• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Наурыз, 2019

Ө.Шөкеев: Облыстың барлық аумағында жұмыс орындарын ашуға күш салуға міндеттіміз

954 рет
көрсетілді

Түркістан облысында әрбір аудан-қаланың даму тұжырымдамасы қайтадан жүйеленуі тиіс. Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары бойынша да нақты әрі сапалы ұсыныстар қажет. Атаулы әлеуметтік көмектерге ғана иек артпай, облыстың барлық аумағында жұмыс орындарын ашуға күш салу басты міндеттердің бірі. Осындай жұмыстардың басы-қасында «Нұр Отан» партиясы да жүреді.

Түркістан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша өткен партия филиалының актив мәжілісінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Өңір басшысы Түркістанды дамыту бағытында жұмыстардың қарқынын арттыру қажеттігін, көпбалалы аналар саны бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті.

«Әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілуі жерлестерімізге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Біз осы әлеуметтік көмектің берілу шарты мен мерзімі толық жүйеленгенше облыста әлеуметтік зерттеу жүргізіп, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауымыз керек. Әрбір аудан, қала әкімдері өздері басқаратын аумақтағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды анықтасын. Сол тұрғындарды көмекпен және жұмыспен қамту шаралары күшейтілсін. Жұмыс тобына «Нұр Отан» партиясының өкілдері де кіріп, тізімнің әділ жасалуын қадағалауы қажет. Тұрғындар әлеуметтік көмек алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмай, жәрдемақыны уақтылы алуы тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай- ақ облыс әкімі бюджеттік мекемелердегі ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың саны мен оларға жұмсалатын қаржыны толық есептеу жөнінде тапсырма берді. Жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін мамандардың жалақысын көтеру үшін ұйымдардың шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу шаралары атқарылып, факторлы-балл шкаласы жүйесі енгізілетінін айтты. Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту, төмен пайызбен баспана беру бағытында жұмыстар жүйеленеді. Өңірдегі құрылыс жұмыстарына отандық материалдар қолданылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да бақылауда болатынын айтып өткен  облыс әкімі көпшілікті бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы