Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарымен және Алматы қаласының ҚХА ғылыми-сарапшылар тобының мүшелерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығының ғалымдары, ҚХА ғылыми-сарапшылар тобының мүшелері, Ассамблея кафедраларының басшылары, этносаралық қатынастар саласындағы сарапшылар қатысты.
Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ЖОО базасында Ассамблея үшін маңызды іс-шараларды өткізгені үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығына алғысын білдірді.
ҚХА Төрағасының орынбасары күн тәртібін ескере отырып, әрбір қазақстандықтың елдегі қайта құру үдерістеріне қатыстылығын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуге ҚХА ғылыми-сараптамалық құрамын тартудың маңызды екенін атап өтті.
Жансейіт Түймебаев ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің негізгі міндеттері туралы айтып берді. Ең алдымен, ғылыми қауымдастық оқиғалардың даму үрдісін болжап, шұғыл жұмыс істеуге, кемшіліктерді байқап, келеңсіз жайлардың алдын алуға тиіс. Екінші бағыт – Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету. Ол үшін проблемалық мәселелер бойынша әлеуметтік ғылымға негізделген зерттеулер, оның ішінде әлеуметтік өлшемдер негізінде жасалған зерттеулер қажет.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығының директоры, саясаттану кафедрасының меңгерушісі Г.Насимова орталықтың қызметі туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің деканы А.Масалимова және Алматы қаласы ҚХА ғылыми-сарапшылар тобы төрағасының орынбасары С.Ананьева баяндама жасады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ