• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2011

Әлеуметтік зерттеушілер бас қосты

407 рет
көрсетілді

Кеше «Рамада Плаза» қонақүйінің «Ыстамбұл» залында «Сайлау 2012: беделбағалар мен болжамдар» атты дөңгелек үстел отырысы болып, оның алдында еліміздегі Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры, әлеуметтану ғылым­да­ры­ның докторы Айгүл Сәдуақасова журналистерге арнап брифинг өткізді.

Брифингте институт директоры сайлау науқаны кезеңінде әлеуметтану зерттеулерінің рөліне тоқ­талып, оның негізінде халықтың сайлауға деген белсенділігі, сайлауалды додаға қатысушылардың бе­дел­бағалары туралы объек­тивті ақпарат жи­нақ­талып, олардың халық­қа жеткізіліп отыра­ты­нын және дауыс беру нәтижелері бойынша бол­жаулар қамтыла­ты­нын айтып, әлеуметтік зерттеулердің сайлау науқаны барысында қо­ғамдық бақылауды жүзеге асыратын тетік­тердің бірі екендігін қаперге салды.

Бұл жұмыстар үгіт-насихат науқаны кезіндегі өзгерістердің ди­нами­касын байқап отыруға көмек­те­сіп, үгіт-насихат әсерінен электоралдық өрістің құбыл­малығын баға­лауға мүмкіндік береді, деген Айгүл Кәкімбекқызы сауал жүргізу екі дүркін өткізілетінін, оның алғашқысы сайлау науқанының басында, екіншісі, сайлау аяқ­талуы кезінде екенін айтты. Әр толқында 2000 адамға сауал жүргізіліп, іріктемеге еліміздің барлық об­лыс­тары, Астана мен Алматы қалаларының тұрғын­дары еніп, онда сайлау жасындағы республика халқының жынысы, жасы, этносы, білімі репрезентацияланады, әлеуметтік зерттеулер нәтижелері көпшілік қауымға таныстырылады, бұл біздің зерттеулеріміздің ашық­ты­ғы мен жария­лылығын қамтамасыз етеді.

Осылай деген ол институттың сайлау өткізілетін күнгі жұмыстарынан да хабардар етті. Ол бойынша әлеуметтік сауалдама жүргізушілер сайлау учаскелерінен шығаберіс жерлерде  «Exit Pool» сауалдамаларын жүргізіп, сайлау барысындағы дауыс беруді  Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметтері жариялан­ған­ша өз қолдарындағы деректердің нәтижелерін жұрт­шылыққа жеткізеді және ол «Сайлау туралы» Заңға, яғни 27-баптың 9-тармағына сәйкес жүргізі­ле­тінін баяндады. Сауалдама жүргізу сайлаушылардың ерік-жігеріне қандай да бір әсерін тигізбейді және сайлау комиссияларының жұмысына да ықпал етпейді, деді А.Сәдуақасова.

Дөңгелек үстел басындағы кеңеске модераторлық етуші Айгүл Сәдуақасова  2012 жылдың 15 қаңта­рын­да Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихат­та­ры­ның сайлауын қолданыстағы заңнама талаптарын сақтай отырып, ашық та әділ бәсекелестікпен өткізу­дің маңызына тоқталып, бұл еліміздегі демократияны одан әрі нығайтудағы маңызды қадам болып табы­латынын атады. Содан кейін Бүкілресейлік қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығы Бас директорының бірінші орынбасары Константин Абрамовқа сөз берді.

Шешен жиналғандар назарына өздері жүргізген әлеуметтік сауалдамалардың қорытындыларын, оларды жүргізу әдістемелерін және қай өңірде қандай пар­тия­лардың көп дауыс алғандарын, әрі Мәскеу, Санкт-Петербург сынды ірі мегополистерде «Единая Россия» партиясының басым, бірақ доминатты партия санал­май­тынын алға тартты. «ЦЕССИ-Қазақстан» дирек­то­ры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Ботакөз Рақышева елімізде 90 жылдардың аяғында бас­талған «Exit Pool» сауалдамаларының алға­шында қандай қи­ындықтарға кезіккенін, ал кейін халықтың оған деген қызығушылығы артып, қазіргі күні оның сайлаудың маңызды бір бөлшегіне айналып бара жатқанын көлденең тартты.

Мұнан соң Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті музейі директорының орын­басары, тарих ғылымдарының кандидаты Күлайша Ақтаева, «Демократия институтының» жобалар директоры, әлеуметтік ғылымдар кандидаты Юлия Кучинская сияқты ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

2007 жылы Парламент Мәжілісіне сайлау өт­кізілгенде де біздің институт өз зерттеулерін жүргізді, деді ол. Ол уақытта біз күн сайын телефон арқылы сауалдама өткізіп, нәтижесінде, халықтың сайлауға деген белсенділігі біз бағамдаған өлшемнен алшақ кетпеген болатын. Ал қазіргі зерттеулер бойынша партиялардың беделбағалары төмендегідей: әрине, бірінші орында халықтың 75 пайызы сенім артатын билік басындағы «Нұр Отан» ХДП тұр. Екінші орында 7,5 пайызбен «Ақ жол» келеді. Үшінші орынға 2,1 пайызбен «Азат» партиясы орныққан. Ал 2 пайызбен Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы соңғы орындардың бірін алып отыр. Бесінші және алтыншы орындарда «Әділет», «Руханият» партиялары, деген Ю.Кучинская 18-19 қарашада жүргізілген зерттеулерді назарға ұсынды. Ол бойынша сұралғандардың 61,3 пайызы электоралды белсенділік танытып, оның 52,1 пайызы міндетті түрде дауыс беретінін, 9,2 пайызы дауыс берулері мүмкін екендіктерін айтқан.

Отырысқа қатысқан ғалымдар өз пайымдарымен ор­тақ­таса келіп, еліміздегі сайлау науқанына қандай да бір дә­ре­жеде қатысатын сарапшы қоғамдастыққа үндеу жолдады.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

----------------------------------

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.