• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2019

Салық төлеушілер мәліметі жаңартуды қажет етеді

583 рет
көрсетілді

Салық органдарының мәліметтер қорын өзектендірмеу және ақпараттық жүйелерін жаңғыртпауы салық төлеушілерді түрлі қиындықтарға түсіруде. Соның салдарынан азаматтар салық берешектеріне байланысты қойылған шектеулерді шетелге шығар алдында ғана біліп жатады. Ел азаматтары соңғы жылдары кезігіп отырған бұл мәселелер Мәжілісте палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен өткен Үкімет сағатында көтерілді. Депутаттар алдында «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар» тақырыбы бойынша Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндама жасады.

Салықтық берешектің қисынсыз бейнеті

Баяндамашы Ә.Смайыловтың айтуына қарағанда, Мемлекеттік кірістер органдары былтыр 22 млн қызмет көрсеткен. Енді мемлекеттік қызметтерді әрі қарай оң­тай­лан­дыру және автоматтандыру мақсатында ведомствоаралық комис­сия деңгейінде жол карталары бекітіл­ген. Сондай-ақ қызмет­тердің көбін элек­трондық үкімет порталы­на шығару көзде­ліп отыр. Аталған жұмыстар­дың нәтиже­сінде 2025 жылға қарай Қаржы минис­тр­лігі қызметтерінің 95 проценті элек­трондық форматта көрсетілетін болады.

Қаржы министрі көп ұзатпай, яғни 2019 жылдың соңына таяу салық төлеу жүйесі бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүзеге асатындығын атап өтті. Бұл жаңашылдыққа Эстонияның тәжірибесі оңтайлы саналған. 

– Онда салық төлеушілер салықты бір реквизитке төлейді. Сосын сол сома жеке тұлғалардың барлық салықтары бойынша автоматты түрде тарайды. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйе­лері 2019 жылдың соңына қарай Бірың­ғай элек­трондық әмиянға түскен салық төлем­дерін өз­дері шоттар бойынша таратады. Са­лық­тар­ды қате төлеуді болдырмау нәтижесін­де тө­лем құжаттарының саны қысқарты­лады, анық­талмаған төлемдер мен негізсіз айып­­пұл­­дар алынып тасталады, инкассалық өкім­дер са­ны қысқартылады, салық төлеуші­лер­дің уа­қыты үнемделеді, – деді Қаржы министрі. 

Енді осыған байланысты электрондық әмиян арқылы салықтарды төлеудің бірыңғай сервисіне өту үшін ақпараттық жүйені пысықтау және деректер базасын өзектендіру қажеттілігі туындап отыр. 

Ә.Смайылов цифрлы технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтқанымен, депутаттар соңғы 4 жылдан бері оң ше­шімін таппай отырған мәселелерді қоз­ғады. Атап айтқанда, депутат Гүлжан Қара­ғұсова халық арасында түсіндіру жұмыс­тарының кемшіндігінен азаматтар салық берешектеріне байланысты шектеулерді тек банктер мен әуежайларда ғана біліп жататындығын алға тартты. Оған қоса аталған мәліметтер көп жағдайда қате болып шыққан. 

– Жылжымайтын мүлік нысандары, көлік пен жер теліміне байланыс­ты мә­ліметтер уақытында жаңартылмайтындықтан, оның зардабын салық төлеушілер тартып келеді. Соның кесірінен көптеген адам еңбек демалысы кезінде ел аумағынан тыс жерге шығуда, банктерден есепшот ашуда, несие рәсімдеуде кедергілерге тап болып, уақыттарын жоғалтады. Салықты уақытында төлегендерін дәлелдеу үшін едәуір бейнеттенеді, – деді Г.Қарағұсова. 

Ең жаманы, бұл әурешіліктер үшін ешкім де жауапкершілік алмаған. Ал ең сорақысы, аталған мәселелерді бірың­ғай­лауға бюджеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді екен. Мәселен, тек 2015-2018 жылдар аралығында Қаржы министрлігінің 30-дан астам ақпараттық жүйесінің, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің 20 жүйесінің қыз­метін қолдау үшін 34,5 млрд теңге жұм­салған. Салықтық әкімшілендіру жүйесін рефор­малауға мұнан бөлек 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2019 жылға дәл осы мақсат­тарға сәйкесінше 9,5 млрд және 2,4 млрд теңге қаражат қарастырылған. 

Ал депутат Құдайберген Ержан іш­кі істер және салық органдарындағы мәлі­меттер жаңартылмайтындықтан, тұрғын­дар бұрын сатылып кеткен көлігі үшін салық төлеуге мәжбүр екендігіне назар аударды. 

Бұл сауалға жауап берген Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Ерлан Тұр­ғым­баевтың ай­туынша, соңғы екі жылда ІІМ көлік бойын­ша 16 миллионнан астам қате деректі түзеткен. 

– Енді 16 150 жазбаны түзету керек. Бұл жұ­мысты 5-6 айда бітіреміз деп ойлай­мыз. Енді көлік туралы ақпарат Қаржы минис­тр­лігіне онлайн режімде беріледі. Осы қызмет 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап іске қо­сылды, – деді Е.Тұрғымбаев.

Оның сөзін қостаған Қаржы ми­нистрі Әлихан Смайылов алдағы уақыт­та бір адамға бірнеше ондаған көліктің тір­келуі сынды қателікті болдырмау үшін ведом­ствоның ақ­параттық жүйе­сін­де биылдан бастап арнайы формат­тық-ло­гистикалық бақылау қарас­тырыла­тын­дығын айтты. 

Қаржы министрінің депутаттардың деректер қорындағы қателіктерге байланысты сауалдарына түйткілді мәселенің бар екендігін мойындай отырып, жауап беруіне тура келді. 

Кассалық аппараттарды жаңғырту мерзімі қысқарды

Ә.Смайылов келтірген деректерге қа­ра­ғанда, контрафактілік өнімдерден қорғау, бизнестің бәсекелестік жағдайларын теңес­тіру және көлеңкелі экономика көлемін қыс­қарту мақсатында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты қазір тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 250 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған. Осының арқасында, тері бұйымдарын декларациялайтын импорттаушылардың саны 40 процентке өскен. 

– Табысты төмендетіп көрсететін салық төлеушілер анықталды. Патент негізінде қызметін жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды. Импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдері 1,5 есеге өсті. 2018 жылғы қазан айынан бастап темекі өнімдерін таңбалау бойынша қанатқақты жоба басталса, биыл дәрілік заттар таңбалана бастайды, – деді Қаржы министрі. 

Ә.Смайыловтың айтуынша, бүгінгі күні қолданылатын фискалдық жадысы бар бақылау-касса машиналары елімізде 1995 жылдан бері қолданыла бастаған. Демек, технологиялардың дамуын ескерсек, олар техникалық тұрғыда ескірген деуге негіз бар. 

Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кә­сіп­керлер палатасымен бірлесе онлайн ба­қылау-касса машиналарын жаппай қол­дану мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыс­тыру бойынша шешім қабылданған. Оған қоса, смартфондағы мобильді онлайн бақылау-касса машиналарын дамыту іске асырылуда.

– Онлайн бақылау-касса машинасын енгізу өз тиімділігін көрсетті. Астанада қа­натқақты қадам ретінде 1700 кәсіпкерлік субъектісі іріктелді. Олар күніне бір ғана чек шығарып, күн сайын бірқалыпты табыс­ты көрсететін. Онлайн бақылау-кас­са машина ақпараттарының негізінде олар­дың ресми түсімдері 3 есе артты (68 млн теңгеден 171 млн теңгеге дейін). Бюджетке осы бастаманың арқасында тек былтырғы екінші жартыжылдықта қосымша 1 млрд теңгеге жуық қаржы түсті, – деді Әлихан Смайылов.

Осылайша, Қаржы министрлігі Мем­лекет басшысының Жолдауларын іске асы­ру мақсатында салықтардың жиналуын 2018 жылғы 16,9 проценттен 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің 25 процентіне дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Абсолюттік мәнде бұл 2025 жылға дейін бюджетке 5,5 трлн теңге қосымша түсім береді.

Үкімет сағатының қорытындысы бо­йынша мемлекеттік органдарға салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифр­лы технологиялар жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»