• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Елорданың тәуелсіздікке тартулары

317 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың сол жа­ға­лауында іргесі қаланған жаңа «Хазірет Сұлтан» мешітіне арнайы келіп, нысанның құрылыс барысымен танысты. Елорданың рухани келбетін айшықтайтын жаңа мешіттің құ­рылысы былтыр басталған. Ол – Қазақ ұлттық өнер университеті, Бейбітшілік және келісім, Тәу­ел­сіздік сарайлары, «Қазақ елі» монументі орнатылған алаң, сон­дай-ақ жаңадан салынып жатқан Археология және этнография мұ­ра­жайы орын тепкен елорданың қала құрылысы ансамблінің сол­түс­тік-шығыс бөлігіне орна­лас­қан. Жақын болашақта «Хазірет Сұлтан» қаланың өзіндік архи­тек­туралық ансамблін өзгеше сән-салтанатымен толықтыра түс­пек. Рухани орын 13 га. жерді алып жатқан аумақта орналасса, ме­шіт­тің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өр­нектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үл­гісінде орындалған. «Хазірет Сұлтан» мешіті – Қа­зақстан бойынша ең үлкен күм­безді мешіт. Оның биіктігі – 51, ені – 28,1 метр. Ал бұл күм­бездің жиегіндегі 8 күмбездің әрқайсысының ені 7,6 метр, ал вестибюль күмбезінің ені 15,2 метр. Мешіттің айшықты келбетін 4 мұнара толықтырады. Олар­дың әрқайсысының биіктігі 77 метр. Имандылық ордасы үш қа­бат­тан тұрады. Әр қабатта ғиба­дат­хана залдары, неке қиюға және дәрет алуға арналған бөлмелер, Құ­ран оқуға және оқу ағарту­шы­лық топтың сабақ оқуына ар­нал­ған залдар, асхана бар. Мешітте ерлерге арналған 4 000 адамдық намаз залы, халыққа қызмет көр­сету орны, әйелдерге арналған 1 000 орындық намаз залы, имам, наиб имам, азаншы бөлмелері ор­наласқан. Мешіттің алдыңғы жа­ғының қабырғалары табиғи тастармен әрлендірілсе, темір-бе­тон­ды күмбездері металмен көм­керіле өрілген. «Хазірет Сұлтан» мешітінің үлкен залына 5 мыңға жуық адам емін-еркін сыяды. Имандылық орны заманауи әлемдік архитек­ту­ралық тәжірибенің барлық та­лаптарына жауап берсе, оның құ­рылысын «Сембол-Иншаат» ком­па­ниясы өз мойнына алған. Бү­гінгі күнге дейін нысан құры­лысына әр кезеңде 1 000-нан 1 300-ге дейін құрылысшы жұмыл­ды­рылған. Қазіргі таңда мұсыл­ман­дардың құлшылық ету ор­нын­дағы құрылыс жұмыс­та­ры­ның 90 пайызы толықтай ең­серіліпті. Жаңа мешітті аралап көрген Елбасы: «Бұл Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып табылады. Ол мемлекет есебінен емес, адам­дардың қосқан қаражатының есебінен салынып жатыр. Мешіт­тің құрылысы алдағы жылы аяқ­талады. Себебі, сыртқы безендіру жұмыстарының барлығы жылы уақытта жасалуы керек. Біз бұл нысанды құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін барып ашамыз», – деді. Құрылыс мамандарының ай­туы­на қарағанда, бұл Қазақстан аумағындағы әсем ғимарат­тар­дың қатарын толықтырмақ. «Ме­шіттің құрылыс материалдары­ның түрлері 11 елден әкелін­ге­ні­мен, көбіне отандық құрылыс материалдарын пайдалануға ұм­тыл­дық. Ал арнайы техноло­гия­лық құрал-жабдықтар Франция, Италия, Жапониядан тасымал­дан­ды. Болашақта өзіндік сән-салтанатқа ие осындай нысандар жобасын жүзеге асыра береміз деген ойдамыз», – деді жоба жетекшісі Шефик Искендероғлы. Мешіт – құлшылық пен иман­ды ойлардың құтты мекені. Ендеше, алыстан көз тартатын 4 мұ­на­ралы «Хазірет Сұлтан» мешіті бо­лашақта исламның кәусар бұ­ла­ғы мен тағылымды парасатын жүрекке берік ұялататын, жама­ғат­ты ізгілік жолына бастайтын бір­ден-бір рухани ордаға айна­лары хақ. Елбасы екінші кезекте мерейтой қарсаңында  пайдалануға берілген та­ғы бір жаңа нысан – №1 көп­бейінді қалалық ауруханаға келді. Бейбітшілік даңғылы бойында орналасқан бұрынғы №1 қалалық аурухана осыдан 85 жыл бұрын салын­ған екен. Осыған қарап-ақ оның қазір қандай күйде екенін ша­ма­лауға болады. Қалыптасқан қи­ын­дықтарға қарамастан, 350 тө­сек­тік емдеу орталығының дәрі­гер­лері бар қажыр-қайратын, кә­сіби  біліктілігін астаналық­тар­дың денсаулығын жақсартуға арнап келген. Биылдың өзінде ғана  18 583 адам науқасынан айығып шықса, 5 000 адамға ота жа­салған. Енді, міне, Абылай хан даң­ғылы бойында 500 төсектік жаңа медицина ғимараты бой түзеп, Тәуелсіздік мерекесіне арналған үлкен сый болды. Оны салуға республикалық қазынадан 17 миллиард теңге қаражат бөлініп, «ВЭН» ЖШС 2,5 жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтап шығыпты. 6,2 гектар аумақты алып жатқан кешенді  ауруха­на­ның емдеу-диагностикалық және емдеу корпустары  заманауи ме­дициналық қондырғылармен то­лық жабдықталған. Емдеу кор­пу­сында  қан алу қызметінің орта­лық клиникалық-диагностикалық зертханасы, физиотерапия бөлімі, шағын операциялық блок, гипер­барикалық оксигенациялық бө­лім, мәжіліс залы бар оқу-әдіс­те­ме­лік блок жұмыс істейді. Емдеу-диагностикалық корпуста  хирур­гия­лық реанимация бөлімі, сәу­лелі диагностика мен УЗИ, фун­к­ционалдық диагностика, кар­диологиялық және терапевтік реанимация, эндоскопиялық бөлім, операциялық блок және өзге бө­лімдер орналасқан. Мемлекет басшысы аурухана­ны аралап, оның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.  Денсау­лық сақтау министрі Салидат  Қай­ырбекова Президентке елор­да­дағы медициналық нысан­дар­дың жай-күйі мен еліміздің ден­саулық сақтау саласын дамы­ту­дың келешегі туралы, жаңа ауру­хананың бас дәрігері Алексей Цой  көпбейінді емхананың та­лап­қа сай жабдықталғаны жайлы баяндап берді.  Елбасы дәрігер­лер ұжымымен кездесіп, халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап көр­сетті. – Үлкен де әдемі аурухана Қа­зақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Онда ең жаңа ме­дициналық жабдықтар қойылған. Емдеу орталығында жоғары білімді, тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Осы медициналық кешен құрылысының аяқталуымен Ас­та­наны 100 пайыз медициналық қызметпен қамтамасыз еттік. Сіз­дердің алдарыңыздағы ендігі мақ­сат – адамдарды емдеп, аза­мат­тарымызға сапалы қызмет көр­сету, – деп атап өтті Президент. Урология бөлімшесінің мең­ге­рушісі Шерияздан Уақапұлы  Қа­зақстан халқының денсаулығын жақсартуға жан-жақты қам­қор­лық жасағаны үшін Елбасыға деген ризашылық сезімін білдірді. Біз Тәуелсіз еліміз үшін уақыт­пен санаспай еңбек етуге әркез әзірміз. Қазақстандықтардың са­ла­матты өмір сүруіне өз үле­сі­мізді қоса беретін боламыз, деді ол нық сеніммен. Аурухана басшылығының ай­туынша, аурухана  еліміздегі бірегей медицина орны саналады. Стационардың өзі атшапты­рым­дай, 12 операция, 25 реанимация палаталары 1-2 науқасқа арнал­ған. Ішінде науқас адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақ­стандағы тұңғыш инсульт орта­лы­ғы да осында ашылып отыр. Алдағы кезеңде терапевтік көмек көрсету терезесі жұмыс істейтін болады. Науқастарға жедел жәр­дем көрсету, тез арада диагноз қою шаралары мүлтіксіз орын­да­латыны шүбәсіз.  Еуропа елдеріне қарағанда, Қазақстанда инсультпен ауыратындардың саны үш еседей көп. Тәуелсіздік мерекесі қарса­ңында ұжымдағы 150-ге жуық дәрігер мен 460-тай орта буын медицина қызметкеріне еңселі  де зәулім ғимарат өз есігін айқара ашып, үлкен қуанышқа бөледі. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Өмір ЕСҚАЛИ.

-----------------------------------------

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.