• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Ақпан, 2021

2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек 2.0» ұлттық жобасы әзірленеді

6506 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Үкіметінің отырысында Министрлер Кабинетінің мүшелерін Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту саласындағы тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті.

Министр Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент Министрлер Кабинетінің негізгі міндеті – экономикалық өсімді қалпына келтіру және қазақстандықтардың нақты табысын арттыру екенін ерекше атап өткенін еске салды.

Осыған байланысты, министр тапсырмасы бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тетіктері кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа кредит беруге микроқаржы ұйымдарының қатысуын жандандыру бөлігінде, сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасы жұмысқа орналастыру туралы деректерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу бөлігінде жетілдірілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылғы наурыз айының соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына мемлекеттің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құру бөлігінде өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары соңғы қарыз алушыларға номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6% - дан аспайтын микрокредиттер беретін болады», деді Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр жергілікті атқарушы органдар "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп қарыз алушылардың жобаларын сүйемелдеуді ұйымдастыруды тұрақты негізде қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.

Еңбекминінің басшысы сондай-ақ жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа тәсілдер мен тетіктерді қамтитын 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек 2.0» ұлттық жобасы әзірленетінін хабарлады.

«Ағымдағы жылы біз жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және микрокредит беру бойынша жаңа тәсілдерді толық қарап, әзірледік.

Тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі шараларды күшейту үшін күрделі, ағымдағы жөндеу жөніндегі жобалар алынып тасталды және ұзақ мерзімді тиімділікке баса назар аудара отырып, құрылыс және реконструкциялау жөніндегі жобалар іріктелді», деп хабарлады министр.

Оның айтуынша, биыл 27 мың жұмыс орнын құрумен 331 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның ішінде 40% немесе 10 мыңнан астам жұмыс орны – тұрақты.

Сондай-ақ, Серік Шәпкенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек шарттарын есепке алу жүйесінде адамдарды бірнеше рет қайта енгізуге және еңбек шарттарын тіркеуге жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Жұмысқа орналастыру туралы деректерді автоматты түрде қайта тексеруді қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі міндетті зейнетақы жарналарының түсімдеріне автоматтандырылған бақылау орнату бөлігінде, ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық қамту бөлігінде өз ақпараттық жүйелерін пысықтайды.