• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қазан, 2020

Қажетті жабдықтар аудандарға жеткізілуде

280 рет
көрсетілді

Түркістан облысында коронавирустың екінші толқынына дайындық күшейді. Індет қайта белең алған жағдайда дәрі тапшылығы болмас үшін екі айлық қор жиналып, облыс ауруханалары тыныс алу аппараттарымен қамтылуда. Қажет болған жағдайда қосымша төсек-орындар саны 5,5 мыңға дейін жеткізіледі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен аудандық ауруханалар компьютерлік томографпен, ПТР зертханаларымен және цифрлы рентгендермен жабдықталды. Өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі концентраттары да әр аудандағы емдеу мекемелеріне таратылған. 12 жылжымалы медициналық кешен аудандарға жеткізілуде. Науқастарды дер кезінде анықтап, қызмет көрсету мақсатында арнайы учаскелер мен мобильді топтар құрылған. Ө.Шөкеевтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте осындай мәліметтер келтірілді.

Ал облыстағы Полиция департаменті өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу қаулысына сәйкес күшейтілген түрде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ өңірдегі барлық нысандардағы санитарлық талаптың сақталуын қоғамдық бақылау мүшелерінен құрылған арнайы мониторингтік топ бақылайды. Рейдтік тексеріске шығып, бас санитар дәрігердің қаулысын елемегендерге әкімшілік шара қолдануда. Мысалы, 53 мобильді топ коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілген арнайы рейд кезінде кәсіпкерлік нысандарды аралап, белгіленген санитарлық нормалардың сақталуын тексерді. Нақтырақ айтсақ, 5 шілде мен 10 қазан аралығында 30 мыңға жуық нысанды аралаған мобильді топ карантин талаптарын бұзған 3 701 нысанды анықтады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 150 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынды. Той-жиынға тыйым салынғанына қарамастан өңірде жекелеген азаматтар келін түсіріп, қыз ұзатып, жиын өткізуді тоқтатпай тұр. Мобильді топтың тексеруімен жалпы 236 отбасылық, мерекелік іс-шара анықталып, той уақытынан бұрын тоқтатылған. Бүгінде барлық аудандарда екінші толқынға дайындық шаралары күшейтіліп, жұмыс бақылауға алынған.

Мысалы, 120 мыңнан астам тұрғыны бар Орда­басы ауданында облыстық қоғамдық денсау­лық басқармасының қолдауымен 100 орындық госпиталь салынуда. Аудан әкімі Нұрбол Тұраш­беков бұрынғы босану, хирургия, реанимация бөлімшелері орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, провизорлық орынға айнал­дырылғанын айтады. Нысанның кәріз, электр желісі, су құбырлары түгелімен жаңартылған. Жақын күндері көгілдір отынның да мәселесі шешілмек. Мұнда 22 бокстық палата болады. Жансақтауға арналған екі зал жасақталған. Жаңа провизорлық бөлімшеге орталықтандырылған 14 оттегі нүктесі кіргізіледі. Одан бөлек аурухананың уақытша изолятор, терапия, жансақтау бөлімшелерінде 64 оттегі нүктелері орналасқан. Бұған дейін емдеу мекемесіне демеушілер және облыстық басқарма тарапынан 30 оттегі концентраторы берілген. Ауруханаға қарасты 11 дәрігерлік амбулаторияның әрқайсысына 2 данадан, емделушісі көп кейбір амбулаторияға 3 дана оттегі концентраторынан үлестіріліпті. Одан бөлек мекемеде өкпені жасанды желдетуге арналған 16 аппарат бар. Орталық ішінен 20 төсектік обсервация дайын. Сондай-ақ аурухана басшылығы провизорлық орталық ішінен босандыру кабинетін де жасақтап қойыпты. Одан бөлек ауруханада 4 операция залы бар. Келген науқастардың дене қызуын өлшейтін фильтр бөлмесі де жөндеуден өткізілген. Мекеменің 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Бас­қарма тарапынан және гуманитарлық көмек арқы­лы келген препараттардың барлығын арнайы қоймада сақтауда. Пандемия кезінде аурухана коронавирус инфекциясын анықтау үшін анализдерді облыс орталығына жіберіп отырған. Енді мамандар мұндай әбігерге түспейді. Себебі ауруханаға коронавирус инфекциясын анықтайтын аппарат орнатылды.

Аудан халқына мұнда 8 реаниматолог, 3 инфекцио­нист, 50-ге жуық жалпы тәжірибелі дәрігер, 5 те­ра­певт қызмет көрсетуде. Аталған мамандардың бар­лығы коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу­­ге ар­налған емдеу хаттамаларымен танысып, түрлі кон­ференцияларға қатысып, тәжірибе жинақтауда.

«Пандемия кезінде көптеген науқастар ауыр халде жеткізілді. Аурудың бұлайша батпандап кіруіне олардың дерт қылаң бере бастаған сәтте дәрігерге қаралмай, өз бетінше дәрі-дәрмекті қабылдай бергені себеп болып отыр. Бұл – үлкен қателік. Өйткені бейберекет қолданылған препараттар вирустың деңгейін басып жібереді де, аурудың клиникалық белгілері білінбей қалады. Бұл дәрігерлерге диагноз қоюға, аурудың деңгейін анықтауға үлкен кедергі келтіреді. Антибиотиктерді қабылдай бергесін біздің жасаған ем-домымыз әсер етпей қалады. Міне, осындай өрескел қателіктің кесірінен қаншама пациент тиісті деңгейде ем-шара қабылдай алмады. Ендігі кезекте тұрғындар мұндай қателікке бой алдырмауы керек. Мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде халыққа осы жағдайды да қайта-қайта ескертуде», дейді орталық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Мырзагелдиев.

 

Түркістан облысы