• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он үшінші күн (8 желтоқсан): ШАҢЫРАҚ

410 рет
көрсетілді

ЕЛ ӘЛЕУЕТІНІҢ ДЕҢГЕЙІ – ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ

Барыс бейнелі болашағына нық қадам басқан Қазақстан өз Тәуел­сіз­­­ді­гі­нің 20 жылдығын қарсы ал­ға­лы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт. Алайда, Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұлтан На­зар­баевтың баламасыз бас­шылығы­мен еліміз осы кезеңде ға­сырға пара-пар әлеу­мет­­тік-эконо­ми­ка­лық даму үр­ді­сі­нен өт­ті. Тәуел­сіздік жылдар ішіндегі елдің әлеу­меттік әлеуетінің даму дә­ре­жесін осы кезең ішін­де пайдала­ну­­ға бе­рілген тұр­ғын үй құрылысы кө­ле­мі­нен де ай­қын аң­ғаруға болады. Мемлекет бас­шы­сы «Болашақ­тың іргесін бірге қа­лай­мыз» атты Жол­дауын­­да «Аза­­мат­тардың өмір сапасының озық көр­сет­кіші – тұрғын үй жай­лы­лығы­ның деңгейі» деп атап көр­сеткен бола­тын. Бұл орайда да ауыз толтырып ай­тары­мыз баршылық. Тек өткен соңғы он жыл ішінде ғана еліміздің тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге өсті. Әрине, жетістік өздігінен келмейді. Тәуелсіздік жыл­дары ішіндегі тұр­ғын үй құрылысы сала­сы­ның даму үдерісін саралайтын бол­сақ, сонау өк­пені қы­с­қан өт­пелі кезеңде ауыр қиын­дық­тарды бастан кешіргеніміз анық. 1991-1999 жылдарда бұл саланың күр­делі тығырыққа тіреліп, тұрғын үй құ­ры­лысының кө­ле­мі жыл сайын тө­мен­деген кездері де бол­ды. Мә­се­лен, 1991 жылы бар­лық қаржы­лан­дыру көздері бойын­ша пай­­да­ла­нуға берілген тұрғын үй құры­лы­сы­ның көлемі 6130 мың шаршы метрді құраса, 1997 жы­лы бұл көр­сеткіш 1105 мың шаршы метрге дейін тө­мендеді. Осыған сәй­­кес пайда­лануға берілген пә­тер­лер саны да 1991 жыл­ғы 84,5 мың пә­терден 1999 жылы 9,6 мың пә­тер­ге дейін төмендеді. Тұрғын үй құрылысына тар­ты­ла­тын инвестиция көлемі де осы жыл­­дар ішінде күрт кеміді. 1991 жы­­лы 1 адам­ға шаққанда пайда­ла­ну­ға берілетін тұр­ғын үйдің шар­шы метрі 0,37-ден 1999 жылы бір адамға шақ­қанда 0,07 шаршы метрге дейін азай­ды. 2000 жыл­дан бас­тап елі­міз­дің тұрғын үй құ­ры­лысы са­ла­сын­дағы ахуал күрт өз­герді. Ел эко­но­ми­касының дамуы қарқындай бас­та­ған бұл кезеңде мемлекет тұрғын үй құрылысы са­ласын дамытуға да басымдық берді. Бес жыл ішінде жыл сайын пай­далануға берілетін тұрғын үй құрылысының көлемі 10 пайыздан 36 пайызға дейін өсті. Мәселен, 2004 жылы еліміз бойын­ша 21,9 мың пәтер пайдалануға берілді. Бұл жылы 1999 жылмен са­лыс­­тыр­ғанда барлық қаржы­лан­ды­ру көз­дері бойынша іске қосылған тұр­ғын үй көлемі 2,3 есе артты. 2004 жылы тұрғын үй құры­лы­сы­на тар­тылған инвестиция көлемі 1999 жыл­мен салыстырғанда 9,5 есе өсті. Қазақстанда тұрғын үй құ­ры­лы­сы саласы нарық­тық қаты­нас­тарға көшті. Негізінен тұрғын үй құ­ры­лы­сы аза­мат­тардың несие жү­йесін белсенді пай­­да­лануы ар­қа­сында дамы­ды. Осы­ған бай­ла­ныс­ты тұр­ғын үй құрылысы жү­йе­сін қаржыландыру мәселесі де түбе­гей­лі өзгеріске ұшы­ра­­ды. Бұл салада жеке меншік және жеке кәсіп­керлік құ­ры­лыс салушы­лар басым­дыққа ие болды. 2000-2004 жыл­дар ішінде кәсіп­орын­дар­дың жә­не мемлекеттік емес сала­да­ғы ұйым­дар­дың өз қаржысы есебінен пай­да­лануға берілген тұрғын үй көлемі 1,9 миллион шаршы метрге жетіп, жал­пы іске қо­сыл­ған тұрғын үй кө­лемі­нің 21 пайызын құрады. Тұр­­­ғын үй құрылысы жи­нақ жүйе­сін дамыту мақ­са­тын­да 2000 жы­лы «Тұрғын үй құры­лысы жинақ жү­йесі туралы» заң қа­­был­­данды. Осы­­ған бай­ла­ныс­ты 2003 жылы Қазақ­стан Үкіметі қаржы­лық ка­пи­та­лы­на 100 пайыз мем­­ле­кеттің қа­ты­суы бар «Қазақ­стан­ның тұрғын үй құры­лы­сы жи­нақ банкі» акционерлік қоға­мын құр­ды. Бұл жүйе екінші дең­гей­лі банк­терден несие алуға ал­дын ала төлейтін жар­ғысы жоқ, бі­рақ тұ­рақ­­ты кірісі бар ел аза­мат­тарының ба­сым көпшілігін қолдау үшін жасалды. 2005 жылдан бастап елімізде тұрғын үй құрылы­сы­ның жаңа өр­леу дәуірі басталды. Тәуелсіздік тарту ет­кен Қазақстан эконо­ми­ка­сы­ның дамуындағы қо­лай­лы мүм­кін­діктерді мемлекетіміз халық­тың тұр­мыс­тық әл-ауқатын жақ­сар­туға ықпал ететін тұрғын үй құрылысы саласына ба­сым­дықтар беруге ба­ғыт­­та­ды. Бұл заңды еді. Елбасы Нұр­сұлтан Назар­баевтың басшы­лы­ғымен белгіленген Қазақ­стан­ның 2030 жыл­ға дейінгі ст­ра­те­гия­лық даму бағдарламасында да негізгі басымдық берілген сала­лар­дың бірегейі тұрғын үй құрылысы бола­тын. Стратегиялық бағдарлама бо­йын­­ша бұл салаға жалпыұлттық сипат берілді. Қа­зақ­стан эконо­ми­касы­ның бә­се­­келестікке қабілет­ті­лігінің артуы егемен еліміздің тұр­ғын үй құрылысы са­ласында жаңа саясат жүргізуді талап етті. Осыған бай­ла­нысты Елбасы 2004 жы­лы Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сында 2005-2007 жыл­дарға арналған тұр­ғын үй құ­ры­лысын дамыту­дың мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Елімізде алғаш рет қабылд­ан­ған 2005-2007 жыл­дар­дағы мемлекеттік бағ­дарламаның жоспары бо­­йын­ша 15,8 миллион шаршы метр тұрғын үй­­ді пай­да­лануға беру белгіленсе, нақ­­­­ты алған­да бұл жыл­дары 19,3 мил­­­­лион шаршы метр тұрғын үй пай­­да­лану­ға беріліп, жоспар 22 па­йыз­ға асыра орын­далды. Бір адамға шақ­­қанда 2004 жылы 0,17 шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе ар­тып, 0,43 шаршы метрді құра­ды. Са­лыстырмалы түрде айта кететін бол­сақ, 2007 жы­лы АҚШ-та бір адамға шаққанда 0,75 шаршы метр, Қы­тай­да 0,98 шаршы метр, Ресейде 0,43 шар­шы метр тұрғын үй пайда­лануға берілді. Мемлекеттік бағдарлама ая­сын­да рес­публикалық бюджеттен бөлінген 18,9 миллиард теңге кө­ле­міндегі мақ­­сат­ты трансферттер есебінен 510,6 мың шаршы метр комму­нал­дық тұр­ғын үй немесе 6184 пәтер пай­да­лану­ға берілді. Бұл тапсыр­ма­ның 129 па­йы­зын құра­ды. Осы жыл­дар ішінде 2236,2 мың шар­шы метр несиелік тұрғын үй немесе 25472 пәтер пай­да­ла­нуға берілді. Сөй­тіп, 2005-2007 жыл­дар­да­ғы мемлекеттік бағдарлама өзінің тұрғын үй құ­ры­лысын дамы­ту­ды ынталандыру жө­нін­дегі басты мақ­сатын артығымен орындады. Халық мүддесі үшін қабыл­дан­ған 2005-2007 жыл­дар­дағы ал­ғаш­қы мемлекеттік бағдарламаның та­быс­ты жү­зе­ге асуына байланысты Елба­сы 2007 жыл­ғы та­мыз айында Қа­зақ­стан Рес­пуб­­ликасының 2008-2010 жыл­дарға ар­нал­­ған жаңа мем­лекеттік бағ­дар­ла­ма­сын бекітті. Ел эконо­ми­касының қар­­қынды дамуы және мем­лекеттік қол­дау­дың нәти­же­сінде бұл бағ­дар­ла­ма да ой­дағы­дай іс жүзіне асы­рылды. Осы мемлекеттік бағдар­лама ая­сында 19,7 миллион шаршы метр тұр­ғын үй іске қосылды. Әлемдік қаржы дағдарысының құр­сауына түскен үлескерлер мүд­де­сін шешу үшін Мемлекет бас­шы­сы бұрын-соңды ешқандай елдің тари­хында бо­лып көр­меген үлес­кер­лік құрылыс са­ла­сына мемлекет та­ра­пы­нан қаржылық қолдау көр­сетуге тап­сыр­ма берді. Сөй­тіп, мем­лекет елі­міз­дің үлескерлерін қол­­дау үшін құ­ры­лыс саласына 453,017 миллиард тең­ге қаржы бөлді. Міне, осындай шынайы қамқорлықтың нәти­же­сінде 2011 жылдың соңына дейін еліміздегі үлес­кер­лер пробле­ма­сы то­лық шешімін табады деп күтілуде. Тәуелсіздік берген игілікті же­тіс­­тік­теріміздің ар­қа­сында алда­ғы уа­қыт­та да тұрғындардың тұр­мыс жағ­дайын жақсарту мақ­сатын­дағы ма­ңыз­ды сала – тұрғын үй құры­лы­сын­дағы қарқын­ды даму үрдісі одан әрі жалғасатын бо­лады. Осы ретте айта кететін тағы бір ма­ңызды мәселе, Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы қарсаңында агенттік бас­­та­ма­сымен қолға алынған еліміздегі тұр­ғын үй-ком­муналдық ша­руа­шылығын (ТКШ) реформалау болып табылады. ТКШ-ны реформалау бағ­дарламасы 2020 жылға дейінге белгіленген. 10 жыл ішінде елі­мізде бар­лық қаржы­лан­дыру көз­де­рі бо­йын­ша 81 мың шақы­рым жылу­мен, электр­мен және газбен жабдықтау жүйелері қалпына келтіретін бола­ды. Яғни, елі­міздегі коммуникация жүйесінің 50 пайызы қайта құрылады. Бағдарламаның тағы да бір ма­ңыз­ды бөлігі тозы­ғы жеткен көп қа­батты тұрғын үйлерді күрделі жөн­деуден өткізу болып табылады. Статистика агент­тігі­нің дерегі бойынша бүгінде Қазақстанда көп қабатты үйлердің үштен бір бөлігі күрделі жөндеуді талап етеді. Он жыл ішінде елімізде осы бағдарлама аясын­да 11624 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіледі. Сөй­тіп, тұр­ғындарымыздың қолайлы да сәулетті тұрғын үйлерде өмір сүруі­не қол жеткізілетін болады. Міне, бүгінде еліміз өз Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдық тор­қалы то­йын қарсы алу қарсаңында тұр. Осы жыл­­дар ішінде Қазақстан әлеу­мет­тік-экономикалық даму жағы­нан кешегі кеңестік кеңістіктегі елдерден көш озық шықты. Алда бұдан да биік асуларды алатынымызға сенім мол. Ел мерекесі мерейлі болсын!

Серік НОКИН, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі агенттік төрағасы.

ҚАРҚЫН ҚУАТТЫ, САПА СЫНДАРЛЫ

«Ой-хой,  менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дегендей, баспана мәсе­ле­сі қашанда өзекті болып келеді. Кеңес одағы тарап, еліміз егемендік ал­ғаннан кейін де бұл мәселе күн тәр­ті­бінен түскен емес. Еліміз жоспарлы экономикадан нарықтық қаты­настарға көшкен алғашқы жылдары кәсіп­орын­­дар­да қаржының  және бюджеттік  ин­вес­ти­цияның болмауы сал­дарынан  бар­­лық көп қабатты тұрғын үйлердің құры­лысы тоқтады. Жаңа тұрғын үй қа­ты­нас­т­арының өмірге келуі бұл пробле­маны шешудің жаңа басымдықтары мен әдістерін алға тартты. Жылдар бойы кезекке тұрып, мемлекет есебі­нен салын­ған тұрғын үйлерден тегін баспа­наға ие болудан нарықтық   шартпен сатып алу­ға  көшуге тура келді. Бұл тұрғын­дар­дың  әлеу­мет­тік аз қамтылған то­бын және бюджеттік сала қызмет­кер­лерін тұ­йыққа тіреді. Жыл өткен сайын тұр­ғын үй құры­лысы­ның көлемі кеми бас­тады.  Мыса­лы, 1991 жылы облыста 257,0 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілсе, бұл көрсеткіш 1998 жылы 76,3 мың шар­шы метрге дейін азайды. Шыны керек, бұл ба­ғытта 1999  жылдан бастап коммер­ция­лық тұр­ғын үй құрылысын дамыту есебінен алға басушылық болды. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жол­дауында жаңа тұрғын үй саясатын жариялады. Үкімет Жолдауда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасында 2005-2007 жыл­дар­ға арналған тұрғын үй құ­рылысын дамыту бағдарламасын қабылдады. Бағдарлама құрылыс саласының осы бағытын дамытуға серпін берді. Бағдарлама аясында коммуналдық және несиелік тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Тұрғын үй салынатын аудандардағы инженерлік және коммуникациялық жүйелерді жүргізу­ге инвестиция қаралды. Бұл коммерциялық және жеке тұрғын үй құрылысының дамуына алғышарт жасады. Облыста 2004 жылы 102,3 мың шаршы метр тұрғын үй  іске қосылса, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған ал­ғашқы жылы ол 296,8 мың шаршы метрге жетті. Облыста 2006 жылы 420,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан кейін 2008-2010 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдар­ламасы қабылданды. Осы екі бағ­дарлама жүзеге асырылған алты жылда өңірде барлық қаржылан­дыру көздері есебінен 2,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­лануға беріліп, 20,0 мың отбасы баспаналы болды. Бір сөз­бен айтқанда, тәуелсіздік жылдарында об­лыс­та 4,3 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Үстіміздегі жылы 2011-2014 жылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бас­тады. Соңғы жылдардағы тұрғын үйлерді жос­пар­лауды жетілдіру, жаңа озық технологияларды, са­па­лы құрылыс материал­дарын, құрастырмаларды пайдалану  есебінен олардың қолайлылық деңгейі жоғары болып отыр. Тұрғын үй құрылысын да­мыту­ды мемлекеттік қолдау бұл бағыттағы жұмыс қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Үстіміздегі жылы 335,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пай­да­лануға беру жоспарланған болатын.  Биыл да об­лыс­та тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргі­зі­луде. Бұған облыстың экономикалық серпінді дамуы мен өңірде арзан да сапалы құрылыс  материал­дары­ның көптеп өндірілуі берік негіз қалап отыр. Үстіміздегі жылғы он айда барлық қаржыландыру көздері есебінен 310,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп,  2027  отбасы баспаналы бол­ды. Осы кезеңде тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздерінен 19,8 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 122,2 пайыз болады. Үстіміздегі жылы тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы 26,1 мың шаршы метр тұрғын үй са­лы­нып 393 пәтер пайдалануға беріледі деп көз­делуде. Қазір 129, 96 және 168 пәтерлі үш то­ғыз қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып кел­ді. Бұл тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүр­гі­зілуде, олар Тәуелсіздік тойына тарту етілмекші. Жыл аяғына дейін жылдық жоспардағы 335,5 мың шаршы метр орнына 408,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көз­делуде.  Бұған толық негіз бар. Барлық са­лы­нып жатқан тұрғын үйлерде жұмыс қар­қын­ды жүргізілуде. Елімізде алғашқы рет облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған көп қабатты тұрғын үй салу қолға алынды. Бұған дейін 33  пәтерлі осындай тұрғын үй іске қосылған бо­ла­тын, биыл тағыда 40 пәтерлі тұрғын үй пай­да­лануға берілді. Бұл үйлерде қоларбамен көтерілу­ге жағдай жасалған, пәтерлер де, бал­кон­дары да қол арбамен қозғалуға ыңғайлы, кең. Мүгедек жан­дарға басқа да игіліктер қарас­ты­рылған. Тұрғын үй құрылысын дамыту аудандарда да басым бағытқа ие болуда. Алайда, бола­шақта миллион тұрғыны бар шаһар дәрежесін алуға бағыт ұстаған Ақтөбе қаласында айрық­ша қарқынды дамуда. Облыс орталығының «Батыс-2» және «Ақтөбе-Сити» шағын аудан­дарында болашақта тұрғын үй құрылысы қар­қынды дамитын болады. Әсіресе, 300 мың тұрғын болатын «Ақтөбе-Сити» шағын ауда­нының болашағы зор. Бұл ауданды шағын қала деуге де болады. Мұнда қазірдің өзінде ин­же­нерлік-коммуникациялық жүйелер жүр­гізілу­де. Алдағы жылы тұрғын үй құрылысы басталады деп күтілуде.  Жалпы, облыста соңғы жылдары тұр­ғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған қар­қынмен жүргізілуде. Бұл әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нә­тижесі, облыс­тың экономикалық мүмкін­дігі­нің молдығы, халық­тың тұрмысының жақ­саруы деу орынды. Тәуел­сіздіктің 20 жылды­ғы­на осын­дай тың  табыстармен келе отырып, бұл қар­­қынды алда да төмендетпеу бағытында жүйелі жұмыстар жасала беретініне сенім мол. Қанат НҰРШИН, Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасының бастығы. Ақтөбе облысы.

БАҒДАРЛАМА ЖӘНЕ БАСПАНА

Кез келген дамыған елдің әлеу­меттік әлеуетін айқын­дай­тын басты көрсеткіш – пайда­ла­ну­ға берілген тұрғын үйлердің көлемі болса керек. Бұл ретте ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ке­зеңінде қол жеткізген жетістіктеріміз ауыз толтырып айтуға тұ­рар­лық. Тәуелсіз Қазақстан тұр­ғын­дарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында осы 20 жыл­дың шеңберінде тұрғын үй құ­рылысын дамытуға барынша басымдық беріліп келеді. Ха­лық­тың тұрмыс дәрежесін айқын­дай­тын осы бір маңызды саланың мәселелерін кешенді шешу мақ­сатымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен 2004 жылы еліміздегі тұр­ғын үй құрылысын дамыту­дың 2005-2007 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл мемлекеттік бағдарла­ма­ның басты мақсаты тұрғын үй құрылысының қарқынын кемітпеу, пәтерлердің бағасын төмен­де­те отырып, халқымыздың ба­сым бөлігін қолжетімді пәтер­лер­мен қамтамасыз ету, тұрғын үй несиелерінің мерзімін ұзарту, тұрғын үй несиелерін алу үшін төленетін алғашқы жарналардың көлемін және несиелердің став­ка­ларын төмендету болып табы­ла­ды. Мемлекет тұрғындардың ор­та табысты отбасыларын қол­жетімді пәтерлермен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйдің әр шаршы метрін 56 515 теңгеден аспайтын көлемде сатуды белгіледі. Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғындарға қолжетімді пәтер­лер­ді сату кезінде мынандай топ­тарға басымдық беру көз­де­лінуде: 1. Балалары бар жас отба­сы­ларға; 2. Мемлекеттік бюджеттен қар­жыландырылатын мемлекеттік ор­гандардың және мекемелердің қыз­меткерлеріне; 3. Әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметкерлерге. Мемлекеттік бағдарлама шең­берінде қолжетімді пәтер­лерге берілетін ипотекалық несие­лер­дің арнайы бағдарламасы қа­был­данды. Ипотекалық несиелеудің мынандай жеңілдіктеріне қол жеткізілді: сыйақы ставкаларының көле­мі – 9-10 пайыз; алдын-ала төленетін жарна көлемі – 10 пайыз; ипотекалық несиелер мерзімі – 20 жыл. Сөйтіп, Елбасының тікелей тап­сырмасымен Тәуелсіздік жыл­дары ішінде іс жүзіне асырылған екі мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламасы аясында елімізде тұр­ғын үй құрылысын дамыту және тұрғындарды қолжетімді пәтер­лер­мен қамтамасыз ету мақса­тын­да бұрын-соңды болмаған әлеу­меттік басымдылыққа қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жалпы көлемі 19,3 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пай­да­лануға берілді. Оның ішінде, 2005 жылы – 2,0 миллион шар­шы метр, 2006 жылы – 6,2 миллион шаршы метр, 2007 жылы 8,1 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында қол жеткізілген жетістіктерді ескере келіп, Мемлекет басшысы 2007 жылғы тамыз айын­да 2008-2010 жылдарға арналған жа­ңа мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламасына өмірлік жолдама бер­ді. Бұл бағдарлама бойынша да еліміздің аз қамтамасыз етілген тұрғындарына қолжетімді пәтерлер беруге басымдық берілген болатын. Тұрғындардың ба­сым­дық берілген топтарына жа­татын азаматтардың алдын-ала төлейтін жарналары болмай қа­ла­тындығын ескере келіп, бұл бағ­дарламада тұрғын үй құ­ры­лы­сы жинақ жүйесінің қаржысы ар­қылы несиелеу шарттары қа­рас­­ты­рылды. Тұрғын үй құры­лы­сы жи­нақ жүйелері арқылы несие алу­шылардың сыйақы став­ка­ларын 4 пайыздан асырмау белгіленді. Сөйтіп, 2008-2010 жылдар­да­ғы мемлекеттік бағдарлама шең­берінде еліміз бойынша 19,7 мил­лион шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Оның ішінде 2008 жылы – 6,9 миллион, 2009 жылы – 6,4 миллион, 2010 жылы 6,4 миллион ша­р­шы метр тұрғын үй құ­ры­лы­сы пайдалануға берілді. Елімізде қабылданып, іс жүзіне асырыл­ған екі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 1,5 миллион қазақстандық қолжетім­ді пәтер кілтіне ие болды. Елімізде қалыптасқан тұр­ғын үй құрылысын дамытудағы осы жетістіктерді одан әрі жал­ғас­ты­ру мақсатында 2011-2014 жыл­дар­ға арналған тұрғын үй бағ­дар­ламасы қабылданды. Бұл бағ­дар­лама бо­йын­ша мемлекеттік тұр­ғын үй құ­рылысын және ин­же­нер­лік-ком­му­никациялық инф­ра­құ­рылымдар са­лу­ды бюджет есебінен қаржы­лан­д­ыру, сонымен бір­ге мемлекет жеке-меншік әріп­­тестігін ынталан­дыру шаралары көзделген. 2011 жылы елімізде 6 миллион шар­шы метр тұрғын үй құрылысы пай­да­лануға берілмек.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

 

Дерек пен дәйек

• Тәуелсіздік жылдарында еліміздің тұрғын үй қоры ондаған миллион шаршы метрге ұлғайды. Тек 2005-2007 және 2008-2010 жылдары жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарлама шең­берінде 40 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. • 2005-2007 жылдардағы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 19,3 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен бөлінген 18,9 миллиард теңге қаржыға 510,6 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй салынды немесе 6184 пәтер кілті тапсырылды. • 2008-2010 жылдар аралығындағы мемлекеттік бағдарлама аясында 19,7 миллион шаршы метр тұрғын үй қоры іске қосыл­ды. Бағдарлама шеңберінде 468,9 мың шаршы метр коммуналдық тұрғын үй құрылысы немесе 6304 пәтер, сонымен бірге, 1395,7 мың метр несиелік тұрғын үй немесе 16734 пәтер кілті тапсырылды. • Елімізде 2006-2007 жылдары 3,3 мың шақырым инженерлік жүйелер, оның ішінде: 1476,7 шақырым энергиямен жабдықтау, 134,7 шақырым жылумен жабдықтау, 852 шақырым сумен жабдықтау жүйелері іске қосылды. 186,5 шақырым кәріз, 257,7 шақырым газ тарату желілері, 421,7 шақырым жол салынды. • 2008-2010 жылдары тұрғын үй құрылысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 118,241 миллиард теңге мақсатты трансферттер бөлінді. Осының нәтижесінде 2008-2009 жылдары 2332,1 шақырым электрмен жабдықтау, 139,8 шақырым жылумен жабдықтау, 872,7 шақырым сумен жабдықтау, 434,4 шақырым кәріз, 506,1 шақырым газ тарату желілері іске қосылды. 366,7 шақырым жол салынды. 2010 жылы 1264,8 шақырым электрмен жабдықтау, 54,0 шақырым жылумен жабдықтау, 391,1 шақырым сумен жабдықтау, 126,2 шақырым кәріз, 184,6 шақырым газ тарату жүйелері және 118,8 шақырым жол салынды. Тұрғын үй құрылысы саласын мемлекеттік қолдау 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында да жалғасын таппақ. Осы мақсатқа мемлекет тарапынан 120 миллиард теңге қаржы бөлінді. • Еліміздің тұрғын үй құрылысы саласында жүзеге асырылған екі мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде 1,5 миллион қазақ­стандық жаңа пәтерге ие болды. 2004 жылы елімізде әр адамға шаққанда 0,17 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есе артып, 0,43 шаршы метрді құрады. • Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілетін 2011 жылы елімізде 6 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп күтілуде. • Қазақстандық үлескерлердің мүддесін қорғау үшін 2007 жылдан бастап мемлекет тарапынан 453,017 миллиард теңге қаржы бөлінді. Міне, осындай игі қамқорлықтың нәтижесінде 2011 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық үлескерлердің проблемасы толық шешімін таппақ. • Елімізде 2020 жылға дейінгі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын реформалау бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама аясында 10 жыл ішінде елімізде 81 мың шақырым электр, жылу, су және газ тарату желілері жаңартылмақ. Ұзақ жылдардан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген 11624 көп қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізіледі.       

ҮЛЕСКЕРЛЕР ТҮГЕЛ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАЙДЫ

Мұхиттың арғы жағынан бастау алған қаржы дағ­дарысы нақты экономикалық салаларға да салқынын тигізді. Жаһандық экономикаға берік кіріккен тәуелсіз Қазақ­стан да одан сырт қала алмады. Қаржы дағда­ры­сы­ның алғашқы соққысы елімізде кең құлаш жайған тұр­ғын үй құрылысы саласына кері әсер етті. Әсіресе, елімізде күрт дамып кеткен үлескерлер қатысуымен салы­нып жатқан тұрғын үй кешендері тұралап қалды. Оған жауапсыз құрылыс фирмаларының да кері ықпалы болмай қалған жоқ. Сөйтіп, жиған-тергендерін жалғыз баспана алу үшін құрылыс фирмаларына құйған мыңдаған қазақстандық үлескерлер мүддесі тығырыққа тірелді. Мәселен, 2007 жылдың ІV тоқсанында елімізде салынып жатқан 450 тұрғын үй кешенінің 62889 үлескері күрделі жағдайға тап болды. Міне, нақ осындай қысылтаяң шақта Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен алаяқ­тар­ға алданған үлескерлерге мемлекеттік қолдау көр­сетудің кешенді шаралары белгіленді. Сөйтіп, 2007 жылдан бастап еліміздегі үлескерлер проблемасын шешуге мемлекет тарапынан 453,017 миллиард теңге қаржы бөлінді. Әлемдік қаржы дағдарысы әкелген қиындықтарға қара­мастан осы жылдар ішінде мемлекет тарапынан жасал­ған көмектің нәтижесінде 58 мың үлескердің мүддесін шешкен 410 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 2011 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 13650 үлескердің қатысуымен салынып жатқан 58 проблемалық нысан қалды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 2011 жылдың 1 қарашасына дейін тағы да 3848 үлескердің мәселесі шешілген 14 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Қазір елімізде 9802 үлескердің мүддесі шешілетін 44 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру міндеті тұр. Оның ішінде 16 нысан Астана, 15 нысан Алматы қалаларына, 13 ны­сан еліміздің басқа өңірлеріне тиесілі. Астана қа­ла­сындағы 3091 үлескердің қатысуындағы 16 тұрғын үй кешенін шешудің мынандай жолдары белгіленген. Бірінші, әкімдіктің пәтерлерді сатып алуы нәтижесінде 10 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан 49,792 миллиард теңге қаржы бөлінді. Екінші, «Жаңа құрылыс» ЖШС есебінен 1 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен тағы бір құрылыс кешені, құрылыс салушы­лардың өз есебінен 5 нысан пайдалануға берілмек. Осы­ның ­нәти­жесінде биылғы жылы астаналық үлескер­лер­дің проб­ле­ма­сы толық шешімін табады деп күтілуде. Алматы қала­сын­дағы 15 проблемалы нысанның тағды­ры мынандай жолдармен шешілмек. 1 нысан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ есебінен, 5 нысан құрылыс салушылардың өз есебінен, «Стресті активтер қоры» АҚ есебінен 5 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 нысанның тағ­дыры Қаржы министрлігінің мүмкіндігі жоқ борыш­кер­лермен жұмыс жөніндегі комитетінің қарауымен шешілмек. Ақмола облысындағы 1212 үлескердің қатысуы­мен са­­лынып жатқан 1 нысан, Алматы облысындағы 2089 үлес­кері бар 2 нысан, Ақтөбе облысындағы 80 үлескері бар 1 нысан, Жамбыл облы­сын­дағы 72 үлескері бар 1 ны­сан, Маңғыстау облысындағы 542 үлескері бар 8 нысан осын­дай тиімді шаралардың нәтижесінде толық шешім таппақ. Қорыта айтқанда, 2011 жылдың соңына дейін еліміздегі барлық үлескерлердің проблемасы шешімін таппақ. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай бұрын-соңды болып көрмеген қаржылық қолдаудың нәти­же­сінде елімізде ақшасын сала отырып пәтерсіз қалған бір де бір үлескер болмайды. Бүкіл қазақстандықтар жоғары көңіл-күймен қарсы алғалы отырған Тәуелсіздік тойы­ның тағы бір табысты тартуы осындай.

Жазира БУКИНА, Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің баспасөз хатшысы.

 

ОТБАСЫ БАҚЫТЫНЫҢ БАСТАУЫ

Бұл тұжырымның ақиқаттығын өмірдің өзі дәлелдеп келеді. Жеке баспанаң болып, балаларыңның қы­зығына кенеліп, өзіңмен-өзің өмір кешкеннен артық қуаныш жоқ. «Же­тім бұрыш» сағалаған кез келген отбасының берекесі болмай­тын­дығына көзім анық жетті. Мен Астана қаласына алғашқы лекпен келіп, өз бақытымды бас қаланың бо­лашағымен байланыстырған жас­тар­дың бірі болдым. 1998 жылы ел­ордада еңбек жолымды бастадым. Содан бергі жылдарда Музыка ака­д­емиясында, қазіргі Ұлттық өнер институтында еңбек етіп келемін. Өнер ұжымы болғандықтан ел­ор­­дамыздың мәдени өміріне біте қай­насып, күн сайын болып жата­тын үлкенді-кішілі шараларға ара­ла­сып, шабыттана жұмыс істейміз. Бү­гінде ұжымымыз бас қаланың басты өнер ордасына айналды десем, ар­тық айтқандық емес. Ұлттық өнер инс­­ти­тутының еліміздегі іргелі өнер шаңырағына айналуына же­текшіміз, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваның ең­бегі ерекше. Елі­мізге кеңінен та­ны­мал өнер са­ңыла­ғының бас­шы­лығымен біздің ұжым талай-талай әлем сахна­ларын­да Қа­зақстанның беделін асқақтатты. Мен Астана қаласындағы еңбек жолымды бастағанда пәтер кезегіне тұрған болатынмын. «Асық­па­ған арбамен қоянға жетеді» дегендей, ақы­ры жеке пәтер алу бақы­тына ие бол­дым. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында маған осындай қуа­ныш­ты хабар жетті. 13 жыл күткен пәтер кілтін алар кезде көңілім толқып, осындай күнге жет­кеніме өзімді ба­қыт­ты сана­дым. Міне, бас қала­мыз­да бой көтеріп ке­ле жатқан «Жа­ға­лау» атты жаңа шағын ауданнан өзіме берілген 2 бөлмелі пәтердің де табалдырығын аттадым. Бүгінгі құрылыс индус­т­рия­сының озық жетістіктерімен әрлендірілген 2 бөл­ме­лі пәтер ма­ған хан сарайындай кө­рін­ді. Қуа­ны­шымды отбасыммен бөлі­сіп, жа­ңа пәтерде қоныс тойын той­лау­ға дайындалудамыз. Мұндай өмірлік қуаныш мен сияқты қарапайым өнер сала­сы­ның қызметкеріне ел Тәуел­сіз­ді­гі­нің ар­қа­сында мүмкін болып отыр­ған­ды­ғын жете сезінемін. Бас қа­ла­мыздың ор­та­сынан осындай жеке пәтер алуы­ма мүмкіндік жаса­ған Елба­сы­на, Үкіме­ті­мізге және өзімнің өнер ұжы­мы­ма шексіз ризалығымды білдіремін. Мем­­лекет басшысы елімізде тұ­рақ­тылық пен тыныштық ны­ғая беретін болса, Қазақстанның ала­тын асулары асқаралы бола­тын­ды­ғын жиі айта­ды. Бұл нағыз өмір шың­дығы. Міне, осы ел бірлігінің және елі­міз­дің әлеумет­тік-эконо­ми­ка­лық дамуы­ның арқа­сын­да мың­даған қарапа­йым қазақ­стан­дықтар же­ке баспана алып, қо­ныс тойын той­лауда. Қуанышымыз қуа­нышқа ұласып, еліміздің мерейі әрқашан үстем бола берсін!

Айсұлу ӨСТЕМІРОВА, Ұлттық өнер институтының қызметкері.

Астана.

 * * *

МЕН – ҚҰРЫЛЫСШЫМЫН!

Мамандықтың жа­ма­­ны жоқ. Дегенмен, адамзат тарихында бү­гінге дейін белгілі бол­ған үш мыңнан астам маман­дық­тың ішінде құ­ры­лысшы ма­ман­ды­ғы­­ның алатын орны ерек­ше. Құрылысшы – өмір сәулетшісі. Сон­дық­тан өзім­нің құрылысшы бол­ға­ным­ды мақтан тұтамын. Мен бү­гінде Астана қаласының тұр­ғын үй құрылысы саласында жемісті жұ­мыс ат­қа­рып жатқан «Сәтті құрылыс» ЖШС-ның алғашқы құрылған күнінен бері еңбек етемін. 2004 жыл­дан бері осы құ­ры­лыс ұжы­мын­да талай тұр­ғын­дардың пә­тер кілтін алған қуа­нышты сәт­теріне куә болдым. «Сәтті құрылыс» ЖШС негізінен тұрғын үй кешендерін әр­лен­діру жұмысымен айна­лы­са­ды. Қаламызда бой көтерген «Абай», «Авиценна», «Олимп-Палас», «Дипломат», «Болашақ» және басқа тұрғын үй кешендерінде менің де қолтаңбам қалды. Қазір біздің құрылыс фирмасы «Жағалау» атты жаңа шағын ауданның тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Күні кеше боз жусан тербетілген жа­зық далада бірнеше көп қа­батты тұрғын үй бой көте­ріп, болашақ шағын ауданның сәу­леті ашыла түсті. Мен осы құ­ры­лыс фирмасында еңбек ете бастаған жылдар ішінде бірнеше құрылыс маман­ды­ғын игердім. Қазір ағаш шебері болып еңбек етемін. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланар қарсаңында «Сәтті құ­ры­лыс» фирмасы тағы бір көп қабатты тұрғын үй құры­лысын пайдалануға бермек. Жүз­деген астаналықтар жаңа пәтер кілтін алатын уақыт та алыс қалған жоқ.

Артықбай АЖДАРОВ, «Сәтті құрылыс» ЖШС құрылысшысы.

______________________________________________

Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.