сәттен бастап өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­рының басында банк жүйесін реформалау қажеттігі туындады. 1990 жылы «Қазақ КСР-дегі банктер және банк қызметі туралы» Заңның қабылдануы­мен заңнамалық негіз құрылды. Осы заң арқылы тұңғыш рет коммерциялық банктің анықтамасы бекітілді және өзге де кредиттік мекемелерді, оның ішінде өзара кредиттеу қоғамдарын, кредиттік кооперативтерді, зейнетақы және инвестициялық қорларды, ломбардтарды құруға рұқсат берілді. Жеке банктер, сондай-ақ шетелдік капитал қатысқан банктерді ашуға рұқсат етілді. Екі деңгейлі банк жүйесі 1991 жылы қалып­тас­ты, мемлекеттік салалық банктер қайта ұйымдасты­рылды және КСРО Мембанкінің республикалық бөлімшелеріне Тәуелсіз мемлекеттер орталық банк­терінің функциялары берілді, сондай-ақ алғашқы коммерциялық банктер құрылды. Жаңа банк жүйе­сінің бірінші деңгейін ҚР Ұлттық Банкі білдіреді. Банк жүйесінің екінші деңгейін жеке және заңды тұлғалардың бастамалары бойынша жаңадан ұйым­дастырылған банктер, сол сияқты бұрынғы КСРО шеңберінде болған мамандандырылған банктер негізінде құрылған банктер қалыптастырды. Екінші топқа атап айтқанда, Промстройбанк (Тұранбанк), Казвнешэкономбанк (Әлембанк), Жилсоцбанк (Кредсоцбанк), Казсбербанк, Агропромбанк кірді. 90-шы жылдардың басы түрлі қаржы ұйымда­рының, негізінен ұсақ және орташа коммерциялық банктер санының өте тез өсуімен сипатталды. 1994 жылғы желтоқсанда коммерциялық банктер саны 184-ке жетті, олардың көбісі қаржылық тұрғыдан дәрменсіз болды.

…ОДАН ӘРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА

– Көптеген банктердің қаржылық дәрмен­сіз­дігі жас қаржы жүйесінің үлкен проблемасы болды, алайда оны Ұлттық Банк жедел шешті. Банк­тер саны 4 есе азайды, бір банкті капи­тал­дандыру деңгейі өсті. 2000 жылға қарай 48 банк қалды. Бұл ретте, Сіздің бұдан бұрын берген сұхбатыңыздан келтірсем, орташа банктің «көр­ші елдердегі орташа банк капиталының көлемі­нен төрт есе артық капиталы» болды. Бұл қар­жы секторын реформалаудың бастамасы ғана болатын. Сол кезде тағы қандай міндеттерді шешу керек болды? – Иә, сол кезеңде Ұлттық Банктің алдында банк секторын сауықтыру мәселесі өте өткір тұрды. Банктерді құруға және олардың қызметіне қойы­латын қатаң талаптар, сондай-ақ ҚР ҰБ-ның банк қызметін реттеу жөніндегі мол өкілеттіктері Мемлекет басшысының «ҚР банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Заң күші бар Жарлығында бекітілді. Ол банк қызметін және банктік қадағалауды жүзеге асырудың халықаралық стандарттары негізінде әзірленді. Жаңа заңға сүйе­не отырып, 1995 жылы банктік реттеу және қадаға­лау жөніндегі уәкілетті орган ретінде Ұлттық Банк банк жүйесін қайта құрылымдауды бастады. Реформаның басты міндеті ақша ресурстарын орталықтан қайта бөлуді барынша қысқарту болды. Банк жүйесін реформалау барысында ақша-кредит­тік реттеудің әдістері мен құралдары одан әрі жетілдірілді, банктерді қайта қаржыландыру тетігі айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Банктер халықтың жинақ ақшасын, шаруашылық жүргізуші субъекті­лердің бос қаражатын және сыртқы заемдарды өз бетінше тартуы арқылы экономиканы кредиттеуді қамтамасыз етуі тиіс болды. Банк секторын нығайту және одан әрі өсіру мақ­сатында 1996 жылдың соңында Екінші деңгейдегі банктердің халықаралық стандарттарға өту бағдар­ламасы қабылданды, оның шеңберінде банктердің капитал жеткіліктілігі, активтердің сапасы, менеджмент деңгейі, бухгалтерлік есепті жүргізу, ақпарат енгізу және беру бөлігінде халықаралық стандарт­тарға ке­зең-кезеңімен қол жеткізуі көзделді. Банктерді инвес­ти­циялық және депозиттік ретінде бөлу өз күшін жой­ды, банк қызметінің түрлерін кеңейту көзделді. Банктерді ашуға және оларды лицензия­лауға, ішкі бақы­ла­уы­на және банктердегі рәсімдер­ге барынша жоғары та­л­аптар енгізілді, банктің қаржылық жай-күйіне CA­MEL жүйесі бойынша рейтингілік бағалау енгізілді. Кейіннен жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктердегі салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру жүйесі енгізілді. Бұл салымшылардың мүд­делерін қорғау деңгейін және кемшілігі банк сект­о­рының одан әрі институционалдық дамуына кедергі болатын негізгі проблема болып табылатын халық­тың банк секторына сенімін айтарлықтай көтерді. Банк заңнамасын жетілдіру шеңберінде шоғыр­ландырылған банктік қадағалауды, сондай-ақ ішкі бақылауды басқару және тәуекелдерді басқару жү­йе­сін ұйымдастырудың қағидаттары мен әдістерін енгізу үшін қажетті заңнамалық жағдайлар жасал­ды, бұл банктердің, оның ішінде үлестес тұлға­лар­дың тарапынан ұшырайтын тәуекелдерін бағалау­дың объективтілігін көтеруге және артық тәуекел­­дерді шектеуге мүмкіндік берді. Осылайша, Қазақстан Тәуелсіздігі жылдары ішінде республиканың банк секторын реформалау жөнінде айтарлықтай жұмыс жүргізілді және қа­зіргі уақытта оның дамуы ондағы орын алған тәу­е­келдерді есептегенде халықаралық стандарттарға жақындатылды. Қазақстанның қаржы секторын одан әрі дамыту оның сапалық жетілдірілуіне, оның ішінде қаржы нарығының секторларын да­мыту жө­ніндегі тиісті бағдарламалық құжаттарда айқын­дал­ған міндеттерді шешуге, қаржы қызметтерінің сапа­сын, сондай-ақ отандық қаржы нарығының ашық­ты­ғы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағыт­талатын болады.

ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ҚАТАҢ САЯСАТ

 – Жақында теңге өзінің «кәмелеттік жасын» атап өтті. Алайда, бұрынғы республикалар экономикаларының және халқының экономи­калық, адамдар арасындағы көпжылдық бай­ла­ныстарын ескере отырып, Қазақстан өзінің валютасын 90-шы жылдардың басында енгізуге асықпағаны белгілі. 1992 жылы алғашқы болып ұлттық валюталарын Балтық елдері, Әзербай­жан, Украина, уақытша ақша белгілерін – Молдова және Беларусь, 1993 жылғы мамырда Қыр­ғызстан енгізгенін оқырмандардың естеріне тү­сіре кетсем. Ресей рублін 1992 жылдың соңында енгізіп, 1993 жылғы шілде-тамызда кеңестік рубльдің айналыста болуын толық тоқтатқан ақша реформасын жүргізді. Рубль аймағынан теңгенің ығыстырыла бастағанын түсінген кезде республика билігі қысқа мерзімде теңгені енгізді. Бұл қадам экономиканың қандай өзекті міндеттерін шешуге мүмкіндік берді? – Инфляцияның төмен қарқынын және тұрақты айырбастау бағамын қамтамасыз ету Ұлттық Банк­тің аса маңызды міндеттерінің бірі болды. Ұлттық валюта енгізілген алғашқы күндерден бастап-ақ Ұлттық Банк теңгенің орнықтылығына қол жеткізу және қолдау көрсету үшін қатаң ақша-кредит саясатын жүргізді. Дәл осы саясат 5 жылдың ішінде инфляцияны төрт таңбалы саннан бір таңбалы цифрға дейін: 1993 жылғы 2165%-дан 1998 жылы 1,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар бюджет тапшылығын өтеуге және экономиканы кредиттеуге кредиттер беру тез арада тоқтатылды, кредиттік аукциондар жүргізіле бастады. 1995 жылдың соңында кредиттік аукцион­дардың өт­ім­­ділікке қысқа мерзімді сұранысты қа­на­ғаттандыру жөніндегі функциялары даму бары­сындағы бан­к­аралық ақша нарығына өтті. Эконо­миканы кредиттеу функциялары біртіндеп толығы­мен коммерциялық банктерге өтті, ал Ұлттық Банк орталық банктердің айрықша функцияларына күш салды. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты біртіндеп жетілдірілді және оның құралдары кеңейтілді. Ақша-кредит саясатының теңге енгізілген сәттен бастап пай­­даланылатын, қайта қаржыландыру ставкасы, міндетті резервтердің нормалары және ішкі валюта на­ры­ғындағы интервенциялар сияқты құралдарына жаңа құралдар қосылды. Ұлттық Банк меншікті бағалы қа­ғаздарын – қысқа мерзімді ноттарды шығарып, ашық нарықта мемлекеттік бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, банктерден депозиттер тарта бастады. Ақша-кредит саясатын жүргізу тиімділігіне «ҚР Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы Заң ықпал етті, оған сәйкес ҚР ҰБ өз қызметінде тәуелсіз болып, Пре­­зидентке ғана есеп беретін болды. Саяси қы­сым­нан бо­саған соң Ұлттық Банк тиімді банк жүйесін құру жө­ніндегі ауқымды жұмысқа кірісті. Коммерциялық банктерді қадағалауды күшейтуге және олардың сенімділігін көтеруге баса назар аударылды. Банк жүйе­сін реформалаудың бірнеше бағдарламасы орындалды. Өте қысқа мерзімде Қазақстан ТМД-да бірінші бо­­лып жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Құра­мы­н­да айналыс мерзімі 3 айдан 10 жылға дейінгі түр­лі құралдардың жеткілікті саны бар мемлекеттік баға­лы қағаздар нарығы күшті дами бастады. Бүгінгі күні еліміздің қаржы нарығында Қазақстан қор биржасы (KASE); Қазақстан банкаралық есеп айырысу орта­лы­ғы (ҚБЕО), Сақтандыру төлемде­ріне кепілдік беру қо­ры (СТКҚ), «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) және т.б. жұмыс істеуде. Теңге енгізілген күннен бастап өткен уақыт іш­інде еліміз жалпы экономикалық дамуында да қо­мақты нәтижелерге қол жеткізді. Өндіріс те тұрақты қарқынмен дамуда. Үстеме кірістер есебінен мемлекеттік жинақ қаражатын құру мақса­тын­да 2000 жылы Ұлттық қор құрылды. Қазір өткенге көз сала отырып, ұлттық валюта ретінде теңгенің қалыптасуы оңай болмады деп пайымдауға болады, алайда Ұлттық Банк іс-қимылдарының экономи­ка­лық талаптарға сәйкес болғанын уақыт көрсетті.

БАРТЕРГЕ ЖӘНЕ ӨЗАРА ЕСЕПКЕ ҚАРСЫ

– Қазіргі ұрпаққа «өзара есеп», «бартер» деген сөздер таныс емес, алайда 90-шы жылдар­дың ортасында теңгенің енгізілген сәтінен бастап жеті айдың ішінде сегіз рет девальвацияға ұшырауына көбіне осы көріністер себеп болды. Бұл ахуалды қалай өзгерттік, мұндағы Ұлттық Банктің рөлі қандай болды? – Расында да, 1993 жылы ұлттық валютаны енгізгеннен кейін теңге тез әлсірей бастады, ал экономика болса құлдыраған күйде болып, қаржы нарығы дамыған жоқ. Бұдан басқа ұлттық валюта қалыптасқан алғашқы жылдары шетел валютасын ұсынудың ішкі көздері едәуір тапшы болды. Соның салдарынан валюта қаражатының елден әкетілуі теңгенің айырбастау бағамына қысым көрсетті. Ал 1994 жылғы наурызда жүргізілген өзара есеп бағамды 4 есе дерлік құлдыратты. Экономиканы, қаржы нарығын тұрақтандыру, инфляция деңгейін төмендету мақсатында 1994 жылғы жаздан бастап Үкімет пен Ұлттық Банк қатаң макроэкономикалық саясат жүргізу бағытын алды. Ұлттық валютаның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету, яғни инфляцияның төмен қарқынын және тұрақты айырбастау бағамын қамтамасыз ету Ұлттық Банктің негізгі міндеті болды. Өндірістің дамуына, елге шетелдік капитал­дың келуінің ұлғаюына, отандық ірі инвестор­лар­дың пайда болуына қарай ұлттық валюта және тұ­тастай алғанда валюта нарығы нығайды. Сонымен қатар ұлттық валютаға деген сенім артты. Нәтижесінде айырбастау бағамының теңгені енгізу кезінде қабылданған реттелмелі өзгеру режімі 1999 жылғы сәуірде еркін өзгермелі бағам режіміне ауыстырылды, ол валюта нарығының тұрақтануына және қазақстандық тауарлардың сыртқы нарық­тар­­да бағаның бәсекеге қабілетін сақтауына ықпал етті.

ДАҒДАРЫСТАН КЕЙІНГІ ЖҰМЫС…

– Ұлттық Банк екі жақты мақсатты: нашар кредиттер үлесін төмендетуді және екінші дең­гейдегі банктердің кредиттік қызметін жандан­ды­руды өткен жылдың маңызды міндеті деп атап өтті. Банк секторы жүргізген жұмысты қалай бағалайсыз? – Бұл бір күннің жұмысы емес, сондықтан ара­лық қорытындылар туралы ғана айтуға болады. Жал­пы алғанда банк жүйесі бойынша кредиттік пор­т­фельдегі жұмыс істемейтін заемдардың үлесі (5-ші санатты заемдар, үмітсіз заемдар және біртекті кредиттер бойынша провизиялар) ағымдағы жыл­ғы қыркүйектің басындағы жағдай бойынша 35,57% құрады. 2008-2009 жылдары банктер проб­ле­малық заемдарды қайта құрылымдау арқылы кредиттік порт­фельдің сапасын басқарудың қолда бар ресур­сын пайдаланды. Банктердің бұл бағыттағы одан кейінгі қадамдары ҚР Салық кодексінің үміт­сіз кредиттерді баланстан есептен шығару нәти­же­сіндегі провизиялар мөлшерін төмендетуден түскен кірістерге салық салу жөніндегі талаптармен, сон­дай-ақ үмітсіз заемдарды баланстан есептен шы­ғар­­ғаннан кейін кепіл заттарын екінші деңгейдегі банктердің пайдасына иеліктен шығару нәтиже­сін­де қалған са­лалық емес активтерді (оның ішінде жылжы­майтын мүлікті) басқаруға мүмкіндік беретін инфрақұры­лы­мының болмауымен шектелген болатын. Банктердің кредиттік портфелі сапасының тө­мен болуы проблемасын шешу мақсатында олар­дың са­па­сын жақсарту тұжырымдамасы әзірленген болатын, оны ҚР Қаржылық тұрақтылық және қар­жы нарығын дамыту жөніндегі кеңес ағымдағы жыл­ғы 11 наурызда мақұлдады. Тұжырымдама Ұлт­тық Банктің екінші дең­гейдегі банктердің проблемалық кредиттерін (жыл­жы­майтын мүлікпен байланысты кредиттерді қоспа­ған­да) сатып алатын және олар­­­дың құнын қайта қал­пына келтіру жөнінде жұмыс жүргізетін маман­дан­дырылған ұйымды құруын көздейді. Жақын уақытта бұл ұйым мемлекеттік тіркеуден өтетін болады. Одан басқа Тұжырымдама жылжымайтын мүлікпен бай­­­­ла­­нысты стресстік активтерді басқару жөніндегі ек­ін­ші деңгейдегі банктердің жанынан олардың еншілес ұйымдары нысанында ұйымдар құруды ұсынады. Кредиттік белсенділікті арттыру міндеті туралы айтар болсақ, жылдың 9 айында банктердің кредиттік портфелінің өсуі 11% құрады. Демек, міндет шешілуде. Бұл мәселе тоқсан сайын жүргізілетін «Кредит нарығының жай-күйі және өлшемдерінің болжамы» мониторингінің режімінде қарастырылады. Атап айт­қанда, уақыты бойынша соңғы жүргізілген екінші дең­гейдегі банктерді тоқсан сайынғы зерттеудің қо­ры­тындылары бойынша ағымдағы жылдың үшін­ші тоқ­санында банктердің тәуекел-менеджмент жүйе­сін жетілдіру және несие портфелінің сапасын жақсарту жө­ніндегі жұмысты жалғастырғаны атап өтіледі. Банк­тердің көпшілігі заемдарды қайта құры­лымдау көле­мі­нің және проблемалық кредиттер бойынша кепіл мүл­кін сату жөніндегі операциялар санының төмен­де­генін де атап өтуде. Бұл ретте, банктердің көпші­лі­гі­нің пікірінше, жеңілдікпен салық салу және проб­ле­малық активтер қорын іске қосу мәселелері бойынша қау­лыны жылдам қабылдау несие портфелінің са­па­сын жақсартудың маңызды факторы болар еді.

… ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ТОПТАМА

– Грекиялық-римдік бюджеттік борыш мәселесі сыртқы ортаны дүрліктіріп, жаһандық экономика бойынша болжамдарға теріс ықпа­лын тигізді. Мәселен, жақында Алматыда та­ныс­тырылған Халықаралық валюта қорының есебінде әлемдік қаржы нарықтарындағы құ­был­малылықтың өсіп бара жатқандығына бай­ла­нысты алаңдаушылық бар. Соған байланыс­ты Халықаралық валюта қоры Қазақстанның экономикалық билігіне банк секторындағы проб­лемаларды шешумен қатар әлемдік эконо­микадағы ахуалдың нашарлауынан туындай­тын салдарларға дайын болуға кеңес береді. Бұған байланысты Сіз не айтар едіңіз? – Бірінші кезекте, Халықаралық валюта қоры­ның ұсынымдары іс жүзінде Қазақстан билігі қол­данып қойған шараларды қайталайтынын атап өт­кім келеді. Халықаралық валюта қорының соңғы есе­бі де ерекшелене қойған жоқ, онда сарапшылар Қа­зақстанға әлемдік экономикадағы ахуалдың на­шарлауынан туындайтын салдарларға дайын болуға кеңес береді. Сонымен қатар 2012-2015 жылдары тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында Үкімет пен Ұлттық Банк әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды әзірлеуде. Ұлттық Банк жұмысты мынадай негізгі бағыт­тар бойынша жүргізетін болады: • қысқа мерзімді өтімділікті икемді реттеу кіретін қаржы жүйесін контрциклдік реттеу, қажет болған жағдайда пайыздық ставкаларды төмендету және ең төмен резервтік талаптарды жеңілдету, макропруденциалдық реттеу жүйесін енгізу; • ақша нарығындағы өтімділік көлемін икемді реттеу арқылы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету; • банктерді қорландырудың ішкі көздерінің тұрақтылығын арттыру; • ұлттық валютаның нақты бағамының ай­тар­лықтай ауытқуына жол бермеуге бағытталған валюта саясатын жүргізу, сондай-ақ ең төменгі мөлшері тауарлар мен қызметтер импортының кемінде 3 ай деңгейінде ұстап тұратын Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері азаюының алдын алу жөнінде шаралар қабылдау арқылы елдің ұлттық валютасы мен төлем балансының орнықтылығын көтеру. Тө­лем балансының орнықтылығына қолдау көрсету мақ­сатында ішкі валюта нарығындағы алыпс­атар­лық операцияларды шектеу, капиталдың әкетілуі­мен байланысты операцияларды шектеу жөнінде, ішкі валюта нарығында шетел валютасына деген ұсыныс көлемін көтеру жөнінде шаралар қабыл­данатын болады. Тұтастай алғанда Ұлттық Банктің болашақта да Қазақстанның макроэкономикалық дамуына әлем­дік нарықтардың теріс әсерін төмендетуге бағыт­тал­ған ықтимал шараларды әзірлеу және іске асыру жө­нін­дегі жұмысты жалғастыратынын атап өту қажет. – РБК журналынан бір дәйектемеде: «қыр­күй­ек айының өзінде доллардың рубльге қатыс­ты бағамы 13%-ға өскен. Егер, банкирлердің ай­туынша, екі ай бұрын америкалық және еуро­па­лық валюталарды ауқатты клиенттер ғана са­тып алса, енді оны бүкіл халық дерлік істей ала­ды. Бұл 2008 жылдың күзін еске салмай ма?». Қазақстандықтарға бұл рубльдің 2008 жылдың күзіндегі кезеңдік құнсыздануынан кейін теңге­нің де бір сәтте құнсызданғанын еске түсіреді. Оны Қазақстанның Кеден одағына кіруі кү­шей­те түсуде, бұл экономикалық үдерістерді байып­пен түзету қажеттігін білдіреді. Теңге үшін бір доллар үшін 40 рубль бұрынғысынша бағам ин­дикаторы болып қала береді, Ресей валюта­сының мұндай әлсіреуі Қазақстанның валюта нарығына қалай әсер етеді? – Ең алдымен, қыркүйек айында рубль АҚШ долларына қатысты 10%-ға әлсірегенін атап өткім келеді, ал кейін қазанда ол 6%-ға нығайды. Жалпы алғанда бағамның жоғары құбылмалылығы рубльге тән құбылыс. Соған байланысты белгілі бір қысқа уақытты алып, соның негізінде асығыс қорытынды шығаруға болмайды. Америкалық және еуропалық валюталарды ауқатты клиенттер ғана сатып алған жоқ. Халық та шетел валютасын әрқашан да сатып алып отырды. Қазақстан аумағындағы айырбастау пункттерінің саны оған дәлел. Тәуекелдерді төмен­детуге ұмтыла отырып адамдар жинақтаған қаражаттарын әртараптандырды. 2008 жылмен ешбір ұқсастығы жоқ. Мұнай мен шикізаттың әлемдік нарықтардағы бағасы қазір ай­тар­­лықтай жоғары, ал бұл бағалардың құлдырауы 2009 жылы теңгенің девальвациясын жүргізудің негізгі факторларының бірі болды. Бұдан басқа бір АҚШ доллары үшін 40 рубльге тең келетін бағам­ның теңге үшін қауіпті екендігін ешкім ешқашан айтқан жоқ.

ІШКІ ЖАЛПЫ ӨНІМНІҢ, САУДА КӨЛЕМІНІҢ, ҚАРЖЫЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕРДІҢ БЕЛСЕНДІ ӨСУІ

– Григорий Александрович, Сіз жақында ғана Мемлекет басшысының қабылдауында бо­лып, Президентті ағымдағы қаржы-экономи­ка­лық ахуал туралы хабардар еттіңіз. БАҚ-тағы ха­барлар бойынша, Сіз, егер мұнайдың, астық­тың, металдардың әлемдегі жоғары бағасы сақ­талса, макроэкономикада, валюта нарығында және банк секторында тұрақтылық сақталады деп мәлімдепсіз. Экономикада қазір басым үр­дістер бұл болжамды қамтамасыз ете ала ма? – Еліміздің экономикасында Халықаралық валюта қорының баяндамасында атап өтілген оң үр­дістер басым. Ең маңызды сипаттама: 2011 жылғы 9 айда өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі 18,0 трлн. теңгеге жетті және 2010 жылдың тиісті кезе­ңі­мен салыстырғанда нақты көрсеткішпен 7,0%-ға ұлғайды. 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте өнеркәсіп 4,3%-ға өсті, бұл ретте оның құрамындағы өңдеуші сала 7,0%-ға, тау-кен өндіру 2,4%-ға ұлғайды. Ішкі сауда, яғни бөлшек тауар айналымы 12,8%-ға ұлғайды, көлік саласының жүк айналымы 15,4%-ға, байланыс 18,0%-ға, ауыл шаруашылығы 11,0%-ға, құрылыс 2,9%-ға өсті. Экономикадағы басқа оң жағдай – сыртқы сауда көлемінің өсуі. Қазақстанның сыртқы сауда айна­лы­мы 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте 41,3%-ға өсті, бұл ретте экспорт 49,9%-ға, импорт 23,5%-ға ұлғайды. Қаржы нарығының да көрсеткіштері жақсы. Жыл­дың тоғыз айында резиденттердің банктердегі депозиттері 16,7%-ға 8,6 трлн. теңгеге дейін өсті. Заңды тұл­ғалардың депозиттері 16,5%-ға 6,0 трлн. теңгеге дейін, халықтың салымдары (резидент еместердің шот­та­рын есептегенде) 15,8%-ға 2,6 трлн. теңгеге дейін өсті. Кредиттеу 2011 жылғы қаңтар-қыркүйекте 10,9%-ға 8,4 трлн. теңгеге дейін көтерілді. Заңды тұлға­лар­ға кредиттер 12,5%-ға 6,2 трлн. теңгеге дейін, же­ке тұл­­­­ға­лардікі 6,9%-ға 2,3 трлн. теңгеге дейін өсті. Бұл ци­фр­лар – экономиканың белсенді өсуінің көрсеткіштері.

2012: ЕЛДЕРДІҢ БОЛЖАМДАРЫ ОҢ

– Ұлттық Банктің келесі 2012 жылға ар­нал­ған жоспарлары, міндеттері мен болжамдары қандай? – Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты қысқа мерзімді кезеңде айтарлықтай өзгерістерге ұшыра­майды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету оның негізгі мақсаты болып қала береді, бұл инфляцияны орта мерзімді кезеңде жылдық көрсеткішпен 6-8% шегінде ұстауды болжайды. Негізгі мақсатын іске асырумен қатар Ұлттық Банк теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын және елдің қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қолданатын болады. Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының си­­паты ішкі және сыртқы экономикалардағы ахуал­ға байланысты болады. Бұл ретте Ұлттық Банктің жеткілікті құралдар тізбесі бар, ол экономиканың жұмыс істеу талаптарының өзгеруіне жылдам жауап қатуға және жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатына белгілі бір түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, Ұлттық Банк жүргізіп отыр­ған ақша-кредит саясаты елде макро­эко­но­ми­калық тұрақтылықтың сақталуына және ішкі жалпы өнімнің жыл сайын 7% деңгейінде өсуін қамта­масыз етуге ықпал ететін болады.

БІЛІМ – БЕРЕКЕ НЕГІЗІ

– Қаржы тақырыбы қарапайым тақырыпқа жатпайды. Сондықтан да халық нарықтық қа­ты­нас ойындарының ережелеріне, жаңа қаржы өнімдеріне өте баяу бейімделді. Қаржы инсти­тут­тарының орташа статистикалық клиентінің дайындық деңгейі, Сіздің ойыңызша, екі он­жыл­дық ішінде қалай өзгерді және Ұлттық Банк қаржылық жаппай оқытуды басқаратындықтан, бұл мәселеде қандай міндеттерді шешпексіздер? – Тұтастай алғанда соңғы жылдары еліміздің экономикалық дамуында айтарлықтай ілгері жылжу байқалды. Өткен жылдармен салыстырғанда қаржы нарығындағы ахуал едәуір өзгерді: отандық қор нарығының инфрақұрылымы жақсарып, жетілдірілуде. Халықтың барлық қаржы ұйымдарына деген сенім деңгейі күн сайын өсіп жатқаны сөзсіз, хабардар болу деңгейінің және түрлі қаржы құралдарын пайдалану тәжірибесінің оң үрдісі байқалады, бұл бағалы қағаздар нарығына ғана қатысты емес, сондай-ақ банк жүйесіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына, сақтандыру ұйымдарына да қатысты. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезе­ңін­де қаржы нарығында қалыптасқан ахуал халық­тың эко­номика және қаржы саласындағы білімін көтеру қа­жет­тілігін және маңыздылығын тағы бір еске салды. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде қар­жылық сауат­тылықты көтеру мәселелері жөніндегі жобалар ұлт­тық маңызы бар міндет ретінде бағ­а­ланып, ұзақ мерзімді сипатта болатындығы белгілі. Бүгінгі күні Ұлт­тық Банктің алдында маңызды міндет тұр – адам­дар­дың менталитетін өзгерту, оларды өз капи­талдарын сауатты басқаруға, қолжетімді қар­жы құ­ра­л­дарын сақтап, оларды тиімді инвес­тициялауға, өз тәуекел­дерін бағалауға, түрлі қаржы алаяқтарынан қорғауға және олардың құрбаны болмауға үйрету. Біз, өз кезегімізде, халықтың қар­жы­лық сауаттылығын көтеру жөніндегі жұмысты жалғастыру қазақ­стандықтарға қосымша табыс табудың, белсенді әрі сауатты ин­вестициялаудың үлкен мүмкіндіктері туралы білуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Мұның бәрі еліміздің адам әлеуетін сапалы дамытуда көрініс тауып, бүкіл мемлекеттің барынша серпінді дамуына әкеп соға­ды, оның гүлденуіне негіз болары сөзсіз.

– Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет.

Әңгімелескен Алла ДЕМЕНТЬЕВА.

–––––––––––––––––––––––––

RSS            Григорий Марченко: Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты елімізде макроэкономикалық

                     тұрақтылықтың сақталуына және ІЖӨ-нің жыл сайын 7% деңгейінде өсуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

TW             Ұлттық Банктің 2012 жылға арналған болжамы: инфляция жылдық көрсеткішпен 6-8%, ІЖӨ өсуі 7% деңгейінде