• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

«Ең бастысы – Заң шеңберінен шықпау»

351 рет
көрсетілді

Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы, генерал-полковник Қайырбек СҮЛЕЙМЕНОВ:

 «ЕҢ БАСТЫСЫ – ЗАҢ ШЕҢБЕРІНЕН ШЫҚПАУ»

– Қайырбек Шошанұлы, ел Тәуелсіздігінің 20 жылында құ­­қық қорғау саласында көптеген жұмыстар атқарылды. Дей тұр­сақ та, қоғам үшін ең қауіпті дерт сыбайлас жемқорлық бо­лып қалып отыр. Осы бір жегі құртты жоюдың жолы жоқ болғаны ма?

– Жемқорлық деген дертпен бұрынғы Кеңес Одағының барлық елдері ауырады, жемқорлық Ресейде де кеңінен тараған, соның ішінде Қазақстанда да бар. Бірақ ең қауіптісі – жемқорлық туралы жақ ашпау. Қазақта «Ауруын жа­сырған өледі» деген сөз бар. Жемқорлық туралы ашық айту­дың өзі – біздің үлкен жеңісіміз. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын Президент Н.Назар­баев­тың өзі нақты белгілеп беріп отыр. Ендігі міндет – мұндай келеңсіз құбылыспен аянбай кү­ресу. Бірақ, жемқорлықты ешқа­шан нарықтық экономикамен бай­ланыстыруға болмайды. Керісінше, нарықтық экономиканы да­мы­ту, шағын және орта бизнесті жетілдіру – жемқорлыққа қарсы күрестің кілті. Жеке меншік иелері көбейген сайын жемқорлық азая­ды. Өйткені меншік иесі «жо­ғарыдан шатыр болуға», заңды­лықты бұзуға мүдделі емес.

Қазір елімізде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қыруар жұмыс­тар атқарылып жатқанына қара­мас­тан, министрліктер мен ведомстволар басшылары, облыс, аудан әкімдері жемқорлыққа қар­сы күреске білек сыбана кірісе алмай отыр. Әрбір басшы өзі басқарып отырған буындағы жем­қорлықты жоймай айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу қиын. Сон­дықтан ең алдымен мемлекеттік органдар басшыларына деген та­лапты күшейту керек. Сондай-ақ мен мемлекеттік органдардағы жемқорлықтың басты себептердің бірі – басшылардың маңайына жи­нақталған команда дер едім. Мысалы, бір облыстың әкімі, оның аппараты Елбасының алға қойған міндеттерін орындау жо­лында өз әлінше жұмыс істейді. Ал, енді осы облыс басшысы кетіп, орнына басқа әкім келсе, ма­мандардың жақсы жұмыс істейтініне қарамастан бәрін босата бастайды. Олардың орнына келген мамандар өздерін алып келген әкімнің орынтақта үш-төрт жыл ғана отыратынын сезінгендіктен де шөптің басын шалып қана ең­бек етеді. Сондықтан бұл үрдіске тоқтау қою керек. Әрине, әрбір басшы өзіне команда жинауға құ­қылы. Бірақ бір басшы менеджерін, бірнеше көмекшісін, бір саясаткерді өзімен бірге алып жүрсе жеткілікті емес пе. Басшылықтың 60 пайызын ауыстыру деген, бұл енді бассыздық. Біз ең алдымен осыған нүкте қоюымыз керек.

Мен Қазақстанда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы аяусыз күрес жүріп жатқанына қуанамын. Президент Н.Назарбаев жемқорларға ешқандай аяушылық болмайты­нын баяғыда айтқан. Елбасының ол сөзі нәтижесіз де емес. Мыса­лы, соңғы жылдары қызмет ба­бын пайдаланып, жемқорлыққа ден қой­­ғандардың қаншасы торға түсті.

– Сіз министр креслосынан кеткеннен кейін Қазақстанның ішкі істерін погонсыз министрлер басқарды. Бұл халықтың арасын­да «осындай ең маңыз­ды буынды басқару үшін генерал болудың қажеті де жоқ екен» деген пікір тудырды...

– Күш құрылымдарын погон­сыз адамдар басқару тәжірибесі батыс мемлекеттерінде бұрыннан бар. Ал Қазақстанда бұл тәжі­ри­бені қолдану айтарлықтай жемісті бола қойған жоқ. Бірақ олардың әрқайсысы Ішкі істер министрлігін басқаруда өздерінің жақсы басқарушы екенін таныта білді. Егер күш құрылымдарын погон­сыз министрлер басқарса, оның орынбасарларының, айналасын­дағы погондылардың жауапкерші­лігі арта түседі. Әрине, министр­дің тергеу изоляторына барып жауап алуы, жедел жұмыстарға ара­ласуы міндет емес. Ең бастысы, осындай жауапты саланың жұ­мысын ұйымдастыра алуы. Ме­нің­ше, Ішкі істер министрлігін по­гонсыз-ақ басқарған үш министр де осы деңгейден табыла білді. Бірақ, Президенттің Ішкі істер министрлігі лауазымына кәсі­би полицейді отырғызуына қарап-ақ, көп тұжырым жасауға болады. Бізде қашан күшті азаматтық қо­ғам орнайды, қашан құқық қорғау органдарының жұмысы ашық бо­ла­ды, қашан мықты кәсіби кадр­лар өзегі қалыптасады, сол кезде погонсыз министрлер тағайын­дау­ға болады деп ойлаймын.

Бізде әлі күнге дейін бірінші адамның рөлі өте зор. Мысалы, барлық бағынышты адамдар жа­уапкершіліктен қорқып, сол бірінші адамның пәрменін күтіп оты­­рады. Бұл жағдайда әрине сол пәрмен беретін адамның кәсіби маман болғаны абзал. Егер ол тек «әкел-әкел» деген ұстаныммен жұмыс істесе, онда бағыныш­ты­ла­ры на­ғыз керек нәрсені бере алмайды. Керісінше, өздеріне қо­лайлы нәр­сені береді. Ең қауіп­тісі, бірінші басшыны алдау бас­талады. Өзінің кәсіби тәжірибе­сіз­дігінен ол бас­шы дұрыс шешім қабылдай алмайды.

Погонсыз министрлер бір қыз­меттен бір қызметті артық қойып та тәжірибе жасап көрді. Менің ойымша, полиция қызметінде «ту­ған ұл немесе өгей ұл» деген ұғым болмауы керек. Бұл кадр­лардың бір қызметтен бір қыз­метке жүгіруіне, олардың арасын­да абыржушылықтың тууына әке­ліп соғады. Соңғы жылдары жедел-тергеу аппаратының босаң­сып кеткені байқалады. Ал бұл қалай айтқанда да ішкі істер ор­ганындағы ең басты құрылым. Прокуратураны кәсіби прокурор, сотты кәсіби сот, ал, полицияны кәсіби полицей басқаруы керек. Қауіпсіздік қызметінің басшы­сы­ның керемет жедел қызметкер бол­мауы мүмкін, бірақ міндетті түрде үлкен беделге ие саясаткер болуы керек. Айналасындағы оқи­ғаларға талдау жасай алатын тәжірибесі болуы керек.

Қазіргі министр Қалмұхамбет Қасымов – нағыз өз орнына келген адам. Ол – жедел уәкілден бас­тап ішкі істер органының бар­лық са­ла­сынан өткен маман. Абай ата­мыз айтқандай, «кетігін тауып қа­ланған кірпіш» қана берік тұрады.

– Соңғы уақытта Қазақстан аумағында орын алған жағдай­лар ішкі істер органдарына қа­расты арнайы қызметтердің жұ­мысын жетілдіре түсуді қа­жет ететінін байқатқандай.

– Рас. Сіздің айтайын деп отырғаныңыз менің соңғы кезде аталған құрылым туралы баспа­сөз­дерде жарияланып жүрген сұх­баттарымдағы ой ғой. «Сұңқар» мен «Бүркіт», «Арлан» – ең қауіпті қылмыс ошақтарын жою үшін арнайы дайындалған құры­лымдар. Алматы қаласындағы қыл­мыстық оқиғаларды айтпа­ған­да, жақын жылдардағы ең аты­шулы оқиға Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінен қашқандар мен Ақтөбедегі оқиға, кешегі Тараз­да­ғы қанды қырғын кезінде арнайы мақсатқа пайдаланатын жау­ын­гер­лердің қылмыскерлердің оғы­нан қаза тапқандары да, жара­лан­ғандары да болды. Бұл жауын­гер­лер тарапынан оқыс оқиғаларға дайындықтың осал екенін көрсе­теді. Тіптен олардың қылмыскер­лерді ұстау кезіндегі қимылдары­на да көңіл толмайды. Дәл қазіргі кезде арнайы мақсаттағы жауын­герлерді дайындауға ешқандай кедергі жоқ. Жеткілікті қаражат та бөлінеді, жағдай да жасалады. Десек те, полиция қызметкерлері тарапынан қаза табатындар қай кезде де болған. Полиция қызмет­кері бір жағдайда қылмыскер­лердің күтпеген шабуылынан қаза тапса, екінші жағдайда өздерінің кәсіби сауатсыздығынан да қаза тауып жатады. Қылмыскерлерді ұс­тауда тек қарудың ғана көме­гіне сүйену жеткіліксіз. Мысалы, мен өз басымнан өткен бір ғана оқиғаны айтып берейін. Ішкі әскер қолбасшысы болып тұрған кезімде Павлодарда бір әскери қызметкер автоматпен дүкен са­ту­шысын кепілге алды. Жергілікті жердегі полиция басшылығы бар­лық шараны қолданғанмен солдатпен келісімге келе алмай, енді шабуылға көшуді жоспарлап жат­ты. Сол кезде мен Астанада өзім­нің кабинетімде отырып, түн жа­рымында дезертирмен телефон арқылы сөйлесіп, келісімге келдім. Қатты күйзеліс жағдайын­да­ғы жауынгер менімен әңгімелесіп тұрып, өз еркімен қаруын таста­ды. Ал қылмыскермен менің тікелей сөйлесуімнің өзі мергендер мен шабуылшыларға үлкен сабақ болды.

Күтпеген жерден орын алған қылмыстық оқиға кезінде көбіне жол полициясының қызметкер­лері зардап шегеді. Мысалы, Таразда тура солай болды. Оның себебі – жол полициясының кез келген уақытта саптан табылуы. Ал мұндай оқиғалар кезінде жа­ңағы арнайы қызметтерді дабыл бой­ын­ша көтеріп, олар жиналып оқиға орнына келгенше уақыт кетеді. Мен мынандай ұсыныс айт­қым келеді – облыс орталықта­рында, ірі қалаларда арнайы мақ­саттағы құрылымдардың тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру керек. Егер кеше Таразда мұндай оқиғаларға дайындығы мықты «Сұңқар» немесе «Арлан» араласса, мүмкін қайғылы оқиға болмас па еді.

– Қайырбек Шошанұлы, ең қорқыныштысы, терроризмнің шеті бізге де жетті. Басқаны айт­пағанда, кеше ғана Таразда жә­не Боралдайда болған оқи­ғалар адамдар санасында үлкен алаң­даушылық тудырып отыр...

– Бұл жағдайларға толық баға беру – мен үшін қиындау. Өйткені мен де сіздер сияқты оқиғаның ба­рысын баспасөзден ғана бақы­лап отырмын. Тек мен осы оқи­ғалардың неден тамыр алғанын ғана айта аламын. Ол – біздің қо­ғамымыздың жедел исламдануы. Сондай-ақ, мұндай оқиғалардың тағы бір себебі – Қазақстандағы әртүрлі мұсылмандық ағым өкіл­дерінің заңға қарама-қайшы әре­кет­тері. Олар заң тыңдамайтын мұсылмандар арасында өздерінің беделін көтеру үшін де осындай әрекеттерге баратын сияқты. Ал Қазақстан – өзін мұсылман әле­­мін­де тұрақты мемлекет екенін дә­лелдеген ел. Сондықтан да біздің елде терроризмнің жаппай дамуы­на алғышарт жоқ деп есептеймін.

Бір өкініштісі, бізде мұсыл­ман­дар ұстанатын діннің маңыз­ды­лығы орыс тілінде насихаттал­майды. Қазір адамдардың ислам дінін терроризммен байланысты­руына ең басты себеп – осы. Сондықтан мен еліміздегі барлық ардагерлер атынан Қазақстан хал­қын сабырлы болуға шақырамын. Өсектің өртіне май құйатындар­дың тұзағына түсіп қалмайық дегім келеді.

– Жаңа қабылданған заңға байланысты құлшылық ететін бөлмелерді, түзеу мекемелерінде мешіттерді жабу дегенге қалай қарайсыз?

– Мәселе заңда емес. Бұл заң еліміздің Конституциясына сәй­кес қабылданды. Конституцияда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені анық айтылған. Бірақ әлі күнге дейін халыққа зайырлы мем­лекеттің қандай мемлекет екенін түсіндірген жоқпыз. Зайырлы мемлекет дегеніміз дін мемлекеттен бөлек деген сөз. Олар ын­ты­мақтастықта жұмыс істейді, бірақ бірігіп кете алмайды. Дін мемлекеттік болса, онда ол мемлекет зайырлы емес, теологиялық мемлекет болады. Сондықтан да бізде мемлекеттік органдарда құлшы­лық ететін орындар болмауы керек. Бірақ, қоғамдық ұйымдарда ашылса, оған ешкім тыйым сала алмайды. Құдайға құлшылық жасайтын орын – мешіт. Кезінде бізде республика бойынша бар-жоғы 68 мешіт болса, қазір олар­дың саны 5 мыңнан асады. Егер құдайға құлшылық жасағың келсе, мұсылманның бес парызының бірі – намазыңды қаза қылғың келмесе, орын табасың. Мемлекеттік органдардың ішінен арна­йы намазхана талап ету орынсыз. Бірақ, мен жабық мекемелерде құлшылық ететін орынның бол­ғанын қолдаймын.

Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде ішкі істер органдарын мате­риалдық-техникалық қамтамасыз етуде, кадрлар даярлауда қыруар жұмыстар атқарылды. Бұл шаралар болашақта елде құқық тәр­тібін нығайту ісіне берік негіз қа­лайды. Ал қазақстандық полицей­лердің, пайдалана білсе, заман та­лабына сай биіктен көріне алар­лық мүмкіндіктері мол.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ, арнайы «Егемен Қазақстан» газеті үшін.