Есімі елімізге белгілі ақын Серікбай Оспанов биыл 75 жасқа толды. Біз арқалы ақынды мерейлі белесімен құттықтай отырып, оқырман назарына осы эссені ұсынамыз.
Қызық. Іштей мырс етті. Әлгі домбыра жасаттырып алған құрдасының «Жеңіс-Жүрек» дегеніне таңырқап отыр. Тәтті тіркес, ә? Мәні терең секілді. Және өзіне қаратып, сен сондайсың, дегендей ырзалықпен, күлімдеген көзінен тәнтілігін шашыратып, аса бір мейірленіп, беделін асқақтатқаны есінен кетпес, сірә. Есіктен домбырасын құшақтап шығып бара жатып, қайыра оралды да өзінің жауырынын алақанымен аялай қысыңқырап тұрып: «Сенің жүрегің Жеңістен жаралғандай ғой, досым, Ұлы Жеңістің хабаршысындай боп бір ай ерте іңгәладың. Сол себепті де өмірің өңкей Жеңістерден тұрады», – деді де мұның бетіне бетін тақады. Оның ыстық лебі әлі есіп тұрғандай сезінген Серікбай шекесін ысқылап жіберіп, денесі жеңілейіп, орнынан лып көтерілді. Жүрегі елжіреп: «...Толтырып мен туған жыл кем-кетікті, Күні-түн жаңбыр құйып селдетіпті. Жеңісті – Тыныштықты асыл анам, Менімен бірге бөлеп тербетіпті». Иә, Жеңістің төлі екенімізді мына жетпіс бестің қиясында да мақтан тұтатынымыз рас-ау», деп толғанған ақын, шеберханасының биіктеу тұсына тізіп, ілінген болашақ домбыра қаңқаларына көзі түскенде, досының әлгіндегі «домбыра жасап байыдың, маған сыйлағаның нешіншісі?» дегені есіне түсіп жымиды. Есебін өте дәлдемесе де нобайы белгілі ғой. Қазір іштей санамалап көрсе, екі жүзге жетіп жығылады екен... Сәйкестікке таңданбаңыз, шығарған әнінің мөлшері де осы шамалас.
Тек домбыра ма? Бала бесігі, ет астауы, түрлі жиһаздық дүниелер қолынан шығып жатыр. Өтеді, сұраныс көп. Тегін таратып жібергендерін тізбелесе, қалтаға түскен ақшадан гөрі солар көбірек көңіл қуантады. Маңдай тердің сатылмайтын кезеңінде өмір мәнісін түйсінген түлек емес пе еді... Әлі күнге қолына бірдеңе түссе, маңдайы шыпшып қоя береді... Әкесі марқұм қолөнерлік еңбегін бұлдамайтындықтан ауыл-аймаққа «пұлсыз Оспан» атанбады ма? Бірақ өз аяғымен келіп жататын бұйырған несібемен шиеттей балаларын қатарларынан қалдырмай бағып-қақты. Майданнан шолақ қолмен оралған әкесін сегіз жасында жоғалтқан Серікбай мен бес қыздың тағдыры енді Күләмза ананың жүрегіне байлаулы боп қалған еді-ау! Кейін белгілі ақын, сазгер, әнші боп елге танылғанын көре алмай кеткен ана байғұстың өмірде қалдырған ұлы ерлігіне, өшпес ізіне разыланып, бас игің келеді. Идік, міне! Көзін көріп, мейіріміне бөленген пенде ретінде ықыласымыз тым ерек еді.
Ісмерлігі ақындығының көрігі іспетті. Бірінсіз бірі жетім. Қалам мен балға қатар жұтынып, «мені ал, мені ал», – дейтіндей бәсекелік күй кешкенде Серікбайдан өткен әулие-жүрек жоқ шығар. Қайсысының қалауын табарын жүрегі жүйелеп береді. Осы қос тізгіннің екеуі де шабыттан құйынданып, құйыла құйқылжи кеткенде, абдырап, айылын әрең жияды да, әлдебір тылсымның құдіретімен біреуінің ыңғайына қалай беріле салғанын өзі де аңдамас еді. Әп, бәсе... бұл жолы қаламға қолы тартылыпты-ау. Енді мұның түсі кенет өзгеріп, аялы көзінен жалын шашырап, танауы қусырылып, келісті ерні жыбырлап, кең маңдайынан әрі қоюлана тұтасқан қайратты шашын саусақтарымен салалап, арасынан шымшылап бірдеңе іздегендей шыдамсыздана түскен кейпінен ақынның шабыт шатқалынан бір-ақ шыққаны аңғарылар еді... Осы сәтін шабыт-жүрекке ұқсатпай көріңізші. Сондай бір ретте ісмерлікке ықыласы ауғанда балға-жүректің өзіндік аңсары, күй-күмбірі, тықылдауық таланты боларын да бажайлап отырған боларсыз, тегі.
Қаламнан ойы өрілгенде, өлең өті жарылғанда, ұйқастары ұйып түскенде, бәтір-ау, бір бүйірден балға дауысы шәкілдеп, ағаш иісі мұрнын жарып, он саусағы салалана тарбиып, балуан дене әлдене шалт қимылды – бүрленіп-түрленетін ағаш иінділерін бұрап-бұғалықтауды аңсайтынын қайтерсіз. Қаламды тастап, балға алуға ынтығады. Қайдан, ол босата қоя ма? Өзі де байланып қалған. Өлеңнің құл-жүрегіне айналғанын өзі де сезіп-сезбей қалғалы қашан...
Түннің біруағы. Ол бесік жасап жатыр. Мына бір қисыны келмеді, ә?.. Кеудесі күмбірлей жөнелді. Жыр шумақтары шудаланып, көңілін арбап, қызықтыра қол бұлғап, «келші, келші» дегендей, бірде көйлегін желбіретіп, ендігі сәтте қынама белімен көз күйдіріп, омырау ойығына жанар қадатып, сезім біткенін қылбұраумен қылғынта бастағандай еді. Көзі тұманданып, қабағын уқалап, қасын саусағымен батыра түртіп, шырт ұйқыдан оянғандай болып, балғасын лақтырып тастап, қаламға құмарлана көз қадаған-тын... Құлағына бесіктегі сәбидің уілі жеткенде, бойын тез тіктеп алды. Бесік жыры баяу қалқыды. «Бесігіңді түзе!» деген ұлы аманат ағаш шегені иінді тұсқа бармағымен қаққызып жібергендей болды. О, ненің құдіреті? Табиғат дарытқан шеберлік шеңберінен шығармай, қайтадан ісмерлігіне шұқшитты. Бәтір-ау, Серікбайдың бұл тылсымы балға-жүрек байламына әбден келеді екен.
Осылайша күндер мен түндер алмаса беріпті. Бұлақ басы қайдан түрткіленген еді? Балауса-балғын шағының берекелі мекені Бестау ауылынан еді. Қайран қағілез кезең: Мектеп. Өлең. Ісмерлік ынтықтық. Уыздайын сырғалылар. Үркек үміттер. Айдынды армандар... Осы алма-кезек ауысатын сиқырлы әуен бозбаланың жеңіске құштар жас жүрегін ару Алматыға ғашық етті. Алда Серікбайдың қандай қамалды да алуға қауқарлы ғашық-жүрегі атойлап соғып, кең кеудесіне сыймай, жарылыс жасағысы кеп, алабұртты, аласұртты.
Ана байғұс түнімен қимастық жасын жұтып, әкесіз өсірген бес қыздың ішіндегі жалғыз ұлдың тілеуін тілеп, алыс сапарға аттандырып, батасын берді. «Апа, сәл шыдай тұрыңдар, өздеріңді Алматыға алып кетем, түбі», – деп кемсеңдеген Серікбай сертке байланып жүк көлігінің қорабына ытқып мінді. Жүйткіп келеді. «Ақын бала, арман қала», – деп дала үкісіндей желмен желбіреген ақселеудің шаштары тарақсыз таралып жатыр. Бейне, тарам-тарам жолдардың жамырай түскеніне, содан жаңылмай өз сүрлеуіңді дөп баса көр деген тілеулестік танытқан туған табиғатының тылсым көрінісіне тамсана көз қарықтырып бозбала келеді. Тағдыр желі ұшыртып келеді. Ақын-жүрегі ботадай боздап келеді.
Пойыз деген қара айғыр болады екен. Күнді түнге ұрған шабыстан демікпейді. Онымен жарысып, өлеңінің бәйгесі қызды. Әлемді дөңгелентіп уысына қысқандай ақын уілі бақсыдайын борша-борша терін алды. Шабыт шашбауынан шалдуарланып тұрған бір сәтінде о, ғажап, алдына тірі жолбарыс бауырын соза жатып алғандай болып кетсін... Көзілдірігін ысырып қойып, көзін жыпылықтатты. Мынадай алып аң патшасын алғаш көруі... Басы шың етіп, лезде мең-зең күйінен арылғанда, әлгі жолбарыс жоталы асқар тау кейпіне енгендей боп тұлабойы алапестеніп, таңырқата сиқырланды. Дала баласы тау-жүректеніп, «Алатау , осы сенсің бе?» – деп маңайын таңырқата, тамағын жырта айқайлап жіберді. Көше бойы сыңғырлап аққан бұлақ суына қалай бас қойып сіміргенін өзі сезбей қалсын. «Апа, анашым!» – деп кеңкілдеп, қара ағаштың жапырағын жұлып алып көз жасын сүртсін. Сол сезім құйқылжыған әсерлі сәттен бастап Серікбай Алматының өзіне айналып жүре бергенін сезді ме, екен?
Содан отыз алты жыл сұлу шаһардың шат-шадыманына бөленді. Оқу бітірді, отау құрды, радиодан сайрады, баспа бөлімін меңгерді, кітаптары ел түкпіріне жетіп жатты. Сырбай, Ғафу, Шәмші қолына су құйды. Мұқағалидың мұңын бөлісті. Кеңшілікті сабасына түсірді, Серіктің серілігіне кейде бірге еріп кетіпті байқамай...Орысбайдай байсалды мінез даралығы оған дос-жүрек сыйлады. Алтынбек сазгер қолқалады. Әуенмен әулекіленіп кеткендей, сабырсыз күйгелектеп: «Сен осы, Алматыны сағынасың ба?» – деді. Бұл басын изеді. Дайын әнге лезде сөз жазды. Іңкәрлікке оралған ұйқастарын ұсына беріп, Алатауға басын иді... Мөлдір тамшы ыршып түсті... Сездірмеген болды. Бірақ кейін «Сағындым Алматымды» сызылтқан әр пенденің көз жасын жасырмай, сығып алып тұратынын сезбеген еді сол шақта. Есімі мәшһүр орыс әншісі В.Толкунованың өзі де «Алматым сыйладың сен, Шабытты шаттығымды...» – деп тілі сәл бұралғанын ән әуенімен әдіптеп сездіртпей, жан шуағына бөлейтінінен де бейхабар-тын. Осы әр жүректі елжірететін сұлу саз ертегідей Алматының мәңгілік бойтұмары болатынын сол сәт сезді дейсіз бе?
– Қостанайға қайт, Серікбай! – деді телефонның арғы жағындағы әміршіл дауыс.
– Өй, сен Темірхансың ба? Неге қайтам? Алматыны қайтем? Досым-ау...
– Тез орал, екі бөлмелі пәтерің жиһазымен дайын тұр! – деді телефон тұтқасына жармасқан екінші досы Ибраш. – Нарықтың салмағынан қажи бастағаныңды сезгенбіз... Домбыра, бесік жасап күн көре алмассың, орал, давай! Ендігі қалған өлеңдеріңді ауыл жақта жазарсың... Әй, көп сөзді қой, сағынам дейсің бе?.. Сағынышыңды өзіңнің «Сағындым Алматымды» айтып, басатын боласың. Тез жет, күтеміз! Қиқаңды қой!
Сөйтіп сыныптас-жүрек ауылға алабұртқан... Ойланды.Толғанды. Кетпекке бекінді. Анасы Кеңсайды мәңгі жастанып қалды... Жүрегі шаншыды. Амал жоқ, достарына берген уәдені қайтіп бұзады. Алматының ажарлы дидарында бүлк-бүлк етіп жазылмаған өлең шумақтары жапырлай жыбырлады. Талай жыл толғатып, әне-міне, сазымен сызылғалы тұрған нәзік әуенді әндеріне Алатаудан сүйінші сұрай алмай барады. Осылайша көкірегіне тағдырдың ащысы мен тұщысын сіңіріп алған күйі Серікбай Қостанайына көшінің басын бұрды...
Баяғы балауса, балғын ақын қазақ поэзиясының дүлдүліне татырлық аяқ-алысымен, көркем де сабырлы мінезімен, терең ойлы иірімімен, ғалымдыққа жетелеген алғыр, салына ізденетін жанкешті еңбегімен, ең қымбаттысы, нағыз адамдық, азаматтық қазақы қалпымен оралған еді. Достары, жалпы ел-жұрты соған мейірленіп, қуанды. «Ортамызда ел мақтаны боларлық тұлғамыз бар», деп шаттанды. Жарқын үміттерін де жасырмады. Ал «мұнда ол неге қайтып келіпті, қандай сыры, кілтипаны бар?» деп тырнақ астынан кір іздеушілер де көздерін сығырайта қойғаны, бесенеден-белгілі жайт еді.
Бестаудағы оқушының өлеңдерін жиі басып, ақындық тұсауын кескен облыстық газеттің ұжымына барып сәлем берді. Ертеректе М.Сералин, Б.Майлин, С.Мәуленов, С.Әбдібеков, Б.Жангисин басқарған қасиетті шаңырақ аласармай, асқақтай түскеніне қуанды. Сосын Тобыл жағасына барып Сырбайдың буырқана жыр толғайтын қиыр-шиырлы іздерін іздестірді... Ағыс бойына әсерлене көз тастап тұрып, Торғай ақындық мектебінің алыптары Н.Ахметбеков, О.Шипин, Қ.Жармағамбетов, Н.Бектемісов, С.Кенжеахметов, т.б. бертінгі ақ желкенді жыр жампоздарын есіне алды. Биікті – кеңдікке айырбастаған ақын енді өмірге жаңа келгендей болып, саф ауаны құшырлана жұтып, поэзия әлемінің пырағына шабыттана мінгендей...
Аңғал да ақжарқын, тұйық та тылсым, сырбаз да сарабдал, ойшыл да ойнақы, бүгіншіл де ертеңшіл, ұлтшыл да намысшыл Серікбай салған бетте Қостанайдың рухани һәм әдеби, мәдени әлемінің бір алтын тегершігіне айналып кете барды. Онсыз жиын, іс-шара өтпейді. Ала таңнан асығыс-үсігіс шабылып жүргені. Ө.Сұлтанғазин атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты ретінде не нәрсенің де бүге-шігесін ақтара біледі. Әсіресе Ы.Алтынсариннің өмірін, шығармашылығын, педагогтық қызметін кеңестік бұғалық шынжырын үзіп тастап, таза, шынайы, әділ тұжырымдармен зерттеп, зерделеудің нәтижесінде бірнеше кітап шығарды. Шетелдік мұрағаттармен іскерлік байланысты зайыбы, ғылым кандидаты, профессор Күлзада Мырзағалиева ғаламтор арқылы жолға қойып, тың деректер жиыстырады. Бір жағы өзінің де індете зерттеулеріне қажет. Серікбайдың да ғылыми арнамен байыта байыптау, салыстырмалы бағалау, табиғи тұжырымдау, өмірлік түйіндер жасау, сөйтіп, ғылым көкжиегін кеңейту мұраттары үзіліссіз жалғаса түседі. Кітаптары үстемеленіп шығып жатыр, әндері көрнекті сахналардан орындалуда. Сиясы әлі кеппеген «Ар» дастанында Ахмет Байтұрсыновтың азаматтық тылсым қырлары тәпсірленіп, жан егілтеді... Тіл мен ойы – тайпалған жорғадай тең тағаланған.
Күлзада демекші, Серікбайдың екінші өмір тынысын ашқан, шабытына шуақ шашқан, ақылы асқан, ашық қабақ жан жары ғой бұл. Пәлі, әйел күтімін, ықыласын сезінген еркекте не арман бар? Ерінің аузынан май-құрты, ірімшігін айырмай, алыс жолға шықса шұбат, қымызын жол дорбасына сықап салып жіберетін, етінің өзін тобылғымен ыстап, дәмін үйіретін бесаспап әйел осы. «Мені осы, қайдан таптың?» деп әдейі жауыр болған сұрағымен еркелегенде, Серікбай: «Шилі мектебінің пионер вожатыйы октябряттың мөп-мөлдір көзінен сезім-гүлін жұлып алып кетіп, кейін біржола ораларын білмепті ғой», деп әзілдейтін.
...Бешпент-шалбарын киіп, қоңыр батпан көзілдірігін тағынып, бейне аспан аңсаған ғарышкердей жұтына баптанып алған текті шебер, әке мирасқоры Серікбай жер үйімен жапсарлас қуықтай шеберханасына қутыңдай басып кірді. Шүкір, ана бір жылдары белінен шойырылып, қарыс жер аттау мұң болғанда да еңбектеп келіп, осында қона жатып ағаштан түйін түйетін. Баяғы достары сыйлаған жайлы пәтерді осы жер үйге амалсыздан айырбастап жіберген-тін. Балғасын қолына алды... тар бөлме іші «мені қашан кеңейтесің?» дегендей, қаңғырлап-күңгірлеп қоя берді... Өзгеге бір түйір кеселі тимей, момақан жүретін Серікбай аңтарылып қалды. Не ойлады екен?
...Ұлы Жеңістің жетпіс бесінші көктемі. Алдын ала сүйіншілей келіпті бір сәби. Жеңіс-Жүректі нәресте! Міне, Жеңіспен тең тетелес ғұмырында өмірі жағалай Жеңістен қаланып, құрышпен апталғандай ма? Жеңістің болмысына ұқсап, соның ғажап рухымен шегенделіп, қапталғандай ма? Иә, дәп солай екен-ау! Жеңісті жылдар жалғаса берсінші, Серікбай!
Қайсар ӘЛІМ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатыф