• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Орталық Сайлау комиссиясында

266 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында Комиссия «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы­ның партиялық тізімін тіркеді. 5 желтоқсанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну аяқталған бола­тын. Ал Орталық сайлау комис­сия­сына барлығы сегіз саяси пар­тияның партиялық тізімдері ұсы­нылған еді. Олар: «Нұр Отан» ха­лықтық-демократиялық партия­сы­ның, Қазақстан Патриоттары партиясының, Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партия­сы­ның, «Руханият» партия­сы­ның, «Әділет» демократиялық пар­тиясының, Жалпыұлттық со­циал-демократиялық партиясы­ның, Қазақстанның «Ақ жол» де­мократиялық партиясының және Қазақстан Коммунистік халық­тық партиясының тізімдерi. Орталық сайлау комиссиясы бірінші партиялық тізім – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының тізімін тіркеді. «Нұр Отан» партиясынан тіркелген кандидаттар арасында 6 ұлт­тың өкілі бар, кандидаттардың 20 пайыздан астамы әйелдер. Пар­тиялық тізімге енгізілгендердің жартысынан көбінің жасы 55-ке дейінгі азаматтар, ең жас үміткер – 35 жаста. Барлық кандидат­тар­дың жоғары білімі бар. Олардың 40 пайызға жуығы заңгерлер мен экономистер, 35 пайыздан аста­мы халық шаруашылығының түр­лі салаларының мамандары. Партия ұсынған 50 кандидат бұрын Парламент депутаты бол­ған (49-ы бұрынғы мәжілісмен, 1-еуі сенатор). Сондай-ақ ғылым, мә­дениет пен білім қайрат­кер­ле­рі, белгілі спортшылар, коммер­ция­лық құрылымдардың, мемлекеттік органдар мен мекеме­лер­дің қызметкерлері де бар. Күн­тізбелік жоспарға сәйкес пар­тия­лық тізімдерді тіркеу 15 жел­тоқсанға дейін жалғасады, ал 16 желтоқсаннан бастап партиялар үгіт жұмысына кірісе алады. Кеше Орталық сайлау комис­сия­сы 2012 жылғы 15 қаңтарға та­ғайындалған Қазақстан Респуб­ли­касы Парламенті Мәжілісі де­путаттарының кезектен тыс сай­лау­ындағы ақпараттық дауларды қарау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрды және тиісті ережені бекітті. Қоғамдық кеңестің құрамына елімізге танымал заңгерлер, сая­сат­танушылар, беделді респуб­ли­калық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшы­ла­ры­мен қатар, тиісті өкілетті органдар – Орталық сайлау комис­сиясы, Байланыс және ақпарат министрлігі және Әділет ми­нистр­лігінің өкілдері кіріп отыр. Қоғамдық кеңес сайлау нау­қа­ны кезінде туындайтын ақпарат­тық дауларды алқалы қарау үшін құрылған және Қазақстан Рес­пуб­ликасы Орталық сайлау ко­мис­сиясы жанындағы консульта­тив­тік-кеңесші орган болып та­бы­лады. Қоғамдық кеңестің негізгі міндеттері: барлық сайлау үдерісіне қатысушылардың бұқа­ра­лық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге және сайлау алдындағы науқан барысын БАҚ-та шынайы жария етуге жәрдемдесу; БАҚ пен олар­дың қызметкерлерінің сайлау үдерісіне қатысушылармен өзара қарым-қатынастардағы мүдделе­рі мен заңды құқықтарын қорғау; БАҚ қызметінде әдеп нормалары мен кәсіби қағидаттардың сақта­луы­на ықпал ету, сайлау үдері­сіне қатысушылар мен БАҚ ара­сын­дағы дауларды және өзге де жағдайларды шешуге қатысу. Кеңестің құзыретіне сайлау үдерісіне қатысушылардың және олардың сайлау науқаны уақы­тын­да сайлау заңнамасын сақ­тауы туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қа­былдау кіреді. Олар жұрт­шы­лықтың назарына материалдарды БАҚ-та жариялау немесе Ортсай­лау­комның ресми интернет-ре­сурсында орналастыру арқылы жеткізіледі. Орталық сайлау комиссия­сы­ның отырысында, сондай-ақ мәс­лихаттар депутаттарын сайлау бойынша бюллетеньдер бұрын белгіленгендей төрт емес, жеті өңірлік ұйымда басылып шыға­ты­ны туралы шешім қабыл­дан­ды. Бұл ретте барлық бюллетеньдер қажетті қорғалу деңгейімен қамтамасыз етілетін болады. Ортсайлаукомның отыры­сы­нан кейін өткен брифингте Комиссия төрағасы Қ.Тұрғанқұлов масс-медиа өкілдерін сайлау науқаны барысы туралы хабардар етті. Орталық сайлау комис­сия­сы­на түсіп жатқан мәліметтерге сәйкес, 2011 жылғы 7 желтоқ­сан­дағы жағдай бойынша мәсли­хат­тар депутаттығына 1861 үміткер ұсынылған. Олардың ішінде об­лыстық мәслихаттарға – 188, Астана қаласының мәслихатына – 17, Алматы қаласының мәсли­ха­тына – 12, аудандық мәслихат­тар­ға – 1349, қалалық мәслихаттарға 324 кандидат бар. Ал мәсли­хат­тар депутаттығына 24 кандидат тіркелген. 2011 жылғы 16 қараша мен 6 желтоқсан аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға 24 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 18 өті­ніш сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, тағы 6-уы сайлау ор­ган­дары мен бұқаралық ақпарат құ­ралдарының қызметіне байла­ныс­ты. «Сайлау комиссиялары мү­шелерін оқыту бойынша жал­ғасып отырған жұмыспен қатар, өңірлерде сайлаушылар тізімдерін жасау және нақтылау бойын­ша белсенді жұмыс жүргізіліп жа­тыр. Сайлау заңнамасына сәй­кес, сайлаушылар тізімдерін жасау үшін жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктел­ген. Олар толығымен салыстыра тексерілген және нақтыланған сайлаушылар тізімдерін сайлау учаскелеріне 25 желтоқсаннан кешіктірмей тапсыруы тиіс. Ал 30 желтоқсаннан бастап сайлау учаскелерінде сайлаушылардың тізімдермен танысуына мүмкіндік берілетін болады», – деп атап өтті Ортсайлауком басшысы. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.