Сексеннің сеңгіріне шыққан Елемес Сабыров Астанаға Түркістан облысы, Мақтаарал ауданынан арнайы келіпті. Бейнетінің зейнетін көретін жаста үйінде тыныш жата алмай, бас қалаға ат басын тіреген, ел газеті «Егеменнің» редакциясын іздеп келген ақсақалдың сөзіне құлақ түргенбіз. Қалың жұрттың қамын ойлаған қарияның айтары бар екен. Ақ алтынды аймақтағы мақта егуге қатысты көкейкесті мәселелер, жергілікті халықтың денсаулығына байланысты проблемалардың бір парасын тарқатты.
– Жастайымыздан иығымызға кетпенімізді іліп, мақта өсірумен айналыстық. Осы аппақ әлемнің арасында жүріп есейдік, табысымыз да, тыныс-тіршілігіміз де мақтамен байланысты болып кетті, – деп сөз бастады ақсақал.
Елемес Сабыров кезінде жоғары оқу орнында инженер мамандығын алып шыққаннан кейін туған жеріне оралып, өндірісте еңбек етіпті. Жұмыс десе жанып түсетін жігіт мақталықтағы қол жұмысы азайып, механизациялау кезеңі басталған уақытты да көзімен көріп, жұмыстың бел ортасында жүрді. Кеңес одағы тарап, еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға аяқ басқан тұста Елекең де басқалар сияқты ауылшаруашылық жерінен, техникадан тиісті үлесін иеленді. Содан бері ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибесін көпшілікке үйретіп, өзінің шаруашылығын да ілгерілетіп келе жатқан жайы бар.
Енді қарияның Астанаға келуіне не себеп болғаны туралы өз атынан баяндайық.
– Соңғы 10-15 жылдағы мақта зиянкестерімен химиялық тәсіл бойынша күресудің кең таралуы адам денсаулығына зияны зор. Оның орнына биологиялық тәсілді қолдану экологиялық жағынан таза, арзан, әрі тиімді екенін аудан, облыс көлеміндегі алқалы жиындарда қанша айтсам да, оған жеткілікті көңіл бөлінбей отыр, – дейді ақсақал.
Елемес Сабыров айтып өткендей, Елбасының халыққа Жолдауларында да денсаулық сақтау, қоршаған орта қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығын қолдау мәселелері үнемі айтылып келеді. Ал қоза зиянкестерімен күресте химиялық улы заттардың орнына биологиялық тәсілді қолдануды дамыту мақташылардың денсаулығын зиянды заттардан қорғауға септігін тигізетін бірден-бір жол.
– Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақта шаруашылығымен айналысатын мыңдаған қожалық бар. Басым көпшілігі елді мекендерге іргелес орналасқан. Бұл екі аудандағы халықтың орналасу тығыздығы да республика бойынша алдыңғы орындарда. Ақ алтынды аймақта 1 шақырым аумақта 165 адам өмір сүреді екен. Яғни, осынша адам улы химикатпен уланып жатыр. Қазір балалар мен жүкті келіншектер арасында неше түрлі ауру түрлері көбейіп кеткенін де осы химиялық тыңайтқыштармен байланыстыруға болады. Демек, мақта алқаптарында химиялық препараттар мөлшерін барынша азайтып, биологиялық тәсілге толық өтетін уақыт келді, – дейді Е.Сабыров.
Осылайша, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал химиялық тыңайтқыштардың Мақтаарал мен Жетісай аудандары халқының денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтып дабыл қағып, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Сөзіне қарағанда, көршілес Өзбекстан елінің мақталықта улы заттарды қолданудан түбегейлі бас тартқанына ондаған жыл болыпты. Ала топылы ағайын биоорганикалық химия, өсімдіктерді қорғау институттары әзірлеген жаңа әдістерді қолданады.
Елемес қарт атқарылуға тиіс шараларды да нақтылап қойыпты. Біріншіден, биоагенттер өндіру, тарату, оның өсімдік зиянкестерімен күрестегі әсерін бағалау керек деп санайды. Екіншіден, биотәсілдерді қолдануға шаруаларды ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастырған жөн. Кәсіби деңгейі жоғары агроном-биологтарды, агроном-энотологтарды әзірлеудің де маңызы ерекше. Қорыта келгенде, мақсат шаруаларды жаппай жаңа тәсілге көшіруді көздейді.
Тағы бір айта кетерлігі, кәрі құрлықтың мақта импортына зәру елдері химиялық жолмен өңделген ақ алтынды алуға онша құлықты емес екен. Өзбек ағайындардың табиғи таза өнімге иек артуына мақта экспортынан табысқа кенелуді көздегендері де ықпал етсе керек.
Елемес қажы Сабыров − Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының үздік маманы ретінде облыс көлеміне есімі белгілі адам. Жасы келіп қалған қарияның қолын жылы суға салып, мақталығын шолып шығып, ауыл-аудан төңірегінен шықпай жүре беруіне болар еді. Бірақ елдің денсаулығына алаңдаған, мақталықтағы мәселе жанына батқан ақсақал оны шешудің жолын іздегенді жөн көріпті.
Ақсақалдың айтары көп. Мақта мәселесіне келгенде сағаттап көсілуге бар. Бірақ оның бәрін алғаусыз ақтара бермей, ең өзекті дегендерімен бөлісуді, «Егемен» арқылы елге һәм тиісті органдарға жеткізуді көздеп келіпті. Біз айтқандарын айна-қатесіз хатқа түсіруге тырыстық.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»