• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Шілде, 2018

Отандық нейрохирургиядағы оң өзгерістер

691 рет
көрсетілді

«Қоршаған орта мен түнгі жұл­дыз­дар әлемі қандай жұмбақ бол­са, адамның миы да одан кем емес табиғат жұмбағы» дей­ді британдық нейрохирург Генри Томас Марш. Нейро­хи­рургтердің қызметі – осы тыл­сым­ға үңіліп, кінәратын емдеп, ми қатпарларын қатерден ары­лту.

Ұлттық нейрохирургия орта­лы­ғын­да балалар нейрохирургиясы бой­ынша шеберлік сабағын өткізген академик, Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Вильям Хачатрян «Бұрын «қазақтар» деп жай айта са­латын үн, дауыс екпіні өзгерді, қа­зір «қазақтар» деген дыбысталудан құр­мет естіледі. Үйренушілер қа­та­рындағы қазақ нейрохирургтері бү­гінде білікті əріптестерге айналды. Қазақ елі көркем қалаларымен, са­лынғаны бар, салынып жатқаны бар даңғыл жолдарымен, білікті де бі­лімді, бірнеше тілде еркін сөйлейтін жас мамандарымен көрінуде», дейді. Расында, қазіргі кезде қазақстандық ней­рохирургтер өз әлеуетін кеңінен та­нытуда. Алайда Генри Марш айт­қандай, адам жүйкесінің тереңінде жатқан жұмбақ таусылар емес. Сон­дықтан отандық нейрохирургтер алдындағы міндет ауқымды.

Жуырда Астанадағы Ұлттық ней­ро­хирургия орталығының 10 жыл­­дығы аясында 23 елдің білікті ней­ро­хирургтерінің басын қосқан ха­лық­­аралық конгресс өтті. Жиынға қа­ты­су­шылар 10 жыл ішінде 37 мыңнан ас­там адам емделіп, 25 мыңнан аса ота жа­сал­ған және 66 нейрохирургиялық жа­ңа технологияны енгізген емхана­ны ме­рейтойымен құттықтады. Елімізде алғаш рет нейрохирургияның жаңа са­лалары микронейрохирургия, эндо­вас­кулярлық, эндоскопиялық, фун­к­циялық нейрохирургия, кіші­ин­ва­зивтік жұлын және тамыр нейро­хи­рур­гиясы сияқты бағыттарды дамыт­қан орталықтың ауыз толтыра айтатын жетістіктері жетерлік. Соның бі­рі, ней­рохирургиялық нозоло­гия­лар бой­ынша пациенттерді ем­деу және ней­рохирургиялық патология салдары­нан мүгедектікке ұшы­рау­ды азай­ту­ға қол жеткізілді. Бұл адам өмірінің сапасын жақсартып, ғұ­мы­рын ұзарту мақсатында тынбай ізденудің арқасында мүмкін болып отыр.

WFNS әлемдік нейрохирургиялық қау­ымдастықтар федерациясының президенті Франко Сервадей «Форум қазақ­стандық нейрохирургтерге көр­ші елдермен тығыз әріптестік қарым-қаты­нас орнатуда тиімді алаңға айнал­ды. Қазақстанның табысы көр­ші елдердің жас нейрохирургтерін оқы­ту­ынан да көрінеді. Шынында ор­та­лықтың ғылыми бағдарламасы жо­ғары әлеуетке ие. Қазақ нейрохирур­гия орталығы медицина саласында кадр­лық әлеует пен тәжірибе алмасуды түрлендіру арқылы нейрохирургия бағыттарының кез келген шыңына шыға алады», дейді. Халықаралық қауымдастық басшысы айтқандай, бүгінде отандық нейрохирургтердің еңбегі медициналық туризмнің өрістеуіне де жол ашуда. Ал ресей­лік академик Вильям Хачатрян Қазақ­стан­дағы нейрохирургияны да­мы­ту­да басты назарда болатын дү­ние ре­тінде күрделі операцияларды об­лыс­­тарда емес, орталықтың ма­ман­­дан­­ған шеберлеріне жасату, ал өзге қа­лаларда жеңіл операцияларды өт­кізуге қол жеткізудің тиімділігін айта­ды. «Жалпы, нейрохирургияда оңай операция деген түсінік болмауы тиіс. Мидың күрделілігі соншалық, бірі­нен бірі айнымайтын операция жасап көрген емеспін. Әр адам ағ­за­сының ерекшелігі бар. Мидың қат­пар­лылығына қоса оған келмейтін қан та­мыры жоқ болғандықтан әр операция қи­ынға түседі. Дегенмен күрделі опе­ра­цияларды орталықтандыру мәсе­ле­сі аса маңызды. Сонда орталық дәрі­гер­лерінің жұмыстары айқын бола түседі», деді.

Айтулы дәрігерлер айтқандай, қазақстандық нейрохирургия өте қар­қынды даму үстінде. Тіпті кей сала­ларда жетекші рөлге ие. Мәселен, Украина нейрохирургтер қауым­дас­тығының президенті, профессор Владимир Смоланка эндоскопия, ми­ға жасалатын хирургиялық ем түр­лері, оның  ішінде онкологиялық ісік­тер, омыртқа хирургиясында алға түс­кен орталықтың функциялық ней­ро­хирургиядағы жетістіктері де на­зар ау­дарарлық екенін жеткізді. «Ней­ро­хирургиядағы проблемаларды сөз еткенде, ми қан тамырларының ауру­лары, инсультпен күрес түрлері, ба­ла­лар нейрохирургиясын айналып өтуге болмайды. Бұл ретте қ­а­зақ­стандық мамандардың айтары бар. Бүгінде қоғамның жасаруынан қар­таюы қарқындырақ, сонымен бірге жасы ұлғайған адамдардың арасындағы нейрохирургиялық дерттер саны да арта түсуде. Сондықтан жал­пы ме­ди­цинада, оның ішінде ней­ро­хи­ру­р­- гияда көптеген мәселелер ту­ын­дап отыр. Эпилепсия ауруы да ма­ман­дардың назарын аударуды қа­жет ете­ді. Біз бұл аурудың 70 пай­ызын дәрі­мен емдейміз, ал 30 пай­ызының ұста­ма­сының ұстауын дәрі­нің күшімен қада­ғалай алмаймыз. Қазір бұл са­нат­тағы науқастардың кей­­бірін нейро­хи­рургиялық операция­мен емдеп, ұс­та­маны тоқтатуға болаты­ны бел­гілі бол­ды», деді ол. Сондай-ақ бұ­­рын нев­ро­лог­тардың пациенттері бо­лып келген ауру­лардың ауқымды бө­лігін қазір ней­рохирургтер емдей­ті­нін, бұл саланы дамытудың көптеген мәселелері барлығын айтады.

Бүгінде бұл орталық жаңа емдеу әдістерін қолдану мен ерте диагностикалаудан бастап, науқастарды оңалтумен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтерді толығымен көр­сететін жетекші клиникалардың біріне айналды. Қазақстандықтар шет­елге бармай-ақ диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін қол­данатын клиникада ем­деледі. Сондықтан Израильдің Со­ро­ка университеті медициналық ор­­та­лығының нейрохирургия бөлім­ше­сінің жетекшісі Исраэль Меламед Ұлт­тық нейрохирургия орталығымен ара­­дағы әріптестікке көңілі толатынын атап өтті.  Ол өз сөзінде орта­лық­тың осы бағытта әрі қарай да­му­ы- на, жаңа Астанамен бірге жар­қын болашаққа қадам басуына тілек­тес­тігін білдірді.

Форум барысында Қазақстан, ТМД елдері және басқа да алыс-жақын шетелдердің нейрохирургия, неврология, нейроанестезиология және нейрореанимация саласының жетекші мамандарына алғаш рет Әлемдік нейрохирургиялық қауымдастықтар федерациясымен танылған Prof. Eka J. Wahjoepramono және Dr. Julius July есімді нейрохирургтарының 3D дәрісі өтіп, мидың терең бөлігін үш ке­ңіс­тікте қараудың ерекше мүм­кіндігі ұсы­нылды.

Ұлттық нейроxирургия орталы­ғы­ның басшысы Серік Ақшолақовтың ай­туын­ша, саладағы ізденістер мен жаңа­лықтар жалғасын таба береді. Мәсе­лен, жақын арада «Gamma Knifе», яғни «гамма-пышақ» көмегі­мен мидағы кішігірім ісіктерді опера­ция­сыз жоюдың жолы ашылмақ. Ра­дио­xирургиялық әдіспен емдеу де соң­ғы теxнологиялардың бірі. Оны­мен кішігірім ісіктерді, сондай-ақ қан тамырының ақауларын сәулемен 20-40 минуттың ішінде емдеп шығуға болады екен. Бұл теxнологияны Ор­та­лық Азия бойынша бірінші қол­ға алуды жоспарлаған клиника қажетті маман-дәрігерлерді жас­тар қатарынан жасақтап, Ресейде, Венгрия мен Францияда   дайындады. Қазір олар гамма-пышақтың орта­лық­қа жеткізілуін ғана күтіп отыр. Бү­гін­де қазақстандықтар аталған жаңа теx­нологиямен емделу үшін шетелге ба­рады. Оған жұмсалатын қаражат кө­лемі де аз емес.  Бұл жайында про­фес­сор С.Ақшолақов «Бір адамға ша­мамен 20-50 мың еуро қажет. Ал аппарат келгеннен кейін мұның бәрін елімізде жасаймыз. Барлық ем шаралары мемлекеттік квота бойынша жасалады. Бұл xалыққа мемлекет тарапынан нақты көмек болады», дейді.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»