• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Астана Декларациясының маңызы

359 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлері кеңесінде жан-жақты атап өтілді Еліміз Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация Литва Республикасының астанасы Вильнюс қаласында 6-7 желтоқсан күндері өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 18-ші отырысына қатысуда. Бұл – Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінен кейінгі осы Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің бірінші отырысы. Елордада өткен саммит барысында Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымы аймағында біртұтас қауіпсіздік кеңістігін құруға бағытталған міндеттер қойылған-ды. Ал мұнда сол тұжырымдаманың бір жыл ішінде қаншалықты орын­далғаны кеңінен сөз болды. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер СІМК 18-ші отырысының ресми ашылуында қабылдаушы елдің Президенті Даля Грибаускайте, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы – Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньер және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының президенті Петрос Эф­тимиу құттықтау сөз сөйледі. АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шы­сы Хиллари Клинтон Египетте парламент сайлауы әділ өтуі қажеттігіне назар аудара отырып, әйелдер құқы мен діни еркіндік пен төзімділік мәселелерінің сырт қалмауы қажеттігін баса айт­ты. Жерорта теңізі аймағы мен ЕҚЫҰ арасындағы әріп­тес­тік артып келеді. Осы ретте АҚШ Мемлекеттік хатшысы Ауғанстан мәселесі бойынша Бонн кон­фе­ренциясы қорытындысын қол­дау­ға шақырды. Ауған мәселесін оңтайлы шешуде Орталық Азия елдерінің ерекше рөл атқара­тын­дығы да назардан тыс қалған жоқ. Ресей Федерациясының Сырт­­қы істер министрі Сергей Лавров сөз алып, бірқатар нақты ұсыныстарын ортаға салды. Ресей өзі тарапынан Ұйымның құ­қық­тық негізін, оның құрылым­да­ры жұмысының тиімділігін арт­тыруды қалайтынын білдірді. ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ арасындағы ынтымақтастықты соңғысының жобалары негізінде күшейтуді көз­дей отырып, қазіргі заман қауіптеріне жауап беретіндей ұй­ымға айналдыру уақыт талабы екенін атап көрсетті. Қазақстан сыртқы саясат ве­домствосының басшысы Е.Қа­зы­ха­нов өз кезегінде ЕҚЫҰ Аста­на­дағы Саммитінің өткізілуі және онда қабылданған қоры­тын­ды құжаттың 2011 жыл үшін маңызды болғандығына ерекше тоқталды. Астанада Еуразиялық және Еуроатлантикалық қауіпсіз­дік­тің бөлінбестігі мен ұжым­дасуын қамтамасыз етуде бірлесе әрекет ету міндеттерін әр ел өз мойындарына алған еді. Сондай-ақ барлық ауыртпалыққа қара­май, үстіміздегі жылы орын ал­ған оқиғалар ЕҚЫҰ-ның сенімді нығайту мен қолдауда, ашық үнқатысуға ықпал етуде айрықша форум екендігін көрсетіп отыр. Қауіпсіздік форумының төрағасы ретінде еліміз Астана Деклара­циясына сәйкес Вена құжатының жаңарған нұсқасы әзірленуіне ерекше үлес қосты. 1999 жылдан бастап аталған құжаттың жаңар­тыл­мағандығын ескерсек, бұл өзгерістер маңызды екендігіне көз жеткізу қиын емес, деді Е.Қазыханов. Еліміз адам құқы мен негізгі бостандығын сақтаудағы міндеттерді орындауды да қуаттайды, деп жалғады сөзін Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Бұл бағытта көптеген шаралар жүзеге асты және алда атқарар міндеттер де аз емес. Еліміз, сонымен қатар, мүше мемлекеттерді ХХІ ғасыр үшін төз­беу­шілік көріністеріне қарсы күрес жөніндегі стратегиялық құжатты әзірлеуге шақырады. Азиялық әріп­тестермен ынтымақтастық жө­ніндегі байланыс тобының төрағасы ретінде Қазақстан ортақ қауіпсіздік мәселесінде еуразия­лық өлшемдерді ілгерілетуге күш салатын болады. Осы орайда Астана Моңғолияның ЕҚЫҰ-ға мү­ше мемлекет мәртебесін алу үшін ресми тапсырысын қолдайды. Ауғанстандағы ахуалға қатыс­ты айтқанда, еліміз осы өңірден шет­елдік әскерилердің шығары­лып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету­ді ауғандық билікке тапсыру қажет деп санайды. Сонымен қа­тар, Қазақстан Швейцарияның 2014 жылы, Сербияның 2015 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа тап­сырыстарына қолдау білдіреді, деді Е.Қазыханов. Оның пайы­мын­ша, болашақ төрағалар тура­лы шешімнің уақтылы қабыл­да­нуы алға қойылған міндеттер сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Көптеген күнделікті іргелі ауыртпалықтар мен проблемалар ЕҚЫҰ-ның құқықтық мәрте­бе­сінің болмауынан орын алуда. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақ­стан ЕҚЫҰ Үштігінен кеткенімен, алдағы төрағалар – Ирландия мен Украинаға осы мәсе­ле­лерді шешуде қолдау көрсетуге дайын. Кеңес отырысы аясында Е.Қазыханов бірқатар кездесулер өт­кізді. Соның бірі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтонмен болды. Оның барысында екі ел арасындағы стратегиялық әріп­тес­тікті дамытудың перспек­ти­валары мен жағдайы, өрке­ниет­тер үнқатысуын дамыту, аймақ­тағы, соның ішінде қауіпсіздік саласындағы тұрақтылықты ны­ғай­ту мәселелері талқыланды. Сон­дай-ақ кездесуде екі ел ара­сын­да дипломатиялық қарым-қа­тынас орнағаннан кейінгі ынты­мақ­тастық барысында үлкен қа­дамдар жасалғаны ерекше атап өтілді. Осы ретте АҚШ Мемлекеттік хатшысы еліміздің Ауған­стандағы халықаралық коалиция­ға қолдауын және Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік белдеуі жө­нін­дегі өзара ықпалдастықты бай­ланыстырушы ретіндегі ай­мақ­тық интеграцияны жыл­жы­тудағы рөлін атай келіп, өзінің ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Х.Клинтон Ауған­стан жөніндегі халықаралық бай­ланыс тобының отырысын Астанада өткізу, 1000 ауғандыққа білім беру бағдарламасын жүзеге асыру сияқты еліміздің көптеген бастамаларын қолдайтындығы­мен бөлісті. Сонымен қатар, Х.Клинтон АҚШ-тың Батыс пен ислам әлемі елдері арасындағы үн­қатысуды нығайту жөніндегі Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға ретіндегі Қазақстанмен ты­ғыз өзара ықпалдастыққа мүд­делі екенін де байқатты. Әңгіме барысында тараптар Астана мен Семейде өткен «Ядросыз әлем» халықаралық форумының ма­ңы­зын ерекше атай отырып, Қазақ­стан мен АҚШ-тың ядролық қа­русыздану мен таратпау сала­сын­да­ғы көп жылғы тиімді ынтымақ­тастығына ерекше тоқталды. Осы саладағы маңызды оқиға ретінде Сеулде 2012 жылғы наурызға жос­парланып отырған Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммитке АҚШ Президенті Б.Оба­ма­ның шақыртуына орай Президент Н.Назарбаевтың қатысуы мүм­кіндігін атап өтуге болады. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқы жөніндегі бюросының директоры Янош Ленарчичпен болған кездесуде Қазақстандағы демократия­лық құрылымның ары қарайғы даму әлеуеті талқыға түсті. Я.Ленарчич Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен Астана Сам­митін өткізудегі табысты қа­дамын жоғары бағалады және қауіпсіздікті нығайту мен ын­ты­мақтастық саласына қосқан үле­сін ерекше атады. Әңгіме бары­сында алдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің сайлауына қа­тысты ойлар да ортаға салынды. Осы орайда Я.Ленарчич ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қысқа және ұзақ мерзімді байқаушыларын 2010 жылға дейін Ұйымның БАҚ бостан­дығы мәселелері жөніндегі өкілі қызметін атқарған Миклош Харашти бастап баратынынан да хабардар етті. Ал ЕҚЫҰ-ның БАҚ жөнін­дегі қазіргі төрайымы болып табылатын Дуня Миятовичпен кездесу барысында Қазақстан та­рапына еліміздің өкілге көрсет­кен қолдауы үшін ризашылық білдірілді. Сонымен қатар, Д.Миятовичтің Қазақстанға жасай­тын сапары барысы, тараптардың ары қарайғы тығыз өзара ық­палдастыққа ұмтылыстары әңгі­ме өзегіне арқау болды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» – Вильнюстен.