• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Тамыз, 2019

«Мектепке жол» акциясына атсалысыңыз, ағайын!

4293 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Мектепке жол» акциясы бұрынғыдай 2 ай ғана емес, жыл бойы жүргізілмек. Осыған орай мұқтаж азаматтар мен қайырымды жандардың арасында көпір болуды көздейтін «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» жаңа платформасы іске қосылды.

Аталған акция елімізде дәс­түрге айналған. 12 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келуі – соның айғағы. Білім және ғы­лым министрлігі таратқан ақпа­ратқа сүйенсек, балаларды мектепке дайындау мақсатында әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық шарадан 2018 жылы 328 766 оқушы 2 млрд 822 млн 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алған екен.

«Бұл тек жылына бір рет ұйым­дастырылатын акция бол­ған­дықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ар­найы тапсырмасымен осы ак­ция­ға жаңашылдық енгізілді. Бұдан былай «Мектепке жол» ак­циясы 2 ай ғана емес, жыл бо­йы іске асады. Нақтылап айт­сам, біздің министрлік «Менің ата­­мекенім» қоғамдық бірлес­тігі­­нің өкілдерімен кезде­сіп, дәс­­түрлі көмек көрсету те­ті­гіне қо­­сым­­ша ретінде портал арқылы он­­лайн түрде көмек көр­сету тура­­лы келісімге келдік. Ендігі кезек­­те демеушілер мен меценаттар atamekenim.kz порталында ор­­на­ласқан өтінім және тізім бо­йынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады», деді Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл бастама бірқатар түйткілдің түйінін тарқатуға септеседі. Ең алдымен балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажет­ті құрал-жабдықтар алуына көмектесуге мүмкіндік туады. Сонан соң көмекке мұқтаж жан­дар мен қайырымдылық жасай­тын азаматтардың арасын­да тікелей байланыс орнатылады. Бұл сенімге құрылған ең бас­ты бай­ланыс болмақ. «Ал үшін­ші­ден, көмекке зәру адамдардың шы­найылығын растап, олардың әлеу­меттік қажеттіліктерінің жауапсыз қалмауына әсер етеміз, сондай-ақ қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылауға болады», дейді тиісті ведомство басшысы.

«Менің атамекенім» пор­талын­дағы «Мектепке жол» плат­формасы – халықтың әлеумет­тік мәселелеріне жылдам жауап беруге, сондай-ақ қара­­жат­тың түсуі мен пайдаланы­луын онлайн бақылауға мүм­кін­дік беретін ыңғайлы және ашық жүйе. Көмек алғысы келе­тін адам порталға кіріп, қажет­ті деректерді толтыруы тиіс. Онда көп мәлімет сұрал­май­ды, бар-жоғы мұқтаж жанның аты-жөні мен телефон нөмірі, баланың ЖСН нөмірі керек.

Ал қамқорлық көрсетуді қалайтындар «Мектепке жол» платформасының төмен­гі тұсына түсіп, «Қалай көмек­тесе аламын?» деген тақы­рыпшаның астында онлайн түрде, банк арқылы немесе тауар бойынша қолұшын созуға болады. Бұдан бөлек, во­лон­тер болу арқылы да  қа­йы­рымдылық шарасына а­т­салысуға болады.

«Әр 100 адам тіркелген сайын олардың деректері министр­лікке беріледі. Олар­дың бәрі толық тексеріс­тен өткізіліп, көмек сұраушының шын мәнінде қамқорлыққа мұқтаждығы анықталғаннан кейін ғана кезекке қойылады. Өйткені акция аз қамтылған, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың бала­ларына, ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған бала­ларға арналған. Көмек алушылар осы талаптарға сай болуы қажет», дейді ведомствоның ресми өкілі. Министрліктің мәлімдеуінше, аталған платформада кімнің көмектескені де көрсетіледі.

Көмек бергеннен кейін call-орталық қызметкерлері көмектескеніңізге алғыс ай­тып хабарласады әрі ак­цияға қатысудың жасырын немесе ашық түрін таңдауды сұ­райды. Егер ашық түрін таң­дасаңыз, көмек көрсеткен азамат ретінде аты-жөніңіз бен салған сомаңыз сайтта жарияланады. Мәселен, А.Аймағамбетов уәде еткендей, өзі бастап, қос орынбасары мен көмекшісі қостап, қаржылай көмек көрсеткен. Платформа іске қосылған бір аптаның ішінде ашық және жасырын жомарттардан 139 мың теңге түсіпті. Ал платформаға осы уақыт аралығында 2000 адам көмек сұрап тіркелген. Әрі бұл көрсеткіш әр 20 минут сайын 40-50 адамға көбейіп отыр. Тағы бір тілге тиек ететіні, сайттағы ақпаратқа сай ком­паниялардың ешбірі әлі көмек қолын созбаған екен. Алайда, «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ақмарал Бекбай «Академия доступного жилья» құрылыс компаниясы 500 мың теңге аударғанын, сол ақшаға платформада өтініш қалдырған алғашқы 50 адам 10 мың тең­гелік канцелярлық пакетпен қамтамасыз етілгенін айтты.

«Біз осы акцияны бастамас бұрын бағасы қолжетімді базарға барып, бір баланы мектепке дайындау қанша теңге тұратынын анықтау үшін эксперимент жүргізіп көрдік. Нәтижесінде ұл бала­ның керек-жарағы 40-45 мың теңге, қыз балаға одан 10 мың теңгеге қымбат болып шық­ты. Оған мектеп фор­ма­сы, спорттық костюмі, аяқ киім­д­ері (мектепке, дене шы­нық­тыруға) және ең қа­жет­ті оқу құралдарына жұмса­латын қаржы есептелді. Осы тәжі­рибе нәтижесін Білім және ғылым министрлігіне жет­кіздік», дейді бірлестік өкілі. Оның айтуынша, ведомство тарапынан түскен ұсыныс – бірлестікке білдірген се­нім. Ұйым қоғамдық бірлестік ретінде қайырымдылық және меценаттық мәдениет­ті дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру туралы мис­сиясын адал атқаратынын Ары­стағы жарылыс секілді ел­дегі елеулі оқиғалар кезін­де көрсетті. «Көмек көр­сетілген адамға қаржы аудару­шының әрбір тиыны жөні­мен жұмсалғанын нақты факті­лер­мен көрсетеміз. Бірлес­тік­тің Ұлттық волонтерлер желі­сімен арнайы меморандумы бар. Қазіргі таңда аталған ак­цияға еріктілерді тартуды қолға алып жатырмыз. Өйт­кені тауарларды алуда және жеткізуде олардың қол көмегі аса қажет», дейді А.Бекбай.

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев биыл министрлікпен серік­тес­тікте қолға алынып жатқан акцияға еліміздегі кәсіп­кер­лердің де атсалысатынын айтты. Оның айтуынша, кең­се тауарлары және жеңіл өнер­кәсіп өндірісімен айналысатын компаниялар арасында бір баланың мектепке толық дайындалуына қажетті пакетке жеңілдік жасау жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде қол ұшын созуға ниет білдірген азаматтар білім беру органдары мен ұйымдары арқылы да көмек көрсете алады.