• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Желтоқсан, 2018

Әлемде әр үшінші мектепке таза әрі қауіпсіз дәретхана қажет

1071 рет
көрсетілді

Әдепкіде «Дүниежүзілік дәретхана күні» деген атаулы күн миыққа күлкі үйіріп, екіұдай сезімге шақырса да, оның байыбына әрі қарай тереңдегенде, тазалық та, денсаулық та осы жерден басталатынын баяндаудың өзі әбестік. Оның керек емес күні, керек емес жері бар ма? Айға ұшып кетсеңіз де әжетхана қажет.

Тіпті әжетханаға кіруге ниет еткен есті кісі «Әжетхана әдебі» деп Пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемеген мәкрүһ, уәжіп сияқты амалдарға жатпайтын 19 тәртібінің  жартысын қаперде ұстайды. Бұл әңгіменің ар жағы.

Енді мәселенің бер жағына келсек, оның тіпті саясатқа да ара­ла­­сып, әр үйді әжет­хана­мен қам­та­­­­­­­­­ма­­­сыз ету­ді сайлау­­­ал­ды бағ­­­­дар­­­­­ламасына ен­­­­гіз­ген Нарендра Модидің, Үндіс­тан­­­­­ның Премьер-министрі болып та­ғайын­­далғаны кеше ғана. Хал­­қы­­­ның жартысы дала­да дәрет сындыратын бұл ел­дің астанасы Делидің өзінде зәрдің иісі мүңкіп тұра­­­тындығын, оны осы елге саяхаттаған туристер ұдайы жиіркене жазатынын айтсақ, онда бұл іс жүрдім-бардым қарайтын жайт емес. 

Осындайда еске түседі, бір­не­ше жыл бұрын Орал қала­сына іссапармен келген ресей­лік азамат көшеде тал-теректің түбінде әжетін өтеп тұрғанда тәртіп сақшыларының қолына түсіп, әлгі азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Бұл оқиға қоғамдық әжет­ха­­насы жоқтың қасындай қала тұр­ғын­­дары арасында әжептеуір талқы­лан­ды. Қонақтың айтуынша, келе жа­тып бірнеше жерге бас сұққан, әжет­ханаға кіргі­зуі­н өтінген. Бірақ еш­бірі рұқсат берме­гесін жаңағыдай қа­дамға барған... 

Айтпағымыз, қауіпсіз әрі таза дә­рет­хананың болмауы – гигиеналық тұр­ғыдан ғана емес, сондай-ақ ден­сау­лық үшін де қауіпті екенімен ешкім дау­лас­­пайды. Бұл ретте ғаламшар тұрғын­­дарының үштен бір бөлі­гі­нен астамы дұрыс ұйым­дас­тыр­ылған санитарлық жүйе­лер­ді көрмей-ақ өмірден өтеді. Осы арманға қол жеткізу үшін ғаламшардағы тұщы су қоры же­ткілікті. Алайда әлсіз ин­фра­­құры­лым салдарынан жыл сайын миллиондаған адам, олардың көбі балалар, санитария мен гигие­на­ға байланысты аурулардан көз жұмады.

Айтқандай, Дүниежүзілік дәрет­­хана күні БҰҰ ресми күні ретінде 2013 жылдың 19 қараша­сын­ан бері бар. Бұл «мейрамның» өмірге кел­уі­не тазалықты сүйетін Син­гапур елі септесті. Бұл елде дәретіңізді жө­нел­тіп жіберуді жазатайым естен шы­ға­рып алсаңыз, 200 доллар айыппұл төлейсіз.

БҰҰ-ның бұл шешімін әлем­дік әжетхана ұйымы (мұндай да мекеме бар) бірден қолдады. Бірден бұл ұйымға 86 ел мүше болды. Себебі БҰҰ мәліметі бойынша, әлемдегі әр үшін­ші адам дұрыс әжетханаға зәру. Ал 1 миллиардтан астамы ұятты қой­ып, далаға, ашық аспан астына жү­гіруге мәжбүр. Ал енді, мұның нәтижесіне келсек, күн сайын әлемде 2 мыңнан астам бала тазалықтың жоқтығынан көз жұматын көрінеді. 

Шындап келгенде мұндай шаруа­­­­лар­мен көбінесе қоғам бе­л­­­сен­­­­­ді­лері мен ҮЕҰ неме­се мүд­­­­делі ком­па­ния­­лар айна­лысады. Алматы қаласында, «Ритц-Карлтон» қонақ­үйін­де «Дүниежүзілік дәретхана күніне орай» мек­теп­терде дұрыс дә­рет­­хана ұйымдастыруға, бала­лар­­ға ги­гиеналық түсінік­терді ұғын­дыруға қа­тысты шарадан да өзі­­­­­міз­­ге та­ныс тұл­ға­ларды тап­қа­­ны­мызға аса таңғала қой­ған жоқпыз. 

Әдеттегідей әңгіме мектеп­тер­дегі лас дәретханалар оқушы­лар­дың психикасын қалай зақым­дайтынын айтудан басталды. 

– Зерттеулерге сенсек, егер мектеп дәрет­ханасы дәрет сын­дыру үшін қолай­сыз болса, олар оған кірмей, шы­дап жүре береді. Осы дүние оқу­шы­ның пси­хо­логиясына да әсерін ти­гі­­зеді. Қатар­­ластарымен аралас­қанда қи­­­ын­­дықтарды туындатады, – деді Uni­lever Түркия ком­па­н­иясының бренд-менеджері Мерве Этик.

Осы орайда БАҚ өкілдерін Әжет­хана күніне жинап отырған Unilever компаниясы жағдайды өз­гер­туге көмегін тигізу мақса­тын­да жа­һан­дық бастама әзір­ле­генін мәлім етті. 2016 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын­ғы мектеп науқаны аясын­да мек­­теп­­­терге тазалықпен гигие­на сақтау үшін Domestos тазарт­­­­­­қыш құралының жылдық қоры тегін беріліп отырған. Санитарлық қыз­мет­шілер үшін тренингтер, оқу­шы­лар үшін ашық сабақтар өткізіліп, мек­теп дәретханаларына күрделі жөн­­деу жұмыстары жүргізіледі. Бағ­­­­арлама Қазақстанда ғана емес, әл­ем­нің көптеген мем­ле­кет­те­рін­де іске қосылған. Үндіс­­­тан­мен са­лыс­тыр­­ғанда Қазақ­стан­да дәретхана мә­се­­ле­­­сінде аса қатты қиындық жоқ. Сон­дық­тан біз бар күшімізді гигиена мен негізгі ақпараттық түсініктерді күш­ейтуге жұмсап жатырмыз, – дейді Мерве Этик.

– Міндетті түрде көтерілуі тиіс мә­се­­лелер болады. Бү­гінгі таңда әлем­­­дегі шамамен 4,5 миллиард адам­ның таза әрі қауіпсіз дә­ретханаға қол жеткізе ал­май­тынын бәрі біле бер­мей­ді. Дәл осы себепке байланысты біз 2020 жылға дейін бүкіл әлемде 25 миллион адам­ның таза әрі қауіпсіз дә­рет­ханаға қол жет­кіз­уіне көмектесу мін­детін өз мой­­ны­­мызға алдық. Ги­гие­наға ба­й­ла­­­нысты аурулардың сал­да­ры­­нан жыл сайын миллиондаған адам көз жұ­мады, олардың көбі – бала­лар. Өкініштісі, әсіресе Қазақ­­станның өңірлерінде бұл проб­ле­ма өте өзекті. 2016 жыл­дан бері осы ба­­­ғытта өте бел­сен­­ді жұмыс іс­­­­­теп келеміз. Гигиена проб­­­ле­­ма­­­лары туралы ха­бар­­дар­лықты арт­тырып, оны шешу үшін көп­те­ген іс-шаралар өткіземіз. Биыл Қазақ­­станда бір мың мектепті қамты­дық, ал бұл елдегі бар­лық мектеп­тің жартысы дерлік, онда 1,3 миллион бала оқиды, – деді Unilever Қазақстан ком­па­­ния­сының мар­­кетинг бойын­­ша менеджері Ека­те­­ри­на Дмитриева.

Өз кезегін­де, Ару­жан үйі қайы­­рым­­­дылық қорының не­­гі­зін қала­­ған Ару­жан Саин: «Өздері­ңіз­­­­ге мәлім, менің бала­ларға кө­мек көрсететін бір­­қатар жобам бар. Оған қоса қазір аутиз­мі бар балалар орта­­лы­ғын­дағы бір­лескен жұмыс­ты бастап кет­тік. Мектеп бағ­дар­ламасы сияқты, ор­та­лық та тазартқыш құралдардың жыл­дық қорын алатын болады. Мектеп бағ­­дар­лама­сы бұрыннан бар екен. Біз бұл туралы қазір білдік. Енді біздің «Аутизмді жеңеміз» орта­­лығы мен Unilever компаниясы бірге тығыз жұмыс істей бастады. Қазақстанда кәріз жүйе­сі жоқ, дәрет­ха­на­лары далада орналасқан мектептер, әсіресе ауылдарда көп. Бұл, әрине бала­лардың өмір сапасына әсер етеді. Бар­лық мектептер сапалы әрі таза дәрет­ха­налармен жабдықталса, керемет болар еді. Себебі ерекше балалар үш­ін дәретхана – ерекше іс, ал біз ви­рустарға өте «тәуелдіміз». Біздің ор­талыққа Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь елдерін­дегі ерекше бала­лардың ата-ана­лары да ха­барласып тұрады – осының барлығы да сауап­ты іс. Барлығына көмектесуге тырысамыз. Егер бізді әрдайым қолдап жүретін журналистер мен блогерлер болмаса, мұның бәрін осылай ұйымдастыра алмас едік. Өйткені барлығы да демеушілік қаражатқа жасалады», дейді. 

Қысқасы, тазалық та, денсау­лық та, осы «кіш­кентай» ғана мәсе­ле­­ден аттап өте ал­май­тын­дық­тан оның үлкен ма­ңы­зын ешкім жоққа шығармайды.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ