• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

Сиырдың сүті – күтімде

2585 рет
көрсетілді

Оған «Сарыағаш» ЖШС-дегі озық технологиямен жұмыс істейтін тауарлы сүт фермасы кепіл болады Қазақы шаруаның «сиырдың сүті – тілінде» деген қағидасы бар. Ауыл шаруашылығын ин­дус­трияландыру жүріп жатқан қазіргі кезде сиырдың сүті тілінде ғана емес, күтімде екеніне жұрттың көзі жете бастады. Денисов ауданындағы Перелески ауылында орналасқан «Сары­ағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт сауу ферма­сы­ның бірінші кезеңін іске қосты. Ферма тұтастай компьютермен басқарылады. Уақыттың жыл­дам­дығына, заманауи техноло­гияға ілесу деп осыны айтар болар. Әйтпесе, бұл өңірге сиыр да, сүт фермасы да таңсық емес. Кеңес Одағы дәуірінде мал ша­руа­шылығы дүрілдеген кеңшар­дың бірі осы «Перелески» бола­тын. Сауын фермасының төбесі көрінгеннен алдымен мал қиы­ның иісі өкпені қабар еді. Са­у­ын­шы еңбегі жеңіл болмайтын. Шелегін қарына ілген әйелдер сыл­­пылдап фермада ертеден кеш­ке дейін жүретін. Ал бүгінгі сауын­шылардың еңбегі қалай дерсіз? Маңдайшасында «Сүт сауу орталығы» деп жазып қойған жазуды оқымаса, сырттан келген кісі мұның сүт фермасы екенін бірден біле қоюы, әй, неғайбыл. Өйткені, тазалығына шыбын тай­ып жығылғандай, көңнің иісі сезілмейді. Аяқ астының барлығы керамикалық плиткалар, жалты­рап жатыр. Фермаға аяғыңды сүртіп кіресің. Ғимараттың екінші қабатына көтерілдік, онда сау­ыншылар, операторлар оты­ра­тын бөлме бар. Кәдімгі офис дерсің. Терезеден «карусельге» қарап, отырып, оператор осы жер­ден компьютермен басқара­ды. «Каруселі» – сиыр сауатын кешенді аппарат. Қорадан айдап әкелінген сиырлар біртіндеп «ка­­русельге», яғни жерден бір-екі метрдей биіктіктегі үлкен айналма шарбаққа өтеді де, бөлі­ніп қойған бір-бір орынға тұра қалады. Төменде жүрген сауыншылар таза май­лық­тармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын үрпіне кигізіп, іске қосады. Сүт құбырларымен ақ бұлақ аға бас­тай­ды. Осы жұмыстың барлығы да компьютермен бақыланаты­нын тағы да айтқымыз келеді. Нөмір­леніп белгіленген әр сиырдың күн­­делікті салмағы, рационы, қан­­ша сүт бергені көз алдыңда тұр. Сиырдың түрлі аурулардан амандығы да тексеріліп отырады. – Алғашқы уақыттарда си­ыр­ларды осында айдап кіргізуде де шамалы қиындықтар болды. Себебі, малдың аты – мал емес пе, жағалай темір шарбақтардан, тайып жығылардай плиткалардан сескенген болар. Бірақ сиыр да күтімді жек көрмейді екен, жануарлар аз уақыттың ішінде қалыптасқан тәртіпке үйренісіп кетті. Таңертең, кешке сауын кезінде монтаңдап келіп, айналып тұрған карусельдегі орындарына біртіндеп өте береді. Сауын­шы­лар желінінің үрпіне аппаратты кигізісімен иіп, сүт бұлағын сел­детеді, – дейді «Сарыағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктес­ті­гінің аға зоотехнигі Жансары Ахметов. Сүт сауу цехында, яғ­ни «карусельдегі» барлық жұ­мыс­ты бар-жоғы төрт сауыншы ғана атқарады. Плитка төселген цехтың іші сиыр сауылып бо­лы­сымен жуылады. Сиырдың желінін сүрткен майлықтарды кір жуа­тын мәшинеде жуып, сауын­шы­ларға сол мезетте қайта береді. Қазір сүт сауу орталығында күніне 441 сиыр сауылады. Ма­ман­дардың айтуынша, қорадағы сиырлар бұзауласымен оларды «карусельге» әкелу жалғаса береді. Осылай жаңа технологиямен сауылатын сиырлар қатарын көбейтіп, алдағы жылы «карусельде» сауылатын сиырдың қатары 1200-ге жеткізіледі. – Қолда барлығы 900 сауын сиыр бар. Әр сиырдан жылына есептегенде 4000 литр сүт сауып отырмыз. Бұл қазіргі мүмкін­ді­гі­мізге қарай жаман көрсеткіш емес. Біздің шаруашылық сүт саууды бастағанда әр сиырдан 1600 литрден алғанбыз. Жергілікті қара ала сиырдың тұқымын асылдандыру жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Озық техно­логияға негізделген жоба толық іске асқанда бұл көрсеткішті 5000-5500 литрге жеткізетін бо­ла­мыз, – дейді Жансары Ахметов. Айтпақшы, бұл шаруа­шы­лықта бұзаулар да жаңа технология бойынша күтіледі. Облыстың индустрия карта­сына енген бұл инвестициялық жоба «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамының қолдауымен мүмкін болды. Өзгелердегі озық үлгіні әкелу оңай да, арзан да емес. Сүт сауу орталығында құ­растырылған «карусель» жаб­ды­ғы Германиядан алдырылды. Бұл жабдық қазір Қазақстанда бар-жоғы бесеу ғана болса, со­ның екеуі Қостанай облысының шаруашылықтарында жұмыс істеп тұр. «Сарыағаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы 504,9 миллион теңге қа­рыз берсе, қалған 111,4 миллион теңгені шаруашылық құрамына кіретін «Арай» холдингі салды. «Сарыағаш» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Өтеген Мұртазин осы қаржы­ның барлығы 6-7 жылда өтеле­тінін айтып отыр. – Ең басты мақсатымыз – тиімділік пен пайдаға қол жеткізу. 2014 жылы жоба толық қуа­тын­да жұмыс істейді. Сонда жобаға жұмсалған шығын да дер уа­қы­тында өтелетін болады, – дейді ол. Перелески ауылының 24 тұр­ғы­ны жаңа тауарлы сүт ферма­сын­да жұмыс орнын табады. Жалпы, «КазАгроФинанс» ак­ционерлік қоғамы елімізде тау­арлы сүт фермаларының дамуы үшін жасалған инвестициялық жобаларды қаржыландыру опе­ра­торына айналып отыр. 2007 жылдан бері осы бағытта 16 жоба қаржыландырылып, оған 13 миллиард теңге жұмсалды. Қа­зір 14 тауарлы сүт фермасы то­лықтай жұмыс істеп тұр. «Каз­АгроФинанс» қаржыландырған «Са­рыағаш» ЖШС-ға қарайтын сүт фермасында тағы да қо­сым­ша қора салынғаннан кейін, жоба 2012 жылы толық аяқталады. – Ауыл шаруашылығын, оның ішінде, мал шаруашылығын ин­дустрияландыру, озық техно­ло­гия­ларды әкелу ауыл адамдарын да жаңаша ойлауға бейімдейді. Сауын сиырларына таяқ көте­ру­ге, тіпті ұрысуға, шулауға бол­май­ды. Оның күтімі, жылы, таза орын сүт молшылығына әсер етеді, – дейді шаруашылық бас­шысы Өтеген Мұрзин. «Сарыағаштың» тауарлы сүт фермасы болашақта еліміздегі мал шаруашылығы көкжиегінің кеңейе түсерін көрсеткендей. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Денисов ауданы, Перелески ауылы.