Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесі өте өзекті әрі дер кезінде жарияланып отыр.
Қарапайым азаматтарды, кәсіпкерлерді елеңдеткен бірқатар сұрақтарға анық әрі ашық жауап айтылды. Әсіресе табыссыз қалған азаматтарға, кіріссіз қалған кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қамқоршылық жасалмақ. Президент кәсіпкерлікке қатысты үш бағытқа тоқталды. Ең алдымен егін егетін кәсіпкерлерге қаржылай және жеңілдетілген бағамен жанармай ұсыну тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы осы жеңілдетілген бағамен берілетін жанармайды шаруаларға дейін жеткізу мәселесін ерекше ескертті. Себебі мемлекет тарапынан бұған дейін көрсетілетін осы тектес қолдауларға қатысты сәтсіз тәжірибе қалыптасқан еді. Мемлекет қолдауына қолы жетпеген қожалықтар аз емес. Енді ондай олқылықтарға жол берілмеуі керек.
Тағы бір айта кететін жайт, карантин кезінде көптеген шағын және орта бизнес иелері кіріссіз қалып, мүшкіл жағдайға тап болды. Олардың да бүгінгі жағдайы оңып тұрған жоқ. Несиені өтеу мен салық төлеуді айтып отырмын. Биыл 16 наурызда Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты Мемлекет басшысы халыққа Үндеуін жеткізіп, онда осы салық мәселесіне қатысты оң шешім қабылдаған болатын. Яғни кәсіпкерлердің алдағы үш айлық салық борышын кейінге қалдыру туралы шешім шықты.
Осындай оң қадам несиеге қатысты да айтылған еді. Алайда бұл мәселе әлі де болсын шешімін таппай келгенін айту қажет. Кәсіпкерлер банк бөлімшелеріне келіп, несиені, оған қосылатын пайыздық үстемеақыны тоқтата тұру туралы айтса, банк мамандары бұл мәселені қарастыру, әлі де талдау қажеттігін жеткізетінін жиі естимін. Ал бұл жолғы мәлімдемесінде Президент қатаң тапсырма беріп отыр. «Мен тағы да екінші деңгейдегі банктерден азаматтық жауапкершілік пен түсіністік танытуды сұраймын. Банктер қиын жағдайға тап болғанда мемлекет оларға айтарлықтай көмек берді. Қазір сіздер халыққа және отандық бизнеске қолдау көрсетулеріңіз керек. Қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан қосымша нұсқаулық шаралар қолға алынады. Жағдай одан әрі ушығатын болса, Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдары бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдайды», деді Қ.Тоқаев.
Президенттің бұл бастамасы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Ендігі мәселе осы айтылғандарды іске асыру. Банк саласы да бизнестің бір тармағы. Алайда төтенше жағдай кезеңінде түсіністік танытуды да ұмытпағандары жөн.
Ендігі мәселе – еліміздің ішкі нарығын тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие тауарлармен толықтыру. Отандастарымызды бидаймен, ұнмен қамти алсақ та, сұранысқа ие өзге де көптеген азық-түлік өнімін импорттауға мәжбүрміз. Сондықтан Мемлекет басшысы импорт тауарларына салынатын баж салығын алып тастау бастамасын көтерді. Алайда Еуразия экономикалық одағы шеңберіндегі мемлекет болғандығымыздан кеден мәселесіне қатысты мұндай шешімді Қазақстан өзі ғана шығара алмайды. Аталған Одақ серіктестерімен жұмыс жүргізу мәселесіне қатысты еліміздегі тиісті органдарға тапсырма берді.
2007 жылдардағы дағдарыстан бастап кәсіпкерлерге қолдау тек банктер арқылы жасалып келді. Ендігі жерде болашағы бар, тауарлары сұранысқа ие кәсіпкерлерді банктердің қатысуынсыз тікелей қаржыландыру мәселесі көтерілді. Бұл да дұрыс шешім деп бағалауға болады. Бұған дейін мұндай қолдаулар болмаған еді. Президенттің бұл тапсырмасы отандық тауар өндірушілер үшін аса маңызды.
Қорыта келсек, Мемлекет басшысының еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шаралары қазақстандықтарға зор мүмкіндік беріп отыр. Енді Үкімет тарапынан осы тапсырмалардың тиімді әрі уақытында жүзеге асырылуын күтеміз.
Азат ПЕРУАШЕВ,
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы,
Мәжіліс депутаты