Алты жылдан бері Алматыда «Үздік аула тазалаушы» байқауы жалғасып келеді. Мегаполис қаланың тазалығын насихаттауда бұл жарыстың әлеуметтік мәні айтарлықтай. Біріншіден, аталған жоба Алматының көптеген аудандарын айнадай тазартып отырған адамдардың еңбегін насихаттаса, екінші жағынан жеңімпаздарға қаржылық игілік әкеледі.
Байқау үздіктері тұратын аулалар әрине, қашан да таза. Аула қоршаулары әдемі боялған, жол жиектері сырланған, жасыл желектері мен гүлдері күтіп-бапталынған.
Дәстүрге айналған байқауды «Алматыдай таза» қоғамдық қоры «Эфес Казақстан» компаниясының қаржылық демеушілігімен жүргізіп отыр.
Сонымен биылғы аула тазалаушылардың еңбегін құрметтеп, өз ісіне жауапкершілігі жоғары жандарды қошеметтеуге арналған шарада «Эфес Казақстан» АҚ ЖК корпоративтік қарым-қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев бірінші кезекте диплом мен қаржылай сыйлықты Тохтихан Розаковаға ұсынды. Өйткені осынау нәп-нәзік әйел өзінің қажырлы еңбегімен
ауласы ең таза екендігін ұдайы дәлелдеумен келеді.
– Менің жұмысымның өз жауапкершілігі бар. Адамдардың жай мән бермейтіндігі болмаса, аула тазалаушы да – жақсы кәсіп. Айнадай тазартып шыққаннан кейін айналаңа қарап, қуанасың. Кейде өтіп бара жатқан адамдар тоқтап, алғысын жаудырып жатады. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Т.Розакова.
Ал екінші орынды Андрей Говоров алды. Бала күнінде мүгедектікке шалынғандығына қарамастан, ол өзіне берілген аумақты айнадай, тап-тұйнақтай етіп ұстап отырған жан. Үшінші орын мен ақшалай сыйлық Шәрипа Ушурова, Амангелді Әбимов пен Галина Лазареваға бұйырды.
– Әлеуметтік мәні үлкен бастаманың қала тазалығы үшін ғана емес, тұрғындардың санасына да әсері айтарлықтай. Ең басты мақсатымыз – қаламызды тазалыққа бөлеп отырған жандарға салтанатты түрде құрмет көрсету. Жеңімпаздар белгілі мөлшерде ақшалай сыйлыққа ғана ие болып қоймайды. Олардың әрқайсысына бірнеше жалақы көлемінде тағы да қосымша қаржылық көмек көрсету салтымыз. Осы арқылы біздер құрметімізді тағы да үстемелеп отырамыз, – дейді Шыңғыс Қаскеев.
Қысқасы, «Үздік аула тазалаушы 2018» байқауына биыл 200-ге тарта аула тазалаушы қатысқан. Үш кезеңнен тұратын байқауда 70 мыңдай тұрғын дауыс берген. Үшінші кезеңде тазалықшылары ең көп дауыс жинаған 30 ауланы ұйымдастырушылар сырттай тексеріп кетеді.
Сол сияқты «Ауданның үздік аула тазалаушылары» да анықталып, сый-құрметке бөленді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ