• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының барысы туралы

207 рет
көрсетілді

Партиялық тізімдерді ұсыну қорытындылары  мен  тіркеу барысы туралы

2011 жылғы 5 желтоқсанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісі депутат­ты­ғына кандидаттар ұсыну аяқталды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына барлығы сегіз саяси пар­тияның: 1. «Нұр Отан» халықтық-демократия­лық партиясының; 2. Қазақстан Патриоттары партиясы­ның; 3. Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясының; 4. «Руханият» партиясының; 5. «Әділет» демократиялық партиясының; 6. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның; 7. Қазақстанның «Ақ жол» демо­кра­тия­лық партиясының; 8. Қазақстан Коммунистік халық пар­тия­сының партиялық тізімдері ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы 2011 жылғы 7 желтоқсанда «Нұр Отан» халықтық-де­мократиялық партиясының, 8 желтоқсанда «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімдерін тіркеді. Күнтізбелік жоспарға сәйкес саяси пар­тиялардың тізімдерін тіркеу 15 желтоқсанға дейін жалғасады, ал 16 желтоқсаннан бастап партиялар үгіт жұмысына кірісе алады.

Ақпараттық дауларды қарау жөніндегі  Қоғамдық Кеңестің құрылғаны туралы

Сондай-ақ, 2011 жылғы 7 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Респуб­ли­касы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауындағы ақпараттық дау­лар­ды қарау жөніндегі Қоғамдық Кеңес құрды және тиісті Ережені бекітті. Қоғамдық Кеңестің құрамына елде таны­мал заңгерлер мен саясаттанушылар, жетекші республикалық және өңірлік бұқаралық ақ­па­рат құралдарының, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасының өкілетті мемлекеттік орган­дары­ның, Орталық сайлау комис­сиясының, Бай­ланыс және ақпарат министрлігі мен Әді­лет министрлігінің  өкілдері енгізілген. Қоғамдық Кеңес сайлау науқаны кезінде туындайтын ақпараттық дауларды алқалы қарау үшін құрылған және Қазақстан Рес­публикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Қоғамдық Кеңестің негізгі міндеттері: 1) барлық сайлау процесіне қатысушы­лар­дың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге және сайлау алдындағы науқан барысын БАҚ-та объек­тивті жария етуге жәрдемдесу; 2) БАҚ пен олардың қызметкерлерінің сайлау процесіне қатысушылармен өзара қарым-қатынастардағы мүдделері мен заңды құқықтарын қорғау; 3) БАҚ қызметінде әдеп нормалары мен кәсіби принциптердің сақталуына ықпал ету, сайлау процесіне қатысушылар мен БАҚ ара­сындағы дауларды және өзге де жағдайларды шешуге қатысу болып табылады. Қоғамдық Кеңестің құзыретіне сайлау процесіне қатысушылардың және олардың сайлау науқаны уақытында сайлау заңна­ма­сын сақтауы туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау кіреді. Олар жұртшылықтың назарына материал­дарды БАҚ-та жариялау немесе Орт­сай­лау­комның ресми интернет-ресурсында орна­лас­тыру арқылы жеткізіледі.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсыну және тіркеу барысы туралы

2011 жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша мәслихаттар депутаттығына 3056 үміткер ұсынылған. Олардың ішінде облыстық мәслихаттарға – 300, соның ішінде Астана қаласының мәс­ли­хатына – 25 және Алматы қаласының мәс­ли­хатына – 37 кандидат, аудандық мәсли­хат­тарға – 2252, қалалық мәслихаттарға – 504 кандидат. Ұсынылған кандидаттардың 830-ы – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партия­сы­ның; 17-уі – Коммунистік халық партиясы­ның; 12-уі – Қазақстанның «Ақ жол» демо­кратиялық партиясының; 7-уі – Қазақстан социал-демократиялық «Ауыл» партиясы­ның; 3-уі – Қазақстан Патриоттары партия­сының және  1-уі – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның мүшесі. 812 үміткер өздерінің партияға қатысты­лығын көрсетпеген, 1374-і – партияда жоқтар. Қазіргі сәтке дейін мәслихаттар депу­таттығына 39 кандидат тіркелген.

Ортсайлаукомға келіп түскен өтініштер туралы

2011 жылғы 16 қараша мен 6 желтоқсан аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға 24 өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 18 өтініш сайлау заңнамасын түсіндіру туралы, тағы 6-уы – сайлау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне байла­нысты.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы.