• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2011

Білімнің жаққан шырағын

620 рет
көрсетілді

Еліміздің қалыптасу кезеңінде халық­қа білім беру саласындағы мәдени рево­люцияға белсенді араласқан Жанәбіл Қабылұлы Нұрманов 1896 жылы діни сауатты отбасында дүниеге келген. Бала кезінен зерек Жанәбіл әкесінің ықпалымен әуелі діни медресені бітірген соң мұсылман дінін насихаттауға дай­ын­далады. Бірақ ол сол кезде «Алашорда» қозғалысына белсене араласып, кейін олардың бір бөлігімен бірге большевиктерге қосылады. 20-жылдардағы кеңестік Қазақ елінің негізін қалаған көрнекті қоғам қайраткерлері С.Сейфуллин, І.Жан­сүгіров, Б.Майлин, И.Тоқтыбаевтың қата­рында Түркістан өңірін өркендетуге өз үлесін қосады. Жанәбілдің әкесі Қабыл мұсылман дінін насихаттаған өте діндар адам болған. Белгілі жағдайларға байланысты, саяси қуғындаудан аман қалу үшін ол отбасы, жалғыз ұлы бар екенін жасырып, өзі мешітте өмір сүрген. Сондықтан баласы Жанәбіл анасы Жаңылмен бірге жергілікті тұрғын Нұрманның үйінде тұрып, кейін оның тегін алады. Нұрманның жалғыз ұлы Баймахан Жанәбілдің туысқан аға­сын­дай болып кеткен. Баймахан да кейін Жанәбілдің анасы Жаңылдың немере сіңі­лісіне үйленіп, күйеу баласы атанды. Қабыл баласы Жанәбілдің талабымен астана Қызылорда қаласынан Алматыға кө­шірілгеннен кейін 1929 жылы отбасымен қосылып, қалған ғұмырын бірге өткізеді. Жанәбіл Нұрманов еңбек жолын 15 жасында жұмысшы болудан бастап, 1918 жылы, яғни 22 жасында БКп(б) мүше­лі­гіне кіреді. 1923 жылы ұлтқа қарсы және қазақ халқының зұлмат кезеңдерінде жүр­­гізілген саясатпен ашық келіспеуіне байланысты партия қатарынан шығары­ла­ды. 1918-1920 жылдары I санатты мұ­ға­лімдік қызмет атқарып, 1920-1925 жыл­­дар аралығында ата-аналары қуғын-сүр­гін­ге ұшыраған немесе аштықтан қайтыс болған баспанасыз балаларға арналған Ақмешіт қаласындағы №2 балалар ин­тернатының директоры болып жұмыс істейді. 20-шы жылдардағы республикамыз­­дағы сауатсыздықты жою мәселесі ба­­рын­­ша қолға алынған кезде жоғары пе­догогикалық курстар бітірген Ж.Нұр­­ма­нов мәдени революцияның анағұрлым маңызды тапсырмаларын орындауға белсенді араласып, коммуна мектебінің тәр­биешісі, №2 балалар үйінің меңгерушісі болады. Осы кездері бел шешпей еңбек еткен ол сауатсыздықты жою мектебін, Октябрь революциясы атындағы 9 жыл­дық мектепті (бүгінде Қызылорда қала­сында жұмыс жасап тұрған №6 қазақ орта мектебі), педагогикалық қайта даярлау курстарын, Қызылордадағы сол уақыт­та­ғы алғашқы мамандандырылған оқу орны – Ауыл шаруашылығы техникумын құ­­­рып, өзі басқарады. Осы ірі істердің бә­рінің басын қосып Жанәбіл Қабылұлы Нұрмановтың Қазақстан халқы мен жас­тарына, балаларға жасаған қызметін, ЮНЕСКО-да белгіленген Ресей ағар­ту­шысы, атақты Антон Семенович Мака­ренконың қазақ еліндегі үлгісі десек, ар­тық айтқандық емес. Ол 1925 жылы ұлттық жаңа саясаттың жүргізілуіне және Қазақстан астанасы­­­ның Орынбордан Қызылордаға көшірі­луі­не байланысты 1927 жылы БКп(б) мүшелігіне қайта қабылданады. Сөйтіп, 1925-1929 жылдары Қызылорда қаласын­­да­ғы білім беру ісі бойынша уәкілетті өкіл қызметтерін атқарады. Осы кезеңде алғашқы ұлттық кадрлардың ішінен ха­лыққа білім берудің Қызылорда уездік бөлімінің инспекторы болады. 1926 жылы Қазақстан Орталық Ат­қару комитетінің Қызылорда аймақтық сай­лау комиссиясы Президиумының мү­ше­лігіне сайланып, 1926-1928 жылдары халыққа білім берудің Қызылорда уездік бөлімінің меңгерушісі болып тағай­ын­далады. Ол 1927 жылы осы қызметте жүргенде, қазақ әдебиетінің негізін салу­­шы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин Қызылорда халық ағарту инсти­ту­ты­ның ректоры болып қызмет атқарады. Содан 1927 жылы желтоқсанда Ж.Нұр­манов Қазақстан Орталық Атқару комитеті Қызылорда уездік сайлау ко­мис­сиясының хатшысы болып тағайында­ла­ды. Ал 1928 жылы 30 тамызда Бірінші ай­мақтық педагогикалық курстарды өткі­­зу кезінде ағартушы қызметкерлердің ал­ға­шқы республикалық конференция­сын ұйымдастырады. Жанәбіл Нұрманов 1929 жылы еліміз­дің астанасы Қызылорда қаласынан Ал­ма­ты қаласына ауысқанда Қызылорда облысындағы Жалағаш аудандық партия комитетін басқаруға жіберіледі. Артын­­ша, яғни 1931 жылы, 35 жасында белгісіз себептермен кенеттен қайтыс болады. Кейін оның есімі құрметпен еске алынып, оған Кеңес өкіметінің, Қазақ елінің да­муы­на өзіндік үлес қосқаны үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құр­мет­ті атағы берілді. Бүгінде Қызылорда қала­сын­да И.Тоқтыбаев көшесіндегі өлкетану мұражайы жанында Жанәбіл Қабылұлы Нұрманов пен Кеңес өкіметінің қалып­тасуы кезеңіндегі азаматтық соғыста өз жандарын құрбан еткен батырларымыз, оның 18 серігін еске түсіретін бауыр­лас­тар ескерткіш-мемориалы орнатылған. Қа­ла көшелеріне олардың аттары берілген. Жанәбіл Қабылұлы 1931 жылы қай­тыс болғанда оның артында Қызылорда қаласындағы әйелдер мектеп гимназия­сы­ның алғашқы директоры болып қызмет атқарған аяулы жары Зайда Юнусова және 4 жастағы ұлы Еркін мен алты ай­лық қы­зы Фарида қалады. Ұлы Еркін Жа­н­­­­ә­бі­лов әкесі мен анасының жолын қуып, білім беру жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, құқық қорғау саласында қыз­мет­тер атқарды. Ол республика ғылымы­на өзіндік үлесін қосып, ұзақ жылдар Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебінде қызмет етіп, еңбек құқығы кафе­дра­сын басқарды, кейіннен Алматыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебінде қызмет етіп, милиция полковнигі, доцент, заң ғылымдарының кандидаты дәрежесіне дейін жетті. Қызы Фарида да әке үмітін ақтап, 1956-1961 жылдары Қазақстанның денсаулық сақтау саласына өз үлесін қосқан құрметті адам болды. 1961-1991 жылдар аралығында 30 жылдан астам уақыт балалар үйін басқарып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жыл сайын 80-ге жуық балаға пана болған, бүгінде 80 жасқа толған аяулы ана. Бү­гін­гі күні Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңдерінде халқы үшін еңбек еткен үлгілі ата мен әке жолын Жанәбіл Нұр­мановтың немерелері жалғастыруда. Олар­дың ішінен тұңғыш немересі құқық ғылымдарының докторы, заң ғылымда­рының кандидаты, ІІМ-нің полиция полковнигі, қазіргі күні Қазақстан Респуб­ликасы Қауіпсіздік кеңесі Ахуалдық ор­талығының меңгерушісі қызметін атқа­рып отырған Нұрлан Еркінұлы Жанәбі­ловті атап айтуға болады. Халқы үшін елеулі еңбек еткен ата­ла­рымыздың тарихтағы өзіндік орнын ай­қын­­дауы­мыз өткенге құрметіміз. Олар ту­ра­лы деректерді жарыққа шығарып, өне­ге­лі істерін келер ұрпаққа үлгі етуіміз біздің парызымыз болмақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. –––––––––––––––– Суретте: Жанәбіл Нұрманов отба­сы­мен бірге. Қызылорда. 1931 жыл.