• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Ұлт күрескері

862 рет
көрсетілді

Қазақ халқының тарихында айрық­ша орны бар Алаш қозғалысы, Алаш пар­­тиясы, Алашорда өкіметі ұлты­мыз­дың ұлы қайраткерлерінің ірі іс-әрекеті мен кесек қимылының, аса ірі зияткерлік, кемел ой-санасының арқасында дү­ниеге келген еді. Олар тәуелсіздік үшін күресті. Қазақ халқын отарлық езгіде ұстаған Ресейдің патшалық билігінен де, сол биліктің бірден-бір заңды мұра­геріне айналған кеңестік жүйемен де алысып өтті. Алаш арыстары адам ба­ла­сының ой-сана көрсеткіші болып та­былатын бүкіл ілім-білім, ғылымынан хабардар еді. Олар бірнеше тілді мең­герген, көкіректері даң­ғыл, шын оқы­мыстылар еді. Алаш қай­раткерлерінің асқан білімпаздығы, нақты жағдайға байланысты туған стратегиялық және тактикалық жоспар, бағдар­ла­ма­лары ұлт­тық мүдденің асқаралы шыңына кө­те­рі­ле алғандығымен байланысты туған еді. Осынау ұлы тұлғалар қазіргі кезең­дегі әлем елдерінде жеке-жеке арналы сала­ларға айналған әлеуметтану, саясат, педагогика, мәдениеттану, өнертану, әде­­­би­еттану, лингвистика, математика, техни­ка, экономика, құқық және заң­тану, т.б. ғылым түрлерін теориялық әрі прак­ти­­калық тұрғыдан қалыптастырды. Олар ұшан-теңіз энциклопедиялық бі­лім­нің иелері еді, зияткерлік әлеуетін қазақ ел­інде қалыптасқан нақты жағ­дай­лармен тығыз қарым-қатынасқа орай пайда­ланып, стратегиялық және такти­ка­лық жоспарларының өзегіне айналдырды. 1917 жылғы ақпанда Ресей патшасы тағынан тайдырылғанда қанқұйлы им­пе­рияның қол астында болған түрлі ұлттар саяси бағдарламаларын жасап, тәуелсіздікке ұмтылды. Саяси көшбас­шы тұлғалар тарих сахнасына шықты. Алайда солардың жасағандарының еш­қай­сысын да Алаш партиясы жасаған тәуелсіздік бағдарламасымен, ал та­ны­мал қайраткерлерін Алашорданың ұлы қайраткерлерімен салыстыруға бол­май­тынын нық сеніммен айта ала­мыз. Бұл – нағыз шындық екендігіне көзіміз анық жетті. Осынау биікке Алаш зиялыларының көтерілуі, бәрінен бұрын, олардың ұлт­шылдық қасиеттерімен, ұлттық мүддені бірінші кезекке шығаруынан бастау алған еді. Алаш қайраткерлері ұлттық мүд­денің басты мақсаты тәуелсіз мемлекет құру екендігіне көз жеткізіп, қазақтың ғасырлар бойғы арманын жүзеге асыру үшін бүкіл қабілет-қарымын, қажыр-қайратын жұмсады. Оларды асқақ шың­ға көтерген, жігерлендіріп, намысын жаныған қазақтың бекзат болмысы, тектілігі, ақыл-ой әлеуеті еді. Яғни, халық оларға сенім артты, тарих сахнасына шығарды, олар халықтың сенімін ақтау­ға тырысты. Демек, бұл жайттан Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметінің басты идеялары халық мүд­десімен астасып, содан бастау алғанын, жалпыхалықтық қозғалысты білдіргенін көруге болады. Егер биылғы жылғы Тәуелсіздігі­міздің 20 жылдығы сияқты киелі де қа­сиетті мереке тұсында Қазақстан халқы кімге қарыздар, кімді қастерлеп, пір тұтуы керек деген сауалға жауап іздесе, ең алдымен, Алаш арыстарын еске ал­ып, тағзым етуі керек дер едік. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, ұлт көшбасшысы Н.На­зар­баевтың: «ХХ ғасырдың басында ұлт­тық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алады. Олар қоғамның түрлі тарапынан шыққандар, әрі ең алдымен дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қо­ғамында зиялы қоғам қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деген пікіріне ден қойсақ, осынау арыстар патша заманында да, кеңестік заманда да биік лауазымды қызмет атқарып, алқып-шалқып жүрулеріне болушы еді, олай етуге білімі мен біліктігі де, бай-қуат­тылық әлеуеті де жетуші еді. Алайда олар ұлттық мүддеге қызмет ету жолын таңдап алды. Бұл жолдың қатерлі екенін олар білмеп еді деуге болмас. Империялық пиғыл ел ішінен шыққан озық та азат ойлы зиялылардың көзін құртуға тырысатыны мәлім. Осы орайда мынандай сауалдар туындайды. Пат­шалық жүйенің құлағанына іштері аш­ып, қан жылаған ақ гвардияшылар да, өкімет құрып, қуатты күшке айнал­ған Колчак билігі де, сондай-ақ Қазақтың тәуелсіз ұлттық мемлекетін құру жо­лында әрекет еткен Алаш қайраткерлері де кеңестік билікке қарсы күреске шық­ты. Яғни, мақсат бір еді. Тек Колчак та, белгілі қолбасшылар бастаған ақ әс­керлер де патша билігін тарих сахна­сы­на қайта әкелуді өздерінің ұлы мақсаты деп білді, ал Алаш арыстары патшалық биліктің де, кеңестік биліктің де қазақ мүддесін тұншықтыратын зымияндық саясатын терең түйсінді. Кеңестік-боль­шевиктік жүйеге қарсы күресте бұ­лар ниеттес болса да, неліктен алаш қай­раткерлері ақ гвардия әскерінен қол­дау таппады? Жауап біреу-ақ, бұл жерде империялық пиғыл, ұлы орыстық шовинизм үстем болғаны өз алдына, олар Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүдде үшін көтерген идеяларынан қорқып, қауіптенген еді. Ал, кеңестік билік біраз мезгілден соң, А.Байтұрсыновтың өті­ні­шімен келісіп, Алашорда көсемдеріне кешірім жариялаған соң, қалың бұ­қа­раның сеніміне кіру үшін оларды түрлі салаларда (оқу-ағарту, экономика, заң, мәдениет, т.б) шебер пайдаланды. Өз мақсаттарына жетісімен-ақ түптің тү­бін­де олардың өздеріне қауіпті екенінен секем алып, бәрінің дерлік көзін құрт­ты. Аман қалғандары бақылауда болды. Егер Алаш қайраткерлеріне дейін де ұлт тәуелсіздігі туралы идея көтерген ірі тұлғалар бар екенін еске алсақ, олардан Алашордалықтардың айырмасы азат­тық идеясына кешенді тұрғыдан келулері еді деуіміз керек. Түйіндей айт­сақ, Алаш ардагерлерінің идеясы бү­гін­гі тәуелсіздігіміздің мықты іргетасы бола алды, қазақ қоғамындағы жаңғыру (ренессанс) үдерісіне айналды. Алаш зиялыларының осынау ұлы міндетін атқару ісінің басы-қасында бол­ған атақты тұлға – биыл туғанына 120 жыл толған Әлімхан Әбеуұлы Ермеков еді. Ол 1891 жылы қазіргі әкім­шілік-территориялық бөлінім бойынша Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай жеріндегі Бөріктас мекенінде дүниеге келген. Арғы-бергі тарихта Жидебай батыр, Қараменде, Шабанбай билер, сәл беріректе Ә.Бөкейханов, Нар­манбет, Күләш пен Манарбек, Аққыз, Мағауия Хамзин, Ө.Жәутіков, т.б. тал бесікте тербеліп өскен топырақта туған Әлекеңнің арғы атасы Жиынбай да, бергі атасы Ермек те ортасына сыйлы, ел билеген танымал жандар болған. Ермек Жиынбайұлы Омбы семинария­сын­да оқыған, өз елінде болыстыққа сай­лан­ған. ХІХ ғасырдың орта тұсында Құ­нанбай, Жанғұтты, Алшынбай, Ермек, т.б. Қарқаралы аға сұлтаны Құсбек Тәукеұлы өткізген кеңеске қатысқан, сонда округ жерінде жәрмеңке ашуға бастама көтергендердің бірі де Ермек Жиынбайұлы болатын. Атақты Қоянды жәрмеңкесі 1847 жылы ашылып, бір ғасырдай уақыт халыққа қызмет етті. Әлімхан Әбеуұлының қоғамдық-саяси, ағартушылық, ғалымдық қызметін ұқ­ып­ты зерттеген ғалым Қ.Өскембаевтың деректеріне сүйенсек, Ермек Жиын­бай­ұлы 1873 жылдар шамасында Құнан­бай­мен бірге Меккеге сапар шеккен, жолшыбай ауырып, Мединеге жетісімен қайтыс болған. Өз елінде болыс бол­ған, Семей гимназиясының түлегі Әбеу де танымал азамат болыпты. Әбеу­дің Әмірхан, Әлімхан, Әлихан ат­ты үш ұлы, екі қызы бар екен. Дәмеш атты қызы қазақтың көрнекті перзенті Темірбек Жүргеновке тұрмысқа шыққан. Міне, осындай текті де бекзат от­басынан шыққан Әлімханды әкесі Әбеу 1899 жылы Қарқаралыдағы екі сатылы (бастауыш) реалдық училищеге оқуға береді. Онда ол алты жыл оқиды. Жал­пы, Әлекеңнің білім алған оқу орын­дары – Қарқаралы реалдық училищесі, 1905-1912 жылдар аралығында алтын медальмен тәмамдаған Семей ерлер гим­назиясы, 1912 жылы оқуға түскен Том (Ресей) технология институтының тау-кен факультеті. Егер Қарқаралы училищесінің шәкіртіне Е.Есютин, А.Ко­жев, С.Кокорин, А.Байтұрсынов, П.Белдыцкий, П.Чемоданов, А.Ая­ға­нов­­тар сабақ берсе, Семей гимназия­сында поляк Ф.Дульский, т.б. ұстаздық етеді. Әлекең гимназияда Абайдың жерлесі Кәкітаймен, Тәкежанның балала­ры­мен бірге оқыған. Семей жерінде ол Ә.Бөкейхановтың ұлт-қамын ойлаған идеяларымен таныс болады, өле-өл­ген­ше оны өзіне саяси, рухани ұстаз сана­ғандығы да белгілі. Ресей мемлекеттік Думасына делегаттар сайлауда орыс ұлықтары қазақтарды кемсіткенін сына­ғаны үшін Ә.Ермековтің ресми орын­дар­дың бақылауында болғаны да шын­дық. Ол 1905 жылы Қоянды жәрмеңке­сінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметов, т.б. зиялы қауым өкілдері әзірлеген 14500-ге тарта адам қол қойған, патшаның отарлау саясатының жергілікті ұлт үшін жасап отырған қиянатына қарсылық білдірген, өз ұсыныстарын мәлімдеген құзырхатындағы ұлтшылдық идеяларға куә болған еді. Оның көз алдында патша ұлықтарының жоғарыдағы зиялы­лар­ды қудалап, көздерін құрту үшін жасаған әрекеттері де өтіп жатты. Сол тұстағы ережеге сәйкес гимназияны ал­тын медальмен бітіргендер Петербург университетіне конкурссыз қабылдану­ға тиіс еді. Алайда әкесі қайтыс болған Ә.Ермеков қаржы тапшылығынан Том институтын таңдаған. Бұл тұста оған жәрдем жасағандар: Семей гимназия­сы­ның оқытушылары Ә.Сәтбаев, И.Әлімбеков, А.Барлыбаев, Г.Садовников, С.Ғаббасов, Н.Белслюдовтар еді. Дәл осы адамдардың өле-өлгенше қазақ халқының қамын ойлап өткендерін Ә.Ермеков кейіннен баспасөз бетінде жазды. Осы институтта тоғыз жылдан кейін Әлекеңнің ақыл-кеңесімен ұлты­мыз­дың ұлы перзенті Қ.Сәтбаев та білім алған. Сібір жеріндегі осынау ал­ғаш­қы оқу орнында Ә.Ермековке атақ­тары әлемге әйгілі ғалым-оқытушылар В.Обручев, Н.Чижевский, В.Мостович, Н.Кижнер, М.Янышевский, Б.Вейнберг, М.Усов сабақ берді. Институт студенттері Лена алтын кенінде болған қыр­ғын­да зардап шеккендерге құрмет ретінде сабаққа келмей қойған. Патшалық самодержавиеге қарсылық асқынып тұр­ған кезде Ә.Ермеков оқуын осылай­ша бастап еді. Том институтында оқы­ғанында Әлекең Г.Потанин, В.Шишков (жазушы), В.Бахматьев, т.б. танымал адамдармен араласты. Маркстік ілім­нің, түрлі партия бағдарламаларының Ресейде түзіліп, жан-жаққа тарап жат­қан кездері де сол тұс болатын. Міне, осы кезеңде Ә.Ермековтің өмірлік тұ­жы­рымдамасы айқындалып, қалыптас­қан. Дәл сол тұста ол Алашорда қозға­лысының болашақ бағдарламасына ал­ғышарттар жасаған қоғамдық, саяси хал-ахуалды көңіліне ұялатқан еді. Қа­зақ болмысындағы ғасырлар бойы қа­лыптасқан ұлттық болмыс ерекшеліктері, рухани әлеует, сол халықтың бүгінгі жағдайы, отарлау саясатының шектен шығуы, ұлтты кемсітушілік – бәрі де оның саяси көзқарасын қалыптастыр­ды, ұлтының қамын ойлап, мүддесін жақтайтын тұлғаға айналды. Ол Томда өзі араласқан ғұламалардың пікірін тыңдап қана қойған жоқ, сонымен қатар оларға қазақ деген халықтың тарихы, руханияты туралы да айтып беріп отыр­ған. Потаниннің ел аралаған сәттерінде Әлекең бірге болып, қазақтың атақты өнерпаздарымен таныстырған. Олар­дың айтқандарын Потаниннің өтініші­мен орысшаға аударып, қағазға түсір­ген. Томда Ә.Ермеков қаладағы мұсыл­ман студенттердің қоғамын ұйымдас­ты­рушылардың бірі болды. Ақпан төңке­рісі тұсындағы аласапыран кезінде ол институттың бесінші курсында оқып жүрген еді, оқуынан қол үзіп, Семейге оралады. Ал оқуын бітіруі 1923 жыл­дың үлесіне тиеді. Қазақ мүддесін ту етіп көтерген оның да патшаның тақтан түсуіне қуанып, үлкен үміт күткені анық. Жер-жердегі сияқты Семейде де қазақ съезі өтіп, оны ұйымдасты­рушы­лар Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, Х.Ғаббасов­тар осы жиында әлеуметтік-саяси мәсе­лелерге ерекше назар аударды. Съезге қатысушының бірі, ақын Шәкәрімнің делегаттарды құттықтауы да осы жи­ын­да болған. Аса өзекті жайттарды талқы­ла­ған жиынның автономия және өзін-өзі басқару сияқты мәселені қарауы 30 адамнан (20 мүше, 10 мүшелікке үміт­кер) тұратын облыстық қырғыз (қазақ) комитетін сайлауы, оның құрамына Ә.Ермеков, Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Н.Құлжанова, т.б. адамдардың енуі көп жайт­ты аңғартса керек. Съездің қол жеткізген шешімі Қазақ автономиясын құру сияқты ірі мақсаттан туған еді. Сол тұста орыс мүддесін қорғайтын ат­қару комитеті мен Қазақ комитеті ара­сын­да қайшылықтар туындаған бола­тын. Нақты жағдайды ескерген Әлекең­дер тобы атқару комитетімен келіссөз­дер жүргізе отырып, бірігуге мәжбүр болды. Шамалы уақыт өтісімен Ресейде құрылған Уақытша үкімет қазақ сияқты ұлттардың автономия құру ниетін қол­дамады. Сондықтан да сол үкіметтегі басым дауысқа ие кадет партиясынан Ә.Бөкейханов шығып кетті. 1917 жылы Орынборда Бүкілқазақ­тық съез өтті. Сол жиында аса ауқым­ды, қазақ мүддесіне орайлас мәселелер қаралды. Қазақ автономиясы, оның жері т.б. талқыланды. Егер 1920 жылы Мәс­кеуде Ә.Ермековтің «Қазақ АКСР-інің жалпы жағдайы және оның шекара мәселесі туралы» атты баянда­ма­сында­ғы ұлы жеңісін айтсақ, жер, шекара мәселесінің Алашорда қайраткерлерінің санасында тым ерте ойластырылғанын көреміз. Жаңадан ашылған партия «Алаш» деп аталды. Демек, партияның ресми құрылуы 1917 жылдың шілдесінен басталады. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар партия бағдарламасын жасап, сол жылғы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жариялады. Партияның белсенді мүшелерінің бірі Ә.Ермеков болды. Ол өле-өлгенше өзін осы партияның мүше­сімін деп есептеді. Ешқандай басқа партияға өткен жоқ. 1917 жылы қазан төңкерісі жеңіске жетті. «Алаш» партиясының бағдарла­ма­сы 1917 жылы желтоқсанда Орын­бор­да өткен екінші бүкілқазақтық съез­де түрлі пікірдегі топтарды біріктіруші күшке айналғанын көреміз. Бұдан кейін милиция, әскер құру, жергілікті басқару органдарын ұйымдастыру Алаш пар­тиясы мен үкіметінің нұсқауымен жүзе­ге аса бастаған еді, алайда ақ пен қызыл соғысы т.б. аласапыран жайт жағдайды ушықтырып жіберді. Алаш зиялылары кеңестік билікпен келіссөздер жүргізді. Бұл ойымызға Сталинмен телеграф ар­қылы жүргізілген сөздер дәлел. Бұл жағдай өз жұмысын тоқтатқанға дейін де, тіпті кейін де Алаш партиясы мен үкіметінің қандай қуатты күшке айнал­ғандығын көрсетеді. Кеңестік жүйе Алаш үкіметін мой­ын­дамады. Үкімет тарады. Алаш қай­рат­керлері өз халқы үшін түрлі салада еңбек етті. Ә.Ермеков Семей губревко­мы­ның мүшесі болды. Халық ағарту ісі, жер бөлімі және халық сотын басқарды. Бұдан кейінгі оқиғалар Қазақ Автоно­миясын құру т.б. мәселелерге Ә.Ер­ме­ковтің белсене атсалысқанын көрсетеді. Ә.Ермеков КСРО аумағындағы, әсіресе Орта Азия жеріндегі оқиғаларға қаты­сып отырды, түрлі жиындар, мәжілі­с­терде өз ойын тұжырымдап, пікір білдірді. 1921-1924 жылдар аралығында Семей губерниялық атқару комитеті, жоспарлау комитеті төрағасының орын­басары, өнеркәсіп секциясының меңге­рушісі болып тағайындалған. «Ұлт­шыл», «саяси сенімсіз» адамдардың ла­уа­зымды қызмет атқаруына кеңес үкі­ме­тінің өзі шектеу қойса да, тотали­тарлық жүйе Ә.Ермеков сынды оқыған, беделді, білімдар мамандарға зәру еді. Ол Қазақ АКСР-інің 6-және 7- шақы­рылған Орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. 1926 жылдан ғылыми-педагогтік қызметпен шұғыл­данды. 1927-1935 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогтік институтының оқы­тушысы, ҚазПИ-дің доценті, Алматы зооветеринарлық институтының про­фес­соры және математика кафедра­сы­ның меңгерушісі болса, 1935-1937 жыл­дары Алматы кен-металлургия институ­ты (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚҰТУ) математика және теориялық механика кафедрасының меңгерушісі әрі факультет деканы қызметтерін атқарды. Жалпы, Әлімхан Әбеуұлы 1932, 1938, 1948 жылдары үш рет тұтқынға алынған. Сібірдегі лагерьде үш жыл жазасын өтеуі, 1938 жылы 10 жылға сотталуы (бұл жаза кейіннен 6 жылға түсірілген), 1948 жылы 10 жылға сот­талуы (Сталиннің өліміне байланысты 1955 жылы босатылған) осынау қайсар тұлғаны қажыта алмаған. Сол елуінші жылдардың ортасынан бастап, Қара­ғанды политехникалық институтында оқытушы болып, математикадан сабақ берді.1948 жылы елден кетіп, Куй­бы­шев (Ресей) қаласындағы жоспарлау инс­титутында математика кафедрасы­ның меңгерушісі болып істеп, бой тасалап жүрсе де, тұтқындалудан құтыла алмағанын көреміз. 1935 жылы ЖАК-тың шешімімен Ә.Ермековке профессор ғылыми атағы берілген болатын. Алайда айдаудан босатылған 1955 жылдан бастап, қанша талаптанса да ол атағын қайтарып ала алмады. Қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры атақты «Ұлы математика курсы» оқулығын, «Математика басылымдарындағы ғы­лы­ми терминдер», «Детерминанттар тео­риясының негіздері» еңбектерін жа­риялады. Дайындалған докторлық дис­сертациясы авторы «халық жауы» бол­ғандықтан, қорғалмады. Ә.Ермековтің ұлы еңбегі кезінде қай­наған оқиғалардың бел ортасы бол­ған Қар­­қаралыда екі сатылы мектеп пен педтехникум ашуға бар күш-жігерін жұм­са­уы еді. Педтехникумда танымал адамдар сабақ жүргізді. Бұл оқу орнын белгілі қа­зақ азаматтары О.Жәутіков, А.Машанов, Ш.Шөкин, Х.Сембаев, Д. Керімбаев, К.Бо­шаев, Ж.Алтайбаев, т.б. бітірген болатын. Ә.Ермеков ұлттық тілімізге қатысты да көптеген еңбектер жазған. Әрине, шағын мақалада Ә.Ермеков сынды тұл­ғаның болмыс-бітімін жан-жақты ашу, сан қырлы еңбегін толық қамту мүмкін емес. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің кезінде тотали­тар­лық жүйе­ден іс жүзінде жеңіліске ұшы­рағаны рас. Бірақ оның идеялары ұл­тым деген озық ойлы азаматтардың са­на­сында, болмысында тоталитарлық қан­шама тос­қауыл көрсе де өшкен емес.

Мәуен ХАМЗИН, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Қарағанды.