• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Дүбірге толы дүние

288 рет
көрсетілді

ЕЛ ҚИНАЛҒАНДА ҮКІМЕТ КЕРЕК ЕКЕН

Еуропаны біріктіретін, оның орталығы саналатын Бельгия мен оның астанасы Брюссельдің өзінде бірлік жоқтығы расында да жұртты таңдандырады. Елде бір жарым жыл бойы, нақтырақ айтқанда, былтырғы маусымнан бері елдің орталық үкіметі болмай келді. Енді, міне, сол үкімет құрылып отыр. Оның құры­луы­­на да Еуро­па­дағы қар­жы дағ­да­рысы қаупі себеп болды. Дәл осын­дай қиын кезеңде ұлттық ау­қым­дағы үйлес­ті­ру­­ші орган, яғни үкі­мет ке­рек екен. Әйт­пе­се, елдің әр аймағы өз тіршілігін жасасын десе, сол қиындыққа олар жеке-жеке төтеп бере алмайды. Елдегі саяси күштер сондай қоры­тындыға келді. Бельгия – корольдік, консти­ту­циялық монархия. Қос па­ла­талы парламенті бар. Мемлекет бас­шы­сы – король. Бірақ билік үкімет басшысының қолында. Әкімшілік жағынан – федерация. Бірақ сол әкімшілік жағы­нан да екі жүйесі бар. Елде үш округ бар, оның екеуі провин­цияларға бөлінген. Сон­дай-ақ, ел тілге байланысты да үшке бөлінеді: нидерландтілді, фран­котілді және немістілді бо­лып. Елдің солтүстігіндегі нидерлан­дтілді фламандтардың тұрмы­сы жоғары, солар үнемі бөлініп кетеміз, оңтүстіктегі кедейлеу франкотілді валлондарды асыра­май­мыз деп, қыр көрсетеді. Сол даудың салдарынан 2010 жылғы парламент сай­лау­ы­­нан кейін үкімет құрылмай кел­ді. Бұл өзі елдің орталық үкі­метсіз өмір сүруінің дүние­жүзі­лік рекорды екен, солай Гин­нестің кітабына да кіріпті. Сай­лау­ға қатысып, мандат алған жеті партия тіл табыса ал­ма­ды. Әсі­ресе, солтүстіктегі бай өлке­нің мүддесін қорғайтын Жаңа фламанд одағы (ЖФО) партия­сы өздеріне саяси артықшылық берілуін талап етеді. Бұл партия да, сондай-ақ екінші орындағы франкотілді Валлония мүддесін қор­ғай­тын Социалистік партия да пар­ламентте көп­ші­лік дауыстары болмағандықтан, өздіктерінен үкі­мет құра алмайды. Сөйтіп, үкі­меттік дағдарыс тым ұзаққа созылды. Бұл кезде уа­қытша үкімет жұ­мыс істеді. Елде эко­номи­ка­лық жағ­дайға байланысты мемлекеттік дең­гей­­де шешілетін мә­селелер пайда бол­ды. Сонда социалистер бас бо­лып, алты партия коали­циялық үкімет құруға келісті. Барт де Веймер басқаратын ЖФО пар­тиясы оған кірмеді. Сөйтіп, франкотілді социалист Элио ди Рупо басқаратын коалициялық үкімет осы аптаның басында ресми түрде жұмысына кірісті. Бұл жерде социалистік, хрис­тиандық және либералдық пар­тия­­лардың бір қанаттары бюджеттік қаржыны үнемдеудің жолда­рын ұсынып, ол көпшіліктің қолдауы­на жеткенін атап өткен жөн болар. Мұны парасаттылық жеңді деп тұжырымдаған ләзім. Әдетте бұған дейін көп­шілік мандаты бар нидерландтілділер үкімет басында болса, міне, енді 30 жылдан кейін франкотілді қай­раткер үкіметті басқармақ. Сон­дай-ақ, 40 жылдан аса уақыттан кейін социалистің үкімет басына келгені тіркеліп отыр. Үкімет дағдарысы кезінде жұ­мыс істеген уақытша үкіметтің қыз­­метін де лайықты бағалаған жөн. Осы кезде олар ел атынан Еу­ро­­одаққа төрағалық та етті, жал­пы ел­дегі ахуалды бақылауында ұстады. Қазақта бөлінгенді бөрі жейді деген мақал бар. Дағдарысқа жем болмас үшін, бельгиялықтар да бірігуді жөн санап отыр.

САЯСАТҚА БҰЗАҚЫЛЫҚ ЖОЛ ЖАРАСПАЙДЫ

Біраз күн әлемдік телеарналар Иран астанасындағы Ұлыбритания елшілігіндегі бұзақылық әрекеттерді жалықпай-ақ көрсетті. Сонда жиналған тобыр айқай-шу, даңғазамен қатар, сол елдің туын таптап, оны отқа жағып, өздерінше қорлаған болды. Бәлкім, бұдан біреулер шын мә­нінде ағылшын­дар­дың рәмізін қор­лау­ды, олар­дың абы­ройына нұқ­сан келтіруді көретін болар. Ал оқиғаға байыппен қарап, па­расатты пайым жасайтын адамдар бұл әрекеттің дөрекі бұзақылықтың бір көрінісі ғана екенін аңғарар еді. Ал сол бұзақыларды ел бас­шылығының қолдайтынын ой­лағанда, еріксіз өкінесің. Өрке­ниет­ті елдер саясатты былай жүргізбесе керек. Елшілікті ойрандағандар неге ызалы? Ұлыбритания Иран банктерімен, оның ішінде орта­лық банкімен байланысын үзе­тін­дігі жөнінде шешім қабыл­дап­ты. Ондай шешім қабыл­дау­ға, ағылшын қаржы министрі Джордж Осборн­ның айтуынша, «халықаралық куә­лік етуге қарағанда, Иран банк­терінің әс­кери ядролық бағ­дар­ламаларға қатысы барлығы» себеп болған. Халықаралық куәлік дегенде, жақында Атом қуаты жөнін­де­гі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) баяндамасын жариялап, онда Иран­ның ядролық қару жасаумен айналысып жат­қа­ны айтылған. Соған байла­ныс­ты АҚШ, Батыс елдері Иран­ға қарсы жаңа санкциялар белгіледі. Батыс банктерінің Иран банктерімен байланысын үзуі – соның бір көрінісі. Кіммен қандай қарым-қатынас жасау әр елдің өз еркі. Иран басқаша түсінеді. Неге ондай шешім қабылдайсың деп, басқа бір елді жазғырады. Жаз­ғы­­рып қана қоймай, бұзақы жа­с­тар­ды айдап салады. Ел парла­менті­нің ұлттық қауіпсіздік және сырт­қы саясат комитетінің төрағасы Алаэддин Боруджерди сыртқы істер министрлігінен ағылшын елшісін қуып жіберуді талап еткен. Сол талаптың ық­па­лымен парламент Ұлыбри­тания­мен диплома­тия­лық бай­ла­нысын уақытша өкі­леттік дәрежесіне дейін төмен­детті. Бұл, әрине, бұ­зақы студент жас­тардың елшілікке шабуыл жасап, онда ойрандау жүр­гізуіне жол ашты. Ақпарат құрал­да­ры сту­денттердің ел­шіліктен құпия және шп­иондық зат­тар­ды алғандарын, ағыл­шын туы ор­ны­на иран туын қа­даға­нын айтады. Оу, студенттер қан­дай құ­жат­тардың құ­пия, шп­иондық екенін қай­дан біледі? Әйтеуір ақыл­ға сый­майтын, көңілге қон­байтын нәрсе. Бір Ұлыбритания ғана емес, біраз ел Иранға қарсы санк­ция­ны қолдайтыны анық. Сонда Иран сол елдердің елшілік­тері­нің бә­рін­де осындай ойран салмақ па? Егер солай етсе, бұл ел дип­ло­матиялық дүниеде оқ­шау қалмай ма? Тіпті ағылшын елшілігін ойрандаудың өзі талай елді тіксіндіріп отыр. Бұл елдің беделіне үлкен нұқсан, әлем алдында өзін өзі әшкерелеу. Иранға жасалған экономи­ка­лық санкция аясында АҚШ, сон­дай-ақ Батыстың біраз елі Иран мұнайы мен газын сатып алудан бас тартып отыр. Оны басқа­лар­дың да қолдауы әбден мүмкін. Ондай жағдайда әлем­дік эконо­мика апатқа ұшырайды деп қор­қытады Иранның сыртқы істер министрлігінің өкілі Рамин Мехманпараст. Оның пікірінше, онда әлемде мұнай баррелінің бағасы 250 долларға жетеді, оған көп елдің шамасы келмей, эконо­микасы тұралайды. Тіпті солай болғанда да, мұнайын өткізе алмайтын Иранның жағдайы одан да мүшкіл болары және анық. Бұл шиеленіс, тайталас, сірә, ең алдымен Иранға қолайсыз. Әрине, әр ел өз жолын өзі белгілейді ғой. Сөйтсе де, Иранның мұндай қадамдарға баруын түсіну қиын. Бұдан бедел де артпайды, экономикалық тиімділік те жоқ. Мамадияр ЖАҚЫП.