• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

«Ақ алтынға» айрықша үлес қосқан корпорация

282 рет
көрсетілді

Елдің экспортқа шығаратын бидайдан кейінгі ауылшаруашылық өнімі – мақта. Ал әлемде мақта егумен айналысатын 60-тан астам мемлекет бар. Соның ішінде Қазақстан өнімнің көлемі жағынан қазір 17-ші орында тұр. Бұл мақта өні­міне мемлекет баса назар аударғандығының нә­ти­жесі. Мәселен, былтыр мемлекттік бюджет арқылы, нақтылап айтқанда, жүз пайыз акциясы мемлекеттікі боп табылатын «Азық-түлік келі­сім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы мақта ша­руашылығына қаржы бөлінді. Акционерлік қо­ғам 120 мың гектар жерге мақта егетін Мақта­арал және Шардара аудандарына 2,5 миллиард теңге жеңілдетілген қаржы бөлді. Шаруалар мақтасын жинап алған соң «Қазақстан мақтасы» АҚ-қа қарайтын мақта өңдейтін зауытқа мақ­та­сын өткізеді, сосын барып көктемгі егіс уақы­тын­да пайдаланған қаржыны қайтара жатады. Мақта өнімі саласындағы мұндай маңызды жобалар әріректе басталған. Нақтылай кетсек, Қазақстан Үкіметінің 2005 жылғы 19 тамыздағы «Тоқыма өнеркәсібі» қанатқақты кластерін да­мытудың кейбір мәселелері ту­ралы» қаулысына сәйкес, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-тың жүз пайыз қатысуымен «Мақта келісім-шарт кор­по­рациясы» АҚ құрылған болатын. Компания еліміздің мақта өңдеу өнер­кәсібін дамыту және тоқыма өнеркә­сі­бін тұрақты түрде мақта талшығымен қамтамасыз ету стратегиялық бағыт­та­рын міндетіне алған. Мақта талшығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру мақсатында, компания халық­ара­лық стандарттарға жауап беретін қазіргі заманғы технологияларды енгізуге күш салуда. Кәсіпорын аз жыл ішінде заманауи талаптарға жауап бере алатындай өндіріс орны болып үлгерді. Кәсіпорынның жұмыс істеуі мақта саласындағы тауар өндірушілердің, өң­деушілердің материалдық-техникалық ре­сурстарға деген сұраныстарын жоға­рылатып, басқа да салалардың ілгерілеуі­не ықпал жасайды. Осы жобаларды ор­ындау барысында заман талаптарынан шығатын, қуаты жылына 60 мың тон­наны құрайтын жаңа мақта өңдеу за­уыты іске қосылды. Жаңа зауытты құру мақсаты бағаны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығына инвестицияларды тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрақты баға қалыптастыру секілді негізгі мәселелерді шешуді көздеген еді. Расында, бұл соңғы жылдарда мақта өндірісіне айтарлықтай серпін берді. Мақта өнімдерінің өндірілетін басты орны Оңтүстік Қазақстан облысы екені әмбеге аян. Сол үшін осы облыста мақ­та-тоқыма кластерін одан әрі дамытуды көздеп «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-тың басқарма төрағасының 2007 жылғы шешімімен «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ ұсынған ин­вес­­тициялық жобалар мақұлданған. Нақ­ты айтар болсақ, сортты мақта тұ­қым­дары өндірісі бойынша зауыт құры­лысына бюджет есебінен 2008 жылы 1 700,4 млн. теңге, Май экстракциялық зауыт құрылысына 2009 жылдың есебінен 2 833 млн. теңге, Оңтүстік Қазақ­стан облысында машина-технологиялық және жөндеу бекетін құруға 2010 жылы 1 794 млн. теңге, мақта талшығын терең өңдеу бойынша фабрика құрылысына 2010-2012 жылдары бюджет есебінен 3 787 млн. теңге бөлу қарастырылған. Қазіргі таңда «Қазақстан мақтасы» АҚ-тың «Мақта келісім-шарт корпора­циясы» АҚ жарғылық қорындағы үлесі 75% құрап отыр. Ал қалған 25% акциялар мақта өндіруші шаруа қожалықтары арасында сатылады деп жоспарлануда. Сонымен, Оңтүстік Қазақстан облы­сында бүгінде бұл өніммен Шардара, Мақтаарал аудандары ғана емес, оң­түстік аймақтың басқа аудандары да айналысады. Соңғы он бес жылда ОҚО-да мақта өсіретін алқаптың көлемі екі есе­ге кеңейді. Қазіргі таңда мақта өнді­румен облыста 45 мың шаруа қожалық­тары шұғылданады. Халықаралық мақта кеңесі коми­те­тінің мәліметінше, дүние жүзіндегі 70-тен астам мақта шикізатын өндіруші мемлекеттердің арасынан тоғыз мемлекет диқандарға қолдау көрсетеді екен. 2010 жылдың көрсеткіші бойынша Қа­зақстан, Қытай, Түркия, АҚШ, Үнді­стан, Мексика, Болгария мемлекеттері ша­руа­ларға көмек көрсеткен алдыңғы орын­дағы елдер саналған. «Азық-түлік келі­сім-шарт корпорациясы» АҚ сияқты ком­паниялар арқылы мақта саласын­да­ғы мемлекеттік қолдау мыналарды қам­ти­ды. Олар – тыңайтқыштардың бағасын төмендету, су шаруашылығын қолдау, жанар-жағармайды субсидиялау, өсімдік қорғау, тұқым өндіруді қолдау, мақта шикізатын және мақта талшы­ғына сараптама жасау жұмыстары. Мақ­та өндірісін қолдау жылдан-жылға жақ­сарып келеді. Мәселен, жоғарыдағы және басқа да шараларға 2005 жылы 3 млрд. 243 млн. теңге бөлінсе, 2010 жылы 5 млрд. 403 млн. теңге бөлінді. Осының өзі-ақ уақыт өткен сайын мақ­таға деген мемлекеттік маңыздың артып отырғанын білдіреді. 2000 жылға дейін елімізде аудандас­тырылған мақта сорттары болған жоқ. Себебі, кеңестік кезеңде еліміздің мақта шаруашылығына қатысты ғылыми-зерт­теу жұмыстары іргедегі Өзбекстанға тәуелді еді. Сол үшін ұзақ уақыт көрші елдің мақта сорттарын егіп келген едік. Ал 2000 жылдан бастап Үкіметтің қол­дауымен жергілікті топырақ-климат жағ­дайына лайықталған, ылғал мен сор­таңға төзімді, бұрынғылармен салыс­тырғанда суды 35-36 пайызға кем талап ететін, 110-115 күнде пісіп үлгеретін, мол өнімді, «менмін» деген шетелдік сорттардан қалыспайтын, әлемдік кез келген мақта сортымен бәсекеге түсе алатын 10 жаңа сорт шығарылды. Осы орайда, қазақ мақта шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты селекционер­лерінің қажырлы еңбегін айта кету керек. Сонымен қатар 2009 жылы «Қаз­Агро» АҚ Мақтаарал ауданында рес­пуб­ликадағы барлық мақта өндіретін шаруашылықты жоғары сапалы тұқым­дық шитпен қамтамасыз ететін жаңа зауытты іске қосқан болатын. Мұндай шаруаларды мемлекет тікелей және жүз пайыз акциясы мемлекеттікі боп сана­латын Азық-түлік келісім-шарт корпо­ра­циясы сынды компаниялар арқылы да жүзеге асырып отырады. «Азық-түлік келісім-шарт корп­о­ра­циясы» АҚ секілді компаниялар арқылы мақта саласындағы мемлекеттік қолдау­дың тағы бір мақсаты – мақта өндірісіне инвестициялар тарту. 2006 жылы корпорация Мақтаарал ауданында АҚШ, Түр­­кия өндірісінің жаңа жабдықта­ры­мен қамтылған мақта өндіретін зауыт сал­ған. Шикізатты сатып алуға 7 мақта қа­был­дау пункті сатып алынды. Өткен жы­лы шаруалардан мақта шикізатының 37 мың тоннасы сатып алынды. Қазір шикізат қайта өндірілуде. Жоғары сапа­лы талшық экспортқа тасымалданып жатыр. Әлемдік бағаның өсуі немесе төмен­деуі Қазақстандағы мақтаның бағасына әсер етпей қоймайтыны анық. Бұл жа­ғын­дағы бағаны реттеу де оңайға соқ­пай­ды. Өйткені әлемдік баға мақта өні­міне және өзге де себептерге байланыс­ты өте құбыл­малы болып келеді. Мы­салы, былтыр әлемде мақта ерекше қым­баттады. 2009-2010 жылдары әлем­де мақта тапшылығы 16,4 миллион тюкті құраған. Бұл 2009 жыл­ғы мақта тап­шы­лығына да байланыс­ты болды. Ма­ман­д­ардың айтуынша соңғы 140 жыл­дан бері мұндай баға болмаған екен. Нью-Йорктегі континентаралық бир­­жада мақта фунтының бағасы 3,1 пай­ызға қымбаттап, 1, 2854 долларды құраған. Сол кезде мақта экспорты жақ­сы дамы­ған елдер мол пайдаға кенелді. Бұл өткен жылғы жағдай. Ал Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы мақта рыногындағы өз жұмысын мақта сатып алу бағасын бір тонна үшін 8-10 мың тең­геге жоғарылаудан бастаған. Қа­лып­тасқан әлемдік бағамен шикізаттың әрі қарай талшыққа қымбаттауы күрделі мәселе. Сондықтан, мақта өндірісінің тиімділігін арттыру үшін, өнімділікті жоғарылатып, қарқынды үдету қажет. Корпорация енді осындай келелі істерді атқарып жатыр.

  Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.