Былтыр «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 165 ақтөбелік жас өздерінің бизнес идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып, кәсіпкер атанған болатын. Республикалық жобаны жалғастыру үшін биыл жергілікті бюджеттен тағы 40 млн теңге бөлінбек. Ақтөбеде жастардың бастамаларына көмектесетін арнайы тәлімгерлер дайындалғанын да айта кетейік.
Жылыжайда жуа өсіреді
Үй шаруасындағы әйел өз отбасын жаңа піскен көкөніспен қалай қамтамасыз етеді және мұқтаж жандарға қалай көмектесе алады? Бұл Әйтеке би ауданының Комсомол ауылында тұратын 23 жастағы Гүлшат Әбдібекованы көптен мазалаған мәселе еді. Бұл «Zhas project» жобасы арқылы шешілді. Осыдан бір жыл бұрын ол өзінің кәсіпкер болатынын елестете де алмаған-ды.
– Демалатын уақыт жоқ, бәріне көмектесу керек, дейді қазір Гүлшат. Екі баланың анасы жобаға қатысып, тиісті грантты иеленіп жылыжай салды. Жуа бизнесін жолға қойды. Әбдібековтер отбасы өндірілген өнімнің бір бөлігін ғана алып қалып, қалғандарын мұқтаж жандарға береді, балабақшалар мен мектептерге апарады.
– Жылыжай салу ойыма кенеттен келді. Күйеуім екеуміздің тиісті біліміміз жоқ. Істің мән-жайын интернеттен қарадық, кейбірін адамдар айтты. Енді ауылдастарымыздың дастарқанында әрдайым көк жуа бар», дейді Гүлшат.
Көкеніс өсіру кезіндегі қиындықтар бастапқыда ғана кездесті. Бүгінде Гүлшаттың ауласында бір ғана көшетхана тұр, бірақ тағы бірнешеуін сатып алуға қаражаты жеткілікті. Жас кәсіпкер басқа көкөніс түрлерін өсірумен де айналысуға болатынына сенімді, болашақта қызанақ пен қияр өсіруді жоспарлап жүр.
Арман арбаға қарамайды
27 жастағы ақтөбелік Гүлфайра Рамазанова арбаға таңылған жандардың сүйікті ісін бастауы қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Гүлфайра бала күнінен мүгедек. Бойжеткен өзгелерге көмектесу үшін диагнозының кедергі еместігіне іштей сенген. Алайда, осы уақытқа дейін қалай жәрдем беруге болатынын білмепті.
Гүлфайра «Zhas project» жастар жобасы туралы естігенде оған қатысу туралы бірден шешім қабылдады. Бір миллион теңге алғаннан кейін жабдықтар сатып алды да, өзінің фотошеберханасын ашты. Енді Гүлфайра мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-аналары ақылы оқуға түсіре алмайтын балаларға фотосурет өнерін оқытып жүр.
Гүлфайра: – Мен өзімнің көп нәрсені істей алатынымды түсіндім, дейді мақтанышпен.
Бүгінде ондаған адам оның тәлімін алып шықты. Ақтөбелік қыз игі ісін жалғастыру үшін енді өз біліктілігін арттырғысы келеді.
– Адамдар менің немен айналысатынымды білген кезде бұрынғыдай мүсіркемейді, керісінше таңғалады, дейді қайсар қыз.
Ақша орнына алғыс алады
Рахат Бақдәулетовтің өз ісін ашудағы қадамы әлеуметтік желілерде жарнама таратудан басталған. Осылайша ол миллионға татитын мүмкіндік туралы, грант, оқу мен ай сайынғы шәкіртақы туралы ақпарат жинайды. Жобаның нәтижесінде жас жігіт Ойыл ауылында тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларды оңалту үшін иппотерапия орталығын ашты. Онда ерекше балаларды емдеу тегін.
Жылқылар тұрған аула жергілікті емхананың аумағында орналасқан. Кішкентай емделушілердің «дәрігерлері» - Рахат сатып алған екі жылқы. Ол бұрынғы жұмысын тастаған жоқ, қазір де денешынықтыру пәнінен сабақ береді. Неліктен басқа емес, иппотерапияны таңдағаны туралы сұраққа жас жігіт «Бұл қазақтың қанында бар кәсіп» деп күліп жауап береді.
Бүгінде иппотерапия орталығына жиырмадан астам ерекше бала барып жүр. Ауылда жас жігіттің қайырымдылығы жайлы бәрі біледі. Бірақ ол қолынан келетін істі ғана жасап жатқанын айтады.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Egemen Qazaqstan»