• RUB:
    5.22
  • USD:
    479.44
  • EUR:
    523.69
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Шілде, 2018

Кіші Арал – үмітті ертеңге жалғаған теңіз

1510 рет
көрсетілді

Бір көргенде Арал­дай най­қалған теңізі бар­ Қы­зылорда облы­сы судан тапшылық болмайтындай көрінеді. Мұндағы жағ­­­дайды көзімен көрмеген жұрт солай ойлайтыны кәдік.

Жазға салым Сырдариядан келетін судың көлемі күрт­ түсіп кеткенде диқан­дар кәдімгідей абыржып қалған. Еткен еңбек рәсуа болып, су­­дан қаңсыған шабындық, егін атаулы құрғап қала­тын­дай жағдай болған. Алай­да, облыс әкімдігі жоға­рыға дабыл ұрып жүріп, жағ­дай­ды тез арада реттеп алды.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ақшулан толқындары жағаны ұрып, маңайды өкірген өгіздей азан-қазан қылып жататын Арал теңізін кеңес өкіметінің солақай саясатының арқасын­да жоғалтып алдық. Өзімізден де болмай қалған жоқ. Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд текше метрден сәл асады. Қоғам қайраткері Қуа­ныш Айтаханов Шар­дара су қоймасы са­лын­ғаннан бері бір Аралдың суын көршілерге шү­лен таратқандай бер­гені­міз жайында әлденеше рет айтқан.

Қырғыз Алатауының сай-саласын­дағы тау өзендерін Тоқтағұл ГЭС-іне жи­нап алған қырғыз ағайын қыс­та энергия алу жүйесіне өтеді. «Ойбай, өліп барамыңа» қарамайды. Шардара су қоймасындағы су қазан­дықтан асса, жолдағы бес аудан мен Қызылорда облысын қар­ғын су басады. Сондықтан, Арнасай арқы­лы Өзбекстанға сұрағанын бе­ріп, өткізіп келдік. Осы қиын жағдайдан Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен Көксарай су реттегішін салу арқылы құтылғандай болдық. Алайда, кейінгі жылдары су тапшылығы бәрібір сезіле бастады.

Сол­түстік Аралды сақтап қа­лу­да да шығынға тап бол­­­дық. Бұл жайында облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев облыс­тық мәсли­хаттың ХХІ сессия­сында сөйле­ген сөзінде айтты.

– Өкінішке қарай, «Сыр­дария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Арал­ды сақ­тау» жобасы бойын­ша Дүниежүзілік банкпен жүргізген жұмыс­тар­ біз күткен нәтижені бер­меді. Дүниежүзілік банк­пен келіс­сөз жүргізіп жат­қаны­мыз­да жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз 2,5-3 млрд текше метр су кетіп жат­­ты. Осылайша, 12 жылда 30 млрд тек­ше метр суды жоғалттық. Салыс­тыр­малы түрде айтатын болсақ, Кіші Арал теңізінің көлемі 27 млрд текше метр су. Демек, осы жылдары біз Кіші Аралға қарағанда көбірек су жоғалт­қанбыз. Одан бөлек, жыл өт­­кен сайын жағдай үдей түсіп, тұр­­ғындар үшін қауіп-қатер артып келеді. Сондықтан да, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін САРАТС-2 жобасының 4 ком­по­нентін республикалық бюджет есебінен жү­зеге асы­­ра бастау туралы шешім қа­был­данды, – деді ол.

Жағдай осындай екен деп қол қу­сырып, «тағдыр салды, мен көндім» деп отыратын заман емес. Басшы тығы­рықтан шығудың барлық жолдарын іздеп, негізгісін іске асырады. Облыс әкімі суды реттеудің негізгі тетігін мемлекет деңгейіне көтеріп, ұсынысы қолдау тапты. Мемлекет басшысының тіке­лей қолдауымен САРАТС-2 жобасының жаңа дәуірі бас­талды. Бұл туралы облыс басшысы жүлгелеп берген.

– Біздің аймақ Сырдария өзенінің тө­менгі ағысында орналасқандығын және жоға­рыда орналасқан көрші мем­лекеттердің шешімдеріне то­лық тәуелділігімізді ескеретін болсақ, ир­ри­гациялық және дренаждық жүйе­лерді жаңғырту стратегиялық си­пат­қа ие болады және өзде­ріңіз білетіндей, биыл біз үшін су тапшы болып отыр, – дейді ол.

Сондықтан, бірнеше жыл бойы судың қажетті кө­ле­мі­мен қамтамасыз етіл­ген 188 мың гектар суар­малы жер­ді қалпына кел­тіруге бағытталған үш жобаны жүзеге асыру үшін жү­йе­лі жұмыс жүргізі­лу­де. Ауыл ша­руа­шылығы ми­нистрлігінің бас­тама­сы­мен «Ирригациялық жә­не дре­наж­дық жүйені жетіл­діру» жо­басы­ның екінші фазасы 2017 жылы Жалағаш ауданындағы 15 мың гектар су шаруашылығы нысан­да­рын төлқұжаттауды аяқ­тап, рес­пуб­ли­каның мен­шігіне өткізді. Қа­зіргі уа­қытта ирригациялық жүйені қа­лыпқа келтіру үшін респуб­ликалық бюджеттен 16 млрд теңге инвестиция тарту жұ­мыс­­тарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар былтыр облыстың барлық ауданында тағы да 29 мың гектар суармалы жердің гидротехникалық құрылысын төлқұжаттау аяқталды. Бүгінде Жалағаш, Жаңақорған және Қазалы аудандарының нысандары рес­публикалық меншікке толығымен берілді. Басқа аудандар бойынша да жұ­мыс­тар аяқталып келеді. Бұл халықаралық қаржы ұйым­дары арқы­лы нысандарды қалыпқа келтіруге 13 млрд­ теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жо­баның үшінші фазасын іске асыру аясында ағым­дағы жылы тағы 144 мың га ир­ригациялық жүйені төл­құ­жаттау басталды. Үкі­мет жоспарына сәйкес осы жо­ба шең­берінде 4 облысқа тие­сілі 312 мың гектар жер қам­тылады. Облыстық құ­ры­лымдардың жүргізген мақ­сатты жұмыстарының нәти­жесінде жобаға сай қайта қа­лыпқа келтірілетін жер­­дің 50%-ке жуығы Қызылорда облысы­ның үлесіне тиіп отыр. Бұл – болашақ үшін жақсы негіз.

Бірнеше жылдан бері үз­дік­сіз жұ­мыс жүргізіп жат­қан ең маңызды су жобасы Солтүстік Аралды сақ­тап қа­луға бағытталған жоба. Үш ком­поненті (Қармақшы, Қа­залы аудан­да­рындағы қор­ғаныс бөгеттерін нығай­ту, өзен­нің Жалағаш ауданын­дағы «Қорғанша» және «Тұ­рымбет» учаскелеріндегі арнасын түзету және «Қызыл­орда» су торабында кешенді жөндеу жүргізу) «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шең­берінде, ал бір компоненті (Қазалы ауданындағы Бір­лік елді мекені жанында кө­пір құрылысын жүргізу) Аймақ­тарды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асыру жос­пар­лануда.

«Қызылорда» су торабына кешенді жөн­деу бойынша инвестициялық ұсы­ныс дайындалып, Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық қоры­тындысы алынды. Қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министр­лігі жобалық-смета­лық құжаттарды әзір­леу­ге қаржы бөлдірту үшін Қар­жы ми­нистрлігіне бюджеттік тапсырыс беруге қажетті эконо­микалық сарап­тама­ны «Қазақстандық ТЖО орталығы» акционерлік ор­та­лығынан алуға қаржы-эко­номикалық негіздеме да­йын­дап жатыр. Екі компонент бойынша Қармақшы, Қа­залы аудан­дарындағы қор­ғаныс бөгеттерін ны­­ғайту және Сырдария өзенінің Жа­ла­ғаш ауданындағы «Қор­ғанша» және «Тұрымбет» учаскелеріндегі ар­насын тү­зету бойынша облыстық бюд­жет есебінен жобалық-сме­талық құжаттамалар әзір­ленді. Қазіргі таңда осы ком­поненттерді іске асыру үшін рес­публикалық бюджеттен қаржы тар­ту жұмысы жүргізілуде. Оны «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде іске асыруды жоспарлауда. Жо­баның құны – 2,5 млрд теңге. Төртінші компонент – Қа­залы ауданындағы Бірлік елді мекені жанындағы көпір құры­лысын жүр­гізу бойынша ағымдағы жы­лы жобаның техникалық-эконо­микалық не­­гіз­демесі дайындала­ды.­ Содан кейін бұл компонент­ рес­­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дыру үшін Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады. Осылайша, САРАТС-2 жобасын іске асыру жұмыстары басталып кетті деу­ге болады.

Мұнан бөлек, Солтүстік Арал жобасының қалған ком­понент­терін жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар дайындалды.

Бірінші кезеңде ел бюджеті есе­бінен  «Көкарал» бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету жә­не Сырдария өзе­­­нінің саға­сын қалпына келтіру бо­йынша жұмыстар басталады.­ Жо­ба су ағызу құрылғысы бар «Көк­арал» бөгетін ны­ғайту және Сыр­­­дария өзені­нің «Қарашалаң» және «Тұщыбас» көлдері арқылы өтетін тармағын қалпына кел­ті­ру­ді қарастырады. Екін­ші кезеңде Дүние­жүзілік банк несиесі есебінен құ­ра­мына «Суармалы жерлердің ир­ригациялық-дренаждық жү­йесін же­тілдіру» жобасы қа­ралған «Арал өңірін одан әрі дамыту және экологиясын жақсарту» бағдарламасын коллекторлық-дренаждық суларды Арал теңізіне жеткізу мүмкіндігімен әзірлеу және іске асыру жоспарлануда. Бұл бір жағынан әлеуметтік-экономикалық дамуды жақ­сартып, тұрғындардың, әсіре­се, суарма­лы жердің жай-­күйіне тәуелді ауыл тұр­ғын­дарының әл-ауқатын жақ­сар­­туға мүмкіндік береді. Екінші жа­ғы­нан суар­малы жерлердің нашар жай-күйіне байланысты шығынды 40%-ке азайта отырып, Арал теңізіне түсетін су көлемін ұлғайтуға септеседі.

Облыс әкімінің айтуынша,­ осы­­­ бағ­дар­лама аясында­ «Көк­арал»­ бөгетінің төмен­гі жағын­да­ ги­дро­логиялық және орман ме­лио­­ративті жұмыс­тарды жүргізуді қарастырамыз. Бұл сулы-батпақты алқапты қа­лыптастыру есебінен Арал өңірінің экологиясын жақсартуға мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызуға және теңіздің шы­ғыс жаға­лауында елді мекен­дерді құм­ның басуынан қорғайтын жасыл белдеу құруға мүмкіндік бо­ла­ды.­ Сонымен қатар Аг­рар­лық-өнер­кәсіптік ке­шенді дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы аясын­да облыста тағы да екі су қой­масы – «Қараөзек» және «Күміс­кеткен» су қоймалары құрылысының мәселелері шешіліп жатыр. «Қараөзек» су қоймасы 1,5 млрд текше метр суға дейін жинақ­тайды. Яғни жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз жіберіліп жат­қан, су аз кезеңде егіс алқаптарын су­мен қамтамасыз етуге болатын 3 млрд текше метр судың жартысын сақ­­тауға мүмкіндік береді. Шиелі ауданындағы «Күміс­кеткен» су қоймасы 600 млн текше метрге дейін су жинақтайтын болады.

Аймақта суландырудың осындай жобалары жүзеге асырылып жа­­тыр. Бүгінде әлемде су мәселесі өткір күй­­де тұр. Құрғақшылық ден­деп, адамдар қатал та­би­ғаттың ауыр сынымен бетпе-бет қалуда. Егер Ел­басы САРАТС-2 жобасын қолдап, мемлекеттен қар­жы бөлмегенде құр­ғаған Арал табанында отырған елге де оңай тимейтін еді. Бүгінгі қолға алынып жатқан мемлекеттік шаралар барлық қиын түйінді бірден ше­шіп тастамағанымен Кіші Аралды сақ­тау арқылы өңір­дің тынысын ашты. Ауыл шаруашылығы әлеуетін көте­­­ріп, шаруалардың жұмыс істеуіне мүм­кіндік берді. Облыста экологияны сауық­тыру және жұмыспен қамту мәселесі осылайша шешіліп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы