2019 жылдың 19 наурызы Қазақстан халқы мен барша әлемдік қоғамдастық өміріне аса бір маңызды және есте қаларлық күн болып енді.
Бәрімізге белгілі, 1991 жылғы 1 желтоқсаннан бастап тәуелсіздіктің әр жылдары өткен барлық бүкілхалықтық тікелей сайлауларда қазақстандықтар тұрақтылық пен саяси-экономикалық дамуды таңдап, дауыстарын түгелдей Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берді. Осы арада, әрбір сайлаушы өз дауысын Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттің дамуы үшін, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарған істерінің нәтижелеріне қарап бергенін атап өту керек. Ал Елбасымыз үшін туған халқының сенімі оған толассыз күш-қуат, оның тың идеяларының дүниеге келуіне шабыт бергені сөзсіз.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Елбасының көреген басшылығының арқасында кедейлік пен аласапыранды еңсеріп, тұрақтылық пен гүлденуге қарай бұрын-соңды тарихта болмаған теңдессіз қадам жасады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен тыныштықтың, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің мызғымас негізін қалады. Елбасының айрықша күш-жігері мен көшбасшылығының арқасында жаңа мемлекет құрылып, еліміздің бас қаласының негізін қалаушысы әрі бас сәулетшісі Елбасының есімімен аталуға лайықты жаңа елорда салынды. Ең бастысы, Тұңғыш Президентіміз тұтас мемлекеттің жаңғыруы жолында табысқа ұмтылған сапалық тұрғыдан жаңа ұлттың негізін қалыптастырды. Яғни осы жылдары Ел мен Елбасы егіз ұғым болып кетті.
Осындай тұрақты қалыптасқан ахуалға сәйкес Тұңғыш Президентіміз кезекті сайлауға түсем деп шешім қабылдаса, сөз жоқ айқын жеңіске жетер еді. Дегенмен осыдан тура бір жыл бұрын, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ҰЛЫ ТҰЛҒА, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде теңдесі жоқ тарихи шешім қабылдады. Елбасымыз өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты.
Бұл ретте Елбасы әдеттегідей саяси салиқалылығы мен парасаттылығын көрсетті. Ол мемлекет дамуындағы сабақтастық пен тұрақтылық және бірізділіктің стратегиялық қағидаттарынан айнымайтындығын дәлелдеді.
Н.Ә.Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда жариялаған Қазақстан халқына Үндеуінде «Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім», деген болатын.
Иә, алысқа бармай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі даму тарихына көз жүгіртсек, оларды басқарған бірінші басшылардың кейбіреулері бір президенттік мерзімнің өзін толық атқара алмай, мемлекетті даму жолына бастамақ түгілі, елді біріктірудің орнына алауыздық туғызып, арты ірі қақтығыстарға, дағдарыстарға әкеп соққанын жақсы білеміз.
Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғыртып қана қоймай әлемдегі қордаланған жаһандық мәселелерді шешуге де ауқымды үлесін қосты. Кез келген мемлекет басшысына бір президенттік мерзімдегі қызметтің өзі айтарлықтай салмақ салары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін әлемге және болашақ ұрпаққа ұсына алған Нұрсұлтан Әбішұлының отыз жылға жуық мерзімді қамтитын Ұлы дәуірі оңай болды деп айта алмаймыз. Осы кезеңнің Тұңғыш Президент үшін қандай болғанын оның «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабындағы мына жолдар дәлме-дәл сипаттайды: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс. Алайда біз оны да бағындыра алдық. Осы жылдарда маған көп нәрсені өз көзіммен көруге тура келді. Қауырт жұмысқа толы сол күндердің барша ауыртпалығы мен толқыныстарын, ұйқысыз түндерді санамалау да мүмкін емес. Мен тұтас мемлекеттердің тағдырына әсер ететін немесе күні бүгінге дейін ықпал-күшін бұрынғыша әлсіретпей ұстап келе жатқан саңлақ саясаткерлермен де, қазіргі әлемнің болмысына тікелей ықпалы бар шешімдер қабылдаған адамдармен де көп кездестім». Осы арада, Нұрсұлтан Назарбаевтың бес рет халықтың нық сеніміне ие болып, Қазақ елін құру жолында күш-жігерін, денсаулығын, уақытын аямай адал қызмет етуі – Елбасы феноменінің, мемлекетшіл тұлға болудың жарқын көрінісі десек қателеспеспіз.
Егер тереңірек ойланып қарасақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елімізді басқарған 30 жыл – Әз Тәуке билік еткен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман іспетті.
Бұл тағдырлы шешім – жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты.
Қазақстандық қоғам өмірінің осы бір тарихи сәтіндегі көптеген пікірлер мен хаттарда және жолдауларда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мықты және көркейген мемлекет құрудағы рөлі сөзсіз атап өтіледі. Кейбір хаттарға тоқтала кетсек.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «...Жақында Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір қасиетін байқадым. Ол кейбір нақты жағдайларда өте сезімтал болуы мүмкін. Демек, ол адами қасиеттерін жоғалтпағаны. Бұл мен үшін өте маңызды, өйткені осы қасиет – адамның аса бір жақсы қасиеті. Ол адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол – өз халқының бір бөлігі. Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға», десе, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин былай деп жазады: «Сізді Қазақстанның негізін қалаушы тұлға және барша Қазақстан халқының қолдауына ие болған Ұлт көшбасшысы ретінде білеміз. 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Сіздің басшылығыңызбен көптеген қиыншылықты еңсеріп, тәуелсіз, демократиялық, өркендеген, бай әрі қуатты Қазақстан Республикасын құра білді. Алдағы уақытта да Қазақстанның Сіз айқындап берген саяси бағытты ұстанып, жаңа табыстарға жететініне, сондай-ақ қарқынды дами түсетініне сенімдімін».
Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп хат арқылы Елбасының еңбегін жоғары бағалап, оған қолдау білдіреді: «Сіздің еліңіз үшін аса маңызды тарихи сәтпен құттықтаймын. Сіз басқарған 30 жылға жуық уақыттың ішінде елге мол мұра қалдырдыңыз және билік транзитін конституциялық процедураларға сай жүзеге асыру шешіміңізге қолдау білдіремін. Сіздің өткен жылғы Ақ үйге сапарыңыз АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты қадам болды».
Бұл сөздердің әділ айтылғандығына күмән жоқ және ол Н.Ә.Назарбаев Президент болған жылдардағы барлық мемлекеттік құрылыс үдерістерінде нақты көрініс табады.
Бір жыл өтсе де қазақстандықтардың әрқайсысы жоғарыда аталған тарихи шешімді өздеріне тікелей қатысты аса маңызды оқиға ретінде қабылдап, шынайы ризашылық сезімдерін білдіруде. Елбасына деген отандастарымыздың білдіріп жатқан ақжарма тілектерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осынау тарихи шешімнің Қазақстан үшін ғана емес әлемдік саясат үшін маңыздылығы жыл өткен сайын кеңейе берері анық. Олай дейтініміз, Қазақстандағы бейбіт транзит үдерісі тәжірибесін қазірдің өзінде көрші мемлекеттер тарапынан қолдану қызығушылығы бар екені байқалуда.
Ал екінші жағынан, көп жылдар бойы тағдырын сеніп тапсырып келген саяси тұлғаның өз еркімен Мемлекет басшысы лауазымынан бас тартуы туралы үндеуі қазақстандықтар үшін белгілі бір деңгейде қорқыныш сезімін тудырғанын атап өткіміз келеді. Жеке басының, ұрпағының болашағын Тұңғыш Президентпен байланыстырып отырған ел тұрғындарын да түсінуге болатын еді. Осы жағдайды алдын-ала ескерген Елбасымыз 19 наурыздағы Үндеуінде «Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады», деп осыдан ширек ғасыр бұрын өзі бастамашы болып қабылданған Ата Заңымызға сүйеніп, көптің көкейінде жүрген күдікті сейілтті.
Сонымен қатар Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев партия атынан Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сайлауына қатысу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Осы съезде Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды басқаруға лайықты азамат екенін, оның дипломатиялық тәжірибесі, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретіндегі қызметі осы жаһандық құрылымда жоғары бағаланғанын атап өткен болатын. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дипломатиялық жетістіктерімен қатар оның мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинағанын, яғни ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарып, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге Үкімет төрағасы ретінде атсалысқанын да айтқан болатын.
Осы арада, Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтатып қана қоймай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жеткен жетістіктерді әрі қарай жалғастыратын сабақтастықтың да негізін қалағанын атап өткіміз келеді. Ол елімізде болып жатқан процестердің барлығынан жан-жақты хабардар, барлық жағдайды білетін білікті де тәжірибелі мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан қосу міндетін жалғастыратын тұлға ретінде ұсынды. 2019 жылғы 9 маусым күні өткен сайлау Ұлт көшбасшысы таңдауының дұрыстығын дәлелдеп, Қазақстан халқы Қ.К.Тоқаевты Президент етіп сайлады.
Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі айтқан сөздерінің іс жүзінде жүзеге асырылып келе жатқандығын атап өткіміз келеді. Ол былай деген болатын: «... Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді! Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек бар: Елбасымыздың жолын, Стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы – заңды, орынды. Себебі, қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз».
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында, маңызды басқосуларда Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың сапалы кезеңіне шығаратынын әрдайым айтып келеді.
Осыдан түйер ой, Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындап берген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру одан әрі жалғасуда.
Сонымен қатар өткен жылғы наурызда жариялаған тарихи Үндеуінде Елбасымыз Қазақстан халқына «...өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді», деген болатын. Елбасының осы сөздерінің нормативтік-құқықтық негізі бар екенін де атап өткіміз келеді. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес Тұңғыш Президентке, оның бірегей тарихи миссиясына орай, Қазақстан халқына және мемлекеттік органдарға міндетті түрде қарастырылуға тиіс бастамалар жолдауға, Парламент алдында, Үкімет отырыстарында сөз сөйлеуге, Қауіпсіздік Кеңесін және Қазақстан халқы Ассамблеясын басқаруға, Конституциялық кеңес құрамына енуге өмірлік құқық берілген. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі ең ірі саяси күш – Nur Otan партиясының Төрағасы болып табылады.
Осы арада, Қазақстан Республикасында Елбасымыз негізін қалаған президенттік институтпен қатар Тұңғыш Президентіміздің Елбасы ретіндегі айрықша құзыреттерінің де іске асырыла бастағанын атап өткіміз келеді. Яғни, Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміздің алдында тұрған міндеттерді жүзеге асырудан тыс қалмауда. Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымен тұрақты түрде келісілуде. Н.Ә.Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде бірнеше отырыс өткізіп, әлеуметтік-экономикалық саладағы күрделі мәселелерді талқылады. Елбасы белсенді сыртқы саясатпен де айналысуда. Ол Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдардың жиындарына қатысып, шет мемлекеттер басшыларымен ресми кездесулер өткізді. Атап айтар болсақ, өткен бір жылдың ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың, Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Жапония Императоры Нарухитоның ресми таққа отыру рәсіміне және басқа іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ жақында Мәскеуге жасаған сапары аясындағы Елбасының Ресей Президентімен кездесуі Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді.
Осы арада, туған халқы тарапынан Елбасылық жоғары мәртебеге ие болған Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев пен сайланған Президент Қ.К.Тоқаевтың ел тәуелсіздігін баянды ету жолындағы қоян-қолтық, үйлесімді қызметі – Қазақ хандығының негізін салған Керей мен Жәнібек хандар заманындағы мемлекет басқару үлгісі қайталанғандай десек қателеспеспіз.
Сайып келгенде, тарихи шешім қабылданғаннан кейінгі өткен бір жыл – Елбасымыздың сарабдал саясатымен тәуелсіздік жылдары егемен еліміздің саяси басқару жүйесі мен сабақтастық дәстүрі берік қалыптасқанын көрсетті. Елбасымыздың «...Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айырыламыз», деген сөзін естен шығармай одан әрі даму – барша қазақстандықтардың алдында тұрған маңызды міндет.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор