• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Идеядан – нақты іске нық қадам

703 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 17 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында көтерген Еуразиялық идеясы бүгінде нақты іс жүзіне асырыла бастады. Бұл идеяның жасампаздығы сонда, ол уақыт өте келе өзінің өміршеңдігін айқын дәлелдеді. Бұған төменде жарияланып отырған, Елбасы идеясының дұрыстығын айшықтай түсетін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына келген бір топ ресейлік сарапшылардың ашық үндеу-хаты айғақ болып табылады.   Біздер, посткеңестік кеңістік бойынша ресейлік сарапшылар Еуразиялық эконо­микалық интеграция туралы декларацияға қол қойыла­тыны жөніндегі хабарды үлкен көтеріңкі көңіл-күй үстінде қарсы алдық. Мұның бұрынғы барлық КСРО мемлекеттері үшін тарихи оқиға болып табылатыны сөзсіз. Ол екі онжылдыққа созылған дезинте­гра­цияның түйінін шешіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш ұсынған  Еур­азиялық Одақ (ЕАО) пішініндегі пост­кеңестік кеңістік мемлекеттерінің тиімді және ерікті бірігуіне жол ашады. 2011 жылдың 18 қарашасында біздің еур­азия­лық интеграция жаңа, қазіргіден де жо­ға­ры сатыға қадам басты. Қазақстан Президенті Нұр­­сұлтан Назарбаев осыдан 17 жыл бұрын көтерген бастама жүзеге асты. Ол 1994 жылы ілгерілеткен мемлекеттердің Еуразиялық Ода­ғы бүгінде саяси мейнстрим болып отыр. Атал­ған идея посткеңестік кеңістікте нақты сұл­ба­ны иеленіп, заңдық және экономикалық маз­мұн­мен толығуда. Ресейлік сарапшылар осы жеңісті ілгері жылжытуда бірінші кезекте Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегін көреді. Дана және көреген көшбасшы әлемдік саясаткерлер арасында алғаш болып, пост­ке­ңес­тік интеграцияның өмірлік қажет­тігін сезінді. Кремльдегі баспасөз мәслихатында Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қазақстан мемлекеті басшысының орасан рөлін жоғары бағалай келіп, былай деген болатын: «Мен бірінші кезекте әріптестеріме ризашы­лы­ғым­ды біл­діргім келеді. Егер нақты және ашық айта­тын болсам, өте күрделі 90-шы жыл­да­ры, тіпті «интеграция» сөзі кеңестік лекси­каның рудименті, жаман сарынның белгісі ретінде қабыл­дан­ған шақта осы идеяның бастамашысы бол­ған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашы­лы­ғымды білдіремін. Осы кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы еш нәрсеге қарамастан күш-қуатын аямай посткеңестік кеңістікте интеграциялық үде­рістермен ай­налысуға шақырды». Және, шын мәнінде, Қазақстан Президенті үшін мем­лекеттердің Еуразиялық Одағын құру оның бүкіл өмірлік ісіне айналды. Посткеңестік жиырма жылда дәл Қазақстан Президентіне басты Еуразия идеологы – «Еуразияны жинаушы» мәртебесі мықтап бекіді. Қазақстан Көшбасшысы өзіне тән саяси көрегендікпен және ұзақ мерзімді страте­гия­лық жоспарлауға қабілеттілігімен Еуразиялық Одақ­тың «қазіргі кездің және болашақтың күрделі сынақтарымен өлшеуге болатын мегажоба» ретіндегі перспективалық міндеттерін айқында­ды. ЕАО Қазақстан Президентіне «дамудың еуро­атлантикалық және азия­лық ареалдарын ілік­тіруші берік буын» ретінде көрінеді. Нұр­сұл­тан Әбішұлы әлемнің үйлесімді моделінде өзінің жаһандық ойлау жүйесімен бізге көрсе­тіп отырғанындай, ЕАО басқа макроөңірлік ин­теграциялық сыз­ба­ларға қарсы тұрмайды. «КСРО-ны ешқан­дай «реставрациялау» немесе «реинкарнациялау» жоқ және болмайды да», – деп ерекше атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев. Со­ны­мен бір мезгілде, ұсынылып отырған еуразия­лық интеграцияның «геоэкономикалық, ал бо­ла­шақта геосаяси өсіп-жетілуі тек эво­лю­ция­лық және еркін жүруі тиіс». Қазақстан Көш­бас­шысы тату көршілік пен адал ынты­мақтастық –  ТМД елдерінің экономикалық интеграциясы үшін қажетті шарт екенін дәйім айтып келеді. Қазақстан Президенті қашанда постке­ңес­тік мемлекеттер арасындағы байланыс­тар­ды бар­лық салалар бойынша нығайтудың жақтасы ретінде белгілі. Адами өлшемге ора­сан маңыз бере отырып, Н.Ә.Назарбаев ин­теграциядан ТМД-ның барлық халықтары үшін іс жүзінде пайда келетінін әрқашан атап көрсетіп жүр. Миллиондаған қара­пайым азаматтардың мүд­десі посткеңестік мемлекеттер басшыларының бір-біріне қарай шешуші қадамдар жасауын талап етті. Міне, екі онжылдықтан бері Н.Ә.На­зар­баев жаңа саяси шекаралармен бөлінген көпшіліктің мүддесін білдіруші болып келеді және болып қалып отыр. Жаңа тәуелсіз мем­ле­кеттердің бірлестігі туралы айтқанда, адамдар Қазақстан Президентінің қашанда осындай әділетті де тең құқықты бірлестік жағында болатынын біледі. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселедегі берік ұстанымы оны Қазақ­станнан сыртқары жерлердегі көптеген қарапайым адамдардың көз алдында беделді және құрметті саясаткер жасады. Қоғамдық пікірді зерттеудің бүкілре­сейлік орталығы (ҚПЗБО) жыл сайын қандай саясаткерлерді және ТМД-ның қандай елдерін ресейліктер өз елінің ең сенімді достары санайтыны туралы зерттеулер жүргізіп келеді. Біздің отандастарымыздың пікірлері бойынша, ТМД кеңістігінде Ресейдің ең сенімді әріптесі, міне, көптеген жыл қатарынан Қазақстан болып табылады. Ресейліктердің 42 пайызы айтқан «ТМД кеңістігіндегі ең табысты және тұрақты мемлекет» біздің басты стратегиялық одақтасы­мыз – Қазақ­стан. Ал ресейліктер ТМД елдері­нің барлық көшбасшылары арасында аса үлкен сенімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ие екенін айтудан жалықпайды. Ресей саяси элитасының ішінде, ғылыми және сарап­шы­лар төңірегі мен қарапайым азаматтар ара­сында Нұрсұлтан Әбішұлының көптеген нағыз жақтастары бар екені де құпия емес. Осының барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының ежелден Ресей халқының үлкен құрметіне ие болғанын – еуразиялық ауқымдағы нағыз Көшбасшы екенін айғақтайды. Біз бүгін байқап отырған жәйт – Қазақ­стан Президенті ілгерілеткен және дәйек­тілікпен дамытып келе жатқан еуразиялық идеясының заңды салтанат құруы. Алайда, Қазақстан Көшбасшысы орынды айтып жүргеніндей, осы жолда әлі де өте көп жұмыстар атқару керек. Өзінің «Еуразиялық Одақ: идеядан болашақтың тарихына» мақаласында Н.Ә.Назарбаев ескерткеніндей, «экономикалық қуатты, тұрақты және бәріне тиімді Еуразиялық Одақ құру үшін әлі де көптеген ауқымды міндеттерді шешу керек». Еуразиялық Одақ идеясын доктриналды пікірталастан нақты іске қарай ойыстыру бүгінде посткеңестік кеңістіктегі жетекші саясаткерлер мен сарапшылардың басты міндеті болып табылады. Өзінің бағдарламалық мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев болашақ құрылыстың нақты бағдарларын белгілеп, интеграциялық үдерістерге қосымша серпін беруге қабілетті бірқатар серпінді идеяларды ұсынды. Мәселен, Қазақстан Президенті болашақ Одақты нығайтуға жәрдемдесетін бірқатар қа­ғидатты жаңа құрылымдар құруды ұсын­ды. Біріншіден, бұл – қабырғасында болашақ біздің бірлестігімізге қатысты тақырыптық пікірталастар жүргізілетін Еуразиялық парламенттік ассамблея, яғни Еуроодақ пар­ла­менті­нің үлгісі. Екіншіден, бұл – интегра­ция­лан­ған экономика­лық кеңістікте пісіп-жетілген кәсіпкерлік орта қалыптастыру. Сондық­тан Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның Еуразиялық сауда-өнеркәсіп палатасын құру және Өнер­кәсіпшілер мен кәсіпкерлердің еуразиялық конгресін шақыру бастамалары өте-мөте ма­ңызды. Және, ақыр соңында, азамат­тық қо­ғам деңгейінде жоқ, ал мемлекеттер дең­гейін­дегі интеграциялық құрылымдар ара­сын­да қалып келе жатқан сәйкессіздіктерді жоюдың кезі келді. Сондай-ақ еуразиялық интеграция тақырыбы төңірегінде идеоло­гия­лық ақпараттық алаңды нығайтып, күшейту қажет.

Және мұнда, біздің көзқарасымызша, бар­лық ТМД елдері сарапшыларына үлкен жұ­мыс­тар атқару үшін кең ауқымды кеңістік ашыл­мақшы. Бірақ, бірінші кезекте, айрық­ша жауапкершілік біздерге – Ресей, Беларусь және Қа­зақ­стан интеллектуалдарына жүк­теледі. Сарап­шылық күш-жігерді үйлестіру мен ауқымын кеңейту мақсатында, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идея­сын ілгерілету үшін біз штаб-пәтері Астанада, бөлімшелері Мәс­кеу мен Минскіде орна­ласқан Еуразиялық интеграция институтын құруды ұсынамыз. Біз­дің ортақ үйіміз – мемлекеттердің Еуразиялық Одағын құру үшін «еуразиялық үштік» сарап­шы­ларының шығармашылық әлеуетін біріктіретін кез келді. Бұл біздің елдеріміз сыртқы әлемде өзінің ұлттық мүдделерін тиімді қорғай алатын тең құқықты бірлестік болуы және дамудың бірлескен жобаларын жүзеге асыруы тиіс. Қазақстанның Іс басындағы көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді идеяға рух беруші және генераторы бар кезде бұл бастама табысты жүзеге асырылатын болады деп есептеуге толық негіз бар. 

Юрий Солозобов, саясаттанушы, Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры;

Сергей Бирюков, саясаттанушы, саяси ғылымдар докторы, Саяси ғылымдар академиясының академигі;

Ярослав Бутаков, тарихшы, саясаттанушы, Андрей Первозванный қорының сарапшысы, Алексей Власовтың динамикалық консерватизм институтының ғылыми қызметкері, ММУ-дің посткеңестік кеңістікті зерттеу жөніндегі Ресей орталығының директоры;

Алан Касаев, саясаттанушы, Иван Федоров атындағы Мәскеу мемлекеттік баспасөз университетінің бірінші проректоры, «Новости» РАА бас редакторының кеңесшісі;

Юлия Якушева, «Север-Юг» саясаттану орталығы атқарушы директорының орынбасары.