Өткен жылы әлем жұртшылығы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи оқиғаның куәсі болды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында – 19 наурызда Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатып, кезектен тыс сайлауға дейін ел басқаруды сол кездегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өткізетінін жариялады.
Арада көп уақыт өтпей, 9 маусымда Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында мемлекеттік басқару ісіндегі саяси мол тәжірибесімен және көшбасшылық қабілетімен айқын жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
Елбасының тағдырлы шешімі, бүкіл халық үшін тосын болған қадамы әлемдік деңгейде, болашақты болжай алатын тарихи ауқымда оның тағы да саяси әрі мемлекеттік қайраткер ретіндегі кемеңгерлігі мен парасаттылығын көрсетті. Оның іс жүзіндегі саяси ерік-жігері, таудай талабы мен таңдауы мемлекетті басқарудың және сабақтастықтың озық үлгісін ғана жасап берген жоқ, сондай-ақ мемлекетшілдіктің мәңгілік идеясы мен дәстүрдің жалғастығын қалыптастырды. Қазақстандық даму даңғылының жаңа жолын салып беріп, іргесін қалады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам екенін ұмытпауымыз керек. Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу», деп өз бағасын берді.
Тұңғыш Президентіміз билік сабақтастығы туралы сөз еткенде, дүние жүзінің тарихында орын алған бұл жағдайдың бірінші елеулі оқиға емес екенін айтты. Тарихта бір кездері Шарль де Голль, Ли Куан Ю, Махатхир сынды ел басқарған мемлекет қайраткерлері лауазымдарынан бас тартқан-ды. Дегенмен, бұл қол сілтеп, жеңіл баға бере салатын мәселе емес. Билікке талас-тартыстың небір мысалдары толып жатқан қазіргі кезде мемлекетшілдік пен дәстүрдің жалғастығын сақтау ең өзекті мәселелердің бірі екені анық. Сондықтан әлемдік деңгейдегі сарапшылардың бір парасы жасалған осы батыл қадамды өз ақылдарына қондыра алмады. Елбасының мандаты биылғы жылдың аяғына дейін жалғасуы керек еді. Бірақ ұзақ толғаныстың нәтижесінде оны күтпестен дәл осындай тосын шешім қабылдады. Аты аңызға айналған, президент лауазымынан атағы дүркіреп тұрған шақта өкілеттігін тапсырды. Оны сүйген халқы да зор өкінішпен қабыл алды.
Парасат биігінен көрінетін тұлғаның ғана осындай қадамға баратыны анық. Елі сүйген, елін сүйген басшының ғана қолынан келетін іс. Әйтпесе тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздегі барлық жетістіктер мен табыстардың тағдырлы, қиын сәттерді еңсерген Елбасының есімімен тікелей байланысты екені дүйім жұртқа белгілі. Осы тұста Мемлекет басшысының «Ол тарихты жасайды» атты кітабында тәуелсіздіктің сол бір қиын-қыстау кезеңіндегі Нұрсұлтан Назарбаев феномені мен рөлі туралы өте орынды баяндалған: «Бүгінгі күннің биігінен қарағанда, Қазақстан табысты реформалардың, тұрлаулы дамудың жолына түскен ел ретінде бүкіл әлемге танымал болып тұрған кезде кейбір кісілерге, әсіресе, жас буын өкілдеріне қол жеткен табыстар өзінен өзі келіп жатқандай, бәрі осылай болуға тиістей көрінуі мүмкін. Алайда, мына біз, мемлекетті құрудың қатысушылары мен куәгерлері, олай емес екендігін білеміз ғой. Белді саясаткерлер мен сарапшылар кезінде Қазақстанның келешегін күңгірт етіп көрсеткен болатын.
Күрделі ішкі саяси, экономикалық, демографиялық жағдайлары, шекарасының заңды тұрғыдан бекітілмегені бұрынғы одақтық республикаға шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуге, әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік бермейді-міс десіп жатты. Бірақ олар 90-шы жылдардың басында Мемлекет құрушының тар жол, тайғақ кешуіне түскен Нұрсұлтан Назарбаевтың өзекті рөлін ескермеген еді.
Жаңа Қазақстанды құрудың бүкіл жауапкершілігін Елбасы өз мойнына жүктеді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тартысты кернеуге толы сол бір күндерде, экономика толықтай күйреп, кәсіпорындар тоқтап, ереуілдер біріне бірі жалғасып жатқан кезде, дүкендердің сөрелері тып-типыл болып, инфляция 3 мың пайыздық деңгейден асып кеткен шақта халықтың арасында торығушылық, дүрбелеңге түсушілік күшейді, талайларға мемлекеттің тәуелсіздігі деген әншейін әдемі сөз күйінде қалатындай көрінді. Сол сын сағатта реформалар бойынша қиын шешімдер қабылдағанда Елбасының нендей күйді кешкенін оны өзі ғана біледі».
Расында, сол бір аласапыран кезеңде мемлекетті сақтап қалудың, тіпті әрі қарай дамытудың күрделілігі мен ауыртпалығы Тұңғыш Президентімізге ғана аян. Жетістікке жету жолының тар да, тайғақ кешу екені бесенеден белгілі. Сол кездерді есіне алған Елбасымыз: «Мен Қазақстанды Кеңес заманынан бері басқардым, 1984 жылы Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып сайландым. Міне, 35 жыл өтті, КСРО ыдырағаннан кейін және соңғы 30 жыл аса ауыр жылдар болды. Ыдыраған мемлекеттерде, соның ішінде КСРО-ның бір бөлігі болған Қазақстанда сынған ыдыс сияқты түк жоқ. Барлық байланыс үзілді, 2 миллион адам жұмыссыз, электр жоқ, дүкендерде нан жоқ, сүт жоқ, шұжық жоқ. Міне, осындай Қазақстанды кезінде мен қабылдап алдым», деді.
Елбасы басқарған тәуелсіздік жылдарының ішінде біздің еліміздің экономикасы 20 есеге артып, халықтың әл-ауқаты 19 есеге көтерілді. Әлемдік қоғамдастық мойындаған, бұдан бұрын бейбітшілік картасында болмаған мемлекет құрылды. Еліміз әлем сыйлап, құрметтейтін мемлекетке айналды. Оған қоса бүгін Нұр-Сұлтан деп аталатын астанамыз бой көтерді. Әлемге үлгі болған бас қаламыз қиын кезеңде салынды. Мемлекетіміз тәуелсіздігін нығайтып, оны дамытатын институттар қалыптасты. Қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ең бастысы – шекарамыз бекітілді. Көршілес, бауырлас мемлекеттермен, әлемнің алпауыт елдерімен достық қарым-қатынас орнатылды.
Сол жылдары қазақтың саны 40 процентке жетер жетпес еді. Өзге этнос өкілдерінің саны қазаққа қарағанда едәуір жоғары болды. Ішкі саяси жағдайды тұрақтандырып, бірлік пен ынтымақты сақтау мақсатында Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ширек ғасырда атқарған жұмыстары арқылы Ассамблея өз-өзін толығымен ақтады. Бүгінде «Бір Халық – бір Отан – бір Тағдыр» идеясын жүзеге асырып отыр. Тәуелсіздігіміздің құрдастары – өзге этнос өкілдері қазақ тілінде білім алып, емін-еркін сөйлеп, қазақтың мұңын мұндап, жоғын жоқтап келеді. Бұл да Елбасының көреген саясатының жемісі.
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа мемлекеттілік жүйесін жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Нарықтың қатаң тезінен, көршінің сұқ көзінен жол тауып отырып, берекесі бар келешегі зор мемлекет құрды. Елімізді төрткүл дүниеге әйгілеп, дүние жүзіне мойындата білді. Міне, сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, билік сабақтастығының озық үлгісі ретінде Елбасы салған сара жол өз жалғасын таба беретін болады.
Былтырғы жылы мемлекетіміз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізді. Бұл үрдіс Елбасының парасаттылығын және халқымыздың даналығын көрсетті. Өркениетті ел екенімізді, Қазақстанымыздың ешкімге ұқсамайтын, теңдессіз даму жолының бар екендігін дәлелдедік.
Ал Кеңес Одағының шекпенінен шыққан тәуелсіз елдердің тағдыры әрқилы екені белгілі. Кейбір мемлекеттер өздерінің аймақтық тұтастығына нұқсан келтірсе, кей елдер төңкеріс ошағына айналып кетті. Базбіреулер мұрагерлік жолға түсті. Біздің мемлекетіміз тұтастығын сақтап, шетелдік инвестиция тарту, инновациялық жобаларды іске қосу сынды саяси-экономикалық ахуалға ықпал ететін даму жолына түсіп, елдік пен ұлттық құндылықтарды паш етіп, әлем жұртшылығына үлгі болды.
Тұңғыш Президентіміз Қауіпсіздік кеңесінің, Nur Otan партиясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы болып қалды. Бұл да парасатты шешім. Бәріміз тарихтан үлгі аламыз. Шешуші кезеңдерде тарихи тұлғалардың атқарған рөлі орасан зор. Сол сияқты ұлт пен мемлекет тағдыры сынға түскенде тарихтың таңдауы, халықтың қалауы, мемлекеттің қажеттілігі тұлғаға түсетіні бесенеден белгілі.
Халықтың сенімін арқалап, Президент болып сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың билікті қолына алуы бір күннің, бір сәттің немесе бір кездің ғана шешімі емес. Ол – үлкен саяси мектептен өткен, Елбасының қасында жүріп, тәуелсіздікке қатысты мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына жан тәнімен араласқан, үлкен жауапкершілікті сезінетін тұлға, мемлекет қайраткері. Әлемдік жағдаймен етене таныс, бұдан бұрын атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің тұтқасын ұстаған Мемлекет басшысы елдің үмітін, Елбасының сенімін абыроймен ақтап келеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің бірінші ұстанымының Елбасы жасап берген саяси басқару мен сабақтастықты жалғастыру екенін айтады. Екінші – әділеттілік, үшінші – алға басу, даму жолымен жүру деп жеткізеді. Билікті қолына алған күннен бастап, Мемлекет басшысы бұл ұстанымынан айныған емес. Керісінше, барынша жағдай жасап, тереңдете түсті. Биліктің ауысуын бейбіт әрі ешқандай мәселесіз өтуіне ықпал етіп, бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етті. Мемлекеттік ағымдағы мәселелердің шешілуіне, жұмыстардың ары қарай жалғасуына ықпал етті, яғни даму үрдісін тоқтатқан жоқ. Биліктің сабақтастығын қамтамасыз етіп, қоғаммен жаңа форматта сұхбаттасуға жол ашты. Ақпараттық технология кең құлаш жайған қазіргі уақытқа бейімделіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын қалыптастырды. Қоғамның көкейінде жүрген көптеген күрмеуі күрделі мәселенің дер кезінде шешім табуы үшін және елдегі наразылықты тоқтату үшін уақыт талабына сай жаңа ішкі саяси парадигмаларды жариялап, бірқатар реформаны бастады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, ұлттық идеологияның дамуына жаңа серпін берді. Ұлыларымызды ұлықтап, елдік, ұлттық құндылықтарды әлемге паш етті.
Президентіміз әрқашан қоғам үшін өзекті де, көкейтесті оқиғалардың ортасынан табылып, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы ретінде жедел бағасын беріп отырады. Резонансты жағдайларға қатысты өзінің позициясын білдіріп, мемлекеттің назарын аударады. Яғни жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашып, жаңа стандарттардың орын алуына ықпал етіп отыр. Мемлекетті басқару жүйесіне енгізген осындай жаңаша форматтар Елбасы бастаған сара жолының әрі қарай дамуына серпін берері сөзсіз.
Адам құқығын қорғау саласына барынша көңіл аударып отырған Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық, адам саудасы сынды қылмыстарды қатаңдатуды талап етіп, алдын алу шараларын күшейтті. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бірқатар іс-шара қабылдап, студенттердің шәкіртақыларының артуына, қызметкерлердің жалақыларының өсуіне ықпалын тигізді. Осылайша мемлекетке деген сенімді арттырып, қоғам ішіндегі көзқарасты өзгертті.
Қоғамның дамуына кепілдік беретін бірлік пен ынтымақты сақтау, сондай-ақ саяси тұрақтылық пен бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін қалыптастыру жолында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атқарған қызметі орасан зор. Президент жанындағы кеңесші орган болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарына тың серпін беріп, ішкі саяси жағдайды тұрақтандыратын органдардың атқарып отырған шараларын одан әрі күшейтті. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдайға байланысты дер кезінде Үкіметтік комиссия құрып, қордаланып қалған бірқатар қоғамдық мәселенің шешілуіне ықпал етті. Одан кейін ресми сапармен ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, елмен кездесті. Қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты. Тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі болатынын жеткізіп, толқыған көңілдерді жұбатып, халықтың сеніміне ие болды.
Мемлекет басшысы тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы мен талай қиындықты еңсерген Елбасымыз туралы естеліктер жазып, кітаптары жарық көрген. Қазақстан және қазақ қоғамы жаңа тарихи кезеңнің куәсі болды. Саяси сабақтастықтың озық үлгісін көрсеткен Елбасы және сол дәстүр жалғастығын сарабдал саясаткерлігімен алып келе жатқан Президентіміз мемлекетімізді «Мәңгілік ел» идеясына жетелеп, абыройымызды асқақтатып, мерейімімізді өсіріп, жарқын болашаққа қарай бастап отыр. Жаңа тарихи кезең туралы әлі талай жазылады. Ал сол кезеңнің белді кейіпкерлерінің бірі сөзсіз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болатынына кәміл сенеміз. Елдің қолдауымен, халықтың қалауымен талай белестен өткен, талайды көрген және даму жолына түскен мемлекетіміздің іргесі күшейіп, бірлік және ынтымақ рухымен алып елдердің қатарында болатынына ешқандай күмәніміз жоқ.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары