• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2019

Жемқорларды жазалауда жеңілдік жоқ

506 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы өз қызметінде сыбайлас жемқорлық­қа қарсы күреске басымдық беріп отыр. 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында жемқорлыққа байланысты құқықбұзу­шылықтарға қылмыстық жауапкершілік күшейтілген.

Қылмыс­тық кодекстегі сыбайлас жемқор­лыққа қатысты баптар қатаң­датылған. Оған қоса ҚК нормалары сыбайлас жемқорлыққа жол ашпауы үшін барынша түсінікті және айқын көрсетілген.

Жуырда сыбайлас Жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте заң нормаларын түсіндірумен қатар, соңғы үш жылдағы параның орташа көлемі мен қылмыскерлерге салынған айыппұлдың орташа шамасы туралы мәліметтер берілді.

Арнайы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров: – 2016 жылдан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша ұсынылған орташа пара сомасы 61 мың теңгеден 193 мың теңгеге дейін өсті. Бұл орташа сома көлемінің өсуі тұрмыстық коррупцияның азайғанының белгісі деп есептейміз, – деді.

Агенттік өкілінің айтуынша, Еуропаның дамыған елдерінде сыбайлас жемқорлық тек жоғары билік және бизнес сатыларында ғана кездеседі. Ал тұрмыстық кор­рупция транспаренттік, мем­лекет­тік қызметтің есептілігі, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы мәдениет, мем­лекеттік қызметті толығы­мен цифрл­андыру, компьютерлік сауат­ты­лық және интернетке қолжетім­ділік арқылы түбегейлі жойылған.  

– Сыбайлас жемқорлыққа байла­ныс­ты қылмысы үшін 1740 адам сотты болып, оларға 14,3 млрд теңгеден аса айыппұл төлеу жазасы белгіленді. Үш жыл­да айыппұлдың орташа көлемі 8,5 млн теңгені құрады. Корруп­циялық сипаттағы қылмыс үшін тағайындалған айыппұл көлемі 5 млн (2016 жылы) теңгеден 14 млн (2018 жыл) теңгеге дейін өсті, – деді аға тергеуші.

Осы еселенген айыппұл жа­за­сын тағайындау жүйесі енгізіл­гелі бері ең көп мөлшердегі айып­пұл көлемі 1,1 млрд теңгені құра­ған. Бұл соманы 2016 жылы па­ра­қорлығы үшін сотталған Таби­ғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің бұрынғы басшысы төлеген.  

Агенттік өкілдерінің айтуынша, жазаның түрі мен көлемі Қыл­мыс­тық кодекс баптары негізін­де параның көлеміне, парақор­лықтың сипатына (қысым көрсету, қайталану, қызмет бабын пайдалану) байланысты белгіленеді. 

Ол еселенген айыппұл барлық ауыр қылмыс бойынша қол­даны­латынын атап өтті. Мәселен, 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған лауазымды тұлғаға тағайындалатын жаза бойынша айыппұл алған параның жетпіс және сексен еселенген көлемінде белгіленеді. Дәлірек айтқанда, сол 100 мың доллар көлемінде пара алған адамды сот айыппұл түріндегі жазаға кессе, ол қылмыскер 7-8 млн доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. 

Еселенген айыппұл төлеу жазасы жеке тұлғалар мен кәсіп­керлік субъектілеріне қатар қол­данылады.

Осы орайда агенттік өкілдері аса ірі көлемдегі параның өзі кінәлі адамды бас бостандығынан айы­руға негіз болмайтынын айтады. Сот әдетте кінәлі адам­ға берілген мінездеме мен қоғам­ға қауіптілігін, қаржылық мүм­кіндігін, қылмысты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайларды, сонымен қатар тағайындалған жазаның сотталушының түзелуіне ықпал етуін және оның артындағы отбасы мен басқа да адамдардың халінің мүшкілденіп кетпеуін негізге алады.

Агенттікте өткен брифинг барысында Мемлекет басшы­сының Жарлығымен биылғы жылдың 13 маусымында Қазақ­стан Президентіне тікелей бағы­нып, есеп беретін құқық қор­ғау органы ретінде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғаны және қазірге де­йін жаңа органды қалып­тас­тыру жұмыстары толығымен  аяқталғаны туралы да айтылды. Сондай-ақ журналис­тер ал­дын­­да жаңадан құрылған де­пар­­­та­­­менттердің басшылары таныстырылды.