• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Келешегі мол Қарабұлақ

951 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы 100 жылға тарта та­рихы бар Қарабұлақ ауылын тәуел­сіздіктің төл туындысы деп те айтуға болады. Біздің бұлайша бөле-жара көрсететін себебіміз, 1991 жы­лы, яғни еліміз өз тәуелсіздігіне ие болысымен Зайсан жерінде ауыр жер сілкінісінің болғандығы респуб­лика халқына белгілі. Сол тұста мем­лекет билігінің басына енді ғана келген Нұрсұлтан Назарбаев халық­ты береке-бірлікке жұмылдырудың, қиналғанға көп болып көмекке тар­ту­дың ерекше үлгісін көрсетті. Зайсан зілзаласының ауыр зардаптарын еңсеруге бүкіл республика халқын жұмылдырды. Міне, осы тұста ауыл­дың қирап қалған тұрғын үйлері тұ­тастай қайтадан салынды деп айтуға болады. Сонымен ел Тәуелсіздігінің алғашқы кезеңін қарабұлақтықтар жаңа үйлерде қарсы алды. Мұнан кейін ауыл тарихында өзгеріске толы жаңа кезең бас­тал­ды. Жекешелендірудің алғашқы ке­зеңіндегі ауыртпалықтар халықтың есінде. «Қарабұлақ» кеңшары та­ра­­сымен ауыл халқының басым көпшілігі жұмыссыз қалғаны белгілі. Сол тұста бірден 60-қа тарта шаруа қожалығы құрылғанымен олар істі меңгеріп әкете алмады. Әйтседе, ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығы біздің туған ауы­лы­мыз­дың өмірінде көбіне жарқын жақ­тары­мен есте қалатын болар деп ой­лаймыз. Ауылда осыдан 10-15 жыл бұрын қор­ғасын-мырыш ком­би­натының кө­ме­гімен бұрын-соң­ды болмаған жаңа үлгідегі зауыт салынған болатын. Қа­зір Зайсан көлінен ауланған балықты өңдеп, оны еуропалық мемлекеттерге тікелей шығаратын бұл зауытта 100-ден астам адам жұмыс істейді. Мұ­нан кейін тағы бір өндіріс орны – мал сойып, оның етін мұздатып, республика өңірлеріне шығаратын цех ашыл­ды. Мұнда да біршама адам еңбек етеді. Қарабұлақтықтарға тәуелсіз­дік­тің берген тағы бір қуанышы ауыл іргесінен 3-4 шақырым қашық­тық­тағы жерден мұнай мен газ қоры­ның табылуы болды. Бірқатар жыл­д­ар бойы жүргізілген барлау жұ­мыстарынан кейін-ақ оны өн­діру ісі қолға алынды. Қазіргі күні көптеген ауыл жастары сол өндіріс орында жұмыс істеп, едәуір жал­ақы алатынын естіп, қуанып қал­дық. Бұрын екі қолға бір жұмыс таба алмай, бос жүрген жастар биыл біз ауылға барған кезде бағасы 300 тең­ге тұратын қымбат темекілерді тар­тып, қалаған дүниелерін сатып алып, ауылдағы дүкендер саудасын қыздыра түсіпті. Солардың бірі Ерлан атты бозбаладан айына қанша жалақы алатынын сұрадық. – Біз вахталық тәсілмен жұмыс істейміз. Бір ай еңбек етіп, бір ай демаламыз. Осыған 200-230 мың теңгедей ақша шығады. Ол ақша біз секілді бойдақ жігіттерге жетеді. Сондықтан артығын үйімізге беріп, әке-шешемізге көмекте­се­міз, – деп жауап берді жас жігіт. Қазір мұнайшылар жұмыс істеп жатқан жерде 100 орындық жа­тақ­ха­на, соның ішінде, мамандарға ар­на­лып барлық жағдай жаса­лын­ған кешен тұрғызылған екен. Осы­ған бай­ла­нысты ауыл жағдайының да жақ­сар­ғандығы бірден бай­қа­ла­ды. Ең алдымен, тұрғын үйлер ба­ғасы өсе бастаған. Қазірдің өзінде оның орташа мөлшері 10-15 мың доллар көле­мін­де екен. Әрине, қала үшін бұл ба­ға оншама қымбат көрінбегенімен елі­міз­дің ең бір шетінде, соның ішінде Қы­таймен шекаралас өңірдегі ауыл үшін бұл аз баға емес. Және оның бұ­д­ан әрі де көтеріле беретіндігі анық. Бұл ауылдың бұлжымас жақсы дәстүрінің бірі ретінде кезінде мек­теп бітіріп кеткен түлектердің жиырма, отыз жылдық кездесулерін өз ауыл­дарын­да өткізіп, мектепке, ауылдың әлеу­меттік мекемелеріне қаржылай көмек көрсететіндігін айтуға болады. Осындай көмек түрлерінің нәти­же­сін­де мектепке және басқа да мекемелерге жыл сайын жаңа компьютерлер, жиһаздар сыйланады. Мәселен, биылғы жылғы осындай кездесуде мәдениет үйіне 10 үстел, 90 орындық табыс етілсе, Абай орта мектебінің 1 ка­бинеті жиһазбен толықтай жабдық­тал­ған. Мұның сыртында азаматша Гүлмира Әукебаева 8 балаға ұялы телефон, Ж.Оспанов, А.Доспаевалар бас­қа да әртүрлі сыйлықтар табыс етіпті. Жалпы, Қарабұлақ ауылы қа­рай­тын Зайсан ауданын еліміздегі жедел гүлденіп келе жатқан өңір­лер­дің бірі деп атауға болады. Мұн­да білікті бас­шы, «Құрмет» орденінің иегері Серік Зайнулдин әкім болып келісімен ауданда өрге басқан көптеген жаңа­лық­тар жүзе­ге асқан. Соның ішінде биыл­ғы жыл­дың өзінде ғана «Бекзат» ЖШС-ның макарон өнім­дерін шығаратын цехы, «СМУ Шы­ғыс» ЖШС-ның темір-бетон өнім­дерін шы­­ғаратын құрылыс комби­на­ты, «Нұр­тай» шаруа қожалығының сүт өнімдерін өңдейтін цехы толы­ғымен іске қо­сы­лыпты. Сонымен қатар, бұл ауданда шөлмекке құйы­лып саты­ла­тын минералды сулар, лимонад жә­не газдалған сусындар, өсімдік ма­йы және басқа да халыққа қажетті көптеген бұйымдар өндірі­ліп, сау­да­ланады. Қазір бір ғана Зайсан қа­ласының өзінде май шыға­ра­тын бірнеше цех, оннан астам наубайхана, ондаған қонақ үй, бірнеше базар, супермаркет дүкендер, 20 шақ­­ты кафе-мейрамханалар жұмыс істейді. Осы­дан бірнеше жыл бұрын көмір кен орны ашылып, оны шы­ға­ратын кә­сіп­орын облыстың 4-5 ау­данын арзан көмірмен қам­та­ма­сыз етіп келеді. Жалпы, Зайсан ауда­нын­да кәсіп­кер­лік жедел даму үстінде. Осыған орай қазіргі күні ауданға темір жол желісін тарту мәселесі тал­қы­ланып, қазіргі күні осы істі жү­зе­ге асыру жолдары қызу қарас­ты­рылып келеді. Сонымен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Зайсан қаласы мен оның ауылдары, соның ішінде сөз болған Қарабұлақ ауылы үлкен өзгеріс үстінде қарсы алуда. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.

* * *

Дерек пен дәйек

Республика бойынша ауылшаруашылық жер­лерінің жалпы ауданы 222,6 миллион гектарды құра­са, мұның 24 миллион гектарын егістік алқаптар алып жатыр. Қалғаны шабындық (5 миллион гектар), жайылымдық (189 миллион гектар) жерлер. Қазіргі күні осы жерлердің шамамен алғанда 90 миллион гектарға жуығы пай­даланылуда.

х х х

АЕМ-дер даму әлеуетіне орай төрт топқа жіктелген. 2010 жылы даму әлеуеті жоғары АЕМ саны 2004 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өсіп, 2613 бірлікті құрады. 2010 жылы ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы ақшалай табысы 217 183 теңгені құрады, бұл 2004 жылғы көрсеткіштен 3,5 есе жоғары.

х х х

2004-2010 жылдары барлық төлем көздерінен ауылдық аумақтарды дамытуға 976,0 млрд. теңге, соның ішінде, республикалық бюджеттен – 436,9 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден – 424,2 млрд. теңге және басқа төлем көздерінен 114,9 млрд. теңге бөлінді.

х х х

2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде ауылдық жерлерде 604 білім беру, 424 денсаулық сақтау, 579 сумен қамтамасыз ету, 311 газбен қамтамасыз ету, 182 мәдениет және спорт нысандары салынды. Бұдан басқа 611 сумен қамтамасыз ету, 10300 электрмен қамтамасыз ету, 81 газбен қамта­ма­сыз ету нысандары, жергілікті маңыздағы 2768 шақырым жолдар, 4873 білім беру, 3450 денсаулық сақтау, 1245 мәдениет, спорт және туризм нысандары күрделі жөндеуден өтті.

х х х

2004 жылдан бастап сумен қамтамасыз етудің ерекше маңызды топтық жүйелерінен ауыз су беру бойынша қызметтер субсидиялануда. Қызметтердің субсидиялану деңгейі 30-дан 93 пайызға дейінгі аралықта.

х х х

2010 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1441,0 млрд. теңгені құрады, бұл 2004 жыл­ғы деңгейден 742,2 млрд. теңгеге артық.

х х х

Астық экспортын дамыту мақсатында бір­қа­тар серпінді жобалар жүзеге асты және жүзеге асу үстінде. Солардың қатарында Иран Ислам Республикасының Әмірабад қаласындағы порт аумағында салынған астық терминалын айтуға болады. Бұл терминал жылына 500-700 мың тоннаға дейін астықты қабылдап және өткізіп отырады. Сонымен қатар, дәл осындай астық тер­миналы Қытаймен шекарадағы Достық-Ала­шаңқай стансасы аумағында да салыну үстінде. Ол жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін астық экспорттауға жәрдемдеседі.

х х х

Ауыл шаруашылығы министрлігінің үсті­міз­дегі жылдың 11 қаңтарындағы мәліметі бойын­ша, елде 115,2 мың трактор, 47,1 мың астық жинаушы комбайн, 15,1 мың ору мәшинесі, 91,6 мың тұқымсепкіш пен басқа да ауылшаруашылық техникалары бар.

х х х

Шаруаларды тиісті техникалармен жеңіл­дікті негізде мемлекет көмегі арқылы қамта­ма­сыз ету мақсатында 1999 жылы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрылған болатын. Оның қызметін пайд­лану­шылар саны 2000 жылғы 61 қарыз алушыдан 2010 жылғы 3 128 қарыз алушыға дейін жетіп, осы жылдар аралығында 48,1 есе өсті. Бұл құрылым қазіргі күні орта және ірі шаруашылықтардың 43,8 пайызын, ірі ауылшаруашылық кәсіпорын­дарының 21,8 пайызын өз қызметімен қамтып отыр. Олармен жасасқан келісім-шарттардың жалпы саны 2000 жылғы 68 бірліктен 2010 жылғы 6051 бірлікке дейін, яғни 88,9 есе өсті. Мұның өзі мемлекеттік мұндай қолдау түрі егіншілік, астық өндірісінде өте пайдалы болған­дығын көрсетеді. _______________________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Сұңғат ӘЛІПБАЙ.