• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік – рухани кемелдену жолы

3725 рет
көрсетілді

Егеменді еліміздің болашағы – жастар. Олардың түсінігі мол, ұл­­­тын сүйетін, еңбегі мен кәсібін ха­л­қына жұмсайтын, рухани жа­ғынан жетілген ұрпақ болуы үшін мемлекет тарапынан аз қамқор­лық жасалып жатқан жоқ. Білім беру мен ғы­лым­дағы инно­ва­ция­лық-инфра­құ­ры­лым­дық жүйе көп­теген жетістіктерге жетелейді. «Біздің ендігі міндет – қаза­қстан­дықтардың, бірінші кезекте жас­­тардың білімділікке, ин­теллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту», – деп көрсетті Елбасы. Қоғамды кемелдендіруде ин­но­вациялық-инфрақұрылымдық жү­йе­­мен білім берудің орны ерекше. Ұлт­тық интеллектінің негізі қа­ла­нып, ха­лықаралық деңгейде бәсе­кеге түсе алатын білімпаздық қо­ғам­дық еңбе­гі мен кәсібі, дағ­ды­сы жоғары, іскерлік негіздері қа­лып­тасқан, рухани кемелденген азаматтарды қалып­тас­тыруда бұл жүйенің маңызы мол. Осы салада «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­масының да атқаратын қызметі аз емес. Бұл жоба негізінде Қа­зақ­стан халықтарының жеке тұл­ғалық ақыл-ой қабілеті тереңдеп, бәсекелестікке қабілетті мамандар дайындауымыздың тірегі бо­лады. Ал инновация жүйесін да­мыту үдерісі ғылымды, техни­ка­ны, өндірісті өзара біріктірудің жаңа нысандарымен сипатталады. Таза инфрақұрылымды өнді­ріс­ке қызмет көрсететін және қо­ғамның тіршілік әрекетіне жағдай жасайтын шаруашылық салала­ры­ның кешені десек, оны адам жанына қолданғанда – ішкі және сыртқы жүйе деп қарауға болады. Яғни ол – адамның жан дүниесі. Бейөндірістік инфрақұрылым денсаулық сақтау, білім беру, ғы­лым және ғылыми қызмет көр­се­ту, дене шынықтыру т.б. әлеу­меттік қамсыздандырудан тұра­ды. Әлеу­меттік инфрақұрылым тікелей ма­те­риалдық игіліктерді жасамайды, бірақ онсыз өндіріс үдерісін да­мы­ту қиын не мүлде мүмкін емес. Бұл топтағы сала­лар­дың бірі – білім беруді қам­тамасыз ету болғандықтан, ең негізгісі адам факторы мәсе­ле­сіне аса көңіл аударуымыз тиіс. Қазір­гі жағдайда капиталистік даму жолындағы әлемде материал­дық игілік рухани құндылықтан ба­сым түсіп, дүниеқорлық, пайда­қор­лық, ашқарақтық, имансыз­дық, жауапсыздық, жемқорлық, қи­тұр­қылық секілді індеттің жұ­лын құрт­қа айналуына жол бермейтін құрал қажет. Әсіресе қоғамның болашағы жас ұрпақ­тың ой санасын көзі көріп жүрген жамандық атаулыдан аулақ ұстап, ұлттық рухани қазына көздері болған ғұламаларымыз Әл-Фа­ра­би, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Ясауи, Абай мен Шәкәрімнің пара­сатты адами ілімдерін жастардың ойына сіңдіру ақыл-ойының то­лы­ғуына алып келеді. Жоғары оқу орындарында сан салалы ма­ман­дықтарды игеріп жатқан жас­тардың рухани жұтаңдыққа соқ­тықпауын қамтамасыз етуіміз тиіс. Оның үшін тәуелсіздік заман­ның уақыт талабына орай туған жаңа таным мен соны көзқа­рас­тар­ды ғылыми тұрғыдан саралап пайдаланумен қатар ұлы ойшыл Абай мұрасынан жасөспірімдерге өнеге тарту бұл мәселенің шешімін табуға үлкен септігін тигізері анық. Осыдан екі жыл бұрын қала­мызда қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ұлы ойшылы Абай­ға арналған мұражай бой көтерді. Хакім Абай мұражайының ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, облыс басшылары, білікті ға­лым­дар, ақын-жазушылар қатысты. Бұл жиында ұсынылған ізгілікті мәсе­ле – оңтүстікте Абайтану ор­т­а­лы­ғын ашу және студент жас­тарға Абайтану дәрісін тыңдату болды. Жастарды Отанын сүюге, халыққа адал қызмет етуге, са­налы тәр­тіп­ке, болымды қылық­тарға, иман­ды­лық­қа, сыйлас­тық­қа бейімдеуде ха­кім Абайдың өмі­рі мен шы­ғар­малары асыл мұра саналады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жаңа технологияларды ұдайы жүзеге асырып келе жатқан ұжым ретінде танылған оқу орны. Со­ны­мен қатар гуманитарлық ғы­лым­дар саласында да айтарлық­тай жетістігі бар. Университет рек­торы, ҚР ҰҒА академигі Уә­лихан Бишімбаев жоғарыдағы ұсыныс­ты қолдап, 2009 жылдың қара­ша­сында университетте «Абай­тану» ғылыми-оқу орта­лы­ғын ашуға мұ­рындық болды. «Абайтану» ғы­­лы­­ми-оқу ор­талығының ға­лым­дары Абай Құ­нанбаевтың әдеби мұрасын насихаттау және ғыл­ыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүр­гі­зіп келеді. Сондай-ақ педагоги­калық факультеттердің студенттеріне «Абайтану» пәнінен дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өтеді. Ақын Абайдың мұрасын те­ре­­ңі­рек үйренуге, өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтуға студент­терде құлшыныс жоғары. Бұған орыс тілді топтарында қызығудың ба­сым екендігін атап өткеніміз ор­ынды болар. Ғылыми-оқу орта­лы­ғының ғалымдары Абай мұра­жа­йымен тығыз байланыста көп­теген іс-шаралар өткізіп келеді. Студенттерге, мектеп оқушы­ла­ры­на ар­на­йы тақырыптарда дәріс оқып, Абай оқуларының бай­қау­ла­рын өткізуде белсенділік таны­тып отыр. Орталықтың ғылыми қызмет­керлері студенттердің шығарма­шы­лық жұмыстарына жетекшілік жасайды. Бұл бағыттың да алғаш­қы жемістері көріне бастады. Филология факультетінің студенті У.Жүсіпбекованы Астана қала­сын­да өткен Абай оқуларының республикалық байқауына жан-жақты дайындаудың нәтижесінде ол жүлделі 2-орынды жеңіп алып, ІІ дәрежелі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Абай шығармаларының қыр­ғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, баш­­­құрт, құмық, түрік, түркімен т.б. туысқан халық тілдеріне, алыс шет­елдерде қытай, орыс, ағыл­­­шын, француз, неміс, парсы т.б. тілдерге аударылып, елімізден тыс жерлерде оқырмандарға жол тапқа­­нын білеміз. Ал жерлестеріміз ұлы ақын өлеңдерін, қара сөз­де­рін қаншалықты оқиды? Біз үл­кен үміт артып отырған жастар ше? Бұл мәселеге бізден алдыңғы ағалар қалай қараған екен деген ой көлденең тұрады. Мәселен, сын­шы Сағат Әшімбаевтың көр­кем сөз құ­діретін жасай алған жа­зушы Ғабит Мүсіреповке: «Абай­ға не үшін көбірек жүгінеті­ні­ңіз­дің мәнін бірер сөзбен аша түс­сеңіз қалай болар еді?» – деген сұрағына Ғабең­нің берген жауа­бы: «Мен Абайды 60 жыл бойы оқып келемін. Әрбір оқыған сай­ын жаңа ой туып келеді, сол үшін де өмір бойы табынып келемін. Өзіңді өзің түсінгің келсе, өзгені тере­ңі­рек танығың келсе, өмір­дің терең-терең сырларына бой­лағың келсе, Абайды оқы, ерінбе!» Дана Абайдың бір ғана имани гүл ілімінде ақын танымының мағынасы тереңде екендігіне көз жеткіземіз: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және хақ жолы осы деп әділетті. М.Әуезов айтқандай, осы өлең­де үш сүю жайлы Абайдың адам­шылық жолындағы насихаты мен мораль философиясы, танымы тү­гелге жуық ашылған. Асылы, Абай тағылымының тереңінен нәр алу, өлеңдерінен ғибрат, өнеге тарту үшін барлық оқу орындарында ұлы ақын мұрасы арнайы курс ретінде оқытылса, кейбір олқы­лы­ғымыз толып, жастар арасында кездесетін тосын оқиғалардан сақ­тан­ды­ра­мыз ба деген ой қозғалады. Ахмет Байтұрсынов: «Елді тү­зетуді біз әуелі бала оқытуды тү­зе­туден бастауымыз керек», – деген еді. Болашағымызды айқын­дап, да­мыған елдер қатарынан тұ­рақ­ты орын алуымыз үшін жас­та­рымыз­ды тек қана шешен сөйлеу ғана емес, терең ойлау, баба­ла­ры­мыз­дың сара жолын білу, ғұла­ма­лары­мыздың асыл мұраларын мең­геру, жеті ата дәстүрінен те­рең хабардар болу, имандылыққа келу, дінді құр­­меттеуге бейімдеуді инновациялық – инфра­құ­ры­лым­дық білім беру жү­йесімен қа­лыптастыруымыз міндет. Қалдыбай ТҰРДЫБАЕВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми-оқу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Шымкент.