• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Қазан, 2019

Ұлт тілі мен әліпбиі

133 рет
көрсетілді

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы еліміздегі таңдаулы лингвист ғалымдардың қолдауымен латын әліпбиіне көшу жұмысын бастағалы да бір жарым жылға таяу уақыт өтіпті. Осы кезең ішінде елдік істі атқару барысында бүгінге дейін қол жеткізген нәтижелер төңірегінде, алда тұрған міндеттер туралы оқырмандармен ой бөліссек дейміз.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің рухани жаңғыру идеясы аясында 2017 жылғы қазан айында «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» арнайы Жарлығын шығарғаны баршаға аян. Бұл айрықша құжатты жүзеге асыру мақсатында іс-шаралар жос­пары түзіліп, ол Премьер-Министр өкімімен бекітілді. Сөйтіп қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бо­йынша нақты жоспар жасалды. Соның нәтижесінде Ұлттық комиссия қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын жасады, ол мақұлданды. Ендігі жерде осы нақтыланған жұмысты жүйелі атқару үшін өткен жылдың шілде айында Үкіметтің арнайы қау­лы­сымен «Тіл-Қазына» ұлттық ғы­лы­ми-практикалық орталығы құрылды.

Орталық Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасымен осы уақыт аралығында Тіл білімі инс­ти­тутымен, университеттермен, ғылыми мекемелермен бірлесе отырып, көптеген игілікті істерге ұйытқы болуда. Сөз орайында мына бір ақиқатты айту парыз. Біздің еліміз латын әліпбиіне көшу ісіне үлкен дайындықпен келді. Бұл жауапты істе байсалдылық, тиянақтылық танытты. Ұлттың тілі сол ұлттың төл әліпбиімен төрге озары белгілі. Ол дегеніңіз – сөз төркінінің түзелуіне жол ашады. Ала-құла жазылып жүрген тіркестер бір арнаға түседі, бұрмалаудан құтылады. Бір қуанарлығы – ұлттық әліпбиге көшуді халық өзі-ақ бастап кеткен сияқты. Байқайсыздар ма, соңғы уа­қыт­та көшедегі жарнамалар, мекеме, қала атаулары, көше аттары, елді мекендер – латын қарпінде жазылуда. Ондай қадам жасағандарға «сен сөйт» деп тапсырма беріп жатқан да ешкім жоқ. Халықтың өз еркімен латынға бет бұрғандығының көрінісі бұл. Мұндай талпынысты елжандылық намыстың, мемлекетшілдік рухтың оянғаны деуге болады.

«Тіл-Қазына» орталығы осы уақыт ішінде жаңа емле-ережелерін оқыту, латын әліпбиінде жазу үлгісін қалып­тастыру, Отанымыздағы азамат­тар­дың аты-жөнін латын-негізді әліп­би­мен жазуды бір жүйеге түсіру, географиялық атаулардың латын­негізді әліпбимен жазуда бір ізділікті сақтау мақсатында қыруар шаруа атқарды. Әдістемелік құралдар­ды шығару мәселесі де өз шешімін тауып жатыр. Соның бір дәлелі ретінде профессор Т.Аяпованың әдіс­темелік оқулығы, жаңа емлені та­нып-білуге қатысты оқулықтар, өзге де танымдық дүниелердің жарық көруі дер едім. Ақиқатына келсек, биыл­ғы жылды әдістеме жылы деу­ге негіз бар. Өйткені жыл бойы 12 сағат­тық және 72 сағаттық әдістеме курс­тары өткізілумен келеді. Курстан өт­кен­дерге сертификат, анықтамалар тапсырылады. Өңірлерден, түрлі министрліктерден, алуан мекемелерден арнайы келіп оқыған ондай азаматтар саны қазір мыңдап саналады.

Тамыз айында Тараз өңірінде «Қазақ тілін латын графикасына көшірудің маңыздылығы» деген та­қырыпта ақпараттық насихат ап­талығын өткізген болатынбыз. Ма­құлданған емле-ережелерін түсіндіру бойынша өткізілген бұл апталық­қа ұлт зиялылары, қоғам қайраткер­лері, ғалымдар, жазушылар, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қатысты. Сол алқалы жиында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржеке: «Мен латынға көшуді қолдаймын. Бұл тәуел­сіз елдің елдігін көрсетеді. Ұлт тілінің өркендеуіне, тілдік мақам­ның бұзылмай жазылуына кең жол ашады» десе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер Кәдір­бек Сегізбай: «Жаңа әліпби түркі жұрты­мен жақындастырады, төрт­күл дүниедегі бауырлармен қауыш­тырады, әлемдік өркениетке өтуге септеседі» деп, бұл жауапты іске белсенділік танытуға шақырды.

Бұрын латын әліпбиін үйренуге келгендерге сабақты әр жерде өткізіп жүр едік, енді қыркүйектен бастап Орта­лықтың жанынан емле-ереже­лерін үйретуге арналған оқу залдары бар жеке ғимаратқа ие бол­дық. Ол зал­дар заманауи құрал-жабдықтармен жан-жақты жарақталды. Орталықтың басты мақсаты да сол ғой – жаңа әліпбиді барынша меңгерген білікті мамандар дайындау. Курсқа келгендерге сабақ беретін мамандар да – біздің Орталықта қызмет жасай­тын тәжірибелі ғалымдар. Осы ғалым­дардың, профессор-оқыту­шылардың дәрісханаларында емле-ережелерін, кәсіби оқулықтарды, ақпараттық алуан құралдарды тиімді пайдаланылуына жағдай жасалған. Оқу кезінде қазақ тілінің терминологиясына да, орфографиясына да жете көңіл бөлінуде. Таяуда Алматы қаласында «Терминдерді іріктеудің критерийлері мен принциптері» деген тақырыпта республикалық әдістемелік семинар өткіздік. Орталықтың жанынан жаңа әліпбиді насихаттауға арналған «Тіл-Қазына» атты республикалық ақпа­раттық-танымдық газет жарық көріп келеді.

Биылғы 9 айдағы жұмысты қоры­тындылау мақсатында 24 қазанда, Нұр-Сұлтан қаласында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» деген тақырыпта республикалық Тіл форумы өтпекші. Оның негізгі идеясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында «Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деген сөзінен бастау алғанын айта кету керек. Алқалы жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік мәртебеге ие болғанына отыз жылдан асып бара жатқан ана тіліміздің проблемаларын жан-жақты талқылау. Тәуелсіз елдің даму үдерісінде мемлекеттік тілдің сұранысын қалайша арттыруға болатыны, өмірдің барлық саласында оның берік орын алып, орнығуы жа­йында талқылаулар өтпекші.

Форум аясында тіл мамандары қазақ тілінің бүгіні мен ертеңіне қа­тыс­ты алты алаңда бас қосады. Осы басқосуларда білім мен ғылым, бизнес, заң, БАҚ тілі туралы кеңесіп, өңір­лердегі тілдік ахуал төңірегінде де пі­кір алысады. Несін жасырамыз, қазір барлық жерде мемлекеттік тіл то­лық салтанат құрды дей алмаймыз. Оны айтасыз, барлық отбасы мемлекеттік тілде сөйлейді деуге де ауыз бара бермейді. Өзгелерді былай қой­ғанда, отбасында тек қана орысша шүл­дірлеп, өз қандастарымыз да ұятқа қал­дырып жүргендері шындық. Сол секіл­ді құқық саласында, компаниялар мен банктерде, бизнесте жүрген аза­мат­тар да мемлекеттік тілде сайрап тұр­ғандары шамалы. Оған қоса банктердегі жазудың дені тіл заңын бұзып, өздерінше ағылшын жазу үлгісіне еліктеп, көптеген сөздерді бас әріп­термен «айшықтау» үрдісі де ойлан­тады. Біз бұл басқосуда осы секілді түйткілді мәселелерді қоз­ғап қана қоймай, оларды жүзеге асы­ру жолдарын қарастырсақ деген ойда­мыз. Жұрт болып жұмылсақ, көп болып біріксек тілдің толғақты мәсе­лесі толыққанды шешілуіне, жаңа әліп­биді қолдану аясына да кең жол ашы­лады деген үміттеміз. Сөйтіп ұлт тілі мен ұлт әліпбиін төрт аяғын тең бастыру арқылы біз мемлекетіміздің мәр­тебесін көтеріп қана қоймай, төрт құ­бы­ламызды түгендеріміз тағы шындық.

 

Әлібек АСҚАР

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры